Нәдірбек ӘПСӘЛӘМОВ. Елік Жирен

10178

Шіркін, Елік жирен десе, Елік жирен еді ғой деп, біздің Ақсуат өңірінің қарттары әлі күнге шабысы бейнебір Тайбурылдай «шаң боратып, құйын соқтырған» сол бір еліктей сұлу әдемі жиренді еске алып, аңыз әңгіме етеді. Міне, осы Елік жирен менің де сонау балғын балалық шағымды еске түсіреді. Ол кезде біз жас бала едік.

Ұзақты күн топ бала дөң басында улап-шулап бәйге жарысын өткіземіз. Бір қызығы сонда бәрінің тал-шыбықты ат қып мінгендегі айтатыны, жалғыз-ақ осы – Елік жирен! Бұл дүниеде біздер үшін Елік жиреннен басқа әдемі әрі жүйрік ат болған емес және болмайтындай секілді көрінеді. Әй, балалық-ай десеңші! Сонда, анау да Елік жиренге, мынау да Елік жиренге мініп алып шабатын еді. Қысқасы, ешкімнің бір-біріне бәйге жиренді қиғысы жоқ. Кейде сол жарыстың соңы төбелеспен тарқап жататын.

elik-zhiren-314x350Ұлы Отан соғысынан кейінгі ел-жұрттың енді-енді ғана ес жиып, етегін жауып дегендей тойына бастаған кезі-тін. Дәлірек айтқанда, бейбіт күнмен кешегі сұм соғыстың зардабы ұмыт болып, жан жарасы жазыла бастаған уақыт еді, бұл. Бәлкім, соғыстан кейінгі жылдары ел еңсесін көтеру үшін де жер-жерде басы жиналыс және түрлі марапаттаулармен басталып, соңы міндетті түрде бәйге жарысы, балуан күресімен бітетін шопандар тойын өткізу қажет болды ма екен, кім білсін? Елік жиреннің де бағы жанып, даңқы алты қырды асатын кезі, осы – 1950 жылдардың басы, 1960 жылдардың аяғы болды.

1948 жылдың қарашасында алғаш Елік жирен бесті күнінде Қазан төңкерісінің 31 жылдық мерекесіне байланысты облыстық жарысқа апарылып, бәйгеге қосылды. Сол кезде-ақ ол бас жүлдені қанжығаға байлады. Сөйтіп, ендігі жерде Елік жирен Ақсуат ауданындағы бұрынғы «Шверник» колхозы, қазіргі Көкжыра ауылының ұлы дүбір жарыстарға үкілеп қосатын жүйрік аты атанды. Осы бұрынғы «Шверник» колхозы, кейінгі Амангелді батыр атындағы совхоздың әр жылдары басшысы болған Қапыш Жотабаев және Әділбек Төлеуханов тәрізді азаматтар жыл сайын күзде Елік жиреннің бас жүлдесіне арнайы бағалы сыйлықтар тігіп, үлкен бір ірі қара малын сойып, ұлы дүбір той жасап отырған. Мұның өзі олардың Атымтай жомарттай мәрттігіне қоса, аламан тұлпарды шынайы бағалап қадірлей білгендігі болса керек.

Ал, бәйгенің бапкері – ел ішінде дүлдүл айтыскер ақын атанған Қуанышбай Сатпақұлы болды. Сан тойда саңлақ ақын Сапарғали Әлімбетовпен есе жібермей айтысқа түскен оның есімін облыс халқы, әсіресе Ақсуат, Көкпекті, Жарма аудандарының өнер сүйер қауымы жақсы біледі. Білгір бапкердің баптауындағы бұл Елік жирен, жалпы, 1954 жылдан бастап 11 жыл бойы ұдайы облыстық және республикалық ат жарыстарында 11 рет бас бәйгені ешкімге бермей иеленіп келген шашасына шаң жұқпайтын хас жүйріктің нағыз өзіне айналды! Мәселен, баладай күтіп мәпелеген бәйге аты екінші мәрте облыста бас жүлдені жеңіп алған сәтте қуаныштан көзіне жас үйрілген Қуанышбай ақсақал Елік жиренге былайша өлең арнапты дейді, қарт шежіреші Қарпық Егізбаев «Тағлым» атты кітабында:

Тұлпарым ойлап туған ел мүддесін,
Шапқанда шаршы топтан қара үзесің.
Аузымен құс тістеген жүйріктердің,
Тигіздің бүгін жерге сан тізесін.

Семейге осы жылы тойға арналдың,
Өзіңдей бәрі тұлпар барған малдың.
Бас қосқан он төрт аудан бәсекеде,
Елігім, есе бермей бәйгеңді алған.

Семейді осыменен екі көрдің,
Алдына көпшіліктің екі келдің.
Атағын Ақсуаттың көтеруге,
Жануар шапқан сайын екілендің.

Алайда, Елік жирен дегенде, оның аянышты өлімі Қаракерей Қабанбай батыр бабамыздың сан жорықтарда мініп сыналған жан серігі тұлпары – Қубас аттың тағдырын көз алдыңа елестетеді. Біздің Ақсуат елінде Қабекеңнің осы аты аңызға айналған тұлпарына байланысты бір әдемі әңгіме бар. Ол туралы ел аузында: «Дарабоз батыр Қабанбай қайтыс боларының алдында осы кәрі тұлпарын нағашысы Би Боранбайға «көз қырыңды салып қарай жүр» деп аманат етіп кетеді. Бір жылы күзде жайылымнан айдап келе жатқан жылқы ішіндегі әбден қартайған Қубас тұлпар орнынан тұра алмай жатып қалады. Сонда бұл хабарды естіген Би Борекең: «Аруақты ердің тақымында ұзақ жыл серігі болған қасиетті тұлпар ғой. Қалың жылқыны «Қабанбайлап!» ұран сап жанынан айдап өтіңдер. Айғайға елігіп тұрып кетер»,- депті. Дана бидің айтқанын істеп, қиқулап ұран сап, бір топ жылқыны жанынан дүркірете қуып өткенде, кәрі тұлпар ұшып түрегеп, ілесе жөнеледі де, Жағалбайлы тауының биік асуына шыға бергенде жата қап жан тапсырады. Би Боранбай батырдың ұйғаруымен Қубас аттың бас сүйегі сол Тарбағатай тауының бір сілемі Жағалбайлының ең зәулім биігіне қойылыпты. Бүгінде бұл жерді Ақсуат елі қастерлеп «Қубас ат кезеңі» деп атайды.

Сол сияқты бүкіл елді ерен жүйріктігімен таң қалдырған Елік жиреннің де өмірінде 1960 жылдардың аяғына қарай бір сәтсіздіктер орын алыпты. Бірде облыстық жарысқа апара жатқан есті жануар үйде ауырып қалған Қуанышбай ақсақалды іздеп қашып келеді. Елік жиреннің соңынан қуа жеткен жігіттерге бәйге ат иесі «Бұл жолы апармаңдар, оны жануардың өзі де сезіп тұр» дейді. Ақсақалдың айтқаны тура келіп, сол сапардан бастап хас жүйріктің бағы қайта бастайды. Өзінің сүйікті бәйге атымен Семейдегі аламан ат жарысына соңғы бір барғанда білгір бапкер, ағиық ақын Қуанышбай ақсақал еліктей әдемі Елік жиренімен қоштасқандай болып мынадай өлең шығарыпты:

Елігім, ердім саған он бесіңде,
Жетпістің менің жасым дәл бесінде.
Жеті жылдық жоспарға біз де ортақпыз,
Алпыс пен алпыс алты бар ма есіңде.
Елігім, осы жылың ақтық жылың,
Көп жиынның көзіне бір көрініп,
Қасқайып қайтатұғын шаттық жылың.
Адымды алға таман салатын бол,
Таласқан тағы артыңда қалатын бол!
Жануар қажыған жоқ қалпында деп,
Осылай ел аузына алатын бол!
Осыны есіңе сап ескерткенім,
Семейге мұныменен төрт беттедің.
Маған да ауыр тиіп келе жатыр,
Аямай айлық жолға көшке ерткенің.
Айтамын жолдастықты ойласын деп,
Асаудай есе бермей бойласын деп.
Елің де «екі қартты» сынап қалды,
Семейді парымен тойласын деп.
Он бір жыл қолыма ұстап баптап едім,
Қажымай еңбегімді ақтап едің.
Елігім, алысқанда әлің жетіп,
Басынан сан тұлпардың аттап едің!

Иә, адамдар тәрізді аламан тұлпарлардың да тағдыры осылайша бірі-біріне ұқсас келеді екен-ау! Кейде, бұл өзі неткен ұқсастық деп те кейисің. Өйткені, тек адамдар ғана емес, тұлпарлар да бір-бірінің аянышты тағдырын қайталамаса екен дейсің. Он бір жыл бойы дүйім жұртты дүрліктірген сол алтын тұяқ Елік жирен әбден қартайған шағында Семейдің ет комбинатына апара жатқанда машинадан қарғып түсіп, елге қарай қаша жөнеледі. Ұзамайды. Шардың жағасына жете бере жығылады. Ақтық демі сонда бітеді. Елік жиреннің ақырғы сәті Қубас аттың тағдырына ұқсас аянышты халмен өтсе де, оның артында ұмытылмастай болып талай аңыз әңгіме қалды. Тіпті, семейлік қаламгер Кәкен Сейілханов «Елік жирен» атты повесть-әңгімесін жазса, ал белгілі ақын Мергали Ибраев осы Елік жирен мен Ақсуаттың тағы бір даңқты бәйге аты Ерке жиренге арнап «Екі жирен» өлеңін шығарды. Ал әуесқой сазгер Тұрсынғазы Рахимов болса, жаңағы «Екі жиренге» ән арнады.

Семейдегі өткен сан жарыста аламан бәйгенің алдын бермеген Елік жиреннің атақ-даңқы ғана емес аянышты тағдыры да, міне, осындай!

apsalyamov-267x350Нәдірбек Әпсәләмов,
Қазақ қаржы-экономика академиясының президенті, профессор, экономика ғылымдарының докторы, Қазақстан ұлттық спорт түрлері Қауымдастығының Семей қалалық филиалының директоры
tugel.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!