Қостанай облысында жылқы саны 100 мыңнан асты (видео)

7096

Қостанай облысындағы бір кездері қаңырап қалған Қуат қонысында тіршілік қайта жандана бастады. Елді мекенге жарық тартылып, жаңа үйлер бой көтерген. Бөлімшенің қайта еңсе тіктеуі өңірде өрге басқан жылқы шаруашылығымен тығыз байланысты. Жылқы тұқымы әсіресе Жангелдин ауданында көбейіп келеді.

Шөбі шүйгін, шабындығы мол Қуат ауылы тоқырау жылдары мүлдем бос қалған еді. 2009 жылы мұнда 200 бас жылқы әкелініп, құлап қалған қоралар қайта жөнделді. Қазір кезде жылқы саны алты жүзден асады. Елді мекенде жаңа үйлер салынып, жеті отбасы көшіп келді. Солардың бірі – Мұратбек Қожахметов. Баспанасы сайлы, жұмысы жайлы.

Мұратбек Қожахметов, Қуат ауылының тұрғыны:  — Айлық ай сайын беріп тұрады, тамағы, соғымы – бәрі тегін. Ауыл алыс емес, ауылға барғың келсе, барып тұрасың, жұмыс істеп, күн көруге болады осында.

Қазір серіктестікте жылқыдан бөлек, мыңға тарта қой, 150 бас сиыр бар. Шалғайдағы үйлерге жарық тартылған, байланыс үзілмейді. Шаруашылықтың негізгі тірек ретінде жылқы малын таңдауы тегін емес. Жаз жайылымда, қыс тебінде. Еті, қымызы өтімді. Сондықтан да торғайлықтар тұлпарлар санын көбейтіп келеді. Жангелдин ауданында осыдан 5 жыл бұрын жылқы саны 7 мыңның шамасында болса, қазір 9 мыңнан асқан.

Шота Оспанов, Жангелдин ауданы әкімінің орынбасары: — Бізде жылқының көбейгені байқалады. 7-8% жыл сайын өсім бар. Оның ішінде шаруа қожалықтары да жылқы өсіруге мән бәріп жатыр, жеке аулалардың өзінде бір үйір, екі үйірден ұстайтындар бар.

Қостанай облысында қазір жылқы саны 108 мыңнан асқан. Былтыр облыста «Құлан» бағдарламасы бойынша 2000 бас алынуы керек болса, ол меже артығымен орындалды. Қостанайлықтар биыл да асылтұқымды жылқы алуды жоспарлап отыр.

Естеріңізде болса өткенде қазақ даласында жылқы саны артып келе жатқанын айтқан болатынбыз. Міне, мынау соның бір көрінісі.

24.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!