Жылқыға қатысты көнерген сөздер (жалғасы)

12652

Уілдірік – Қазының үлпілдеген ұлпа жері.

Ұлаш – лаушы, ат жәмші. (Моңғол тілінде «ұлач»)
Ұшқат – қамшының сабын жасауға пайдаланатын ырғай, тоғызтон сияқты қатты бұта ағаш.

Үбішін –ат жабу.
«Толып жатқан көп қалмақ,
атына үбішін жабады,
әрі де бері кеңесіп,
ақыл-айла табалы». (Х.Досмұхаметұлы)
Үзеңгібау – үзеңгіні ердің қапталымен жалғастыратын белбеу сияқты қайыс бау.
Үзеңгібауы сегіз қабат – паң, текаппар, менсінбеу, өзін жоғары санау.
Үзеңгілес, үзеңгі жолдас – соғыста, жорықта, сапарда көп бірге жүрген адам.
Үй – жатырдағы төлдің сыртын қаптап тұратын іші сұйықтыққа толы етті дене. Үйі түсу.
«Биенің құлыны үйімен бірге түсті, жүні жетілмеген екен». (Ж.Моддағалиев Б.Қалиев сөздігінен)
Үйездеу – ыстық күнде жылқының, қойдың шыбыннан, ыстықтан қорғанып, тұмсықтарын бір-бірінің көлеңкесіне жасырып топталып тұруы.
Үйек – Жылқы,сиырды сойғанда төсінен қарнын қақ жара шапқа дейін бүтін теріден тіліп алған бөлігі.
Үйкүшік – үйден ұзап шақпайтын адам, немесе аттанған кезде тура жүріп кетпей айнала беретін ат.
Үлпершек – Жылқының кеудесінің екі аяқтың ортасындағы дөңес жері.
«Тамшылап үлпершектен төгілген тер,
суындай тесік шелек ыршылады.» (Таңжарық ақын)
«Құла ат қатты семіріпті, Абай шегіне түсіп, бүйірден бір байқап қарап еді, жоны да жұмырланыпты. Үлпершек майы да білеуленіп білініп тұр екен». (М.Әуезов)
2.Жылқыны сойғанда жүрек қабына май, ет тығып жасаған шұжық.
Үрпек– Еркек жылқының жыныс мүшесінің ұшы.

Шабу – Айғыр шабу – айғырдың биеге артылуы.
Шағыр – шегір көз. Көзіне ақ тоқтаған жылқы.
Шажамай – Қамшының өрімі мен алақанының қосылған, бүктеліп тұратын жері.
Шалжығар – күшті ашыған қымыз.
Шалқұйрық – құйрығында біршоқ ақ қылы бар жылқы.
Шалма – Жылқы ұстау үшін пайдаланатын құрал. Қашып бара жатқан жылқыға алыстан лақтырып ілмегін мойынына түсіруге арналған ұшы ілмектелген арқан.
Шандоз – Өрен жүйрік, жеңімпаз.
«Кермиығым, кербезім,
Керіскедей шандозым». (Махамбет)
Шаужай – ат басына жүген салғанда екі езуге түсіп, сулық пен ауыздықтың арасын жарып өтетін, ауыздық пен сулық арасына бекітілген ұзындығы сынық сүйем екі бөлшек жабдық.
Шаужайлау – атты тебініп әрі тізгін тежеу арқылы кекшектету.
Шаша – жылқының сирағы мен бақайшығы түйіскен жердегі бір шоқ ұзын қылшық.
«Шашасына шаң жұқпаған өрен жүйрік.»
Шеку – Болымсыз ақсау. Шеки басу
Шеттік – Жырымды тоқтату үшін ердің мінер жақ қапталына, құйысқанды бекіту үшін қапталдың артына байланған қайыс бау.
Шоқай – Аттың тағасына қатқан қар.
«Ұршығы тарсылдап, тағаларына шоқай қатқан оншақты жылқы суаттан қайтып кеп, оқыранып тұр.» (Қалихан Ысқақ)
Шоқырақ – Желе аяңдау. Текірек.
Шоқыту – аттың аяң мен желіс арасындағы жүрісі.
«Шоқытып құба жонға шыға келсем,
Қалқаның ауылы жоқ, жұрты жатыр.» (Халық әні)
Шомай – екі жамбас сүйектің түйіскен жері.
Шонық – мықты жылқы, жүйрік ат.
«Жылқыға қарай жөнелді,
Мінейін деп шонықты.» («Алпамыс батыр» жыры)
Шөген (Шөгенке)– Түрік халықтарының өте ертедегі ойыны. Поло.
«Шөген ежелгі түріктердің дәстүрлі ойыны ретінде М.Қашқари, Ж.Баласағұн, Бабыр шығармаларында сипатталып жазылған». (Б.Қалиев сөздігінен)
Шұжық – жегін көліктің мойнын қажамау үшін қамыттың астыңғы жағында тұратын жұмыр, жұмсақ зат.
«…ат байлайтын мама ағаш, шұжығы үзілген ескі қомыт, кеуіп қалған сүйек-саяқ, ас құятын итаяқ… бәр-бәрі қыстап, қар астында жатып, есен-сау көктемге ілініпті». (Оралхан Бөкей)
Шылау – жүгеннің сулығы немесе шаужайы.
«Өңкей сұлу шуылдап,
жүгіре шықты дуылдап,
шылауынан ұстады,
жан-жағынан қамалап,
«Аттан түс» деп қыстады». («Алпамыс батыр» жыры)
Шылбыр қашаған – шылбыры сүйретулі бос тұрғанда иесіне ұстатпай қаша беретін әккі ат. (Иесі шылбырға таяй бергенде қаша жөнеліп, сәл алыстап барып тұра қалады. Қайта таяғанда қайта солай істейді.)
«Мұндай жылқының тексіздігі тағы бар. Анадай жерге барып жайылып тұрады. Жете берсең, ары қашады. Ал текті жылқыда мұндай шылбыр қашаған болмайды». (Н.Қазыбеков)
Шылғи – иленбеген қайыс.
Шыр – май. Шыр біту – мйлану, семіру.
Шыр жұқару – арық.
Шырмауық– қамшының сабына ораған мыс немесе алтын жалатқан сым әшекей.
«Бүлдіргесі бұлан терісі,
өрімі құнан пілдің қайысы,
шырмауығы алтын, сабы жез…» (Доспамбет жырау)
Шілия – аттың қамытын мойнына кетірмейтін әбзел.

B.TokhanulyБодаухан Тоқанұлы, журналист.
«Қазақ тіліндегі көне және сирек қолданыстағы сөздердің түсіндірме сөздігі» кітабынан.
(Басы: 1. 2.3.) (Жалғасы бар)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!