Қазақ жылқысы жайлы кітаптар

20557

Қазақ жылқысын түгендеуде кешегі Жағда Бабалықұлы, Қажытай Ілиясұлы, Ақселеу Сейдімбек қатарлы қазақ руханиятының, көшпенділік өмірдің алтын көпірлері еске түсері анық. Ал сол үзілмес дәстүрді жалғап, бүгінгі ұрпақтың бойына атбегілік өнердің дәнін сеуіп жүрген ағаларымыз да аз емес. Сонау 80-жылдардың соңында-ақ қазақтың ардақты түлігі жайлы көлемді еңбек құрастырған Жанболат Ауыпбаев, Сәдібек Түгел, Ахмет Тоқтабайлардың еңбегі осы салаға қосылған сүбелі үлес деуге тұрарлық.

Осы толқыннан кейін жылқы тақырыбында қалам тербеген, қазақтың жоғын түгендеп, кеткенін келтіріп, кемтігін толтырған жаңа заманның, жылқы шаруашылығына жаңаша көзқараспен, тәуелсіздік тұғырынан қараған бір шоғыр зерттеушілеріміз бар. Олар – Бекен Қайратұлы, Болат Төлепбергенов, Бағдат Мұхтарұлы.

Біз атын атап, түсін түстеген азаматтар жылқы мен қазақты бөле-жармай, жылқыны қазақ болмысынан ажыратпай түгендеуге тырысқан азаматтар. Ал елімізде жылқыны ғылым ретінде, оны еліміздің ауылшаруашылқ саласында айтарлықтай орыны бар, терең зерттеуді, түбегейлі талдауды қажет етер үлкен сала екенін зерделеп жүрген ғалымдарымыз да жетерлік. Мысалы, Нәбидолла Кикебаев, Қайрат Исхан, Балтабек Әкімбеков, т.б. ғалымдарымызды атауға болады.

Сонымен, бүгін қазақ жылқысына арналған қолымызда бар, бүгінге дейін жарық көрген кітаптарды таныстырсам деп отырмын.

er-qanaty«Ер қанаты»

Жанболат Ауыпбаев ағамыздың құрастыруымен 1987 жылы жарық көрген бұл кітап сол кездегі қазақ жылқысы жайлы біраз деректерді қамтыған. 13700 данамен шыққан бұл еңбекке Жағда Бабалықұлы, Ілияс Жансүгіров, Ақселеу Сейдімбек, Тәкен Әлімқұлов, Сапарғали Бегалин, т.б. қатарлы біраз ақын-жазушылардың, жылқытанушылардың еңбегі жинақталған. Сонымен қатар, дәл осы жинақтан даңқты Абсент туралы толығырақ білуге болады. «Ер қанаты» жинағының бір ерекшелігі – сол дәуірдегі жылқыға қатысты қызықты деректерді топтастырғандығы. Ал бір олқы тұсы, әрине, бұл сол кездегі саяси көзқарас екені анық, Кеңестік жүйенің шеңберінде жазылғанын байқауға болады.

zhylqy-tarihy«Қазақ жылқысының тарихы»

2010 жылы «Алматыкітап» баспасынан шыққан «Қазақ жылқысының тарихы» энциклопедиялық деңгейде шыққан бірден-бір кітап деуге болады. 630 дерек көзін, сонау сақ, ғұн дәуірінен бергі қазақ даласындағы жылқы тарихын түгендеген бұл еңбектің авторы – Ахмет Тоқтабай. «Қазақ жылқысының тарихы» — өзінің жан-жақтылығымен, тың деректерімен, әлемдегі қазақ ұлты қоныстанған елдердің барлығын дерлк қамтуымен ерекше. Бұл кітаптан жылқы малына қатыстының барлығын табуға болады. 500 бетке таяу көлемді еңбек 5000 данамен жарық көрген.

qazanat«Қазанат»

Сәдібек Түгел мен Кеңес Рақышевтің құрастыруында жарық көрген бұл басылым қазақ жылқысының тарихы, ат спорты өнері, жылқытану саласына қосылған сүбелі еңбек. Алматыдан 2011 жылы шыққан еңбек төрт бөлімнен тұрады. Соңғы «Қазақстандағы жылқы шаруашылығы және ат спортын дамыту» бөлімінде қазіргі күнде де өзектілігін жоймаған бірқатар мәселе айтылады. Қазақ, орыс, ағылшын — үш тілде қатар шыққан «Қазанат» кітабының ұтар тұсы да осы. Және алғашында 4000 данамен жарық көрген «Қазанат» үш рет басылып шықты.

atbegilik«Қазақтың атбегілік өнері»

Жылқы туралы жіктеп, жіліктеп, барлығын тайға таңба басқандай етіп берген еңбектердің бірі осы – «Қазақтың атбегілік өнері» кітабы. Бекен Қайратұлының қолынан шыққан бұл туындыда қазақтың жылқыға қатысты, атбегілік өнерге қатысты дүниелері біршама түсінікті жазылған. Және жете зерттелген. 2014 жылы Қазақстан республикасы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының тапсырысымен «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры» АҚ шығарған бұл еңбек төрт үлкен бөлімнен тұрады. Бұл кітаптан жылқы малына қатысты аурулардан бастап, оны емдеу жолы, ат баптаудың қыр-сырын меңгеруге болады. Бір сөзбен айтқанда, «Қазақтың атбегілік өнері» кітабы атбегіліктің әліппесі десек артық айтқандық емес. Бір қынжыларлығы осындай сүбелі еңбектің небары 2000 данамен ғана жарық көруі.

zhylqy-madenieti«Түркі халықтарының жылқы мәдениеті»

Ахмет Тоқтабай құрастырған бұл еңбекті «Қазақ жылқысының тарихы» энциклопедиялық кітабының өңделіп, толықтырылып, қайта басылуы десек те болады. Халықаралық Түркі академиясының тапсырысымен 2015 жылы Астанада жарық көрген еңбекке қазақ халқынан бөлек, түркі тектес халықтардың да жылқылары жайлы зерттеулер, пайымдаулар, талдаулар топтастырылған. 220-ға жуық кітаптан, 80-ге жуық түрлі саладағы сайттардан сілтеме берілген бұл кітап шектеулі ғана таралыммен жарық көрген. Нақтырақ айтсақ 300 дананың ар жақ-бер жағы ғана. Үлкен-үлкен үш бөлімнен тұратын кітаптан қазіргі түркі тектес халықтарының жылқы тұқымдары, оны өсіру, шаруашылыққа, спортқа, жүкке пайдалану және экспортқа шығару, будандастыру мәселелері кеңінен түсіндірілген.

argymaq«Арғымақ»

Өзі жарыққа шығаратын «Арғымақ» журналы негізінде және бірнеше жылдан бері осы салада тынбай еңбектенудің нәтижесінде 2017 жылы Бағдат Мұхтарұлы «Арғымақ» атты жинақ шығарды. Бұл кітаптың ерекшелігі кешегі Құлагерден бастап, бүгінгі күнге дейін қазақ халқының даңқын аспандатқан жүйріктер туралы жазылғандығында. Анығырақ айтар болсақ Тәуелсіз елімізде топ жарып, әр жылдары бәйгенің алдын бермеген жүйріктер мен олардың иелері туралы анықтамалық-көркем-танымдық еңбек. «Арғымақ» жинағынан әйгілі Абсент жайлы, Ақсуаттың қос жирені жайлы, Бошайдың Үш қарасы жайлы аңызға бергісіз ақиқатқа қанығуға болады. Ал бертінгі, тіпті күні кеше Астананың төрінде 51 шақырымдық «Алтын тұлпар» аламанынан екі рет бірінші келіп, Қазақстанның фаворитіне айналған Самал жайлы, шашасына шаң жұқпаған Тасқын, Жаннұр, Бекторы мен Бақторы жайлы осы кітаптан таба аласыздар. Тағы бір ерекшелігі арғымақтар мен азаматтарды бөле-жармай, жүйріктердің бапкерлері, шабандозы, ат иесі барлығы туралы толық мәлмет берілген. 207 беттен тұратын бұл еңбек Алматыда 1000 данамен жарыққа шықты.

tort-tulik«Төрт түліктің төресі»

2018 жылдың басында Астанада шыққан бұл еңбек қазақтың жылқыға қатысты салт-дәстүрлерін, жылқы союдың қыр-сырын түсіндірген басылым. Болат Төлепбергеновтің құрастыруымен дүниеге келген кітап 6 үлкен бөлімнен тұрады. «Жылқы өсірушілерге көмекші әдістемелік құрал» деп арнайы аталған еңбек өңделіп, толықтырылып, екінші рет басылып отыр. Кітаптың басты көздеген мақсаты — қазақ халқының жылқы малы арқылы ұлттық бренд қалыптастыруына негіз болу. «Төрт түліктің төресі» кітабынан жылқы етін мүшелеп бөлу, табақ тарту, қымыз баптап, ет сүрлеуге дейін толық мәлімет алуға болады.

atsporty

Әзірге біздің қолымызда бары осы кітаптар. Мұның сыртында ҚХР Алтай бетінде тұратын Манапхан Тәженейұлы құрастырған «Қазақтың ат спорт өнері және зерттеулер» атты жинағы мен Айып Нүсіпоқасұлы мен Темірбек Смағұлұлының бірлесе құрастырған «Қазақтың дәстүрлі ат үсті ойындары» еңбектерін атап өтуге болады. Сонымен қатар Моңғолияның Баян-Өлгий аймағы, Цэнгэл ауданында тұратын Қадыл Айдаубайұлының «Атбегілік» атты кітабы да Argymaq.kz порталының кітапханасын толықтырып тұр.

Осы тұста құрметті оқырмандарымызға «Қазақтың атбегілік өнері», «Арғымақ» және «Төрт түліктің төресі» еңбектерінің сайт редакциясында сатылымда бар екенін ескерте кеткіміз келеді. Жылқы жайлы еңбектер, жылқы тақырыбы қызықтырса 87783471708 номеріне (ватсап та бар) хабарласуларыңызға болады.

argymaq.kz

2 comments

  1. Наке 18 Қазан, 2018 at 06:09 Ответить

    Мақала өте жақсы! Кітаптарды қайдан алуға болады? Сатып алу үшін сілтемелер көрсетсеңіздер? «Қазақтың атбегілік өнері» кітабы қажет еді

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.