Астанада Ұлттық спорттан Ел чемпионаты басталды

3460

29 маусым мен 6 шілде күндері Астанада ұлттық спорт түрлерінен ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты өтеді. Елорда төріндегі «Қазанат» атшабарында апта бойы ұлттық спорттың көкпар, жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ түрлерінен биылғы елішілік чемпионаттың жүлделері сарапқа салынады.

Бірнеше жыл оңтүстік өңірлерде өткен ұлттық спорт түрлерінің елішілік чемпионатын биылғы жылы астаналықтардың тамашалауына мүмкіндік туып отыр. Ұлттық спорт түрлерінен ҚР командаларының бас жаттықтырушысы Қуанышбек Құрамаевтың алдын-ала берген мәліметтеріне сүйенсек, осы жылы ҚР чемпионатына Алматы облысынан басқа өңір командаларының барлығы қатысады. Яғни, елішілік чемпионаттың жүлдесін 15 команда сарапқа салмақ.  Көкпар командаларының жарысы  «Қазанат» атшабарында 29 маусым күні таңертең басталып кетеді. 5 шілдеге дейін күн сайын көкпар командаларының кездесуі тоқтаусыз өткізіледі. Бір күнде жеті көкпар командаларының кездесуі тамашаланбақ.

30 маусым күні Аударыспақ, теңге ілу және Жамбы ату бәсекелері өтеді. Көкпар ойынының финалдық бәсекесі   6 шілде күніне жоспарланған.

Елішілік чемпионаттың ең қызықты бәсекесі саналатын көкпар сайысының өткеніне үңілсек, 2016 жылы Алматы облысының Талдықорған қаласында өткен чемпионатта бас жүлдені жамбылдықтар алса, екінші орынды Атырау облысының командасы еншілеп, үшінші орын Алматы облысының командасына бұйырған болатын. Көп жыл бірінші, екінші орыннан жылжып көрмеген оңтүстікқазақстандық көкпаршылар 2016 жылы алғаш рет қапы қалып, маңғыстаулықтардан кейінгі  бесінші орынға сырғып түскен еді.

2017 жылы Алматыда ұйымдастырылған республикалық чемпионатта оңтүстіктің оғландары өткен жылы кеткен есенің орнын толтырып, көкпардың бас жүлдесін қанжығаларына қайта байлады. Былтырғы елішілік көкпар бәсекесіне Шығыс Қазақстан облысы, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарынан басқа Астана, Алматы қалалары мен барлық облыс командалары толық қатысқан.  Оңтүстік Қазақстан облысының көкпар командасы ақтық сайыста әйгілі «Әулиеата» командасының өзін 10:1 есебімен ойсырата ұтып, бас жүлдені жеңіп алды. Үшінші орынды атыраулық көкпаршылар иеленіпті.

Өткен жылғы аударыспақтың ауыр салмақ жекпе-жегінде бірнеше жыл қатарынан жеңімпаз атанған оңтүстіктің оғландары Біржан Қосалиев (+90 келі), Сырым Ізбасаров (90 келі), Есімхан Рахматілла (80 келі)  топ жарды. Ал, 70 келіде Еслямов Кенжебек (Ақмола облысы), 60 келіде Иманғазыұлы Нармағанбет (Батыс Қазақстан облысы) жеңімпаз атанған-ды. Жамбы атудан Бекбосынов Ербұланнан (ОҚО) асқан сұрмерген болмаса, теңге ілуден  Сапарбек Мағжан (ОҚО) бас жүлдені иеленген.

Жанкүйер есіне салып өтсек, биылғы жылы көкпар мен аударыспақтан ересектер арасындағы ҚР чемпионаты XVІІI рет жалауын көтерсе, теңге ілуден ҚР чемпионаты ХІІ рет, жамбы атудан ҚР чемпионаты ІV рет ұйымдастырылып отыр.

Сонымен, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі  бекіткен «2018 жылға арналған Спорттық-бұқаралық іс-шаралардың бірыңғай республикалық күнтізбесіне» сәйкес ҚР Ұлттық  спорт түрлері қауымдастығының ұйымдастыруымен өткізілетін ұлттық спорттан Қазақстан Республикасының ересектер арасындағы чемпионатын тамашалаудан қапы қалмаңыз, ағайын!

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!