Ержан ЖАУБАЙ: Қазақ жылқысына арналған мұражай ашу керек

8315

1– «Арғымақ» танымдық сайты ашылғалы бір жылдың жүзі болды. Осы уақыт ішінде жаңа порталдың оқырманға тигізген пайдасы қан­дай?
– Әңгімені осы сайтты ашуға түрткі болған жайдан бастасақ. Қазіргі таңда әлденені іздей қал­сақ, ғаламторға жүгінетін әдетіміз. Үйде отырып, ешқайда шықпай-ақ керегімізді сол жерден табатын жағдайға жеттік. Алайда бір жолы жылқы туралы мәліметтер із­десем, әр жерде, әртүрлі сайттар­да тарыдай шашырап жүр. «Жыл­қыға арналған қазақтілді портал бар ма екен?» деген оймен сұ­растырып, іздеп көрсем, атымен жоқ көрі­неді. Сосын «қазақтың осы ол­қылығының орнын неге толтыр­масқа?» деген ой келді. Нәти­жесінде, сайтты қолға алып, дү­ниеге әкелдім.
Бұл жерде бір айта кететін мәселе, бұл ешқандай топтың немесе бір мекеменің сайты емес. Бұл тек қана менің жекеменшік дүнием. Әрине, менікі деп ием­дене қоюға да болмайтын шығар, себебі, ішіндегі жазбалардың, мақалалар мен танымдық мәлі­меттің барлығы қазақтың өз мұрасы. Мұқағали ағамша айтар болсам, күпі киген қазақтың өз дүниесін шекпен жауып өзіне қайтарып отырмын.
Сонымен қатар осы сайтты ашу барысында тап болған тағы бір келеңсіздік, жылқы туралы мақала жазған кейінгі буынның көбі Жағда Бабалықұлының, Қажытай Ілиястың, Ахмет Тоқ­табайдың, тағы басқа жылқы­танушы-этнографтардың еңбек­терін жырымдай пайдаланып, әркім өз керегінше жаратыпты. Осыны бір жүйеге келтіріп, жинастырып, авторлық құқықты сақтауға күш салдым.
Енді сұрағыңызға келер бол­сам, иә, сайттың жұмыс істегеніне бір жылдың жүзі болды. Осы бір жылдың көлемінде сайттың оқы­лымы өте жақсы деңгейге көте­рілді. Бұған қазақы азаматтардың жылқыға деген қызығушы­лығы­ның ерекше болуы ықпал етті деп ойлаймын. Қазақтың рухани байлығы үшін еткен бір еңбегім осы болар. Қазіргі кезде сайт арқылы еліміздің түкпір-түкпі­рінен хабарласып, алғыстарын білдіріп жататын оқырмандарым көп. Жақында ғана Павлодардан бір азамат хабарласып, менің сайтымнан алған мәліметтің арқасында ауырып тұрған атын емдеп жазғанын айтты. Көздеген мақсатқа жеткенімнің бір белгісі осы ғой деп ойлаймын.

– Сайттың аты айтып тұрған­дай, мұнда тек жылқы малына қа­тысты мағлұматтар, танымдық ма­қа­лалар, әр аймақта өткен ат жа­рыстары салынады. Бірақ мұн­дай жаңалықтар күнде бола бер­мейтінін ескерсек, жиі материал жаңарту оңайға тимейтін болар…
– Сайтта тек қана қазақ жыл­қысына қатысты мәліметтер, мақалалар, жырлар, әндер мен күйлер беріліп тұрады. Мүм­кіндігінше әр өңірде, әрбір қазақ жылқысына қатысты жаңа­лық­тарды қосуға тырысамын. Деген­мен сайтты жалғыз өзім жүргізіп отырғандықтан, көп жағдайда үлгермей жатамын. Ал сайтты күнделікті тың материал­дармен, жаңа мақалалармен толықтырып отыру ең оңай шаруа деуге болады. Себебі, қазақ жылқысы туралы мағлұматтар өте көп. Тек соның басын біріктіруге уақыт болса болғаны. Жоғарыда да аттарын атап өттім ғой, Қажытай, Жағда, Ахмет, Бекен Қайратұлы, Айып Нүсіпоқасұлы, қатарлы қазақ жылқысы жайлы сүбелі еңбек жазып, тұшымды зерттеулер жасаған этнограф-ғалымдардың еңбегі кітап болып жарыққа шықса да, әлі күнге ға­ламтор арқылы көпшілік оқыр­манға жете берген жоқ. Көбінде жылқытану саласы бойынша, осы кісілердің еңбектерін пайдаланып келемін.

– Қаржы көзі қайдан түседі? Арнайы кеңселеріңіз бар ма, әлде сайт жұмысын үйде отырып жүр­гізесіз бе?
– Бұл сайт ешқандай күнкөріс көзі емес. Барлығымыз ұлттың жоқшысы бола білсек, сол үшін қолымыздан келгенді атқара білсек деген оймен қолға алынған дүние. Сондықтан ешкімге қаржы үшін, қаражат үшін қол жайған емеспін. Дегенмен істеген ісімді елеп, өз еріктерімен қол ұшын созған азаматтарды да айта кеткен жөн. Сайттың төте қазақша (Бай­тұрсынұлы әліпбиін) нұсқасын Ұлттық интернет ассоцациясы атынан Өркен Мұсабекұлы деген бауырым жасап берді. Ал бір жылдық хостингтің жарнасын да өзімнің жақсы көретін бір ағам төлеп беріп отыр. Осыған байла­нысты тендерге қатысып, терең­детіп, жалпы қазақ жылқысына арналған медиаорталық жасауға ұсыныс беріп жүрген азаматтар бар. Алайда қаржы көзі жетіспе­гендіктен, барлығы да сөз жүзінде ғана қалып келеді. Қоластымда ешқандай журналист, не жылқы маманы жоқ. Бір өзім ғанамын. Жұмыстан бос уақытта, үйде, қай жерде ғаламторға қолым жетсе, сол жерде отырып сайтты жүргізе беруге мүмкіндігім бар.

– Суреттерді қайдан аласыз?
– Ғаламторда қазақ жылқы­сы­ның суреттері жоқтың қасы. Бар болса да, не сапасы нашар, не ойыңдағыдай болмай қалады. Менің бір ерекшелігім, беріліп отырған мақалаға, не болмаса өлең мен ән күйлерге, жалпы та­қырыпқа сай сурет беруді жақсы көремін. Сондықтан жылқының суретін табу өте қиынға түседі. Жақында осы сайтқа бола қомақ­ты қаржыға әмбебап фотоаппарат та сатып алдым. Қазіргі кезде жаман емес, отандық фотограф­тармен бірлесіп, сол кісілердің түсірген суреттерін бірен-саран­дап пайдаланып жүрмін. Десе де қазақ жылқысының фотосы әлі де жетімсіз.

– «Желі», «Бие сауым», «Бие­бау», «Үзеңгілес», «Қазанат», «Екі жирен» сияқты айдарлардың көтеретін жүгі қандай?
– Байқасаңыз, сайттың әрбір айдары өзіндік мәнге ие. Жылқы малына арналған сайт болғандық­тан, айдарларының да жылқыға байланысты болғанын қаладым. Мысалы, «Желі» айдары. Желі – биебаудың керілген арқаны. Оған барлық құлындар байланады және үйірлі жылқы соның айна­ласына шоғырланады. Соны ескеріп, сайттың «Басты бетін» «Желі» деп алдым. Мұнан соң «Бие сауым». Бие сауым – уақыт өлшемі. Қазақы ауылдарды байқасаңыздар, биебау басында биенің екі сауымының арасында қариялар отыра қалып әңгіме, жыр, хисса, дастан тыңдайды. Осыны ескеріп, жылқы жайлы әдеби шығармаларға арнап «Бие сауым» айдарын жасадым. «Үзең­гілес» – жылқы мамандары, ат спортының спортшыларымен болған сұхбаттарға, «Биебау» – жылқыға қатысты атаулар мен керек-жарақтардың анықтама­лығына арналған айдар. «Екі жирен» – жылқы жайлы ән мен күйді қамтиды. «Қазанат» – ел тарихында, аңызы мен жырында даралана сақталған тұлпарларға қатысты. Мысалы, Құлагер, Қу­бас ат, Нарқызыл, Тайбурыл, Бай­шұбар тағы басқа…

– Сайттағы мақалалардың оқылу көрсеткіші жаман емес. Жалпы, күніне қанша адам кіреді? Олардың жас ерекшеліктері қай шамада?
– Сайт ақпараттық емес. Та­ным­дық, этнографиялық болған­дықтан, күніне пайдаланушылар санының өзгермелілігі басым. Дегенмен кемінде 200 адам оқи алады. Бұл мен үшін жақсы көр­сеткіш. Сайттың оқылымын жақ­сартып, рейтинг үшін қызмет еткіңіз келсе өсек, өтірік, қырды-жойды деген алыпқашпа мате­риал­дар жазуыңыз керек. Ал мен ондай дүниемен сайтты былғағым келмейді. Бұл салалық сайт бол­ған­дықтан, ондайдың маған керегі де жоқ. Оқырмандардың жас ерекшеліктеріне шектеу қойыл­майды. Көбіне ұлттық спорт­тың, жылқының қадірін білетін егде адамдар оқиды. Алай­да осыған дейін бір байқағаным, әлеуметтік желіде жарнамасы жасалмаса, қандай сайттың болса да оқылымы түкке жарамай қалады. Себебі, қандай сайт бол­сын, өздігінен іздеп оқитындар аз.

– Сайт жұмысын жүргізе оты­рып байқаған боларсыз, қандай мәселелер жиі алдыңыздан шыға­ды? Жылқының сынына, күтіміне қатысты ой айтатын сыншылар, атбегілер, авторлар табу қиын емес пе?
– Осы сайтты қолға алғалы бері бір қызық жайттарға кездес­тім. Әлеуметтік желілерді пайда­ланушылардың көбі мені жылқы маманы деп ойлайтын секілді. Себебі, көбі жылқыға қатысты мәліметтерді сұрап, жылқыда кездесетін ауруларды қалай емдеуге болатынын, жылқы өнім­дерін қалай пайдалану керектігін, тіпті бірнеше рет қазыны қалай аударып, қымызды қалай ашытуға болатынын сұрады. Бір бай­қа­ғаным, оқырман жылқы мұра­жайын ашуды қалайды екен. Маған қойылатын көп сұрақтар­дың бірі осы. «Қазақ жылқысына арналған мұражай неге жоқ?» деген сауал. Бұл сұрақты кезінде Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына да қойғанмын. Ол кісі «жәдігер жиналмайды» деп жауап берген-ді. Шын мәнісінде, Ахмет Тоқ­табай ағамыз «егер жылқы мұ­ражайы ашылатын болса, барлық жәдігерлерді табуды өз қолыма алар едім» деп отыр.
Расымен қазіргі таңда күллі жылқы малының отаны болған қазақ даласында бірде-бір жылқы мұражайы болмауы ұлттық бол­мысымызға нұқсанын тигізеді. Көшпенді өмірдің өзегі мен адам­зат өркениетінің негізі болған жылқы шаруашылығын жан-жақты сипаттайтын бір мұражай­дың елімізге артықтық етпесі анық. Бұл бағытта жұмыс атқарып жүрген ағаларымыз да аз емес. Бір «әттеген-айы», сол ағаларымыз­дың басы бір мүддеге тоғыспай келеді. Барлық идея мен тапқан-таянған қаржыны әркім өз мүд­десі, өз идеясы үшін тартқы­ла­ғанша, бір ғана істі жүзеге асыруға жұмылдырса, қандай тамаша болар еді?!
Тіпті, жылқы мұражайын сал­май-ақ қойсын, ұлттық спорт музейін ашар болса, осының өзі-ақ жылқы мұражайына айналар еді ғой. Себебі, қазақтың ұлттық спортының 70-80 пайызы ат үстінде өтеді.
«Іздеген жетер – мұратқа» дегендей, ат үстінде күн көрген қазақты қайдан болса да табуға болады. Сондықтан сайтқа сұхбат беретін, автор болатын аза­мат­тарды алыстан іздеп, шарша­ған емеспін. Қолында барымен бө­лісуге әзір тұратын жақсы адам­дар әлі де жетерлік орта­мызда.

– Балалық шағыңыз ат үстінде өткен сияқты. Көкпар тартып, жүйрік баптау сізге таңсық емес шығар…
– Иә, 18 жасыма дейін ат құлағында ойнап өстім. Одан соң оқу қуып, қалаға кеттім де, жылқыдан қол үзіп қалдым. Дегенмен жазда ауылға барғанда тек қымыз ғана ішіп, атпен ғана жүруге тырысамын. Тақымымыз­ды тебінгі қажап, құйымшағы­мызды аттың арқасы қажап бәйгеге шауып өскен баламыз ғой. Жылқының қыр-сырын бір адамдай білем десем артық болмас. Алайда додаға көп түсіп көрген емеспін. Бірнеше рет қана жекпе-жекке түскенім бар. Ол үлкен серке тартқан көкпар емес еді.

– «Арғымақтың» алдағы жос­пары қандай?
– Алдағы уақытта осы сайттың негізінде қазақ жылқысына арналып жазылған өлеңдерді топ­тастырып, «Арғымақ» антоло­гиясын жасасам ба деген ойым бар. Сонау Күлтегін жырынан бастап, бүгінгі күнге дейінгі ара­лықты қамтыған талай ақынның жылқыға арнап жазылған өлеңін топтастыру арманым. Көшпенді тірліктің негізгі қозғаушы күші болған жылқы тақырыбында бірде-бір рет жыр мүшәйрасы да өтпеген екен. Осыны ескере отырып, алдағы уақытта Қазақ ханды­ғының 550 жылдығына орай жыл­қыға арналған өлеңдерден мүшәйра ұйымдастырсам ба деген жоспарым бар. Әрине, бұның барлығы қаражатқа байланысты.
Ал сайт мәселесіне келер бол­сақ, күнделікті ағынмен жыл­житын болады. Бұған дейін қазақ жылқысының төңірегінде көтеріп келе жатқан мәселелердің тү­бегейлі шешімін тапқанша қозғай беретін болады. Ол мә­селелер: ең әуелі, қазаққа жылқы мұражайы, екінші, қазақ жыл­қысының тұ­қымын асылдандыру, ала­ман­дарда мейлінше қазақы жыл­қыларды қатыстыру, жыл­қытану мәселелерін түбегейлі зерделеу, жылқының шикізат­та­рын пай­далануды жолға қою, қымыз ашыту, ат үсті ойындарын наси­хаттау.
– Әңгімеңізге рақмет!

1Қанышайым Байдәулет, «Айқын» газеті

1 comment

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!