Мағаш АЯТХАНҰЛЫ. Қызыл ат пен Шабдардың бәйгесі

6487

(Деректі әңгіме)

Қобда өзені Байын жотасы мен Үшқара тауының арасынан қысыла ағып шығып, құлашын кең кере, қарқынын қоса Қызылқайыңды басып өтеді. Қызылқайыңның солтүстігін Бестәңірдің іргесіндегі Үлкен Ойғырдан бастау алған Соғақ өзені кенерелей ағады. Осы екі өзен арнасының қосылар арасындағы жыланқияғы мол, томпақ шұңғырлары да көп жасаңды аумақта Шеруші қошуынының орталыға орналасқан. Мұнда ертең қошуын тойы басталады. Бұл тойға Ақсу, Қорымдық, Сырғалыдан бастап екі Есік, Жыланды, Шәкен, Шырылаш, Кемелекті жайлайтын Саңырау руының, Өрмегейті, Дайын, Сүңгіті, Ойқарағай, Қолағаш, Аққорым, Сарығобыға қоныстанған Құрман, Төлек руларының, Үш Ойғырдан құлдай, Көкірге, Сарыноқайты, Үшбұлақ, Қақтың жазғын мекен еткен Бақат руының қара нөпір тобыры кешеден бері ағылып келіп жатыр.

Әртүрлі ою-өрнекті кежім жапқан, құйрығына шоқпардай үкі таққан сәйгүліктер алыстан көз тартады. Өткен үш жылда болған үлкенді-кішілі той-томалақта шашасына шаң жұқтырмай, үнемі бәйгенің алдында келген Қалқаңның Шабдары басқалардан алшақтау, масасы мен шіркейі аз, шөбі тақыр дөңесте темір қазыққа байлаулы тұр. Маңайында қыл құйрықтының қарасы молайған сайын елегізіп, байлаған қазығын шырқ айналып, басқа аттарға сүзе қарап тынышсызданады. Шабдарды баптайтын Көмекбай мен шабандоз бала Қаңбақ екеуі сәйгүліктен арқан бойы алыс жерге тіккен көк шатырдың ішінде шай ішіп отыр. Шатырдың айқара ашылған есігінен сыртта не болып жатқанның бәрі анық көрінеді.

Көк көз, арық сары жігіт кежімделген Торыны жетектеп келіп атынан түсті. Мінген атын тұсап, оның мойынына жүйрігін шылбырмен байлады. Өзі қанжығасынан қоржынын шешіп, биіктеу томпаққа отырды. Қоржынынан қайың саптыаяғын шығарып, оған айран құйып, бауырсақ салып жеп, артынан қымыз құйып ішті де, отырған томпаққа басын қойып жата кетті. Жата сала қор етіп ұйықтай бастады, алыстан шаршап келгені анық байқалады. Тұсаулы аты шыбындап, басын шұлғып, екі жақ бүйіріне қонған шыбын-шіркейді құйрығымен жасқап, Торыны жетектеген күйі Шабдардың жанына таяай беріп еді, Шабдар көзді ашып-жұмғанша Торыны қос аяқпен кеудеге теуіп жіберді. Мүлгіген тыныштық бұзылып, тасыр-тұсыр болды да қалды. Қатты шыққан дыбыстан қалғып кеткен жігіт дереу оянып, көзін шала-пала аша аттарына қарай жүгірді. Одан әлде қашан Шабдарға бұрын жеткен Көмекбай, тұсаулы мен оның мойынына байлаулы атты сауырына дойыр қамшысымен тартып-тартып жіберіп, Шабдардан алыстатып жүрді. Екі аттың иесінің келе жатқанын көрген ол:

— Ей бейшора, аттарыңды неге байлап қоймағансың? Атақты сәйгүлік Шабдардың денесіне зақымын тигізсе, не болатынын білесің бе? Мына маңайдан кет, жоғал ары – деп кіжіне таяды.

Торының иесі оның шылбырын шешіп, жетектеп еді кеуделеп ақсап қалғаны белгілі болды. Атының шылбырын тастай салды да кіжініп тұрған Көмекбайдың жағасынан ала түсті. Аяқ астынан жанжал басталды да кетті. Бұл жағдайды анадайдан байқап отырған жігіт-желеңдер тез жетіп, әрең-пәрең екі жігітті арашалап алды. Шабдардың жағдайын білгелі келе жатқан Қалқаң бұл жанжалды басынан аяғына дейін ат үстінде кірпік қақпай қадағалап тұрған-ды. Ол атынан түсіп, ал дегенде өзінің жүйрігінің аман-есендігін жетектеп тексеріп көрді. Содан кейін төбелес бастаған көк көз сарыны шақырып алып, өзімен бірге ертіп кетті. Иесіз қалған кежімді Торы мен көк көз сарының мініс атын күн батып, қараңғы түскен іңірде ауылдастары келіп алып қайтты. Кежімді Торы қалпына келіп дұрыс баспады, оң жақ кеудесі күп болып ісіп, аяғын асып қалды, жануар бәйгеге қосылмай обал болатын болды.

Кежімді Торы Кіші Ойғырды жайлайтын Әлхан деген жалғыз жігіттің жүйрігі. Былтырдан бері Ойғыр басында болған бәйгелерде алдына қара түспеген, шашасына шаң тимеген жүйрік. Қошуын тойында да оза шабады деген үмітті сәйгүліктердің бірі осы Торы ат болатын. Енді ол бәйгеге қосылмақ тұр ғой, денесін әрең алып жүретін кемтар жылқыға айналды. Оның обалына иесі мен атақты Шабдар қалды.

***

Оспан Қызыл атты жетектеп, шабандозы Құрманы жеке атқа мінгізіп, Жыландыдан таңертең шығып, Қызылқайыңға жаңа ғана ілінген еді. Өзінен бұрын келген жерлестері жүйріктерінің кежімін алып, құйрықтарын өріп, кекілін буып, той алдында болатын үлкен қара жарысқа (тоқ бәйге – Argymaq.kz) қосқалы дайындық үстінде екен. Бір жүйріктің иесі:

— Ей Ошың, Қызыл атты қара жарысқа қос, жер танысын, арам тері шығып жеңілдеп қалсын — деп жанашырлық танытқан болып жүр. Оспан екі ойлы болып, аңтарылып тұрғанда Мысахан ағасы да келіп қалды. Ол аттан түспестен, әңгіменің төркінін естіген соң:

— Есің дұрыс па өзіңнің? Қызыл атты қара жарысқа қоспа, жаңа ғана ит өлген жерден әрең жеттің емес пе! Қызыл ат бұл жердің бәйгесіне дөненінде екі рет жарысқан, шабатын жерін жақсы біледі – деді.

Оспан Қызыл атты қара жарысқа қоспайтын болды. Бірақ қара жарысты көріп, алдында келген аттың шабысын байқамақ оймен бәйге төбеге қарай атының басын бұра берді.

«Соңғы кезде атағы шыға бастаған Оспанның Қызыл аты да келіпті. Биылғы бәйге өте тартысты және қызықты болатын сияқты» деген сөз ат бапкерлері мен сыншылардың арасында желдей гулеп жатты. Қызыл аттың осында дөненінде екі рет бәйгеге қосылғанын білетіндер де, білмейтіндер де бар екен. Бәйге төбеге жеткенше осы жайында әңгіме қозғалып келе жатқан бір топ адамның арасында біреу ананы, біреу мынаны айтып, қызу пікірталас өрбіп кетті. Тымағы үкілі, шалбары сырма өрнекті, орта жастан асқан мыжырайған қара басқаларына дес беретін емес.

— Мен оның екі рет жарысқанын жақсы білем. Бірінші рет қырық елудей дөненнің жарысына қосылып, біздің Бурыл екеңнің аласымен таласып келіп, оның оң жағында болды деп, бәйгені соған берген. Бұл Қызылдың иесі аса атақ құмар, дүниқоңыз адам сияқты, ертеңінде жуан аттардың бәйгесіне екінші рет қосып, әрең-пәрең шылбыр ұстатқан – деп беті бүлк етіп, шімірікпестен өтірік соқты. Оның шылғый өтірігін естіп келе жатқан ақсақал төзімі таусылып, кеңкілдеп күліп алды да әлгі жігітке қарап:

— Ей, азамат, сенің ұятың аздау, өтірік айтқанға жаның құмар жан екенсің! Бұл ер жігітке жараспайтын қасиет. «Майын тамызған өтіріктен, қанын тамызған шындық артық» дегенді естіп пе едің?! Шындық қанша сандыққа салып, құлыптап қойсаң да жарып шығатыны сенің есіңде болсын! Бұдан былай адамдарға өтірік айтып, шындықты бұрмалап, дау-дамай тудырмай жүр! – деді де болған оқиғаны жанындағыларға өзі айтып берді.

«Осы Қызылқайыңның жерінде бұрын-соңды болмаған өте көп дөнен қатысқан жарыс болды. Тайында, құнанында талай бәйгеден озып жүрген, атағы әйгілене бастаған төрт жасарлар жарысқа шықты. Сонда Оспанның Қызыл дөнені басқалардан қозы көш жер алдымен келіп, демін алып, тері кебе бастағанда кейінгілері көнбеге жеткен болатын. Аузымен құс тістеген мұндай жылқы баласын алғаш көріп, жүйріктігіне тамсана тәнті болып, қуанып қалғанбыз. Жуан аттар бәйгесіне қосса да келетін әлеуеті бар жылқы екен деп тойға қатысқан халық өтініп болмай қойған соң ертеңінде аттармен тағы жарысып, екінші болып келген дүлдүл ғой. Былтыр алдымен келген Шабдар сол жолғы жуан аттардан тағы озып, бас бәйге Қалқаңның қанжығасына байланғанын екі жыл бұрын өз көзіммен көргем. Қызыл ат биыл алты жаста, бестісінде бәйгеге қосылған жоқ деп естігем. Сол дөнен кезіндегі шабысында болса оған жылқы жетпейді, оның қызығын бүрсікүні көресіңдер» — деп ақсақал әңгімесін тәмәмдады.

Қара жарыстың аттары Көктөбенің тұсынан қайтып, сазға таяған тастақты тұмсықты жағалай орап, Түймештің қойнауына шығатын жолдан өтіп, тау жиегін кенерелей шауып, Білеуге қайқаятын бөктерге жеткенге дейін жарысты. Қалқаңның Шабдары шүу дегеннен алдына ұмтыла шығып, сол күйінде басқа аттарға жеткізбей мәреге бірінші болып келді. Оның шабысын басқалармен бірге Оспан мен Мысахан да тамашалады. Оспан Шабдардың аяқ алысының мәреге таяғанда қоюлап қалғанын және басы төмен түсіңкіреп, құлағы салпаңдай бастағанын нақ байқады. Бүрсікүні болатын үлкен жарыстың көмбесі бүгінгі қара жарыстікінен бес-алты шақырымдай алыс, оның үстіне құмайт қайқайыс. Аттар Білеудің шығыс жақ төскейіндегі кішкене Көкала төбеге жетіп ұсталады. Осының бәрін ой елегінен өткізіп, Қызыл ат бұл бәйгеде қалай жарысу керек екеніне Ошың алдын ала қорытынды жасап, ішкі пікірі ішінде желе жортып келе жатты.

***

Монголяның мемлекеттік туын желбірете көтеріп ұстаған ат айдаушы, жуан аттардың бәйгесі (аламан бәйге – Argymaq.kz) басталатынын жан-жағына айғайлап жар салып жүр. Жүйріктерін жетектеп келіп, кежімін алып, маңдайынан сыйпап, шабандоз баласын көтеріп мінгізіп, құлағына ескерту айтып жатқандардың қарасы мол-ақ. Солардың бірі – Оспан Құрмаға қарап:

— Қызыл ат екеуің сырлассыңдар ғой, талай бәйгеге қосылып, қаншама тұлпарлармен жарыстыңдар. Алайда, осы жолғы бәйге бұрыңғылардан өзгеше болайын деп тұр. Жарысатын жүйріктердің бәрі алдында озып келуге дәмелі, өз елі мен жерінде атағы шыққан, шашасына шаң жұқпаған әлеуетті жүйріктер. Сен ана ауыздығын шайнап, тұяғымен жер тарпып тұрған Шабдарды білесің ғой? Менің ойымша, Қызыл ат екеуің осы Шабдармен жарысасыңдар. Шабдармен сырласыңдар. Ол бәйге бастала сала алдына ұмтылып шығатын, кейінгі аттардан ұзаңқырап алған соң тыныстап жарысатын жылқы екенін осыдан екі жыл бұрын көрдіңдер. Ал дегенде алдына шыға алмаса, ары қарай ұзақ жарыспайтын жануар ма деп топшылаймын. Сондықтан шүу дегеннен Қызыл аттың тізгінін босат! Шабдарды басып озып, алдына түс! Ол біраз қалмай артыңнан ере жарысады, одан ұзай түс, жетпейтінін білген соң жайына қалады. Содан кейін бәрі өзіңе аян, даусыңды шығарып қиқулап жануарға дем беріп, еркін жарыс – деп ақыл айтты.

Бәйгеге қосылатын аттардың ұзын саны жетпіс-сексендей. Сәйгүліктер Қобда өзенінің жағасымен Қызыл төбеге қарай желе-жортып бара жатыр.

Ат тосатын Көкала төбеге жиналған қауымда қисап жоқ, қара нөпір. Халықтың дені көкпар мен қыз қуар тамашалып, солардың қызығына батып отыр. Бәйгеге ат қосқан бапкерлер мен сыншылар топ-топ болып, алдымен келетін жүйрік жайында әңгімеге қызу кірісіп кеткен.

— Ойқарағайдағы Құрман ауылынан келген Мақайдың Қызыл көгі өрен жүйрік екен. Дайын мен Қарабұйраның Бәйгетөбесінде болған жарыста ұзақ-ақ келді, шабысы да қарқынды, аяғы да жеңіл дүлдүл көрінеді – деп сол жақтан келген қария басқалармен кеңесіп, өз жерінің арғымағы озып келсе екен деген қу дәмесін жасырмай айтып отыр.

Олардан сырық тастам жерде үймелеп отырғандар Әлханның Торысы туралы естіген жаңалықтарын бірі бастап, екіншісі қостап жандары ашып, қынжыла айтып жатқандары анық естіледі. Болған оқиғаны көзімен көрген бір жігіт:

— Ойғыр басында биыл үш-төрт той болды. Осы тойдың барлығында Әлханның Торысы жападан-жалғыз келіп тұрды. Алдыңғы күні Қалқаңның Шабдары қос аяқтап теуіп, аяғын мертіктіріп тастапты, жануарға өте обал болды. Ол ол ма, оның иесін жанжал шығардың деп түндігі жабық, қараңғы үйге қамап тастапты дегенді естігенде қабырғам қайысып кетті – деді. Оның сөзі бітер бітпесте тағы бір азамат іле сөйледі:

— Осы Қалқаңның Шабдарынан-ақ көрдік қой көретінді. Өткен жаздағы бір тойда жарысқа шығып кетіп бара жатқан қасындағы жүйрікті теуіп, аяғын зақымдаған. Оны мінген бала жығылып, қолының буынын шығарған. Шабдар жылқы емес, жыртқыш болғаны ғой – деді жүрегіндегі қыжылын жасырмай.

Көмбе төбенің ұшар басына жиналғандардың да топаны аз емес. Бұл топтың әңгімесінің арқауы атақты жүйрік Шабдар ат.

— Шабдар биыл тоғыз жаста, нақтылы толған кезі, ол шаппағанда итім шаба ма? Келістіріп-ақ баптаған екен, «мен шабатын бәйге қайда?» деп жұтынып тұрғандай көрінеді, қараған жанға. Ол осы Қызылқайыңның тума жылқысы, осында өсіп жетілген, осында жарысып, атағы шыққан, оған қоса туған жерінің киесі қолдайтыны сөзсіз – деп қойды қолақпан мұрынды бұжыр бет жігіт күлімсіреп.

— Дұрыс айтасың, бұл тұлпарға тек қана сұлы мен сүрілеп сақтаған көк шөп беріп жыл бойы баптайды екен. Су дегенді маңайына да жолатпайды, қыста сиырдың сүтімен, жаз шыға биенің саумалымен суарады деп естідім. «Ат шаба ма, бап шаба ма?» дейді ғой қазақекең, бап шабатыны шын болса бұл бәйгеде Шабдар алдымен келетіні даусыз. Шабдар тұрғанда басқа қай қыл құйрыққа түсіп қалыпты, бұл бәйге – деп өзеурей сөйледі басына жабасалма киген еңгезердей қара жігіт өңмеңдеп.

— Осыдан екі жыл бұрын алдымен келген Қызыл дөнен биыл алты жасар ат болыпты. Ол да осында келген екен, алдыңғы күні байлаулы тұрған жеріне әдейі іздеп барып қарап шықтым. Мінезі кең, сыны да келісті, жуас жылқы сияқты. Жүні күнге шағылысып жылтырап, елегізбей, қаннен-қаперсіз тұрды. Менің ат танитыным рас болса осы дүлдүл жануардың маңдайы жарылып келіп қалар деп ойлаймын – деді атақты Қайсаман сыншы, сақалын қос қолымен сипап, шақшасын ала берді.

— Қайсыеке, Шабдарға барып қарадыңыз ба? Оның жағдайы қандай екен, ол жайында не айтасыз? – деп сұрады атқұмар Әкерия, құлағын түре.

— Иә, оны да айналдыра қарап шықтым. Үнемі бір бапта болатын қысы-жазы байлаудағы жануар ғой. Оның бабы келіскен екен. Шабдардың алдымен келіп жүргені бабына байланысты. Мысқалдай ағаттық жіберіп, бабы бұзыла қалса, озып шаба алмайтын мал. Кең көсіліп, бауырын жаза жүгірмейтін, қарымы да орташа жазық жердің жүйрігі. Оның үстіне мінезі де шәлкес, өзінен дыңдылар алдына түсе қалса көңілі су сепкендей басылатын шошақай – деп қорытындылады көпті көрген көнекөз қария. Қайсаман сыншының айтқанына ешкім қарсы келіп, ауыз жыбырлатпады.

***

Жігіт-желеңдер мен қыз-келіншектердің дені көкпар мен қыз қуардың қызығына кенеліп, басқа дүниені ұмытып кеткенге ұқсайды. Жас жігіттер топ-топқа бөлінген. Мықтылары жерге тастаған серкені шауып келе жатып, ат үстінен іліп алып, қарсы топтың жігітінің шығып келуін күтіп, атының ауыздығын шірене тартып тоса қалады. Қарсыласы да тайсалмай келіп, серкенің пұшпағын қос қолымен қыса ұстап атын тебініп, көкпарды жұлып алуға әрекет жасайды. Қай қарымды, күші басымы серкені сыпыра тартып, қарсыласынан жұлып әкетсе, сол жеңіске жетеді. Бұл бәсекеде мінген аттың да рөлі өте маңызды. Үрікпейтін, тебінсе жүріп, тізгінін тартса тоқтай қалатын иесінің ығымен қозғалатын сырлас болуы аттың негізгі жеңіске жетелейтін қаситеті.

Көкпар тарту бәйге аттарының соңы келіп біткен соң қайта жалғасады. Екі топтан ең мықты деп танылған бір-бір жігіт шығып, ақырғы көкпарды тартып, өз күштері мен астындағы аттарының қарымын сынайды. Көкпарды тартып алған жігіт атына қамшы басып, басқаларға жеткізбей қашуды ойлайды. Барлық көкпар тартушы сол жігіттің артынан қуалайды. Қуып жеткен жігітке серкені ешбір қарсылықсыз береді. Ең соңында серкені алған жігіт, шапқан күйінде ауылға келіп, бір үйдің үзігінің үстіне лақтырып тастайды. Серке үзігіне түскен үй малын сойып, қымызын құйып, күйшілер мен әншілерді жинап, олардың өнерін дүйім жұртқа көрсетумен қатар, айтыс өткізіп, күй шерттіріп, жыр жырлатып сол кешкі думанды толығымен атқаратын салт-дәстүр әлімсақтан бері жалғасып келеді.

Қыз қуудың қызығы мен шыжығына тойып, бастары айналып жүрген жастар да көп. Танымайтын қызбен жұп болып шыққандар, қыздың ызасын келтіріп сөз айтқан жігіттер қамшының дәмін татқандай-ақ татып жүр. Кей қыз бен жігіт бір-бірімен танысып, жылы сөйлесіп жақындасып та үлгерген. Ондайда қыз жігіттің басынан асыра қамшысын үйіріп қана, жалған айбар көрсетеді. Қызқуар кезінде жаңадан танысып, бір-бірін жақтырып қалғандар да бар. Солардың бір жұбы –Жәнібек пен Мақпал. Жәнібек Жыландыдан, Мақпал Үшбұлақ қақтан келген өрімдей жас. Басқа біреулер көріп қалмасын деп аттарының далдасында сөйлесіп тұр. Екі жас көкпар түскен үйде болатын кешкі думанда кездесуге сөз байласып, бір біріне жылы шырай танытқанын байқаған жан жоқ.

***

Көкала төбедегі дырду-думан асқақтап жатқан шақта жатаған Қызыл тұмсықтан алдыңғы аттың қарасы көріне бастады. Көкпар тарту, қызқуар ойындары да бір сәтке аяқталып, абыр-сабыр басылып, бірқыдыру тыныштық орнады. Төбенің басында отырғандар қарасы көрінген жүйрікті танып-білуге құштарланып, көзінің қарасы жеткендері аттың өңін айтысып, әбігерге түсіп жатыр.

— Мына келе жатқан жануар, әлгі атақты Шабдар ғой, пай-пай сілтеуін-ай шіркіннің, шауып келе жатқан жоқ, құстай ұшып-ақ келеді. Ол тұлпар алыстан осылай не баран емес, не қылаң емес көрінеді – деп жанарының тамшысын жеңімен сүрткендей болды бір қария.

Жиналған жұрт «ой соның сұрысы екен, ана шалдың аласы екен, жо-жоқ, шынында әлгі Шабдар сияқты» деп бір-біріне дес бермей елеуреп, өзімен өздері болып отыр. Алдыңғы ат ілезде көз жетерлік жерге таяңқырап қалды. Ұзын бойлы, жалпақ жауырынды дене бітімі келіскен, қара мұртты жігіт ортадан атып тұрып:

— Сүйінші, Сүйінші! Махай аға сіздің Қызыл атыңыз алдымен келе жатыр – деп айғайлап, елдің шырқын бұзды. Оның айғайына дем бергендер өре тұрып, қайсы біреуі ұран шақырып та үлгерген.

Бұл дәурікпе айғай, шу Ілияс Жансүгіровтың мына бір шумақ өлеңін еске түсіріп, қазақтың қаншалықты жылқы жанды халық екенін көз алдыңа елестетеді:

… Атты артық көрген елміз мінген тақтан,

Қызық-ай біздің бәйге қырда шапқан.

Шыдар ма қазақ жаны ұшып кетпей,

Аттарды шаң шығарып келе жатқан…

Әлгі жігіттің айғайы ағалы інілі – Оспан мен Мысаханның дегбірін қашырып, тағат таптырмай орындарынан бір тұрғызып, бір отырғызды. Оспан екі жанарын бет орамалымен сүртіп алып, алдыңғы атқа көзін қадап тұр еді, қамшының бүлдіргесіне байлап берген ақ шытты желбірете көтеріп шауып келе жатқан Құрманы таныды. Көзінен жас ыршып-ыршып кеткендей болды. Тамығы жарықшақтанып, дауысы дірілдей Мысахан ағасына денесін әрең бұрып:

— Ой аға, Қызыл ат екен, Қызыл ат алдымен келе жатыр – деді де басқа не айтарын білмей аз бөгеліп тұрып, қаңтарулы атына қарай тұра ұмтылды. Оспан атына мініп, көмбешілердің тұсынан өтіп, жекелеу шықты да қолына қысып ұстаған пұшпақ тымағымен бұлғап, Құрмаға «маған қарай шап» деп белгі беріп тұрды.

«Алдыңғы жылы дөненінде алдымен келген Оспанның Қызыл аты екен. Аузымен құс тістеген нағыз тұлпар, артқыларынан көшжер озып келді. Сұқтан, тілден сақтасын» – деп, Қызыл аттың жүйріктігіне тәнті болып, аман-саулығын тілегендердің де қарасы мол еді.

Бәйгеге қосылған аттардың арты келіп болды. Оларға мән беріп, қарап жүрген пенде жоқтың қасы. Атақты сәйгүлік Шабдардан еш хабар жоқ. Атқа шапқан балалардың айтуынша Шабдар үркіп, үстіндегі шабандоз баланы жығып, Қошуын орталығына қарай тайып тұрған. Мұндай хабарды естіген Халқаң мен Көмекбайдың қабағы қарс түйіліп, өңдері бұзылып, тұнжырап кетті. Ол екеуі жарысқан аттардың ізімен Соғақ өзенінің жағасын кенерелеп асыға желіп келеді. «Түймеш» ойпаңына шығатын жолдың тұсындағы айналма қақ жазыққа жеткенде, алдарынан аяғын әрең-пәрең сүйрете басып, қиқыраңдап келе жатқан Қаңбақты көздері шалды.

Шабдардың иесі мен бапкеріне Қаңбақтың хал-ахуалы маңызды емес, сәйгүліктің бәйгеден қалыс қалғанын білу көкейлерін кесіп, өндіршектерін үзіп барады. Қалқаң атынан түсер-түспестен Қаңбаққа дауыс көтеріп, сұрақтың астына алды.

— Өй, тақ әкеңнің …! Аттан жығылатын соғұрдайын саған не болды?! Қайран бәйге, қайран ат! Шабдардың шабыс қарқынына шыдамайтыныңды білгенде, сен сияқты бос көтен, өлезге мінгізбеуші едім. Осы кесірдің бәрін істеген сенсің Көмекбай! – деп ат бапкеріне қамшысын ала жүгіріп барып, әрең тоқтады. Қалқаңның сұсты ызғарынан қорыққан Қаңбақ, көзінің жасын төгіп жіберіп, сау аяғы жағына отыра кетті.

— Шаб… шабдар әдетінше шүу дегеннен алға ұмтылып, қарқынды шаба бастап еді, артымнан ілезде Қызыл ат қуып жетіп, әне-міне дегенше озып кете барды. Мен оның артынан қалғым келмей Шабдарды жанай қамшылап, шабысына қарқын қостыруды ойладым. Бірақ, Қызыл ат жеткізетін емес, барған сайын арамыз ілезде алшақтай берді. Ол алысырақ айналма жолға түскенін көріп, төтелеп шауып қуып жетейін деп, қақ жазықпен сырқыратып келе жатыр едім, Шабдар кенет үркіп, жалт берді. Абайсызда мені жықты да ауылға қарай шапқылап кетті де қалды – деп кемсеңдеген Қаңбақ, мұрынынан шыққан жылтыңды қолымен сүртіп қойды. Қаңбақты тыңдап болған Қалқаң:

— Қаңбақ, сен қалай ойлайсың, үрікпесе Шабдар ана Қызыл атты қуып жете алатын ба еді?

— Әй қайда, ол дегеніңіз болдырғанды білмейтін, барған сайын шабысы үдей түсетін жануар екен. Шабдар ат ал дегенде алдына шыға алмаса, ары қарай шаппай қоятын қырсығы бар екенін өздеріңіз жақсы білесіздер ғой. Шынымды айтсам, Шабдар одан оза алмайтын сияқты – дегенде Қалқаңның жүзі бұрыңғысынан да түнеріп, жүрегіне сары су үймелеп, көңіліне кірбең түсті. Қалқаңды тағатсыз тосып отырған Көмекбай сөзге араласа кетті:

— Ей, Қаңбақ, сен жақсы білесің ғой, Шабдардың алғаш шыға шапқан кездегі жылдамдығына бүгінге дейін ілесетін қыл құйрық жоқ еді ғой, таласа жүгіргендері шаңына көміліп қалушы емес пе еді, біраздан кейін. Сонда, әлгі Қызыл аттың шабысы Шабдардан артық болғаны ма?

— Көмеке, Қызыл ат ұшқыр шабатын жылқылардың бірі болар, аздан кейін қуып жетем деп ойлап қалғам. Сөйтсем ол жануар шабысынан танбайтын тесік өкпе нақ жүйрік екенін білдім. Мені басып озған сол Қызыл ат алдымен барған шығар, оған менің күмәнім жоқ – деді шабандоз. Бұны естіген аттың иесі жерге қарап, бапкері топырақ шұқып, бастары салбырап, үн-түнсіз қалды.

Көмекбай Қаңбақты артына мінгестіріп, Қалқаңның артынан бір елі қалмай еріп келеді. Қалқаң терең ойға батқан, айналасында не болып жатқаннан да хабарсыз. Қошқыл жүзі қожырап, көңілі жабығып, сары уайымға салынып, жол жорғасымен тайпалып келе жатқан Қарагердің үстінде әйтәуір қалқиып отыр. Қызыл ат барда Шабдар қанша бапталып қосылса да бұрынғысынша оза шауып бәйге алмайтынын анық сезді.

«Келесі жылы қазақ аймақ құрылады екен» деген сөз құлаққа жиі шалынып жүр. «Халық айтса қалт айтпайды». Онда тек Шеруші қошуына ғана емес Қобда бетіндегі Керей, Найман, Уақ тайпаларының құландай құйқылжып, желмен жарысқан нағыз сәйгүліктерінің аймақтық аламан бәйгесі болатыны сөзсіз. «Әйгілі ат бапкері, атақты сыншы» деп ел аузына іліккен мен мұндай зор кәделі бәйгеден қалыс қала алмаймын. Жылқы танитыным рас болса Оспанның Қызыл аты алдындағысын оздырмайтын, артындағысына шалдырмайтын дүлділ. «Қызыл аттың алдына түсетін тұлпарды қайткенде табу керек, табу керек!» — деген ой оны мазалап бара жатты.

Шабдар аттың шауып келе жатып оқыс үріккені, оны бәйгеден түбегейлі үркіткендей болды. Жүйрік Шабдар осыдан кейін бірнеше рет бәйгеге қосылғанымен дұрыс жүгірмеді, жол ортаға жетер-жетпесте ауыздығын тістеп, дөй далаға ала қашатынды шығарды. Жылқы екеш жылқы да өзінен артық жүйрікті сезінген соң меселдесі қайтып, көңілі жабығып, шарасыз күйге түсетін секілді. Шынында да Қызыл ат Шабдар сәйгүліктің мысын түбегейлі басып тастаған еді.

Мағаш Аятханұлы,
Биология ғылымдарының докторы, профессор
2020 жыл желтоқсан.
Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.