Жағда БАБАЛЫҚҰЛЫ. Жылқы, жылқы, жылқылар… (жалғасы)

7070

– Қазақ жылқысының сиреп кетуіне не себеп?
– Кеңес өкіметі алғаш құрылып жатқан кезде, 1920-30 жылдары қазақтардың ішкі қималдары мен сыртқа қашып құтылуына қазақ жылқысы үлкен үлес қосты. Осы құбылысты зерттеген орыс саясатшылары қазақты мүлде жаяу қалдыруды көздеді. Саяси астары бар осы жоспарды іске асыру үшін қазақ жылқысын жамандау басталды. «Қазақ жылқысы өңсіз, түссіз, мүсінсіз, сұлу емес. Қазақ жылқысы сыртқы саудаға жарамайды, ішкі өндірісте пайдасыз» деді де, Қазақстандағы қазақ жылқыларын түгелдей ет комбинатына айдатып, тұқым қалдырмау жағын қадағалады. ХХ ғасырдың бас кезінде Қазақстандағы және басқа елдегі қазақтардың қолында «Жиырма миллионға жуық жылқы болған» деген болжам бар. Ал осы жылқының көп бөлігі Қазақстан жерінде болған. Ата-бабадан мұра болып келген төрт түліктің «падишасы» – қасиетті жылқы түлігі Кеңес өкіметінің «саяси жоспарының» құрбанына айналып, мүлде құрып кетуге бет алды. Жылқы түлігін іздеген қазақтарға «жылқы түлігінің падишасы» деп «таза қанды, асыл тұқымды» жылқы бағуды ұсынды. Кеңес өкіметі кезінде жетпіс-сексен жыл «әлпештеп» бағылған «таза қанды» жылқы саны он мыңға жетпеді. Қасиетті қазақ жылқысы өтеп келген сан салалы міндеттерді атқаруға шамасы келмеді. Осы екі түрлі жылқының табиғатындағы ерекшеліктерге көңіл аудармай жүрген қазақтар әлі де жетерлік. Империя кигізген құлдық ноқтаны сыпырып тастаудың орнына, бүкіл байлығын «таза қанды» жылқы бағуға жұмсап отырғандар бүгінде көптеп кездеседі. Он-он бес мың жыл бұрын өткен Мықтар елінде жыл санауымыздан бес ғасыр бұрынғы күндер, Сақтар елінде IV-XXI ғасырдағы Көктүріктер елінде, тіпті ХІІІ ғасырдан бастау алған Шыңғыс хан ұрпағы ақсүйектік жүйе билеген дәуірде де жылқы саны аз болмаған деген ойдамыз. Сонау Қиыр Шығыстағы Сахалиннен Италия, Францияға дейін, сонау Түнсібірден оңтүстіктегі Үндістан, Араб әлеміне дейін жүз мыңдаған қолмен баруға мүмкіндік берген негізгі күш жылқы екені анық. Сонда біздің ата-бабаларымыздың қолында қанша жылқы болды екен? Бұған мөлшерлеп те жауап айтудың өзі қиын. Осындай жан қысылғанда ел аузындағы аңыздар адам жанына медеу болады. Біздің Алакөлдің шығыс жағында, бүгінгі қытай жерінде Барлық атты тау бар. Ежелгі қазақтың мекені ғой. Бүгінде найман елі, қаракерей Қабанбай ұрпақтарының бір бөлігі сонда тұрады. Осы Барлық тауындағы Сарыбөктер жайлауының жотасында, биік жалдың дәл қыр үстінде шығыстан батысқа қарай созылған астау секілді ойыстау, ұзындығы – сегіз-он шақырым, көлденеңі бес шақырымдай науа тәрізді жерді қазақтар «Жусау» деп атаған. Жаздыгүні небір аңдар мен төрт түлік мал ертемен өрістеп, мейірлене жайылып, түс мезетінде бір ыңғайлы жерге ыңырана келіп тоқтайды да, алаңсыз жата қалып, күйіс қайырады. Күйіс қайтармайтын жылқылар тұра қалып, қалғып-мүлгіп тынығады, құлындар мен тай-тулақтар жата қалып ұйықтайды. Қоңыр аңдар мен төрт түлік мал табиғатындағы осы құбылысты қазақ халқы «жусау» деп атайды. Жер бедеріндегі «Жусау» мен жануарлар табиғатындағы «жусау» атауының түп-төркіні бір. Қасиетті Барлық тауындағы осы «Жусау» атты жер туралы аңызда ертедегі жылқылы байлардың бірі өз жылқысын басқа ұрып санай алмай, осы астаушаға айдатып әкеліп, жусатады екен. Аталған «Жусау» атты шұқыр жылқыға толса мал түгел, толмаса жылқы бөлініп кеткен шығар деп іздеу салатын көрінеді. Аңыз бойынша «Жусау» атты «науаға» жылқы иіретін қазақтың жылқысының саны отыз-қырық мың мөлшерінде болса керек.

Жағда Бабалықұлы (1917-2009), қазақтың салт-дәстүрі, ырымдары туралы мол дерек жинақтаған ғалым-зерттеуші

Жағда Бабалықұлы (1917-2009), қазақтың салт-дәстүрі, ырымдары туралы мол дерек жинақтаған ғалым-зерттеуші

– Неліктен «жусау» сөзін жылқыға қолданды екен?
– Ұлан-ғайыр қазақ жерінің бет-бедерінде қатпар, қолтық, қаптық, қия, қысаң, қапшық, тармойнақ, дара, есік, босаға, дөң, дөңес, биесыймас деген атаулар бар. Осы атаулар жердің бет-бедері, табиғатының құбылысына сай айтылған. Аң аулап, мал бағып, тау-тас кезіп жортып жүріп, бәріне ат қойып, айдар таққан қазақ. Қазақ осы аталған жердің бәрін пайдаланған. Аңдарды қуып өткізген, малды айдап шұбатып, бір-бірлеп даралап, жетелеп өткізген, санаған, мөлшерлеген, түстеген, жоқтаған. Әсіресе жылқы жануары айқай-шу шыққанда бет алған жағынан қайтпай, басып-жаншып қиратып өтеді. Санауға, мөлшерлеуге мүмкіндік бермейді. Соған орай қазақтар табиғат күшіне сүйеніп, жер бедерін пайдаланып, жылқы түлігін игерген, көндірген. Ел аузындағы кейбір деректерде «пәленнің, түгеннің жылқылары суға түскенде бұлақтар суалып, өзендер үзіліп, кішігірім көлдер ортайып қалады» деген сөздер арқылы жылқының молдығын білдіріп жатады. Орхон-Енисей бойындағы сонау Көктүрік заманынан қалған «Сужи құлпытасының» бетінде: «Түркі ұлымын, бойла құтлық ярғанмын. Құтлық баға тарқанның ога бұйрығымын. Менің атағым күншығысқа, күнбатысқа таралды. Бай едім, он мың қара малым бар еді, жылқы сансыз еді», – делінеді. Бұл – Көне түркі құлпытастарында жазылған жазулар. Қалай айтса да, өткен дәуірдегі қазақ пен қырғыз елінде жылқының мол болғандығы рас. Мына Іле өзенінің басы – Текес, Күнес, Қас деп аталатын үш өзеннен құралады. Қазақтар осы үш өзенді – Үшбурылды мекен еткен қазақтар шетінен жылқылы болған. Олардың ең кем дегенде үш-төрт мыңдай жылқысы болған деседі. Тіпті алдына бес-он мың жылқы біткендері болған. Найман ішінде қызай елінің Күнес өзенінің бойын мекендеген Еркінбек Жайырбекұлы деген кісінің он бес мың жылқысы болыпты. Сәлім Ақалақшы деген адамға он мың шұбар жылқы біткен деген сөз бар. Бұл – 1930 жылдарға дейін өмір сүрген кісілер.
Сол мол жылқыларды көрген кісінің айтуынша, 1935 жылдары осы жылқылар бар болған екен. Орталық Қазақстандағы Жаңаарқа өңірінде арғын ішінде алтай-қарпық, оның ішінде қара, бесім тайпасынан Тоқа балалары Айтқожа, Сатыбалды, Борғанай, Борғанайдан – Тәңірберді, Тәңірбердіден – Сапақ деген кісі тарайды. Осы Сапаққа жиырма мың жылқы біткен екен. Ел аузындағы кейбір дерекке сүйенсек, отыз-қырық мыңға жуық жылқысы болған деседі. «Сапақтың туысы – Қонысбай деген адамның асына үш мың жылқы сойылды, жерде май ағып жатты», – деп жазды тарихшы Сейділ Талжанов.
Ақмола облысы, Атбасар өңірінде алтай руының аққошқар тайпасынан шыққан Сейдалы деген кісіге қырық мың жылқы бітіпті деген сөз бар. «Баласы Қуандықтың алтай, Қарпыққа қырық мың жылқы біткен» деген жыр шумақтары да кездестіруге болады. Сүйегі арғын, Сәкен Сейфуллиннің туыстарының бірі болып келетін, Алматы облысының Жамбыл ауданындағы «Қазақстанның ХХХ жылдығы» атындағы ұжымшарды өмірінің соңына дейін басқарған Жақия Рақымбеков дейтін ақсақал осы айтылған мол жылқы мен оның иелері 1920 жылдары осы өмірде болғанын көптеген дәлелдер келтіріп, маған айтып берген еді.
Қытайдағы соцализм жүйесі 1951 жылдары жүріп жатқан кезде малшаруашылық өндіріс кооперативтері іске қосылды. Қазақ қолындағы бағып отырған төрт түлігін сол кооперативтерге өткізді. Қытай Халық Республикасы, Шыңжаң Ұйғыр автономиялық республикасының Іле Қазақ автономиялы облысы, Тарбағатай аймағының 1945-51 жылдардағы басшысы Басыбай Шолақұлы кооперативке жиырма мың қой, бір жарым мың жылқы өткізіпті. Шынын айтқанда, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы иісі қазақ қолындағы жүз жиырма миллион қойдың ең соңғы отарын, жиырма миллион жылқының ең соңғы үйірін Басыбай өз қолымен өткізіп беріп, әрең құтылған.

0a421182cd374d3e6c392f6bf66479d4Сұхбаттасқан
Қасымхан Бегманов, «Халқы мықтының — салты мықты»
(Жалғасы бар)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!