«Торыатбасы» тауы немесе Ататоры арғымақ

8688

Жақында менің қолыма қаламгер Самат Ибраимнің «Ататоры» деп аталатын жаңа прозалық жинағы түсті…
Мен Саматтың кітабымен танысуды ортасынан – өзімен аттас әңгімесін оқудан бастадым. «Неге Ататоры?» деп. Оқып болған соң, әңгіме өзіне тәнті еткендіктен де шығар, есіме қайталанбас ұлы ақынымыз Қадыр Мырза Әлінің ертеректе-ақ жадымда қатталып қалған «Жүйрік» атты жыры оралды:
Ақ көбік ақтарылған езуін-ай,
Өзі – ат, өзі – қыран, өзі – құмай.
Жүйрікке шабудан да самғау жеңіл,
Жүйрікке қалудан да озу оңай.
Тұяғы тиген таста от қалардай,
Тосқауыл арқан керсе тоқталарма-ай!
Эпостан шыға келген бір арғымақ
Эпосқа сүңгіп қазір жоқ болардай…
Ататоры – міне, осындай ат! Ат дейміз-ау, жоқ бұл–жылқы емес, желден жүйрік құмай; дұрысы – шаппай самғайтын қыран. Одан да дұрысы – жабы емес, қалып алып кеткен аузымызбен айта беретін арғымақ та емес; артта қалудан да алға шырқап озуы оңай – Қазанат. Арабтың сұлу, жіңішке аяқ жүйрігі де, ағылшынның «таза» қанды (іс жүзінде аралас қанды) арғымағы да таласа алмас қазақтың Қазанаты. Дау жоқ, оның қазанаттығын танытқан – мықты иесі Құттығай батыр. Қалмақпен жер үшін, ел болып қалу үшін жан алысып, жан беріскен, ұзақ жылдарға созылған соғыстың қаһарманы ол. Жау шыдатпас жүрек жұтқан мыңбасы. Ал, оның нақ осындай батыр болуына осы тұрқы есік пен төрдей, жылдамдығына күші сай, ақылынан айласы артық аттың үлесі өте зор. «Ер қанаты – ат» десек, Ататоры Құттығайға қанат қана емес, санат та, жанат та болғандай. Тіпті, иесіне ерекше берілгендігін айтпағанда, жау қолына түскенде ат өзі өмірге келген жеріне де, өсірген еліне де ештеңе теңгермей, айрықша жабығатынын көрсетті… Біздің кейде қатты сүйсініп, шын қадірлегенде асыл текті хайуанды «Адамнан зат» дейтініміз бар ғой. Біз Ататоры бойынан соны көрдік, сойынан сондай адамжанды, таза қанды Тұлпарлықты таныдық десек те асыра айтпайтындаймыз.
Ақиық ақын Қадыр Мырза Әлі аталмыш өлеңіндегі «эпос» сөзін кейін «аңызға» өзгертіпті. Аңызда да ақиқат бар дегенімізбен, Самат Ибраимның «Ататоры» оқиғасы – аңыз емес, нақты тіршілікте орын алған, 1738 жылдың жазында болған ақиқат. Ата-бабаларымыз Сарыөзеннен желдіртіп шығып қиыр Сібірге дейін сайрандаса, Алтайдан аттанып Адриат теңізіне жетіп, қарсыласқан жауын ойрандаса, ол – далалық ат тұяғының арқасы. Алтын Орданы гүлдентіп, жоңғарларды жер жастандырған да – Байшұбар мен Ататорылар болса, Құттығай батырлар атжанды болмағанда қайтеді?!
Атжанды Құттығай батыр түсінде қалмақтардың Ататоры тұлпарын екі-үш үйірімен бірге айдап алып кеткенін көріп, ұйқысынан шошып оянады. «Торыатының шұрқырай кісінегені құлағында әлі тұр» (41-бет). Ол кезде аса бір ару – сүйген жар болмаса, қатындардан қазанат артық кез ғой. Жылқы қосына барса, қанға бөгіп жылқышылар жатыр. Жау ішінде Ататоры бар жылқыларды дүркіретіп қуып, Жайық өзенінен өтіп құтылып кетіпті. Төбесі шошақ киіз үйлі ауылдарына жеткенде қалмақтардың қолбасысы қазақ батырының тұлпарын әдейі келіп көрді. Қасында он алты жасар ерке қызы Марқа бар. Айрықша атқа қатты сүйсінген ол оған ешкімнің тиіспеуін тапсырды: «Көзден таса етпей, шідерлеп ұстаңдар». Арқырап кісінеген торы атты он шақты қалмақ жабылып, әрең тізгіндеді.
Айтпақшы, Құттығай батырдың бір-бірінен аумайтын екі торысы бар. Мынау – сақасы (жасы үлкені). Өткен жолғы соғыстағы жекпе-жекте қалмақтың ең мықтысы Көбегін жер құштырса, ол – екінші жағынан, осы Ататорының иесіне төнген қауіпті алдын-ала сезіп, шалт қимылдауында.
«Алғашқы кезде аяғына қыл өре салынған Ататоры от-суға мойын бұрмай, басын шығысқа беріп күн ұзаққа бір орында тұрды да қойды. Құлағын қайшылап алыс көкжиекке көз тігеді. Қарайған көрінсе тап иесі келе жатқандай арқырай кісінеп, шідерімен ілгері ырғиды. Мұндайда өзін бағушысы алдын кес-кестей қояды. Амалы құрыған ат басын жерге салады, кәдімгідей мұңаяды. Ататоры күн санап ари бастады…» (43-бет). Қолбасының қызы Марқа алақанына салып әкелген сұлыны жемеді. Жалына қол тигізбейтіні екібастан. Бірде Марқа қияқтың сүйріктерін қолтығына қысып алып келді. Иесі де оған сүйрік беретін. Жанынан шықпай қойған Марқаның өзіне жамандық жасамайтынын сезінген әрі етене сүйрік қызға бойын үйретіп, Ататоры бірте-бірте қияқты жейтінді шығарды. Жалынан сипатты. Өзі сенетін қамқоры, досы табылған соң, Ататоры қалпына келе бастады. Жаугершілік заманда тыныштық ұзаққа созылсын ба? Қалмақтар қазақтарды шабуға және аттанды. Марқа да қосылды оларға. Өзі келген жаққа кеткенін білген Ататоры түн қараңғылығы түскен соң, шідерімен секіріп шығысты бетке алды. Аяғын өре қиғанына қарамастан жүре берді, жүре берді. Бірақ, жау оны жіберіп қоя ма, артынан қуып келіп, қамшылап-қамшылап алып кетті. Бұл да аз екен; көп ұзамай қалмақтардың жеңілгені белгілі болып, ерулеп отырған үйлері көше қашты. Соңынан селдіреп қалған қалмақ қолы жетті. Қолбасы да, оның жауынгер қызы Марқа да жоқ. Ататорыны бұл бұрынғыдан да қиын жағдайға тап еткен еді.
Марқаның оралмағаны – қазақтар қолына тұтқынға түскен. Ержүрек Марқа қандастарын қырып-жойып бара жатқан Құттығай батырды жанұшыра өлтірмек болып ұмтылып, қорғаушысын қапысын тауып аттан құлатып, найза сілтегенмен, қарасанынан қадалған батыр қайрылып қылышын бір сілтегенде-ақ мұның найзасын да, басындағы дулығасын да ұшырып түсірген. Қыз иығына төгілген қолаң шашын бір қолмен жинап, екінші қолымен қылышына жармасқанда бір қазақ жігіті лақтырған қыл арқан кеудесіне оралып, соның шылауында кете барған. Басқа түскенге көнбегенде қайда барады, не өзін-өзі өлтіруі керек. Елінде бетіне жан келмеген ерке қыздың өзі қойған шарт-қалауы орындалып,ерлігіне разы болған Құттығай батыр алатын болған соң, көніп, соған жар болды.
Ары қарай да бөле баяндайтын арда мінез, маңызды іс, батырлық қарекет әңгімеде аз емес болғанмен, шиырып жеткізсек, Марқа Құттығай батырға қос ұл туып берді. Асылы, нағыз арда мінез, батырлық бітім, міне, осы Марқаға да тән. Елін сағынса да, өзін ерлерше ұстады, қатындық танытпай, қазақтарға қару соғуды үйретті. Тұңғышы Тасболатты туған соң барып күйеуіне оның Ататоры тұлпары туралы тіс жарды. «Марқа мұңайып, қарақат көздерінен жас парлай жөнелді, бұл ата-анасына, туған-туысына, еліне деген сағыныш еді».
atatory2Құттығай батыр тағы жорыққа аттанды. Қазақтар бұл жолы да жеңіске жеткенімен, ол иығынан ауыр жараланып оралды. Қылыш кескен жері қанша емдесе де, бітпей қойды. «Бір күні жылқышы келіп Шыңғырлау бойындағы биік төбе басында Ататорының өлігін көргенін айтып келді. Қатты ауырып жатса да батыр орнынан тұрып, атын алдырып, жаңағы жігітке бастатып жолға шықты… Шыңғырлау өзені бойындағы тау беткейінде басын шығысқа беріп жатқан өзінің Ататорысын бірден таныды. Әбден арыған, жүдеген, аяқтарын тұсау, шідер қиып, сақиналанып терісі ғана қалған, тұяқтары тілімденіп кеткен. Еті әлі бұзылмапты, соған қарағанда өткен түнде келіп осы жерге құлаған тәрізді. Ататорының өзінен айрылған төрт жыл ішінде қанша азап көргенін, қанша бейнетпен туған жеріне жеткенін ойлаған батыр «Ататорым-ай, текті жануарым-ай, арғымағым-ай, қалай жеттің екен бұл жерге?!» дей берді» (48 бет). Тұлпарының селдіреп қалған кекілі мен жалынан сипап… Жасанып жауға тиерде тұлпарының шалқақ ұстайтын басы, ойнақшыған көзі, жер тарпыған тұяғы мен үй жығардай екпіні есіне оралды. Қиқу мен дүбірді естігенде құлағын қайшылап бір орында тұра алмайтын, қайран жануар!
Қайран, Ататоры тұлпар! Тілі бар адам қиналғанын айтады, сағынышын жеткізеді, қайғысын шығарады. Ал, тілі жоқ, қорлық көрген, сұмдық қиналған, көкірегі шерге толған Аттың бастан кешкен азабын, ардалығын қалай жеткізерміз?! «Батыр орнынан тұрып қасындағы адамдарға бұрылды: «Ататорыны осы таудың басына көмеміз. Бұл жер «Торыатбасы» деп аталады», – деді (48-бет). Көп ұзамай-ақ, 41 жасында өзі де о дүниелік болған Құттығай көз жұмарының алдында ағасы Айбасты шақыртып, соңғы сөзін – қоштасу тілегі десек те, өсиеті десек те болады, — айтты:
– Артымда тоғыз ұлым қалып барады, бас-көз болғайсыз…Саржала, Шұбар батырларға хабар беріңдер, бірге өсіп, жауға бірге тиген құрдастарым ғой менің. Шұбардың тентектеу екенін білесіз, оған естірткенде сақ боларсыздар, ашумен, күйікпен біреуді жазым етіп жүрмесін, баратын адам менің тұлпарыммен барсын, сонда өзі түсінеді. Мені Ататорының қасына — Торыатбасы тауына жерлеңіздер…
Қайран, Құттығай батыр! Көзі тірісінде жауды жапырған тұлпарына туған жерінің тауынан ескерткіш қойып, өзі аттанып кете барған… Адамды үзеңгілес серігі-жолдасына қарап бағалауға да болатынына ден қойсақ, құрдасы Шұбар батыр қандай десеңізші. «Ойыл өзенінің жоғары жағында қоныс тепкен ауылына қарай көсіле шапқан аттылыны көрді. Тұяғының дүбіріне қарап «Мына келе жатқан Құттығайдың тұлпары, денесі бусанса, оны тоқтату қиын, арқанды керіңдер!» – деп айқай салды. Ауыл абыр-сабыр. Арқан керілді, ат үстінде құрдасы емес, басқа ағайын адам. Бір сұмдықты Шұбар сезді…(49 бет). Орынбордан фельдшер шақыртып, досының тәнін тексертіп, өлгеніне көзі жеткен соң ғана жерлеуге келісім берді.
Құттығайынан айрылған соң, жылы өткеннен кейін басқа бір қазаққа қатын болатынын білген Марқа да есі барда елін табуға белін буды. Қос ұлын қаншалықты қимаса да қалмақ арасына алып кетуге болмайды, қазақтар баласын жатқа жіберіп қоймайды. Ал мал екеш мал — Ататоры да арып-ашып туған жеріне жетіп жығылғанда, мұның да жұртына барып қосылғысы бар. Не керек, батырдың асы берілген күні түнде ол күйеуінің екінші Ататоры атына мініп, тасырлатып шауып Еділ жақты бетке алды. Ақылды келін дұрыс пайымдағандай, Айбас қайнағасы Құттығай батырдың қос құлыны – Тасболат пен Құлшанды қалдырып кеткен соң, аттарына жармасқан жігіттерге тоқтау салды. Біріншіден, екінші Ататорыға да ешбір ат жете алмайды; екіншіден, Марқа бұлардың ешқайсысына әйел де болмайды. Соңынан қуғыншы жоғын сезген Марқа Торыатбасы тауына бұрылып, Құдай қосқан жары мен жақсы көрген аты Ататорымен қоштасып, ұзақ жолға шықты.
«Түн қараңғылығы салт аттыны да, ат тұяғының дүбірін де жұтып қойып, айналаға қайтадан меңіреу тыныштық орнады. Тек қарауытқан Торыатбасы тауының сұлбасы ғана тарихтың бір сәтіне куә болып қала берді» (50-бет).
Торыатбасы тауы бұлай үнсіз қала берген жоқ. Өзінің атымен-ақ қазанат Ататорыны ұмыттырмай, екі жарым ғасыр бойы еске түсіріп келеді. Ау, сонда атақты тұлпардың иесін қайтеміз?! Самат Ибраимның мына әдемі әңгімесі–міне, сол Құттығай батырға сұлу сөзбен қойылған еңселі ескерткіш.
Мүмкін, мәңгілік ескерткіш шығар…

Sarbalaev_BakytБақыт Сарбалаұлы, almaty-akshamy.kz
(Түпнұсқадағы тақырып: «Аңыздан шыға келген бір арғымақ» ықшамдалды)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!