Бізде сауатты бәйге жаршысы жоқ

6929

Бәйге десе, бойы шымырлап, рухтанып шыға келетін қазақ емеспіз бе?! Ат баптап, ит жүгіртіп, құс салуды асыл өнерге балап, «жеті қазынасын» ардақтаған халықтың жады ұлттық құндылықтардан қол үзе бастаған шақта біраз қиналғаны рас-ау…
Қазіргі кезде асабаларға қатысты сын аз айтылмайды. Ал кең далада қалың жұртшылықты ділмар тілмен үйіріп, ұйытып алуға тиісті жаршы қауымының өкілдері өте аз. Айтқымыз келгені, бәйге барысына хабаршы боп тағайындалған азаматтардың көбі өз міндетіне жауапкершілікпен қарамайды. Қаумалаған көрермен үздіге көз тіккенімен, хабаршы айналымда зу-зу еткен жылқылар туралы ақпарды үзік-үзік қана беріп үлгереді, оның өзінде айтары мардымсыз не аузындағы сөзінен жаңылып жатқаны, не даусы қарлыққан біреу…
Бәйгеге қосқан аттарды «қазақтың жабы тұқымынан» деп дәріптей таныстыратын хабаршыларды өз көзімізбен көрдік. Қазақ қай кезде мәстек мініп, бәйгеге шапқанды мақтан тұтқан еді?! «Лұғат» қазақ тілінің сөздіктері кешенінің сервисінде жабыға қатысты «тұқымы нашар жылқы» деген тура анықтама беріліпті. Сонда бірге келтірілген мақал-мәтелдерде «жабыны қанша жемдесе де, қазанат болмас», «жабы шауып, бәйге алмас» деп жағымсыз сипатталады. Осындай сарындағы бірсыпыра сөз тіркесін жазба және ауыз әдебиеті өкілдерінің шығармашылығынан теріп алуға болады. Бұқар жыраудың «Жал-құйрығы қаба деп, жабыдан айғыр салмаңыз… Жабыдан айғыр салсаңыз, жауға мінер ат тумас», «Арғымақтың жалы жоқ, – жабылар жалыменен теңесер. Жақсылардың малы жоқ, – жамандар малымен теңесер» деп «жабы» сөзін «жаман» ұғымына сыңар етіп (паралеллизм) қолдануынан біраз түйін түйе беріңіз. Сері Сәкен Сейфуллинің де «жабы емеспіз, тұлпармыз» деп қысқа қайыруынан қарама-қайшы мәнді танимыз.
Бәйгеде «жабы» деп тұқырта берілген мәлімдемеге атбегілердің де елең етіп, дау қыла қоймағанына қарап, болмысы соған дағдыланып, еті өліп кеткен бе деген ойда қалдым. Қазақ баласының көне жады арқылы жететін телегей-теңіз сөз танымынан ерте сусындамаған соң, жүні жығылып, рухы түсетіні нақ шындық екен-ау! Әйтпесе, «мәстекті» жарысқа қосқанынан не ұтады? Кейбір шабандоздардың аяң желіспен көш соңында жайбарақат әңгіме соғып бара жататыны да көңілдегі күдікті нақтылай түсетіндей. Аламанға жан бітіруге тиісті азаматтар «жабыдайын жалтаңдаған» (Махамбет) мәйегі жұтаң сөзді қолданғанша, тұлпар, арғымақ, сәйгүлік, дүлдүл екенін неге жар сала айтпайды? Лайық көрмегесін болар. Әйтпесе, жыраулардың жауһарына сүңгіп не эпос тіліне үңілсе, қалың қазынаға жолығар еді: «күлдір де күлдір кісінеген күрең», «жолбарыстай шұбар» (Ақтамберді), «тостаған көзді торы» (Бұқар), т.б.
Қысқасы, «непородистая лошадь» деген анықтаманың орыс тілінен дәл осылай аударып беруден келген үлгі секілді бұл. Ғылыми әдебиеттерде жабының дене бітімі ірі, шомбал, тұрқы ұзын, аяғының келте келетіні, ет пен сүт өнімін мол беретіні үшін семіртіліп өсірілетіні жазылады, қазақтардың жабыны бәйгеге салғаны туралы нақты дерек жоқ. Ал қазақ жылқысынан алуан-алуан жүйрік шығатыны бір бөлек әңгіме.
Сондай-ақ бір атшабыста «қанды аттар» деп үздіккен «айқайшыдан» шошынып, сөз мәнісін кейін түсінгеніміз бар. Бұл «асыл тұқымды жылқы», «таза қанды мініс жылқысы», «ақалтеке», «ағылшын тұқымды» екенін нақтылау мақсатында не будандастыру арқылы алынған жылқы тұқымдары бәйгеге қатысып жатқанын хабарлағаны екен. Сөз де біріне-бірі сәулесін түсіреді. Әйтпесе, «қанды қол», «қанды ауыз», «қанды балақ» сыңайлы мағынасы күреңітіп берілетін ұғымдардан бөлек, бейне ұлы жорықта тілерсегінен қан кешкен жылқылардың көрінісі көз алдыңда еріксіз көлбеңдегендей болады (бетін аулақ қылсын!).
Көптің тағы бір қынжылатыны, осы күні аламан бәйгенің аясы тарылып барады. Кей өңірде тоқсан шақырымға дейін шауып, торқалы тойдың олжасын алып қайтқан дүлдүлдердің даңқы жер жарса, бізде отыз шақырым жолды асқан «жабыларды» аламанға қостық деп даурығатын болдық. Аламан бәйгенің қашықтығы, ең берісі, елу шақырымнан кем болмаса керек-ті. Кейде қапырық ыстықта тар шеңберлі айналымға салынып, тілерсегі тылтиып, қызылтанау боп шаңға бөккен, оның үстіне ащы тері алынбай қосқан соң жарысқа құр сүлдері келетін жануарларды аяуға тура келеді.
Ат спорты саласында да сөйлеу мәнері айқын, даусы тұнық, сөзге бай, атбегіге болмысы біртабан жақын мамандар кәсіби тұрғыда дайындалса, бәйге көрігін қыздыруға орасан зор үлес қосар еді. Орнықты сөз саптай білу, әсіресе, жас өркендер үшін ерекше үлгі екенін ескеру керек.

nurtai-tНұртай АЛТАЙҰЛЫ,
Орал қаласы
argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.