Ерлен ОСПАНОВ: Жүйріктер еркін тыныстау үшін “Алтын тұлпар” аламан бәйге жолы ұзартылды

8306

Алдағы 6 қыркүйек күні Астана қаласының маңында орналасқан Қабанбай ауылы аумағында 51 шақырымдық “Алтын тұлпар” аламан бәйгесі өтеді. Аталмыш бəйге тек жүйріктер сайысы ғана емес, ат баптайтын атсейістер мен жүйрікті тап басып танитын ат сыншыларының және ат тағалаушы шеберлердің де сайысы қоса ұйымдастырылмақ. Осы орайда, біз жоғарда өтетін шараны ұйымдастырушылардың бірі ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының вице-президенті Ерлен Оспановқа жолығып төмендегі сұрақтар бойынша жауап беруін өтінген едік.

Erlen– Ерлен Әбілханұлы, сіздер ұйымдастырып отырған аламан бәйге «Алтын тұлпардың» жарыс қашықтығы өткен жылы 43 шақырымды құраған болатын, биыл не себепті 51 шақырымға ұзартылып отыр?
– Өткен жылы «Алтын тұлпар» аламан бәйгесі 43 шақырымдық қашықтықта ұйымдастырылған болатын. Биыл аталмыш қашықтық 51 шақырымға ұзартылып отыр. Себебі, өткен жылы байқағанымыздай кейбір қазақы тұқым жүйріктер ашылып үлгермеді. Бәйгенің орта шенінде келген кейбір аттардың әлі де тың екені байқалды. Сол себепті, жүйріктердің еркін тыныс ашуына мүмкіндік жасап отырмыз. Екіншіден, жасыратыны жоқ, бүгiнде болып жатқан бәйгелерге Еуропадағы атқораларда тұрған, қысқа қашықтыққа шабатын ағылшынның таза қанды аттары қатысады. Шын мәнiндегi қазақы жүйріктің басты қасиеті ұзақ шабыс, алыс жорық жолдарына арналған. Дәстүрлі атбегілерде осыны ескеріп аттарын баптайтын болған. Соңғы кезде ұзақ шабысты қазақы жылқылар ұшқыр, қысқа шабысты ағылшын аттарының көлеңкесінде қалып қойып жатыр. Осының бәрін ескере отырып, нақтырақ айтқанда, қазақтың байырғы дәстүрлі атбегілік өнерін жаңғырту мақсатында жарыс жолы өзгерді.

– Өткен жылы «алтын тұлпар» турниріне қанша жүйрік қатысты, осылардың ішінде таза қанды жылқылар мен қазақы тұқымның ара салмағы қандай болды?
– Өткен жылы алдын ала жиналған өтінім бойынша жарысқа қатысуға әр аймақтан 77 жүйрік ықылас танытқан болатын. Осы өтінім берген сәйгүліктердің 49-ы мандат комиссиясынан өтіп жарыс жолына шықты. Бұл жүйріктердің 10 пайызы таза қанды ағылшын, ақалтеке, араб жылқылары болса, 50 пайызы жергілікті тұқымдармен будандастырылып шығарылған жылқылар, ал, қалған 40 пайызы өзіміздің қазақы тұқымдар болды.

– Өткен жылы ең көп ат қосқан қайсы аймақ?
– Өткен жылы ең көп ат әкелген Алматы облысы 10 ат, екінші Ақмола облысы 6 ат, ОҚО 5 ат, Атырау 2 ат, Ақтөбе 2 ат, Қарағанды 3 ат, Қостанай 5 ат, Қызылорда 1 ат, Маңғыстау 3 ат, Жамбыл 3 ат, СҚО 1 ат, Павлодар 2 ат, ШҚО 2 ат, Астана қаласы 3 ат әкеліп қосты.

– Биыл қанша жүйрік жарыс жолына шығады деп күтілуде?
– Бәйгеге 14 облыс пен Астана және Алматы қалаларының әрқайсысынан 10 сәйгүлiктен, кемiнде 160 тұлпар қатысады деп күтiлуде. Жарысқа сәйгүліктердің барлық тұқым-түрлері қатыстырылады.

– Бәйгенің жүлде қоры жайлы толыққанды таныстырып өтсеңіз?
– Биылғы«Алтын тұлпар» аламан бәйгесінің жүлде қоры 23 млн теңгені құраса, бас жүлде 10 млн. теңге. Сондай-ақ, мәреге алғашқы жеткен 9 тұлпарға қазақтың эпостық жырларында аты аңызға айналған дүлдүлдер: Құлагер, Байшұбар, Қубас, Қарақасқа, Ақтабан, Бозауыз, Тайбурыл, Көкбурыл, Шалқасқа, Тарлан атты тұлпарлар номинациясы бойынша диплом және қаржылай сыйлықтар беру жоспарлануда.

– Жоғарыдағы шара аясында атбегілер өнері және ат тағалаудан сайыстар ұйымдастырылмақ көрінеді…
– Бұл істер жоспарда бар. Бәйге кезінде «Ат сыншысы» байқауы ұйымдастырылады. Ата дәстүрін жалғап, шын жүйрікті жазбай таныған сыншыға «Толыбай сыншы», «Күреңбай сыншы», «Шоқай сыншы» атындағы арнайы жүлделер тағайындалып отыр. Сонымен қатар, өзіңіз айтқандай, ат тағалаушылардың сайысы да жалғасын табады.

– Биылғы жарыс 51 шақырымды құрайтыны жайлы жоғарыда айттыңыз. Жарыс өткен жылғы сияқты ұзақ бір айналыммен шауып келе ме, әлде өзгеріс бар ма?
– Биылғы жарысты біз тәжірибелі атбегілердің пікірін ескере отырып өзгеше өткізбекшіміз. Яғни, жарыс әр айналымы 12,5 шақырымды құрайтын 4 шеңбермен өтеді. Шеңбер бойына әрбір 2 шақырым сайын бір-бірден 7 бақылау бекеті орналасады. Бекеттерде телекамералар мен төрешілер, адам және мал дәрігерлері, тәртіп сақшылары тұрады. Төрешілер көлденеңнен ат қосылып кетпеуін бақылайтын болса, телекамералар бәйге барысын халыққа тікелей көрсетеді. Бұлдардан басқа 2 тікұшақ жарыс барысын биіктен бақылап камераға түсіреді. Көрермендер мен ат иелері өз тұлпарларының қай тұста шауып бара жатқандығын ЛЭД экраннан бақылауға мүмкіндік қарастырылған.

– Түсінікті. Сіздің айтуыңызға қарағанда әр өңірден келген жүйріктерді түстеп-түген деп танитын мүмкіндік қарастырылған болды ғой?
– Әрине, жарысқа қатысатын әр облыстың шабандоздарына түсі әртүрлі арқасында нөмірі бар футболка беріледі.

– Жарыс қаладан 30 шақырым қашықта өтеді екен. Осыған көрермендердің қатынауы жағы ойластырылған ба?
– Біздегі жоспар бойынша Астанадан жарыс өтетін жерге барушыларды тасымалдайтын 50 автокөлік қатынайтын болады. Сонымен қатар концерттік бағдарлама, ұлттық тағамдардың түрлері бойынша фестиваль, қол өнер көрмелері өтізілмекші.Тойшы қауымға арнап қымызмұрындық, бауырсақ фестивалін өткізу де ойда бар, қазір осы жобалар бойынша біраз мәселе пысықталып жатыр.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Ерлан Алтай, ulttyqsport.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!