Иесін аза тұтқан бурыл
Осыдан елу жыл шамасы бұрын Сағымбек әулеті елге қарай бет алғанда алдымен Қазығұрт ауданының тау жақ бөктеріндегі «Ит өлген сай» деген кең жазықта отырған. Сол ауылдардың айт пен тойы да өзінше сән-салтанатымен, қазақы сипатымен қызық болушы еді.
Қыс болса жексенбі сайын көкпар тартатыны тағы бар. 1955 жылы сол әулет «Монтайтас» совхозына қарасты «Еспесай», «Тоғансай» деген жерлерге жылжып қоныстанды. Ол ауыл – бізбен бұрыннан ілік-шатысты ауыл.
Сағымбектің үлкен ұлы Салыбек – менің жездем. Ол кісі атағы сол өңірге кеңінен белгілі, айтулы шабандоз еді. «Салыбектің Сарықасқасы» деген атын қалай мәпелеп, баптайтынын өз көзіммен көріп, таң-тамаша қалғаным бар. Бір жолы қыдырып барғанымда бастырма астында, күншуақта қыс бойы байлаулы тұрған аттың асты құп-құрғақ екеніне көңіл аудардым. Жездемнің айтуына қарағанда, бұл ат зәр сындыратын болса міндетті түрде оқыранып немесе кісінеп белгі береді. Сол кезде жездем оны тысқа алып шығып келеді екен.
Сол Сарықасқаны иесі аттың жанын қинамайын деп додаға салмайды екен. Көкпарды шеттен аңдиды. Қара нөпір тартыстан көкпарды біреу алып шықты бар ғой, Сарықасқа құлағын жымита қуып, иесін сол шабандозға лезде жеткізеді. Содан кейін Сарықасқаға ат жетуі екі талай…
Мен білетін соңғы қырық жылдай мерзім ішінде Салекең 4-5 қана ат мінді. Соңғы аты бурыл қара. Салекең осы Бурылды ерекше жақсы көріп, мәпелеп баптады. Өзі де келісті, сұлу, нағыз ер қанаты боларлық ат. Ауыл арасының көкпарында бұл Бурылды қуып жетіп көкпар алу немесе қашып құтылу деген ой шабандоздардың бір де бірінің санасына кіріп те шықпайды.
Өткен жылы Салекең жаз бойы ұзақ науқастанып, қысқа қарай қайтыс болды. Соның алдында екі-үш рет ауруханада ұзақ-ұзақ жатып қалатын. Үйіне келген сайын балаларына өтініш жасап, міндетті түрде атын көретін. Алғашқы бір көргенінде атының жалынан сипап, мойынын шапаттап, құлағының түбін қасып, бауырынан қаққан екен. Сонда ат иесін сағынғанын бірден білдірген. Иесінің иығына басын сүйеп тұрып, көзінен моншақ-моншақ жас сорғалатқан.
«Соңғы рет Бурыл ат бәрімізді бір жылатты, – дейді аттың иесімен қоштасар қарсаңындағы көріністі есіне түсірген балаларының бірі. – Көкем ауруханадан өте жүдеп оралды. Сол күні көкемнің өтініші бойынша далаға кереует құрып, төсек салып жатқыздық та, қорадан барып Бурыл атты жетектеп, қасына әкелдік. Ат көкемді иіскеп, бірден таныды. Кәдімгідей мұңайып, көзінен жасын сорғалатып, бірауық үнсіз тұрды. Содан соң шалдың үстіндегі көрпесін тістеп бір шетке лақтырып жіберуге әрекет жасады. Басына жастаған жастықты да тістелеп, бір шетке тастағысы келді. Шалды иіскеп, күрсініп жылап тұрды».
Көп ұзамай шал қайтыс болғанда Бурыл ат бір апта бойы не жем жемей, не су ішпей, үнсіз тұрып иесін аза тұтыпты. Орнынан тырп етіп қозғалмай тұрып жылап, оқтын-оқтын терең күрсініп қойып тұрыпты.
Бердәулет Тұрмағанбетов, «Сері аға» кітабынан