Соңғы жылдары жылқы өсіруге ынталы азаматтардың қатары артып келеді

5398

Қазақ халқының қадір тұтатын жануары – қасиетті түлігі – жылқы. Тарихымыздан білетіндей, ер етігімен су кешкен заманда жауынгердің сенімді серігі болған жылқы жануарының орны бөлек. Жеті қазынамыздың бірі – жылқыға арнап талай ақындар жыр жазған. Айталық, Ақан серінің атақты тұлпары жайлы І. Жансүгіровтың “Құлагер” поэмасы тарихта қалған тамаша туындылардың бірі.
Ал жерлесіміз Асқар Кіребайұлы өзінің “Болат тұяқ тектімсің” деген өлеңінде былайша толғайды:
Жүйрік ат, Қыран бүркіт, Құмай тазы,
Қазақты сері емес деп кім айтады.
Ер жігітті өткінші байлық емес,
Бір тұлпары жоқтығы мұңайтады…
Әрине, ақын бұл жерде тұлпарды мысалға ала тұрып, ұлттық деңгейдегі әлеуметтік мәселені алға тартады. Ұрпақ санасынан алыста қалған ұлттық құндылықтар жатыр астарында…
Шындығында, кешегі көшпенді елдің тірлігі төрт түлікке тәуелді болғанын білсек те, бүгінгі бейбіт заманда үйірлеп жылқы ұстап, бәйге ат жарату, бие байлау ұғымдары біз үшін таңсық екені жасырын емес. Сондай-ақ, бұл жұмыстар екінің бірінің қолынан келмейтіні тағы бар. Десек те, соңғы жылдары жылқы малын өсіруге ынталы азаматтардың қатары артып келеді. Оған мемлекет тарапынан жасалып отырған қолдаулардың да әсері болса керек. Осындай жігіттердің бірі – ортамызда жүрген Дастан Жарасбаев.
Бұл жігітті бұрыннан сырттай білетінмін. Кәсібін өрлетіп, талай табыстарға жетіп жүргенінен, ара-тұра ауданда өтіп жүрген айтулы шараларға демеушілік жасап, қолдау танытатындығынан да хабарымыз бар.
Бұқараға қызмет ететін болғандықтан, елдің пікіріне ерекше ден қоямыз. Осы тұрғыдан алсақ, көпшіліктің Дастанға деген қөзқарасы жақсы. Қарапайым еңбегімен жетістіктерге жетіп жүргенін айтады Иә, бұрын бас изеп қана сәлемдесіп өтетін кәсіпкер жігітпен Жаңақорғанда өткен малшылар слетінде жүздесіп, шаруасы жайында аз-кем сөйлесудің сәті түсті. Себебі, ол облыс әкімінің қолынан ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің “Құрмет грамотасын” және аймақ басшысының «І дәрежелі дипломы» мен бағалы сыйлығын иеленген болатын. Осы сұхбат маған жылқышы жігітті тағы бір қырынан тануға мүмкіндік берді. Шынымды айтсам, алдын ала іштей дайындап алған сауалдарымыз жігіттің еңбек жолы, отбасы және жылқы жануарының күтімі төңірегінде ғана болатын. Алайда, Дастанның рухани таным деңгейі қарапайым қалыптан біршама биіктеу болып шықты. Әлемге аты мәшһүр шығыс ақыны Омар Хаямнан бері қарай ақындардың шығармаларынан, Абайдың қара сөздерінен хабары бар екені аңғарылып тұр. Сондықтан болар, сөзіміз жараса кетті.
“Қазақтың қара домбырасынан күй төгілгенде, кейде көзге еріксіз жас келетін кездер болады”,- дейді Дастан әңгіме желісіне қарай. Иә, ол рас. Ондай толқыныстар әсіресе, біздің табиғатымызға тән. Меніңше бұл – өз ұлтына деген сүйіспеншілік сезімнің бір көрінісі болар, сірә…
“Сабақты ине сәтімен”, Дастанның кәсібі жайлы отбасына барып, ондағы тірлікті көзбен көріп, көңілге түйгенімізді көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдік.
Жасынан жылқыға құмар болып өскен жігіт талай ат бәйгесінің, көкпар додасының бел ортасында жүретін. Әлі де бәйге десе қаны қызып, еріксіз елеңдеп отырады. Сондықтан болар, бәйге атын бөлек баптап, жаратуды әдетке айналдырған. Айталық, күтімдегі бәйге атын таңғы салқынмен жайып алу үшін сағат бестен тұрып, жайғайды екен. Оның үстіне он бие байлап отыр. Олар күніне бес мезгіл сауылады.
Біз барғанда Дастанның жеңгесі Мәрия әдеттегідей жылқы сауып жатыр екен. Саумалдан бастап, тай қымыз, бесін қымыз сияқты ұлттық сусынның түр-түрі бар. Бүгінде кәсіпкер жігіт қымызды баптаудың әдістерін де жетік білетіні байқалып тұр. Жалпы Жарасбаевтар әулеті ауданда кәсіпті ертерек бастаған отбасылардың бірі. 2009 жылы аудан орталығынан Керейтбай аталатын ет дүкенін ашты. Күні бүгінге дейін бұл дүкен халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді. Дүкенде күніне орта есеппен екі жүз келідей ет өнімі және айналдырылған қазы саудаға шығарылады. Мұнда Дастанның келіншегі Айнаш жұмыс жасайды. Қашан көрсеңіз де, қабағы ашық, тұтынушының талабынан шығуға тырысып, құрақ ұшып қызмет ететін, биязы мінезді келіншекке тұрғындардың да ықыласы ерекше.
Осыған дейін ауыл шаруашылығын индустрияландыру жобасының аясында «Агронесие корпорациясы» арқылы несие қаражатын алған Д. Жарасбаев, бизнестің әлеуметтік серіктестігі аясында 20 млн. теңге қаржыға қасапхана салды. Бұл қаржының 9 млн. теңгесі мемлекеттен субсидия арқылы қайтарылды. Негізгі бағыты – күнделікті тұтынатын ет өнімдерінің сапалы әрі сенімді болуы үшін малдың санитарлық талапқа сай сойылуын қамтамасыз ету.
Қасапхананың жалпы пайдалану мүмкіндігі – күніне он бас ірі қара және отыз бас уақ малға арналған. Қазіргі таңда тұтынушылардың сұранысына қарай, күніне екі-үш бас мал сойылады. Сондай-ақ “Құлан” мемлекеттік бағдарламасы арқылы 58 бас байтал, 7 бас айғыр алып, өзінің жеке малы бар, барлығы 107 бас жылқыны ет бағытында бағымға алған. Бүгінгі таңда отбасының жеті адамы осы кәсіптің аясында жұмыс жасайды.
Иә, кәсіпкер жігіт Үкіметтен несие алып, оны тиімді пайдалануының нәтижесінде осындай табыстарға жетіп отыр. “Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпейді”, дегендей, Дастанның анасы Торы апамыз жүзінен аналық мейірім шуағы төгіліп тұрған көркем мінезді жан екен. Отағасы Керейтбай ауданның мал шаруашылығы саласының білікті маманы болатын. Осыдан он шақты жыл бұрын дүниеден өтті.
–Отбасында өсіп-өнген он баланың жетеуі аман, шүкір. Әрқайсысы өмірден өз орнын тапты, – дейді анамыз сөз арасында. Ал Дастанның ұлы мен қызы болса, жоғарғы оқу орнын бітіріп, қалаған мамандықтарын иеленген. Бір сөзбен айтқанда, ата кәсіптің иінін тауып, өмір талабына сай ұтымды ісін үйлестіре білген кәсіпкер жігіттің келешегіне деген сенімі нық.

Ғазиза Әбілдә, Қызылорда

“Жалағаш жаршысы” газеті

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!