Айдын КӘЛІМХАН. Су жылқысы

9253

Өткен ғасырдың 60-70 жылдары Сағидолла Досжанұлы жалған жаламен Шығыс Түркістанда қолға түсіп, 15 жылға бас бостандығынан айырылады. Ол қытайдың оңтүстігіндегі әйгілі «Барса келмес» атанған Такламакан шөліндегі Тарым ойпатындағы Сексентам жаза лагерінен бірнеше мәрте қашып шығып соңғы жолы қазақ даласына жетеді. Осы оқиға жайлы «Қашқын» атты тарихи шығармамда кеңінен әңгімелеген едім. Бұл кітап баспадан шыға қойған жоқ. Дегенмен ондағы су жылқылары жайлы оқиғаны оқырман назарына алдын ала ұсынып отырмын.

Su jylkysyСағидолла 40-50 градустық аптап ыстықта Тарымдағы Сексентам жаза лагерінен қашып шығып қазақ даласын бетке алады. Ақ тозаңды құм бораған құба шөлде небір қырқа белдерді басып, андыз-андыз қоныстанған елді мекендерден өтеді.
Күшар, Бүгүр сынды алып шаһарларды артқа тастап бір күні екінті мен ақшамның арасында әйгілі Қарашәрі қаласына келіп жетеді. Ол, бірден қалаға еніп кеткен жоқ. Қайта шаһардың батыс шетіндегі үлкен тақыр төбенің бауырына қойылған қалың мұсылман зираттарының арасына келіп жайғасты. Талай уақыттық жаяу жүрістерге әбден үйренген Сақаң бұл түні тұяқ серппестен ұйқыға кетіп, келесі күнді сергек қарсы алады.
Күн шыға ойянған ол, бұл жерде өзінен басқа 7-8 адамның бірге түнеп шыққанын байқайды. Олардың кейбірі әлі де бас алмай ұйықтап жатса, енді біреулері орынан тұрып, ұсақ-түйек заттарын реттеген болып жүр. Түрлері біреулерге сес көрсетіп, атып-шауып кететін ұры-қарыға немесе бір жақтан келе жатқан жолаушыға мүлдем ұқсамайды. Киім киістері де жұпыны. Барлығының жоқ-жітік, үйсіз-күйсіз жүрген кембағал жандар екенін бірден аңғаруға болады.
Шамасы, олар осы зират арасын көптен бері мекен етіп келген исі мұсылман баласы болса керек. Өйткені, бұл жақтағы өзге ұлт өкілдері мұсылман зираттарын пана еткенді қойып, оның маңынан жүруден қатты қорқатын.
Олар Сағидолланың келгеніне еш таңырқап, қараған да жоқ. Қайта күнделікті бірге жүрген адамдардай жақын тартып, қолда барларын бөлісуге дайын екендіктерін білдіргендей сыңай танытты. Аздан соң олар бір жерге басқосып, әркім өзінде барын ортаға қойып ас ішуге кірісті. Сағидолла да бұл адамдардан ештеңесін аяп қалған жоқ. Олардың дені ұйғырлар болғандықтан солардың тілінде сөйлеп, бірден тіл табысып кетті. Ол өзі арқалап келген ескі қоржынынан жол-жөнекей олжалап пісіріп алған жылқы етінің бір кесегін алып шығып, әркімге бір-бір жапырақтан кесіп үлестірді.
Алғашқы таныстықты осылайша бастаған олар әріқарай күні бойы қала көшелерін кезетін. Онда біреулері шаһар тұрғындарына жалданып жұмыс жасаса, енді біреулері ары-бері өткендердің берген садақасын місе тұтатын. Осылайша азын-аулақ тиын-тебен тауып күн бата зират арасына қайта оралатын. Бұларды жергілікті жұрт үйсіз-күйсіз жүретін «Тіленшілер» деп атайды екен. Сағидолла тіленшілер арасында бір айға жуық уақыт өткерді. Себебі, бұл жерді ешкім тексеріп тектеп жатпайтын. Сол үшін ол осы мүмкіндікті пайдаланып, өзі бет алған алыс сапарға біраз ақша тауып, жол азық дайдап алуды көздеді.
Сонымен жанын жалдап жүріп, біраз қаражат жинап алған Сағидолла бір күні арнайы мініс көлік тауып келуге бел буды. Жастайынан ат десе ішкен асын жерге қойятын ол, текті жылқы тұқымын түр тұлғасынан танитын. Тіпті, жалпы Қытай жеріндегі атағы шыққан саңылақтардың осы Қарашәрі өңірінен тарайтынын да жақсы білетін. Бұл жайындағы аңыз әңгімелерді де көп естіген. Мұндағы жылқылардың басқа жылқылардан артықшылығы жүйрік және дене бітімі көрікті келеді. Оны көзбен көріп бағып баптаушылардың айтуынша, бұл жануарлардың бойында осы маңдағы Лопнор көлінде тіршілік еткен су жылқыларының қаны бар. Нағыз дүлдүл аттар осы жерден табылады дейтін. Соның бір дәлелі, бұл аймақтың малшылары көктем, жаз айларында үнемі Лопнор көлінің маңын мекен ететін. Ондағы көл түбінде тіршілік етіп кейде құрлыққа шығатын үйір-үйір су жылқыларымен жергілікті жылқылардың үйірі айқасып жатады екен.
Сағидолла мен бірге сотталып Сексентамдағы жаза лагерінде жазасын өтеуге барған Құрманбай есімді қария болатын. Сол қарт осы су жылқысын баптап өсіргендердің бірі.
Қария бірде көп ел естіп көрмеген теңіз жануарлары жайлы әңгімені түрмедегі саптастары арасында былайша шертетін.
Кезінде Қытайдағы әйгілі Тарым өзені құятын Лопнор көлінде су жылқыларының болғаны және оның бағындағы жылқыларымен үйірі айқасып, тұқым тарағаны шынайы шындық дейтін ол. «Мен сол маңды 40 жыл мекен етіп, жаз жайлауға, қыс қыстауға көшіп мал бақтым. Ол кезде әр жылғы мамыр-маусым айларында көл маңына көшіп баратынбыз. Сайын даланың әр саласы малшылар қауымының қаз-қатар тігілген ақ шаңқан үлеріне толатын. Төрт түлік біткеннің суаты сол көл еді. Біз табын-табын сиыр, үйірлі жылқы, қоралы қойларды суатқа айдап түсіргенде ондағы су сиырлар мен суда тіршілік ететін ақ теңбіл түсті су жылқыларын жиі кездестіретінбіз. Олар кейде жағаға шығып жайылып жататын. Алғашында бұл жануарлардың түр-тұлғасы мен пішініне қарап, қатты қызықтап тамашалайтынбыз. Кейін келе оларға да көзіміз әбден үйіренісіп кетті. Әр мезгіл сол жылқылар жағаға шығып, бір-екі сағат бас алмай жайылған соң айғыры өз үйірінің шып-шырғасын шығармай жинап алып, көлге қарай бұратын. Сонда жануарлар сапқа тұрған сарбаздай тізіліп алып көсілген көк теңізге шоп-шоп сүңгіп кете баратын. Бұл құбылыс «Көрмегенге көсеу таң» десекші, шынында таңқаларлық жай. Тіпті, сендерге бір ертегідей сезілуі де мүмкін. Алайда оны көзімізбен көрген біз секілді сол аймақта туып-өскен жандар үшін оның еш таңғаларлығы жоқ.
Жылқылар кейде суатқа түскен ауыл жылқыларымен араласып жататын. Кейде оның айғыры жергілікті жылқы үйірінің аталығын қуып шығып, бір шоғыр биені жалғыз өзі иемденіп алатын. Осыдан кейін су тағысы мен құрлықтағы жануарлар өзара жұптасып, олардан талай-талай ұрпақ өрбігенін көзімізбен көрдік.
Бір жылы мамыр айының аяқ шені болатын. Біз сол аймаққа көшіп бардық. Менің бағымымда 200 тұяқтан астам қозылы қой бар еді. Әр күні астыма сол жылы қысыр қалған қоңыр торы биені мініп, малды өрістетіп барып, суға түсіретінмін. Бір күні мен күнделікті әдетім бойынша малымды айдап көл жағасына бардым. Көл бойында қара қорым сусиырлар мен су жылқылары толып жатыр екен. Алдымен қоңыр биенің ауыздығын алып, суарып шөлін қандырдырдым да ер-тоқымын алып, жағалауға тұсап қойдым. Ойымда ештеңе жоқ. Байырғыша жаяулап қой қайыруға кеттім. Біраздан соң малымды қайырып, көлге қарай беттетіп келе жатыр едім. Сол маңда жайылып жатқан ақ теңбіл түсті су жылқысының айғыры басын төмен салып, екі жаққа сілкіп-сілкіп тастап, менің бекітулі жылқыма барды. Ол, қоңыр биені ары айналып, бері айналып, иіскелеп сәл тұрды да онымен бірнеше мәрте жұптасып үлгерді. Бұған қатты таңданған мен кешкісін үйге оралғанда болған жайды отбасымдағыларға баяндадым. Бұл көрініс күнделікті малды суатқа түсірген тұста бірнеше мәрте қайталанды. Осыдан кейін мен жылқының ай-күні толғанша тағатсыздана күтіп, одан туар құлынды көруді асыға күттім.
Келесі жылы ақпан айының орта шені болатын. Бір қарлы боранды күні түнде қоңыр бие құлындап, қызыл теңбіл түсті еркек құлын тауыпты. Қуанғаным соншалық. Бір текті жануардың ұрпағына ие болғаныма өзімнен басқа бақытты жан жоқтай сезініп, жанымды қоярға жер таппадым. Ырымшыл халықбыз ғой. Құлынға тіл көз болып жүрмесін деп көп уақыт болған жайды көрші қолаңдардан да жасырып жүрдік. Құлын күн санап өсіп, біраз уақыт өткен соң ол өзі өзгеше қылықтар шығара бастады. Бірде құлын танауын едірейтіп құйрығын тіктеп алып, өрлі-қырлы зыр жүгіретін. Ал енді бірде жайылып тұрған енесінің үстінен ары асып секіріп, бері асып секіріп түсіп ойнақтайтын.
Сонымен құлын туғанына туп-тура үш ай толғанда біз тағыда сол көл маңына көшіп бардық. Жылдағы әдетіміз бойынша малды көлден суарып, биені көл бойына бекітіп қойып жүрдім. Ондағы ойым: биені әлгі айғырға тағы бір мәрте қосып, келесі құлынға қол жеткізу болатын. Бір күні түс мезгілі еді. Су жылқысы шуап судан шығып, жағада бас алмай жайылып жатты. Оған таяу жерден қоңыр биені суардым да, байырғыша ерін алып аяғын бекітіп қойдым. Құлын жанында ойнақ сап жүрген. Өзім жаяулап мал қайыруға кеттім. Алысырақ жүрсемде екі көзімді жылқы тұрған жақтан еш айырғам жоқ. Бірде ақ айғыр бие жаққа құлағын тігіп аз тұрды да, қатты екпінмен құйындатып шауып келді. Жануар биені және оның жанында жүрген құлынды иіскелеп біраз тұрды да, өз үйіріне қарай қайта жөнелді. Айғыр шаң боратып барып үйірін жинақтап, суға түсіріп жіберді де өзі жалт бұрылып, қоңыр биенің жанында жүрген құлынды желкесінен тістеп алып кілкіген көк теңіздің тұңғиығына бір сүңгіп қарасын батырды. Осылайша Алланың сыйға тартқан бір құлынына қанағат етпей, екіншісінен дәметем деп жүріп, көз алдымда ойнақтап жүрген құлыннан айырылып, жер сипап қалдым. Сол оқиға күні бүгінге дейін көз алдымда қалып, айықпас арман болып келеді», –дейтін.
Бірақ Құрманбай сол жердегі мен білетін басқа да көптеген адамдар су жылқысынан талай құлын алып, көз алдымызда өсірді. Өкінішке орай кейін Қытай үкіметі бұл өңірдің адамдарын Қарашәрі аймағына көшіріп, көлге бірнеше дүркін атом сынағын жүргізді. Алғашқы сынақта көлдің беті 9 тәулік бойы шұрқылдап қайнап жатыпты. Осыдан кейін ондағы көл тартылып, судағы тіршілік иесінің тұқымы тұздай құрытылды деп қатты кейитін қазыналы қарт Құрманбай.
Бірақ ел қолында бағылған сол су түлігінің тұқымы кейіннен Қарашәрі өңіріне жеткізіліп, араб жылқылары арқылы текті жануардың атағын алыс жақынға таратты. Міне, осыдан бастап қытайдағы басқа аймақтарының адамдары Қарашәріден жылқы сатып алып, айғыр салуды үрдіске айналдырған. Сағидолла Құрманбай қарттың жылқы жайында айтатын көптеген әңгімесіне барынша құлақ түріп, қызыға тыңдайтын.
Міне, сол су жылқысы жайлы әңгімеге арқауы болған Қарашәрі жеріне оның өзі де аяқ бастып отыр. Енді ол осы жерден сол дүлдүлдердің бірін тауып мініп, Атырау мен Алтайдың арасын жалғап жатқан қазақ даласына бет алмақ.

Kamelkhan A.Айдын КӘЛІМХАН, jetysunews.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!