Жылқы жанашыры болған Жолан Омаров марқұмға арналған кітап жарық көрді

4991
Күні кеше ғана ортамызда жайраңдап жүрген Жолан Омаровтай асыл азаматтың бұл фәниден өткеніне де жылға жуықтады. Қырықтың қырқасынан асқан шағында қатерлі індеттің қылышына іліккен арда азаматтың артында қалған халқы, туыс-туғандары мен жора-жолдастары, қызметтес аға-іні, бауыр-қарындастары осы күнге дейін Жоланның жақсылықтарын айтудан, насихаттаудан жалыққан емес. Бүгінгі «Жолан жұлдызы» кітабының жарық көруі де ел ықыласының ерекше көрінісі дер едім.

Бүкіл саналы ғұмырын елі мен жерінің гүлденуі жолында арнап, бар бақытын сол адал еңбегінен іздеген өнегелі өмір иесінің жүріп өткен жарқын жолын, атқарған игі істерін, адамгершілігі мен азаматтығын, бауырмашылдығы мен жомарттығын, әділдігі мен адалдығын, парасат-пайымы мен қайраткерлігін баяндайтын естелік кітапты құрастырып, артында өнегелі өшпес із қалдыруды оның рухының алдындағы азаматтық парызымыз бен міндетіміз деп санаған сыйлас ағалары Бақыт Жағыппарұлы мен Дүйсен Мүсірәліұлы осы кітапты жарыққа шығарды.
Сәрсенбінің сәтті күні Талғар аудандық кітапханасында кітаптың тұсауы кесіліп, ел назарына ұсынылды. Салтанатты жиынға аудан әкімінің орынбасары Ахмет Әшімахұн, ақын, журналист Бақыт Жағыппарұлы, «Балдырған» журналының редакторы Дүйсен Мағұлымов, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Матан Бекбосынов, ақын Кәмнұр Тәлімұлы, қоғам белсендісі, зейнеткер Құндызай Хасанова, қоғамдық кеңес төрағасы Жұмахан Еңкебайұлы, ақын Бексұлтан Көлбаев, Мақсат Ережепов, Фарида Бегенбаева сынды сыйлас болған бірқатар аға-әпкелері, әпкесі Ләззәт Омарова мен асыл жары Тоғжан Нұрболатқызы қатысып, Жолан марқұмның көпке өнегелі өміріннен сыр шертіп, еске алды.
Кітапта Жолан Омаровпен қызметтес болған сыйлас адамдары, қимас дос-жарандары, тіршілікте аға-іні болып араласқан бауырлары, аяулы ата-анасы мен туған-туыстары, асыл жары арда азаматтың жүріп өткен жолын кеудесіндегі өксігін басып, өкінішін жасырып шын көңілдерімен баяндайды.
Бақыт Жағыппарұлы кітаптың мазмұнымен таныстыра келе, Жолан марқұм қызмет етіп, еңбегі сіңген үш аудан, яғни Кеген, Райымбек, Талғар аудандырының кітапханаларына онда жазылған ғибаратты әңгімелерді оқып өскен өскелең ұрпақ терең тәлім алар деген мақсатта 25 данадан табыстайтынын, ең бірінші салтанатты түрде таұсаукесер рәсімін марқұмның соңғы сәттерін өткізген өңірі Талғар топырағынан бастағандарын айтып өтті.
Тұсаукесерге жиналған көпшіліктің көкірегі әлі күнге дейін шер мен мұңға толып тұрса да, осы бір кітаптың жарық көргені жүздеріне нұр сыйлап, көңілдеріне шуақ шашты.
Қоғам белсендісі Кұндызай Хасанова Жолан Омаровтай жаны жайсаң жомарт жанның атқарған жұмыстары мен парасаттылығын егіле еске алды.
Ал, аяулы әпкесі Ләззәт Омарова көптің ықылас-пейілдеріне сүйсіне қарап, «Бауырымның артында жақсылығын жарыса айтатын осыншама халқы тұрғанда, ол әлі де тірі екен, өлмеген екен», — деген жүрекжарды ықыласы мен алғысын білдірді.
Өз кезегінде сөз алған аудандық «Мәдениет және тілдерді дамыту» бөлімінің басшысы Фарида Бегенбаева:
Жолан мемлекеттік тілдің мәртебесін өсірді, жиналыстар мен іс-қағаздардың барлығы ана тілімізде жүргізілуін талап етті, сонымен қатар ол мемлекеттік қызметкердің имиджін қалыптастырды. Алдағы уақытта аудан көлемінде мемелекеттік қызметкерлер күніне орай мемлекеттік қызметкерлердің имиджін арттыру мақсатында «Жолан» байқауынын ұйымдастыру қажет, — деген ұсыныс білдірді.
Талғар аудандық әкімінің аппараты қонақ бола келген Жолан марқұмның әпкесі Ләззәт Омарова мен жары Тоғжанға, сонымен қатар кітаптың шығуына мұрындық болған кітап құрастырушылар Дүйсен Мүсірәліұлы мен Бақыт Жағыппарұлының иықтарына шапан жауып, ілтипаттарын көрсетті.

Жолан Омаров марқұмның әйгілі «Бақкүрең» атты жүйрігі

«Әннің жақсы болуы мәтінінен, елдің жақсы болуы әкімінен»,- демекші адамның өмірі жасымен емес ісімен өлшенсе керек. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында жүз жасқа татитын іс атқарып, жасаған жақсылықтары ел аузында, қол ұшын созған көмегі жұрттың жүрегінде, жарқырап жүрген жайдарлы бейнесі ағайынның жадында мәңгі қалды.
Жолан Омаровты жоқтамаған жан болмаған шығар сірә! Арыстай азаматтың мезгілсіз жеткен қазасы қалың елді қайғыртты. Жолан марқұмның азаматтығын білетін Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі тілеулес жандар жыр жазып, арнауларын арнап, әлі де сағына еске алысады.
Өмірінің соңына дейін «халқымның бағы- өз бағым», -деп өзінен халқын бірінші ойлайтын ғибратты ғұмыр иесі өмірден көшсе де, көңілден өшпейді.
Айнаш Әлдибек,
«Хантәңірі» газеті

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.