Есболат АЙДАБОСЫН. Ырым үлестіруді ұмыттық қой

3671

Жанболат Аупбаев ағамыз құрастырған “Ер қанаты” деген жинақты оқып отырмын. Сонда белгілі зерттеуші, жылқытанушы Ахмет Тоқтабаев қазақ даласында бұрынырақта “бірінші жүлдеге 100 түйе, 100 жылқы, 100сиыр, 100саулық қой,100сом ақша, 100аршын шұға,100 аршын шәй тігілген” бәйгелер болғанын айтады.
Бір қарағанда бытпырақтатып бұларды көбейткенше 1000 түйе немесе 1000 жылқы деп бір ғана түліктен тіге салмады ма екен деген ойға берілетінің рас. Бірақ астарына үңілсең мұның да мәні бар секілді. Аты топ жарып, масаттанып тұрған адам әлгінің барлығын үйіне алып бармайды. (алып кете де алмайды) Жүйрік-елдің ырысы, тұтас бір өңірдің намысы. Яғни аттың иесі бәйгесінің жартысын ырым қылып үлестірген. Өзінің шашбауын көтеріп, қиырдағы бәйгеге ілесіп барғандарға бір-бір құнан-тайдан жетектетсе қалыс ағайынға қойдан өңгертіп жіберетін болған.Құлагер қаза болған Сағынайдың асында да бас бәйгеге 500 жылқы, 1000 қой тігілгені содан болса керек.
Өзіміз атқа мінгелі де Қордай мен Дегерестің арасындағы біраз аламанға куә болғанбыз. Ол кезде бас бәйгеге кілем жабылған түйе берілетін. Екінші, үшінші орынға тай, тана …деп кете беретін.
Ырым үлестіру үшін ұтқан жүлдесін сол бәйге алаңының басында арзанды-қымбатты сатып жатқан сақиларды көргенбіз. Талай атбегіден шауып барып ырым да алдық. Кейде үлкен кісілердің өзі “Бар әне Қартабаев Мұраттың қаратынан ырым алып кел, ырысы жұқсын” деп әдейілеп жіберуші еді. Бізге не керек танысақ та танымасақ та “аға ырым беріңіз” деп қоярда қоймай 20-50 теңгесін қақшып кететінбіз.
Қазір байқасам бәйгелерде “ырым беру” дәстүрі жоғалып барады. Бір-бір автокөлікті ұтқан ағайындар, ол дүниесін ешкімге бере қоймасы анық. Атын жетеліп, темір тұлпарына мініп кете барады. Ал қаумалаған халықтың, бір сағат бойы әлгі атқа жанкүйер болған жұрттың ықыласы ескерілмейді. Бәйгелерге неге автокөліктің қасына, 5 теледидар деген сықылды ұсақ жүлделерді қосақтамайды екен. Сол жерде сатып жіберіп, халыққа ырым қылып үлестіріп жатса тамаша емес пе?!

Esbolat A.Есболат Айдабосын, журналист

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!