Сейіт Абызұлының ат баптау тәсілі

15720

Бәйгенің жайлаудағы жайылысы 30-40 күннен аспау керек. Ерекше майланып кетсе, жақсы емес. Күзде бәйгеге қосатын атты тамыз айының басында ұстайды. Алғаш ұстаған күннен бастап, күндіз байлап, түнде шөбі таза, тақырлау жерге қысқа арқандап, әр күні 2-3 сағат аяңдатып, қинамай міну керек.
Әйтпесе, топ қазы болып қалады. Бесінші күннен бастап, біраз терлетіңкіреп таң асырылады. Әр күні күн шыққан соң бір уақ, кешке бір уақ қандыра суару қажет. Алғаш ұстаған кезде тәулігіне 5-6 сағат, еті біраз қатқаннан кейін 7-8 сағат жайылту керек. Осылай байлаған соң еті ояз болса, 15 күннен кейін, еті қалың болса, 20 күннен кейін, алғашқы қара жарысқа шаптырады. Бірінші қара жарыста 2-3 шақырым шаптырып, бордақ терін алып, таң асырады. 3-5 күннен кейін, екінші қаражарыс 5 шақырым шаптырып ащы терін алады. Тағы 3-5 күн өткізіп, үшінші 10 шақырымдық қаражарысқа жіберіп тұнық терін шығару керек.
Жүйрік әбден бабына келсе, шыққан терінде бөтен дәм болмайды. Мөлдір су шығады, қу тезек құмалақтап, сипағанда жүні ілінбейді. Осыдан кейін атты бәйгеге қоса беруге болады. Ал, ат бәйгеден келгеннен кейін, бір сағат мөлшері жаяу жетелеп суытылады, бұлай істеу аттың аяғына қан түспеуге пайдалы. Қайтатын жер қашық болса, атты баяу жетелеп келу керек.
Күн жылы кезде, атты бәйгеге қосарда сабындап жуу, егер күн суық болса, жылы сумен жуып, жүнін жақсылап кептіру қажет. Бәйге атты құрғақ шөппен бағу, ат арыған кезде, күніне бір келі сұлы немесе жарған арпамен жемдеу қажет. Ескеретін дүние, жоңышқа беруге болмайды. Бапшыл ат жарау, бапсыз ат тоқ болуды жаратады. Бапшыл ат орақ тұмсық, бапсыз ат түзу тұмсық болады. Атбегі бәйге болатын күні түнімен атының жанында болуы қажет.
Алдымен атының таға-шегесін тексеруі, бос таға болса, мықтап, шеге ұштарын жақсылап жатқызу керек. Ал, күн шыға бере атты суарып, біраз жайылтып, еріктіріп байлау, бәйге төбеге 500 метр жақындағанда шауып шығу керек. Бұлай істегенде ат осы күні бәйгеге қосылатынын сезіп, тезек тастап тұрады. Аттың тезегі өте құрғақ болса, онда асқазанда ақау болғандығын білдіреді. Жақсылап байқасаңыз, бабы қанған бәйгеден озып келетін жүйрік қайта- қайта тезек тастап, көп есінеп, таранады. Кейбір аттардың көз шарасына мөлдіреп жас толады. Осы жайды білетін атбегілер «мына ат бәйгеден бірінші келеді екен» деп топшылайды.
Жалпы, бәйге атының денсаулығында ақау болмауы керек. Ол үшін, күзде бәйгеге қосылып арықтаған жүйрікті ерте бастан күтімге алып, қыстан күйлі шығару керек. Ал, көктемде қинап, шалдықтырмаған дұрыс. Күн сайын кешке бір келі сұлы немесе арпа берген абзал. Күндіз немесе мініп жүргенде жем бермеу керек. Бұлай етсе, аттың аяғына жем түседі. Жүйрік аттың көп суығаны жақсы. Тіпті жылына бір рет тасырқатып алған жөн. Олай еткенде аяғына қан түспейді. Жүйріктің төрт аяғы мен өкпесін қорғау бәрінен маңызды. Бабы қанған жүйрік шаппай қоймайды. Қазақ: «Бақ жүгірмейді, бап жүгіреді» деп тегін айтпаған.

Abyzuly S.Сейіт Абызұлы, атбегі.

ҚХР, Алтай қаласы. ulttyqsport.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.