Сәкен СЕЙФУЛЛИН. Күрең ат

5983

…Қоста ұйықтап, ертеңінде таң атып келе жатқанда аттарымызды әлгі түнде тапқан соқыр құдықтан суарып, оттатып алып, ерледік… Менің атым шөл отына, шөл суына үйренбеген ат, қабақтары қатып жүдеп келе жатыр. Шөлде Арқаның шөптерінің бірі де жоқ. Арқада менің атым – күрең аттың жегені – жаздыгүні жасыл жібектей, күзді күні сары жібектей жұмсақ, жұпар иісті, тәтті шөптер еді. Ол шөптер: бетеге, тарлау, көк жусан, қара жусан, жоңышқа, қияқ, бидайық, көде, шалғын, мия, майса және толып жатқан әдемі шөптер.
Бетпақта бұл шөптер жоқ. Бетпақтың шөптері селдір, қоңыр, сұр, қуарған, сояуланған қатты, қоңырсұр өсімдік. Ол шөптер: сояу жусан, қара қоңыр жусан, изен, ебелек. Рас, көкпек пен жусан Арқада да бар. Бетпақта да бар.
Арқаның суы көбінесе тұщы, тәтті, тұнық су және ондай сулар көп. Үлкен шалқар айдын көлдер, ұзын аққан өзендер, таудан, адырдан сылдырап аққан күміс сулы бұлақтар, көк шалғынды, мөлдір сулы томарлар тәтті суық сулы құдықтар Арқаның жан-жануарларының сүйген, үйренген сусыны. Бетпақта су сирек кездеседі. Ол судың өзі тапшы және дәмі де басқалау болады. Ол сулар көбінесе сол, анда-санда бір жерде, соқырдың көзіндей сығырайған нашар құдықшалар болады…
Ылғи жүріс болған соң, жейтін шөбі, ішетін суы нашар болған, алты ай мінсе арымас отты көз күрең аттың қабағы қатып жүдеді. Кешке түсіп байлағанда, таңертең тұрып маңдайын, арқасын сипап ерттегенде күрең ат мені иіскеп, ауыр күрсінетін болды. Кейде күрең аттың қатқан қабағы, терең күрсініп қойғаны мені қамықтыратын болды…
Күндегідей, күрең аттың әдемі маңдайын, гауһардай жайнаған көздерін, жұп-жұмыр жонын сипап, ерлеп жатқанымда күрең ат менің кеудемді иіскеп, ауыр, терең күрсініп қойды… Мен аттың жібек жалды, барқыт түкті мойынынан құшақтап, бетіне, ерніне бетімді қыстым… Жүрегім елжірегендей болды.
Елден еріп шыққан ең жақын жалғыз серігім, ең жақын жолдасым күрең ат қой! Бұл араға күрең ат екеуміздің арамыздағы сезім сырларының кейбірін аз ғана келтіретіндей бір-екі өлеңді келтірейін:

Күрең атқа

Күрең ат, күрсінесің, зорықтың ба?
Тыныштықтан күдер үзіп, торықтың ба?
Мендей-ақ тыныштық таппай елден безіп,
Сен дағы сергелдеңге жолықтың ба?

Күрең ат, жабырқайсың, қамықтың ба?
Сағынып Сарыарқаны, тарықтың ба?
Тыныштықтан безіп жүрген бір адам мен
Жолдас боп арып-ашып талықтың ба?

Күрең ат, жабырқама, арқаң босар!
Үйірден бөлген тағдыр қайта қосар!
Жарқырап алдыңнан ай, маңдайыңнан,
Қуаныш бақытты күн бізді тосар!..

Күн салқындау еді… Көсілген, ойлы-қырлы, елсіз, жым-жырт құба жондармен жүріп отырып, бір көлденең жатқан биік жонға шыға келдік. Жонға шыға келіп, бәріміз де қуанып шу ете қалдық! жонның асты жазық ой екен. Ойда көп жылқы жатыр екен. Көзін қаптағане томағасын жұлып алған зарыққан бүркітше, аяғымыздың астында жайылып жатқан қалың жылқыға қарап тұрдық.
Мәдібектер жылқыны тани кетті.
— Мынау Тыныстың жылқысы ғой!
— Иә, иә, Тыныстың жылқысы! – десті.
Жылқыны көрген соң бәріміз де көңілденіп, мен сәл аңырайыңқырап, жылқы жатқан ойға қарай келеміз…

Saken S.Сәкен Сейфуллин
«Орал сапары» топтамасынан ықшамдалып алынды
«Көптомдық шығармалар жинағы» 5-том

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!