Тер алу барысында ескеруге тиіс жайттар

9931

1. Аттың терін алу кезінде орынсыз қинап, етін ауыртып, сіңірін создырып, бойын алдырудан сақтану керек.
2. Тер алған соң тыныш, таза, жайлы орынға байлап, ұйқысын қандырып, демалдыруға ерекше көңіл бөлу керек.
3. Тер алуды жүйріктің сүйек тері шығып болған кезде тоқтатады.
4. Арам тердің шығып болғанын тердің түсі, мөлдірлігі, сутақылеттігін тексеру арқылы, әрі тердің бөтен дәмі болмағанынан біледі.
5. Аттың терін алуда жылқының физиологиялық қасиетіне де қарау керек. Кей жылқы тершең, кей жылқы оңай терлемейтін қасиетке ие. Бұл қатты көңіл бөлетін мәселе. Табиғи тершең атты «тері құрғамады» деп, қайта-қайта терін алу арқылы күшін аздырып, болдыртудан сақ болған жөн.
6. Көп терлемейтін аттар да бар, оларды «тері құрғады, бабына келді» деп тер алуды доғарса, арам тері бойында қалады да, шабысқа жарамайды.
7. Есте болатын дүние – жылқы түлігі май етті, қара етті делінетін екі түрлі болады.
8. Қара етті жылқының қызылы толып, артынан теуіп тысырайып, ішкен-жегені бойынан көрініп тұрады. Мұндай аттар көрер көзге семіз көрінгенімен денесі майсыз болады. Бұндай жылқыны тер алғанда қинауға болмайды.
9. Май етті жылқы көзге қораш, сүйегі шодырайып, олқы-солпы арық көрінгенімен, ішіне май жинайды, қарымды келеді. Мұндай аттарды май бауыр немесе топ қазы жылқы дейді. Осындай жылқыларды еті аз, қоңы төмен деп, ойлап тер алу кезінде қателесуге болмайды. Ішінің майы бар жылқы жарау бабына дұрыс келмесе жарыс кезінде шайлап, тер басып, жолда қалады.
10. Өте семіз жүйріктің терін алғанда, қинап шаптыруға болмайды. Күн шықпай тұрғанда қалың жабулап терлетеді. Бір тәуліктен кейін суық суға шомылдырып, үстіндегі ылғал кепкен соң қайтадан жабулап тер алған жағдайда, семіз жылқы қызылмайланбай етінен арыла бастайды.
11. Семіз жылқыны кей жағдайда жайдақ мініп, шоқырақ жүріспен қинамай терін алады. Одан кейін жаяу жетекке алып, суыған соң түнемеге қаңтарып, таң асырады.
12. Тер алу кезінде іш майын тартпай қиналған жүйрікті құдықтың мұздай суымен бауырын жуып, қазысын жұқартып, ыдыратады. Кешке жабаттап терін алып, таң асырады.
13. Күші артқы екі аяғы мен омырауына түскен, алдыңғы аяқтары әлсіз жылқыдан тер алғанда оны ойлы-қырлы жерге шаптырған дұрыс.
14. Күн сайын алынған терді жылы сумен жуып, жүйріктің көңіл-күйін саңлақтандыру тиімді.
15. Тәжірибелі бапкерлер жүйрік аттан тер алғанда шабысы саябырлаған жерге белгі (қызыл жалау) қадап отырады. Сол арқылы келесі тер алу кезінде жүйріктің қарқыны қаншалықты ұзарғанын біледі.
16. Ұзақ шабыстан қара терге түсіп, қызып келген атты сазды жерге бастыруға болмайды. Қызған тұяқ сазды жерге тигенде қан тамырларына суық өтіп, буындары ұйып, аяғын нық баса алмай, ақсайды.
17. Семіз жүйріктен тер алғанда шалдығып немесе бұрлығып қалмас үшін дәл жауып тұрған жаңбырмен қатар терлетіп, аққан тер мен жауын суын бірдей кептірсе, жылқы шалдықпайды.
18. Қоңды жылқыны күн қатты ысыған сәтте терлетіп, тері кеппей денесіне суық су шашып бойын тітіркендірген жағдайда зорығудан аман болады.
19. Үйірден ұстаған жүйрік тым семіріп кеткен болса, оны кешкі салқын түскен соң алғашқы арам тері шыққанға дейін шаптырып, тері кеппеген күйі жүгенін сыпырып алып үйіріне айдап жіберу керек. Ескеретін дүние алдымен бір адам барып үйірді алысқа, әрі суық жонға қарай қуып тастайды. Ыстық терін бұрқыратып жондағы үйірін іздеп шыққан жүйрік жолай суыққа ұрынып, тұла-бойы тітіркеніп, бойкүйездіктен арылып, дереу сергиді.
20. Көп жағдайда тәжірибесіз атбегілер тер алу барысында жүйрігін қарсыдан соққан өкпек желге ұрындырып қателік жасайды. Бұндай жағдайда жүйрікті тер буып, бабы бұзылады. Бұны атбегілер тілінде «жел буып қалды» деп атайды. Осыдан арылтудың жолы: жел буған жылқыны күн қатты ысыған сәске түсте арнайы шатыр құрып, соның ішіне кіргізіп булайды. Көп жағдайда булауға тұрған жылқыны киізге орап ұстаған дұрыс. Жылқының тері толық шыққан кезде үстіндегі киізді сыпырып тастап, шатырдан шығармай тұрып терін сыздықтатып қырады.
21. Кейбір жүйріктердің соның ішінде, көп жыл бәйгеге шауып, әбден бапталып үйренген сақа жылқылардың тері тез ашылады. Сондай-ақ, табиғи түрде өте аз тер шығаратын жүйріктер де болады. Оларды тершең етеміз деп, әртүрлі әдіс-тәсіл қолданудың қажеті жоқ.
22. Дәруменнің кемшін болуынан жүйріктің тері шықпай қиналса, оны қатарынан екі күн ащылатып алып, күн қатты ысыған кезде жабық терлеткен дұрыс.
23. Жүйрікті семіз күйінде қара жарысқа қосып етін жініктіріп алған жағдайда оның терін кептірмей тұрып, желге қарсы жарты шақырымдай жеңіл аяңмен жүргізіп, терін сыздықтатып қырған жөн.
24. Қара жарыс кезінде қиналып еті қызылмайланған жүйрікті таң сәріде жабулап, қосымша тер алып, күні бойы байлап қояды да, кешкісін бабымен тынысын кеңіту жұмыстарын жүргізеді.
25. Жүйріктің тынысы тарылып, қуаты кетіп, жанары қарауытып, қабақ үстіндегі көз шұңқыры суалса және байлауы тұрғанда маңына қара шыбын қаптаса бұл тер дұрыс алынбағанын білдіреді. Бұндай күйге түскен жүйрікті бабына келтіру үшін байлау мерзімін ұзартып (5-10 күн) терін ашық алғанда бабына түседі.
26. Семіз жүйрікті жауыннан соң кежімдеп терлетсе, зорықпай етінен оңай арылып, сартаптанады. Сондықтан етінен арылмаған семіз атты ашық күнде терлетіп, тері кеппей тұрғанда ептеп суық сумен сыласа дірілдейді. Қас қарая кежімдеп, қайта терлетіп, бие ағытқан соң үйірдің артынан жібергенде шалдығы қайтып, бабы қалыпқа келеді.

Beken K.Бекен Қайратұлы, «Қазақтың атбегілік өнері» кітабынан

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!