Адай арғымақтары. Шалбас ат

689

Шалбас ат уақиғасын бiз Ергенғұл қарттан естiп едiк. Ол кiсi ұзақ жылдар бойы ұстаздық еткендiктен көкiрегiнен шыққан әр ойдың орынды болуына, аузынан шыққан әр сөздiң мағыналы болуына мән берiп, ауыздан шығып ауаға тараған әр сөздiң тәрбиешi екенiн де есiнен шығармай отыратын адам екен. Ергенғұл аға бұл әңгiменi Маңғыстаудың аса бiр қадiрлi азаматы, көрнектi жыршысы, шежiрешi ақсақалы Сарманов Төребайдан естiгендiгiн айтып:

– Жарықтық, Төкең естелiк әңгiмелер айтқанда өз ойынан бiр ауыз сөз қоспай естiген күйiнде айтатын, таза адам едi – деп мақтап, Төрекең ақсақалдың шыншылдығына тәнтiлiгiн байқатып едi.

Кезiнде талай жанардың жасын ағыза, талай жүректiң етiне жара сала, екi ел арасына бiтiспестей қастық туғызған бұл уақиға, ендi екi жүз жылдан соң елдiң елдiгiн танытары – ерi, ердiң ерлiгiн танытары – тәуекелi, ал адам пендесiнiң намыс жолында қимас қымбаты жоқ екенiн мойындатар дәлелi ретiнде айтылып жатады.

Сiз де, қымбатты оқушым, осы әңгiменi оқи отырып – адамның мал үшiн емес малдың адам үшiн жаратылғанын еске түсiрсеңiз, осы уақиға кейiпкерлерiнiң қандастары мен қарындастарын не үшiн құрбан еткенiн түсiнбей бас шайқасаңыз, олардың ақыл-өресi мен iс- әрекетiне баға берiп, сондай қадамға итермелеген қандай күш екенi туралы ой толғасаңыз, ара-арасында әңгiме авторын да есiңiзге ала отырарсыз.

***

Бұл уақиға адайлардың бiрте-бiрте сыналай кiруiнен ығыса-ығыса түрiкмендердiң кейбiр ауылдарының Бозашыдан Қаратау маңына қарай толық қоныс аударған кезiнде болған екен деседi.

Қысы қарсыз, жазы жаңбырсыз өтiп, шаруаға жайсыз тиген сол бiр сәтсiз жылы, Ақмыш-Жармыш маңын мекендейтiн түрiкмендер жылқыларын Бозашы құмдарына қыстатуға адайлардан ұрқсат алады.

Ата-баба қонысы Қияқты құмдарында жылқы қыстататынын естiгенде Құрбанның қуанышында шек болмаған едi. Өзi туып-өскен Бозашысын түбегейлi қайтарып алғандай болып, малына да, өзiне де үйреншiктi, туған жер топырағына жеткенше асық болыпты.

Жан-жағы теңiзбен қоршалған жарты арал, шұрайлы кең алқапта екi ел жылқышылары тез достасып, көптен көрмеген ағайындай тез араласып кеткен екен.

Құрбан – бiр шаңырақ астында бiр-ақ рет бiрге түнеп шыққан жанды бауырындай көретiн, бiр дастарқаннан дәм татысқан бейтанысын қарындасындай сағынатын түрiкмен халқының ең жақсы үрдiсiнде тәрбиеленген, ақкөңiл жан болатын. Қой сойып, қол қусырып қонақ еткен Доспамбет құрдасы – бұ күндерi оның жан берiп, иман бөлiсердей досына айналған. Өзi жоқта малының иесiз қалмайтынына көзi анық жеткен Құрбан бiрнеше рет Ақмыштағы аулына апталап жатып та келген. Бiрақ қай заманда да жүз жыл аштық жоқ, жүз жыл достық жоқ. Бұл жолы да солай болыпты. Бар пәле Шалбас биеден басталған екен.

Келешектi кiм болжап бiлген. Құрбан да болжай алмаған. Әйтпесе, Доспамбет құрдасына, ылғи арғымақ туатын, Шалбас биенi көрсетiп мақтанар ма едi?

– Қарашы, Доспамбет, ана Шалбас биеге! Қарыны жер сызып келе жатқан Шалбас биенi айтамын. Сезесiң бе, құрсағында нағыз арғымақ жатқан жоқ па? Бұл биенiң тағы да арғымақ туатыны әлден-ақ белгiлi бола бастады.

Құрдасы Құрбанның аузынан сол сөз шыққалы, өзiнiң сол сөздi құлағы естiгелi Доспамбет жүрегi басқаша соға бастады. Содан берi көкiрегiне бiр әзәзiл орнығып алып, оны күндiз күлкiден, түнде ұйқыдан айыруға айналған. Доспамбет сол әзәзiл-сайтанды қуып шықпақ боп әлденеше рет талаптанып та көрдi. Әлi iстелмеген қылмысы үшiн кейде өзiн-өзi жазғыра бастаса, сол әзәзiл ортаға килiге кететiн болып алды. Доспамбет өзiн-өзi даттап та көрдi, ақтап та көрдi. Бiрақ көбiнесе арашалауға құмар. Сондағы дәлелi – бұл түрiкмендердiң екi қылқұйрығының бiрi арғымақ, екi арғымағының бiрi тұлпар емес пе? Бiр құлыннан ештеңесi кете қоймас. Ал, Шалбас биенiң арғымақ құлын тумауы да мүмкiн ғой? Ауыл көршi, мал аралас. Бiр төлдiң ауыс- күйiс кетуi болып жатпай ма? Ал жаңа туған құлынның қаншасы ит-құс несiбесi.

Доспамбет Шалбас биенiң құлындайтын кезеңiн шамалап та қойған болатын. Тек сол шамада Құрбанды аулына жiберетiн бiр нәрсе ойлап табу керек. Қалай сәтi түседi деп арамдық ойлап жүргенде аяқ астынан сылтау табыла қалғаны. Қаратау бойындағы түрiкмен тамырына барып келген бiр кiсi сол жақта болғалы жатқан той туралы хабар алып келiптi. Доспамбет – Шалбас биенiң тумаған құлыны арғымақ болып, ол бәйгiге қосылып, атақты аста аты озып келген адайлар әлемге әйгiлi болып қалғандай қуанды.

Шалбас бие де Доспамбет пиғылының орындалуына көмектесейiншi дегендей, Құрбан жолға аттанған күнi-ақ үйiрiнен бөлiнiп, оңашалана бердi. Оттауын доғарып, қайта-қайта аунап, мазасыздана бастады. Доспамбет «иә, сәт!» деп, болашақ жарыстарда маңдайы жарқырап, топ алдында жалғыз өзi жұлдызша ағып келе жататын Шалбас қасқаны көзiне елестеткендей, шыдамы кетiп, ат үстiнде тыныш отыра алмай, Шалбас биемен бiрге толғатып, бiрге мазасызданатындай жағдайға жеткен едi.

Көктемнiң сол жайраң күнiнде әдемi арғымақпен тойға кеткен Құрбан, үш күн той тойлап, кiр-қоңын жуғызып, қайтып оралғанша Доспамбет ойдағысын iске асырып та үлгерген болатын.

Тойдан қайтқан Құрбан мыңдаған жылқыны көзбен шола, көңiлмен түгендей аралап, жаңа құлындаған биелерге ризашылығын бiлдiргендей, құтты болсын айтқандай боп, әр төлдi көзi шалған сайын күлiмсiрей бас изеп, төлдерiнiң түр-түсiн жадына тоқып келе жатты. Ақыры көзiне Шалбас бие де шалынды. Езуiне кiре берген қуаныш күлкiсi Шалбас биенiң бауырындағы құлынға көзi түсiп кеткен сәтте ғайып болып, Құрбан қатты тiксiнiп қалды. Аузынан емес көкiрегiнен жарып шыққан үн оған:

– Мынау құлын емес күре ғой! – дегiзген едi. – Ойпырмай, Шалбас биеге бөтен айғыр артылғаны ма? Әлде, құрдасы Доспамбет, қаралық жасады ма?..

Найзағай отындай жылт ете қалған жымысқы ой, жаны таза Құрбанды, одан әрi қарай жамандық ойлауға жетектей алмаған-ды. Ендi сол ой, бес жылдан кейiн басына қайта оралып, құрдасы Доспамбеттiң кiсiлiк қасиеттерiне шек келтiре, түрiкмендердiң тойына адайлар қосқалы жатқан шалбас аттың түрiкмендердiң өз малы екенiн дәлелдеуге тырысып жатты.

***

Мәстектiң оңтүстiк жағындағы Тобықтының ойына түскен көл құрғамастан күз жаңбырына ұласатын. Көл суын қорғай айнала қонған түрiкмендер Ойдағы, Қырдағы адайларды осы тойға арнайы шақырған едi. Бұ кездерде екi жақ та, есебiн тауып, бiр-бiрiне барғыш-ақ. Екi ел араласа берсе, алыс-берiсi көбейе түссе деген үмiтпен ел жақсылары ойын-тойға бiр-бiрiн көбiрек шақырысатын.

Сәл нәрседен iлiк iздесетiн адайдың шатақ жiгiттерi бұл жолы тойға келмей қалды ма, әлде түрiкмендерден кiнә таппады ма, әйтеуiр, бұл той ерекше ың-шыңсыз өтiп жатты. Бәйгi аттарын: «Екi көш, үш көш жерден жiберемiз» – деп керiлдесетiн адайлар бұл жолы бiр көш жерлiк қашыққа да үнсiз келiса салған-ды.

Шалбас ат көзiне шалынғалы сезiк атты жылан сезiм iшкi құрылысын түгел тiнтiп шыққан Құрбанның күткенi де осы сәт болатын. Олардың бiр көштiк жерге келiсе салғаны Құрбан күдiгiн дәлелдеп шыға келдi. Ойында ендi ешқандай сезiк қалмаған Құрбан той иесiн оңашалап, бұдан бес жыл бұрын болған уақиғаны айтып бердi. Ақылдасуға осы тойға қатысып отырған елдiң бас көтерер адамдары шақырылды. Олар аттардың бәйгеден келуiн күтудi, Шалбас ат келсе, жиналған елге осы уақиға туралы хабарлап, ал бәйгенi аттың шын иесiне берудi жөн дедi. Ал әзiрге әр ауылдың басты адамдарына ғана ескертiп, жiгiттердi дайындап қойған дұрыс деп шештi.

Бiр топ аттың алдында оқ бойы озық келе жатқан Шалбастың тiлеуiн тiлеп қапталдай қосылған адайлардың алдын орай, кiлең ұшқыр арғымақтарға мiнген түрiкмендер Шалбас атты қарақшыдан өте өз қамқорлықтарына алып, жабуын жауып, суытатын баласын мiңгiзiп, жанына басқа жанды жақындатпай оқшаулай бастап едi.

Бөрiктерiн аспанға ата қуаныштары қойнына симаған адайлар ендiгi сәтте бөлектене, топтана бастаған. Шалбас атты баптап бәйгiге қосқан Доспамбеттiң ағасы Жексенбектiң ұсқыны кетiп қалыпты. Бiр пәленiң болғанын сезiп, айқай шуға араласпай, бес жыл бұрын болған уақиғаны сөз басталмай жатып мойындағандай жүнi жығылып қалған екен.

Сол сол-ақ екен, өкiндiрген өкпелер мен әлi шешуi табыла қоймаған даулар әр көкiректен сызаттана жол тауып, бiр жылғаға құйылып, олары бiрiге сала үлкен арналы дауға айналып жүре бердi. Батырлары қаруға, билерi сөзге жармасты.

Екi жақтың билерi аз ғана сөз қақтығысынан соң тап осы жиылған ел алдында, дәл осы сәтте Құрбан мен Доспамбеттi ортаға шақырып жауаптау қажет деп шештi. Тойға келмеген iнiсiнiң орнына ат қосқан Жексенбек шығарылды. Шын сөйлейтiндерiне ант бергiзiсiп, құран ұстатылды.

Әуелi ортаға Құрбан шақырылды. Ол сол жолы қалай тойға барғанын, хабарды Доспамбет жеткiзгенiн, содан соң Шалбас бие құлынын көргенде арғымақ күтiп жүргендiктен «мынау құлын емес күре ғой» дегенiне дейiн есiне түсiрдi.

Бұрын-соңды ортаға түсiп ысылмаған, әрi қосқан атының түбiнде бiр шикiлiк барын сезген Жексенбек адайларды ақтап аларлық ештеңе тауып айта алмады. Оны жауаптаудан билердiң анықтағаны бұдан бес жыл бұрын iнiсi Дспамбеттiң көктем кезiнде енесi өлiп қалған бiр шалбас қасқа құлынды артып әкелiп, ерекше қамқорлауын өтiнгенi болды. Осы мойындаудың өзi түрiкмендерге Шалбас атты өз малымыз деп иемденуге жеткiлiктi дәлел секiлдi болып көрiнген.

Көптiң пiкiрi де түрiкмендер дәлелiнiң тиянақты екенiне ден қоя бастады. Ел алдында ұятты болып тарқамауы үшiн адай биi әзiрге Шалбас аттың түрiкмен жағында қала тұруына қарсы еместiгiн, бiрақ бұл даулы мәселенiнiң дұрыс шешiмi екi жақтың да Шалбас аттың ата-енесiн алып келiп тексергеннен соң анақталатынын баса айтты.

Осындай көпшiлiк жиналған жерде аруақтары айбындырақ түсiп жүретiн адайлар бұл жолы пысы басылып, жүнi жығылып, елдерiне қаралы көштiң соңына ерген адамдай үн-түнсiз қайтып бара жатты. Ата жауы жоңғарлардың жер бетiнен жойылып кеткенiнше қырқысқан, тiптi қара құмырсқадай Қытайға қыр көрсетiп жатқан қалың қазағына арқаланып, күшiн көрсетiңкiреп, зорлығын өткiзiңкiреп үйренiп қалған адайлар мына қорлыққа қатты күйiнiп бара жатыр едi. Бiрақ өздерiнiң орталарында аз ғана адамнан құрылған батыл топтың бiр iске бекiнгенiн олар бiлмейтiн-дi.

Ортаға шығып күмiлжiген Жексенбек түрiн көргенде Қонай батырдың ұлы Бегеш түтiгiп кеткен.

– Мына сүмелек бiздiң ауылдың қатындарынан туған бала ма, әлде асыранды пәле ме? Түрiн қарашы, аз болса да осы тойда арқалы елi тұрғанда неге күмiлжидi? – деп, ым қағып үш-төрт серiгiмен шеткерi бөлiне берген.

– Ана судырақ билердiң сөзiне сенiп аттан айрылып қалмалық. Арымызға ондай таңба бастырып алсақ, онда ол таңбаны өзiңнiн емес он ұрпағыңның сүйегiнен жуып кетiре алмассың. Болашақ туар баланы ойламағанда, айтыңдаршы, елге барғанда оздырған аттарың қайда демей ме? Десе не деп жауап беремiз? Түрiкмендер тартып алып өзiмiздi айдап салды деймiз бе? Менi бұл маңда ешкiм танымайды. Өзектi жанға бiр өлiм, маған жұпынылау киiм тауып әкелiңдер, мен ел аралаған дәруiш болып осы жерде қаламын. Есебiн тауып қолыма түсiрсем Шалбасты мiне қашамын. Бiрақ сүлдерi құрып тұрған атпен бұлардан құтыла алмайсың. Бастарыңды намыс жолына тiгетiн болсаңдар онда мына үшеуiң: Мамырдың Серәлiсi – сен, Тоқабайдың Бiрәләсi – сен, Тоқтамыстың Еспембетi – сен, осы үшеуiң торуылдап, осы маңайдан көз жазбайсыңдар. Бiр кiсiнi кәзiр мына топпен жiберемiз, ол бұлардың iшiнен он шақты батыл жiгiттi алып қалып Түлкiлi-Бөгенбай маңында күтетiн болады. Келiсесiңдер ме осыған? Ал келiссеңдер онда ел намысы үшiн бастарың қатерге тiгiлдi, өкiнбейтiн болыңдар! Келер ұрпақтан «бiр мал үшiн бастарын өлiмге тiккендерi несi?» дейтiндер табылар, бiрақ бiздiң бұл iсiмiздi қарғайтындар табылмас. Ал Алла тағалаға iсiмiздi оңғара гөр деп жалынып, тiлек тiлелiк!

Бегеш батыр сөзiн бас изесе құптаған серiктерi беттерiн сыйпасты да, үн-түнсiз тарасып кете барды.

Киiм ауыстырған Бегеш, қолындағы таяғына сүйенiп, жұрт көзiн үйретпекке ауыл үйлерiн аралап көбiрек көзге түсумен болды. Ол қалай болғанда да атты дәл осы күнi қолға түсiрмекке бекiнген едi.

Әзiрге Шалбас ат маңы босамай тұр. Не де болса жарық барында алу керек, қараңғы түссе таптырмай кетер деген оймен, үй-үйдi аралап, жарапазан айтып, берген ас-суларына алданған болып уақыт өткiздi. Бесiн намазын оқып алып, аттар байланған керме жақтағы шеткi үй көлеңкесiн паналап ұйқыға кеткен дәруiш-диуана ақыры күткен сәтiнiң туғанын шамалаған едi. Маңдайын кермеден сәл бұру ұстаған Бегеш аттар тұсына жақындай бере кермеге бұрылды да, ендiгi бiр сәтте Шалбасты мiнiп жортып бара жатты. Атқа мiне шаппай, атты алдырғанын бiлгенге дейiн бiраз жердi жәйбарақат ұтпақ едi. Ойы дұрыс болды. Айқай-шу басталып, мылтық ата бастағанға дейiн ол бiраз жерге жетiп те қалған-ды.

Күн ыстығынан бұлыңғыр тартқан Аманқызылиттiң сеңгiр тұмсығына маңдайын түзеген көзсiз ер, Бегеш батыр жайдақ мiнген Шалбасқа тақымын қыса белгi берiп: «Ал жануар, сын сағаты туды бiздiң басқа! Көмектесе гөр!» – дедi, атқа жалынғандай болып. Арт жағына жиi көз тастап, байқап келедi. Бұның соңына бес-алты кiсi түсiптi. Оңтүстiк жаққа да, солтүстiк жаққа да шапқыншылар кетiп барады. Олар сол маңайдағы елдi көтерiп, Қырға шығар жолдарды кеспек. Бегеш өз болжамының дұрысқа шыққанын сезiп, құтылып кеткендей-ақ көңiлдене түстi. Тек қана бұл қалдырған үш тоқауылға қарсы бiраз кiсi келе жатыр. Бiреуiнде мылтық бары анық. Бiздiң жiгiттер ана көрiнген Тобықты жалының маңында күтiп тұрған болар. Алыстан атойламай, ұрымтал тұстан ұмтылса жақсы болар едi-ау. Тоқтамыстың Еспембетiн бекер қалдырдым ба? Тым жас екенiн ескермеппiн ғой. Тентек неме бiрдеңенi бүлдiрмесе жарар едi.

Кеше ғана отыз шақырымдай шабыстан келген Шалбас ат күшiн жинап қалған секiлдi. Қуғыншыларды онша жақындатар емес. Бiздiң адамдар қарсы кездессе, мүмкiн бiрге кете берген дұрыс болар ма? Осы ой басына оралуы мұң екен, кәп-кәзiр ғана «ұрымтал жерден тиiссе ғой» деген ойы өзiн шошындырып жiбердi. Оларға бiр араласқасын қашып құтыла алмайсың. Қаруланып шыққан бес-алты кiсi үш адамды тiрi жiбере ме? «Шiркiн-ай, алдымнан қарсы шықса ғой. Бiрге тарта берер едiк».

Әнi-мiнi дегенше Тобықтының жалына да жетiп қалды. Тосқауылға қалдырылғандар көрiнбейдi. Әлде iлгерiрек барып жасырынды ма екен? Бегештiң көкiрегiн «әттеген-ай!» деген өкiнiш тырнағы осқылап, қан-жоса ғып бара жатты.

Кенет арт жақта анық бiр нәрсенiң басталғанын сезгендей боп жалт бұрылып едi. Бұны селт еткiзген, жауларын сәл өткiзiп жiберiп, қапталдан қосылған үшеуiнiң ұрандаған айқайы болса керек.

Жауға шауып, жекпе-жек соғыстарда жырынды болып қалған бұларға қуғыншылардың соңында кейiнiрек келе жатқан үшеуi оңай олжа болып едi. Бiрiншi қылыш сермескен сәтте-ақ үшеуi үшеуiн түсiрiп тастап, iлгерi ұмтылысқан-ды. Бiрақ олар жауларына қылыш сермейтiн жерге жете алмай, бесатардың оғынан аттарынан домалап түсiп жатты. Тек қана бiр оқ Еспембеттiң өзiне тимей атына тиген екен. Аттың астында қалып, аяғын босатып ала алмай бұлқынып жатқан алып Еспембеттi түрiкмендер қыл шылбырмен домалатып байлап тастады.

Түлкiлi-Бөгенбайда Бегеш айтқандай он шақты кiсi емес, адам көп екен. Шалбасты жетектерiне алған қаруы жоқ бiр тобы iлгерi кеткенде Бегеш батыр киiнiп, қару-жарағын асынып, өз атына мiнiп те алған болатын. Серәлiлерден дәме қалмады. Бiрақ олар тiрi болса да, өлi болса да өз мiндеттерiн өтеп үлгерген едi. Алғашқы қарқынмен шыққан қуғыншылар жолда тоқтатылды. Түрiкмендер ендi Қырға асатын жақын жердегi асуға жеткiзбеуге тырысады. Асығыста көп қол жинап үлгере алмасы айқын. Олардың жолы бұл араны айналып кете алмайды.

Бегеш жiгiттерiн үш топқа бөлiп, көзге түспейтiндей тасалау жерлерге орналастырып болғанда, Қырға шығар қия жолды бұлардан бұрынырақ иеленiп алмақ болып, асығыс келе жатқан түрiкмен жасақтары да көзге түстi.

Тәңертең сәтсiз шыққан бұл күн өз ұясына батуға тақағанда қазақтар Түлкiлi-Бөгенбай басына он шақты түрiкменнiң мүрдесiн тайыздау қазылған қабiрлерге жерлеп те тастаған болатын. Содан берi сол жер «түркімен сүйегi» атала бастады.

Түркімендер де Сералы мен Бiрәлiнiң бетiн жасырып, қолға түскен Еспембеттi өз атына көлденең артып алып, ауылдарына қайтқан болатын.

Ембi тауларының басын жайлап отырған түркімен ауылдарында аяқ-қолы кiсендеулi тұтқында жүрген Еспембет қорлыққа шыдай алмай, сәтi түскен бiр күнi шыңнан ұшып өлiптi. Ол жер кәзiр «Еспембеттiң қандығы» аталады.

Бұл әңгiменi естiгенде ата-бабаларымыздың бiз әлi күнге толық түсiне алмай келе жатқан талай оғаш мiнездерi мен құпия қылықтары бұрынғыдан бетер тағы да сана жетпес жыраққа қашықтап, ақыл шешпес жұмбаққа айналып кете барды…

Сайын Назарбек,

Ақтау. 13.10.2000 ж.

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!