Қазақ-неміс шаруалары бірлесіп жылқы сүтін өңдеумен айналыспақ (видео)

6435

Қазақ даласында бие сүтінен жасалатын балалар тағамы шығарыла бастайды. Бірегей технологияны неміс шаруасы Ганс Цольманн ойлап тапты. 1960 жылдары ол өз шаруашылығында Еуропада алғаш рет қымыз өндіріп, одан түрлі өнімдер шығарған. Ал енді қазақ пен неміс фермерлері бірлесіп, теңдесі жоқ сүт өнімдерін өндіруді жоспарлап отыр. Франкфурт қаласының маңында бие сүтінен қымыз жасайтын өндіріс ошағы бар. Ол ол ма, мұнда душқа қолданатын гель, опа-далап пен балаларға арналған тағам да шығарылады. Германияда өндірілетін бұл өнімдер жақында Қазақстанға тасымалданбақ. Себебі, қазақ пен неміс шаруалары бұл бағытта бірлесіп жұмыс жасап жатыр. Былтыр Қарағанды облысында құрғақ бие сүтін шығара бастаса, биыл жаңа ферма ашуды жоспарлауда.


Ганс Цольманн, шаруа:
— Біз қазір өніміміздің пайдасын дәлелдеп, оны медициналық мақсатта пайдалану үшін университет, клиникалармен бірге жұмыс істеп отырмыз. Оны адамның бауыры ауырғанда я болмаса балалар аллергияға шалдыққан кезде пайдалануға болады. Бұл – сырқатты емдейтін табиғи жол. Немістер қымыздың пайдалы тұстарын енді ғана ашып жатыр. Өнімге деген сұраныс жыл сайын өсіп келеді.   

Ганц Цольманн – қымыз өндірісін қолға алып, бие сүтінен теңдесі жоқ өнімдер өндіріп жүрген Еуропадағы алғашқы шаруа. Қазір ол біздің фермерлермен бірге бүкіл Қазақстан бойынша автоматтандырылған шаруа қожалықтарын ашуды көздеп отыр. Ганс немістің технологияларымен және қондырғыларымен бөліспек. Айтуынша, қазақ елінің жылқы шаруашылығына инвестиция салу – бұл ең тиімді шешім.

Ганс Цольманн, шаруа:
— Келешекте өндірісті дамытуды көздеп отырмыз. Бие сүтінен жаңа өнімдер өндіру үшін қуаттылығымызды арттырамыз. Айту керек, Қазақстанда жылқы өсіру үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Германиямен салыстырғанда, қазақ елінің шалғыны мол, жайылымы кең. Біздің бірлескен фермамызда 1000 бас жылқы бар. Күніне 500 литрге дейін сүт алып отырмыз. Бұл көрсеткішті биыл екі есе арттыруды жоспарлаудамыз.

Шаруалардың алдында өндірген өнімдерін әлем нарығына шығару секілді мақсат тұр. Бүгіннің өзінде бие сүтінен жасалған өнімдерге Англия, Испания және Германия қызығушылық танытып отыр.

24.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!