Аманжол ӘЛТАЙ. «Тұлпар жыры»

15514

Ей, Қазанат, сен осы не көрмедің,
Асқақтаттың биікке, төменде едім.
Тұяғыңмен дүниені дүбірлетіп,
Күлдір-күлдір кісінеген өлең бе едің?!

Садағасы жанымның – баққан малым,
Бәсірем сен – құйғытып атқан жалын.
Алғаш емген анамнын сүтінен соң,
Тәтті саумал,бал қымыз татқан дәмім.

Жануарым жаныңды түсінемін,
Ендің талай ерлердің түсіне мың.
Сауыт киіп алтыннан жарқыраған,
Тақымында сақтардың кісінедің.

Жүйрік мінсе құспен тең тегінде адам,
Жетімсірер жылқысыз менің далам.
Еуропаны еңкейтіп, бас идірген,
Римге әмір жургізген Еділ бабам.

Асып талай асуды,асқар белді,
Өлең болып тұрпатың дастанға енді.
Саған мініп Күлтегін көшін бастап,
Ат үстінде билеген аспан-жерді.

Кендебайға түскенде ай шуағы,
Керқұласы құлағын қайшылады.
Алпамыстың иісін сезген сәтте,
Бұзып шыққан қамауды Байшұбары.

Дақ түсірер тұлпардың даңқына кім,
Туған айдай нұрланып жарқырадың.
Жердің бетін жапырып жаулағанда,
Такымында Шыңғыстың арқырадың.

Қылыштан да жасқанбай суырылған,
Cен көсілсең қара жер қуырылған.
Қобыланды батырдың бағы жанған,
Құртқа шешем баптаған Буырылдан.

Жау әскерін жапырып, жарып өттің,
Сан қауіптен аман-сау алып өттің.
Шуға келіп тіккенде Хан ордасын,
Асқақтаттың рухын Жәнібектің.

«Шу, жануар!» деп сөйлеп көмей керіп,
Шабысыңнан серпілдім мерейленіп.
Тұяғыңмен жер тарпып көрсеткенсің,
Алтын қазық қаққанда Керей келіп.

Жығылғанда сіңірді жаншып алып,
Қайғыңа да еріксіз сан шыдадық.
Әз Тәукенің тақымын толтырғансың,
Хан болғанда қазаққа заң шығарып.

Сенсіз өмір сүрмеппіз есіл күнде,
Қиянатын көрдік сан кесірдің де.
Қанат болдың қаһарлы Қасымға да,
Биіктеттің еңсесін Есімнің де.

Дүбірлеткен дүлдүлім, дос пырағым,
Түсіме ендің елеңдеп қос құлағың.
Тоқтамыстың астында сен болғансың,
Қақпасынан кіргенде Москваның.

Төрт түліктің ішінде сүйегі ұлық,
Ат пен атан — біз үшін кие күлік.
Саған құмар болмауы мүмкін емес,
Асанқайғы өткенмен түйе мініп.

Ер жайғасқан жүйрікке, жорғаға қыз,
Талай ғасыр ерлігің болған аңыз.
Өкінбестей боп өткен саған мініп,
Дуылғалы Доспанбет доң бабамыз.

Тек аңызда келгенмен тілге пырақ,
Бірге ұмтылдың батырмен, бірге құлап.
Еділімнен еңіреп қоштасқанда,
Қазтуғанмен сен тұрдың бірге жылап.

Тұлпар үшін беретін жанын үзіп,
Мен қазақпын ат мінген қаны қызып.
Жүзіп өткен Жайықтан жүйріктер-ай,
Тұнығынан Еділдің қанып ішіп.

Сен бесіктен баурадың ер жүрегін,
Жүйіткігенде жалаудай желбіредің.
Көшіп-қонған қазақтың шекарасын,
Тұяғыңның ізімен белгіледің.

Қуат берген Темірге сенің мысың,
Шалкиізді шалқытқан сенің күшің.
Саған мініп тік сөйлеп Есімханға,
Тепсініпті Жиембет тебінгісін.

Төрт тұяғың ор қылып шапқан жерді,
Жусан жұтты жоныңнан аққан терді.
Күлдір-күлдір кісінетіп күрең мініп,
Дәурен сүрген өр жырау Ақтамберді.

Абылайды жетелеп асыл арман,
Тұлпар мініп Шарыштың басып алған.
Қабанбай мен Бөгенбай саған мініп,
Байтақ жерді қайтарды басып алған.

Сырлас болған сәйгүлік замандардан,
Биіктеткен әуелден бағаңды Аллам.
Жоңғар менен қалмақтың шапқынынан,
Саған мініп қазағым аман қалған.

Зарлы – заман айырмай ақ-қараны,
Батырға емес, байларға бақ қарады.
Қалың елдің қамы үшін шайқасқанда,
Исатайдың оққа ұшқан Ақтабаны.

Келмегенде көп шегір кесірі анық,
Састырғансың Жәңгірдің есін алып.
Сен күрсіндің марғасқа Махамбеттің
Ғазиз басын жатқанда кесіп алып.

Жұтқанменен талайды тарпаң заман,
Алла сақтап келеміз арқаңда аман.
Хан Кененің әскері өзіңменен
Ақмоланың қамалын талқандаған.

Мұңлы күзге ұласып шерлі көктем,
Қатал тағдыр ызғары жан жүдеткен.
Ағыбайдың туладың тақымында,
Зіркілдеген сескенбей зеңбіректен.

Жезкиіктей зауладың қырдан-қырға,
Мәңгілікке сомдалды тұлғаң жырда.
Қайғысына айналдың Ақанның да,
Жансерігі болғансың Біржанның да.

Биіктеткен рухты, дүр шабытты,
Болармысың, жануар, мұнша мықты?!
Сайғақ құрлы сайымнан сая таппай,
Мәди атам өзіңе мұң шағыпты.

Жала жапса басыңа, жаза қаптар,
Оққа атылған арыстай азаматтар.
Шұрқыраған дауысы өзекті өртеп,
Етке айдалған арғымақ қазанаттар.

Анау ауыр ғасырда иектегі,
Тағдыр қайтып келмесін түнектегі.
Қара жолдың шетінде қаңсып жатқан
Қазанат пен қазақтың сүйектері.

Жер «Карлагқа» айналған өнген еміп,
Өтті заман, ұршықтай дөңгеленіп.
Үрей басып, қайғырған менің елім,
Тұлпарды етке, арысты көрге беріп…

Сендей менің жанымды түсінер кім,
Ұлт намысы тапталса ісінер мұң.
Желтоқсанда,боздақтар мерт болғанда,
Көздеріңнен жас ағып түсіме ендің.

Азаттықтан алғанда халқым қуат,
Бұлттан шығып күн шашты жарқын шуақ.
Елтаңбамда бейнеси рух берген,
Қасиетім – ай қанат алтын пырақ!

Жануарым, түлік жоқ сенен текті,
Тәуелсіздік кеп жазды шемен дертті.
Атқа мінген қазақтың көші бүгін,
Алты құрлық арасын елеңдетті.

Көре алмаған дұшпандар қалсын налып,
Бақ жұлдызы елімнің жансын жарық.
Саған бүгін ерттейін құранды ерді,
Сағағы алтын қолыма қамшымды алып.

Ел ордасын көтеріп Есіліме,
Шаһар салдық ұрпақтар несібіне.
Татулықты ту еткен қазақ елі,
Ынтымақтың айналды бесігіне.

Азат кунде қуандым, шер басылды,
Еңкейте алмас енді ешкім ер басымды.
Қанатына күн қонған қыран елдің,
Көкте самғар тынысы енді ашылды.

Айбат берген ақынға, қағанға да,
Сәйгүлігім,серігім бағаң дара.
Тұлпар мінез қазақтың баласымын,
Бар болмысы ұқсайтын саған ғана!

Amanjol AltayАманжол Әлтай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

1 comment

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!