Ат сыны

9112

Қазақ атбегі сыншылары көп жылқы ішінен жақсы аттарды таңдап алу үшін ең алдымен мынадай алты шартқа толатындарын іріктеп алып, онан соң ресми сынайды.

1. Ата тегі
2. Ене тегі
3. Сүйек бітімі
4. Мінез-құлқы
5. Көркі
6. Бейімделгіштік қасиеті

Міне, осы алты шартқа толған жылқылар ішінен нағыз тұлпарлар мен дүлдүлдерді, жүйріктер мен жорғаларды табу үшін мынадай он түрлі ресми сын қойып, осы он түрлі белгі бойынан түгел табылған жылқыны нағыз дүлдүлдің өзі деп кесетеді.

1. Жалпы тұлғасына қарау
Мұнда алдыңғы алты шарт бойынша іріктеп алынған аттың алды-арты, оң-солына шығып тұтас тұлғасы көзден кешіріліп; сыртқы бітімі ойқы-шойқы, сүйектері алқа-салқа әрі сұңғақ, төрт аяғы денесіне құп жарасқан, жазық бауыр, кеудесі еңселі, салқы төс, құлан жал, жібек құйрық, жұмыр тұяқ, артқы екі аяғының арасы алшақ, шоқтығы биік нардай, бұлшық еттері білеу-білеу бура сан келіп, көзі отты, қамыс құлақ болса, бірінші сыннан өтеді.

2. Бас бітіміне қарау
Басы тәуеттің басы секілді ұзын, етсіз қу бас, кең маңдайлы, орайы жоғары, қасқа тісі күректей, кеңсірікті, шықшытты, құлағының арасы алшақ, қамыс құлақ, көз ойындысы кең, көз аясы сыртқа шығыңқы бота көз, бөкен қабақ, от жанарлы, салпы ерін, талыс танау болса әрі танауында 5-7 ге дейін иненің жасуындай немесе одан үлкенірек тесіктері болса, екінші сыннан өткен болады.

3. Мойын бітіміне қарау
Мойыны қаздың мойынындай әсем әрі етсіз, ой желке, ауыз омыртқасы шығыңқы, шүйделі, кекілді, жібектей құлан жал; бұрылуға икемді, жеңіл, мойын түбі мен шоқтығы, денесі мен мойын ұзындығы сәйкесімді келсе, үшінші сыннан өткені.

4.Кеуде бітіміне қарау
Кеудесі есіктей кең, құс топшы, қуыс қолтық, кең жаурын, салқы төс, қабырғалы, күшті, тынысты көрінсе, төртінші сынға толғаны.

5.Бел бітіміне қарау
Мұнда бел түзу, белдемесі қысқа, тар мықындау болып, белдемесі жая мен біте қайнасқан жел қанатты, сүбе-сербегі алапты, қақпан бел, қалбағайлы келсе, бұл нағыз тұлпарға бітер бөгенай болып, бесінші сыннан өтеді.

6.Аяқ бітіміне қарау
Алдыңғы екі аяғының кәрі жілігі ұзын әрі жуан, жаурыны сопақ, кең, тоқпақ жілігі қысқа, бұлшық еттері ерекше жетілген, құлан тұяқ, қуыс табан, қысқа бақай келіп; артқы аяғының ортан жілігі қысқа, асықты жілігі ұзын, серке сан бота тірсек, бақайының жер соғары биік келсе, алтыншы сынға толған болады.

7.Құйырық бітіміне қарау
Құйрығы өте қалың да, жұқа да емес, орташа болып, түбінен – ұшына қарай сүйірлеу болса, құймышағын қайырғанда қарсылық күші 20 кг-нан артық болса, бұл ат жетінші сынға толған болады.

8. Мінезіне қарау
Мінезі жайдары, жуас, қылтың-сылтыңы жоқ, ерек, адамға жуық, байлап қойса көлденеңдеп алысқа көз тігіп тұрса немесе қасындағы өзге аттарға иегін артып тұрса онда бұл ат сегізінші сыннан өткен болады.

9.Мініп көру
Шешіп алып мінген заман, бет алған жағыңа елпек қағып, көңіл-күйіңді тауып, қамшы салдырмай лыпып жүріп кетсе, суарғанда ағынға қарай судың тұнығын жүзіп ішіп, қатарласа жүргенде жанындағы аттардан басы оза саңылақтанып жүрсе, жетектеп жүрсең алды-артыңды орап жүретін, жетекшіл болса, онда тоғызыншы сыннан сүрінбей өткені.

10. Тегіне қарау
«Баласы жүйрік айғыр ат туады» деп ат сынағанда тегіне ерекше көңіл бөлінеді. Онда бие жүйрік айғырдың тұқымы болып, жеті жаста үйірге қосылғанда туған құлын болса (ат болса) оныншы сынға толғаны.
Демек, осы он сынға түгел толса, ол ат нағыз ұшқан құсқа жеткізбес тұлпардың өзі болғаны. Бірақ, бұл қасиеттің барлығы бір аттың бойынан түгел табылуы мүмкін емес. Алайда, қазақ сыншылары әр аттың бойында осы қасиеттердің қаншасы бар, қаншасы жоқ сонысына қарай отырып, әр аттың өз дәрежесін анық көрсетіп бере алады.

Айып Нүсіпоқасұлы,
Темірбай Сымағұлұлы,

«Қазақтың дәстүрлі ат үсті ойындары» кітабынан
(Төте жазудан крилицаға түсірген Жаубай Ержан)

1 comment

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!