Жұмабай ҚОЖАҚЫНҰЛЫ. Ұры айғыр (Жалғасы)

10594

Ұрлықта адам емес, Кер айғырдың өзі де бір-екі рет жұрт көзіне түсіп қалып, жақын жуықтағылар оған күдіктене бастаған соң, араны барған сайын ашыла түскен ет жегіш иесі енді оны тым-тым алысқа жұмсамақты ойлады.
Айғырына кештете ер салып, ауыл үстін қою қараңғылық тұмшалап алған кезде үйден шыққан жырынды ұры бұл жолы ескі шиырларды қойып, сона-ау көз ұшында мұнарланып қана сұлбасы көрінген Бұғыты тауын ары асып түспеке ниет етті.
Кер айғырды қинамай жай бүлкекпен жүріп, үшінші қоналқада Шелектен өткенен кейінгі үлкен жолдың бойындағы ши мен қамыс, жиде мен жыңғыл аралас өскен сортаң жазықта жатқан топ жылқыны көріп тоқтады. Қасында қайырып бағып жүрген адам көрінбейді. Байқастап қарап, жіңішкелеу келген, бақа бас торы айғырдың үйірінде үш құлынды бие, екі бойдақ байтал, үш тай барын анықтады. «Құланның қасуына мылтықтың басуы» дөп келіп тұр екен. Маған осы тәрізді Кер айғырға қарсы шауып, оның шымбайына тиетін, айқасып кеп кеткенде, бұның айбынына шыдамай шетке тайқып шығатын айғыр керек еді. Бұл да оңынан келген сияқты. «Ұрыста тұрыс жоқ, іске кірісейін» деп ойлады.
Атты кісінің бойын тасалайтын қалың қамысқа ендеңкіреп еніп барып аттан түсті де, ер-тоқымын сыпырды. Арқа-басын қолымен шапалақтап, жіпсіген терін басты. Сонан соң қамыстың жиегіне жетектеп келіп, «Міне сенің болашақ үйірің» деп тұспалдап көрсетті. Қос құлағын тікейтіп, екі көзі оттай жанып шыға келген Кер айғыр әлгілерге қарап оқыранып жіберді. «Томағасын сыпырды деген осы» деп, жүгенін басынан сыпырып алып, жөнел дегендей алақанымен сауырына сақ еткізіп салып кеп қалды.
Алғашында желіп кетен Кер айғыр былай шыға беріп-ақ баяулатқанмен, басқа жаққа бұрылмастан, күдірейіп әлгі топқа тура тартып барады. Мұның қарасын сонадайдан көзі шалған жылқы ішіндегі торы айғыр жерден басын қақшаң еткізіп көтеріп алып, оған біраз тесіле қарап тұрды да, құйырығын көтеріп, кепелете келіп тезек тастады. Сол орнында шиыршық ата бір айналып алып, «сенімен айқасуға әзірмін» дегендей Кер айғырға қарсы батылдана басып жүрді. Осы кезде үлкен биелер «мынау қайдан жүрген тексіз неме» деп қос құлақтарын қайшылай түсіп қарады.
Екі айғыр бір-біріне жақындап кеп қалды. Екеуі де мойындарын доғаша иіп алып, бір-біріне дөңайбат көрсете, оқты көздерін ат қараумен болды. Бетпе-бет тақалып келіп, тұмсықтарын түйістіре иіс алысып өтті де, бір-біріне өліспей беріспейтін қас жау екендерін танып үлгерген болуы керек, «бір сөзге келмей» бір-біріне шапши секіріп, кеудемен қағыса тік тұрысып қалды. Төрт аяғына қайта тұра қалған екеуі бір-біріне екінші рет шапшығанда, Кер айғыр Торыны құлақ шекеден бүре тістеп, жерге қарай тұқырта басып әкетті. Торы еңкейіп бара жатқан бетте Керінің тізеден жоғары қол жілігіне жан дәрмен ауыз салып жіберді. Алайда қос тізерлеп барып жығылған ол тістеген жерін орып түсірудің орайын келтіре алмай, одан сол сәтінде-ақ ажырап қалды.
Алғашқы айқаста-ақ жауының тізесін бүктірген Кер айғыр Торыны жібере салып, оның «орнынан қайта тұруын күткендей кейіп таныта қойды». Анау тез-ақ қарғып тұрып, айнала беріп қос аяқтап теппек болып еді, мынау бір қапталына бұлт етіп шыға кетіп, арандай ашқан аузымен Торыны сауырдың үстінен қауып кеп алып, терісін бір жағына жалбыратып түсірді. Онымен да қоймай, ілгері қарай лып етіп өте беріп, оны қабырғадан қақырата кеп тепті. Кері қайырылып, тағы да ауыз салмаққа әрекеттенгенде, оңбай жеңіліс тапқан Торы айғыр жан сауғалап басы ауған жаққа қарай қашты. Кер айғыр қайта беттеместей етіп біржолата бездіріп жібергісі келді ме, оны бірталай жерге дейін зеңдіре қуып кетті.
Торы айғырмен айқаста жеңіске жеткен Кер айғыр оның үйіріне иелік ету үшін қайта оралып келгенде өздеріне тықыр таянғанын сезген құлынды биелер оттауды мүлде қойып, қозғалақтай бастап еді. Оған байталдар мен тай-құлындар ілесіп, бірін-бірі қаға ұйлығысып, жөңкіле қашпаққа бейімделе берді. Мұны тез аңғарып, ашуға қайта мінген Кер айғыр мойнын жерге қарай құдита созып жіберіп, құлағын артына жымқыра қайырып алды да, бұларға қарай жер қыртысын дүңкілдете кеп ұмтылды. «Менің ырқыма жүрмегендердің жазасы былай беріледі» деп, жылқыны бастай жөнелген бурыл биенің алдын орағыта беріп, жауырын тұсынан аямай тістеді. Бие жалт бұрлыып кері қайтқанда, бір бүйірден аңдаусызда ағып алға шыға кеткен торы ала байталды бастырмалата қуып жетіп, сауырлата тістеп, топ жылқыға қайыра қуып тықты. Ешқайсысының шеттеп шығуға жүрегі дауаламай, «сіздің ғұзырыңызға құлдық» дегендей иіріліп тұра қалды. Жүрісін бәсеңсіткенмен, құлағын жымқырып сес көрсетуін тоқтатпаған Кер айғыр желіп батыс жақ қапталға шықты да: «Жандарыңның барында дереу менің «айтқан» жағыма жүріңдер!» деген бұйрықты буырқанған дене-пошымымен және шарқ ұрған шалт қимылымен жеткізіп, үйірлі жылқыны алдына салып айдады да жөнелді.
Осының бәрін қамыс арасынан қалт жібермей бақылап отырған Өтеген айғырының көрсеткен ерлігі мен батыл іс қимылына риза болып: «Жарайсың, Кер айғыр! Сенімімді мүлтіксіз ақтадың!» — деді де, дереу үйіне қайтуға жинала бастады. Ер-тоқымын аткөрпесінің ішіне орап байлап, қытайы ала дорбаға нықтап салды. Сөйтіп, бұйырған бір машинамен ауылға қайта бермек болып, сонадайда көрінген жол бойына шығуға жаяу тартып кетті.

***

Қара басының амандығы үшін алды-артына қарамай безіп кеткен Торы айғыр ертесі күні кеште ғана өзінің жападан-жалғыз қалғанын айқын сезініп, айғыр ретінде үйірін іздестіре бастаған. Кешегі өлдім-өлдім деп тұра қашқан жеріне келіп, айнала төңірекке жалтақ-жалтақ қарады. Кер айғыр айдап кетер алдында дүрлігісе жөңкіліп жүріп жентек-жентегімен тастаған өз үйірінің бір тәулік бұрынғы тезектерін иісінен танығанмен, олардың кеткен бағытын болжалдай алмай, аңтарылып тұрып қалды. Қалай қарай жүрейін десе де, кеше өзін жұлған тауықтай етіп қу далаға тентіретіп жіберген «Кер дүлей» көз алдына елестей кетіп, белгілі бір жаққа белсеніп тартып кетуге батылы жетпеді. Тұрып-тұрып, кей-кейде ат дорбамен жем беріп тұратын өз иесі – Қорамдағы сары шал есіне түсті де, ауылға қарай аяңдады.
Ол ашық тұрған қақпаға келіп кіргенде көз байланып қалған. Оны бір жолдасынікіне машинасымен қонаққа бармақ болып үйден шыққан сары шалдың отызға кеп қалған баласы көріп: «Өй, мына алжыған айғыр мұнда неғып жүр?! Бұл құрғыр анау сабағынан үзіп шетке шығарып қойған асқабақтарды таптап кетер ме екен?!» — деп, ұстап алды да, қораның артына апарып байлай салды. Теледидардан «Хабарды» көрмекке отырып қалған шал айғырын байқау былай тұрсын, оның үйге келгенін де білген жоқ.
Таң атып, жерге жарқ түскенде шәугім ұстап дәрет алуға шыққан сары шал қораның артында байлаулы тұрған Торы айғырға көзі түсе кетті. Аштан-аш тұрған Торы иесіне қарап оқыранып та жіберді. «Ойбай-ау, мынауысы несі?!» деп тіксініп қалған ол жақындаңқырап барып қарап еді, сауырының терісі қасқыр тартып кеткендей жалбырап тұрғанын көріп, жүрегі зу ете түсті. «Әй, мынаны айғыр талаған ғой! – деді жұлып алғандай. – Жарасы қара қотырлана бастапты. Мынаған басқа айғырдың тісі тигелі де екі-үш күн өткен ғой, тәйірі. Бұл байғұсты үйірінен бөліп қаңғытып жібергеніне қарағанда, ана пәле аса азулы айғыр екен. Осы маңдікі болса ештеңе емес, ал енді жырақтан келген жырынды қу болса, бұл уақытқа дейін жылқыны ұзатып айдап кетті дей бер. Мынаны аузын жерге жеткізбей қаңтарып қойған біздің «малсақтың» өзі шығар. Әйтеуір, мал десе азарда-безер болады…»
«Жылқылар біржолата қолдан шығып кетпесе неғылсын!» дегенді ойлаумен сары шалдың таңғы намазы да жөнді оқылмады. Айғырына су беріп, жемдеп алды да, дереу арқасына ер салды. Құйысқаны беті алынып қалған жарасына тиетін болғандықтан, оны шешіп тастап, шандыр тартпаны айғырдың шабына таман келтіріп тартты. Ертеңгі шайын да жайланып отырып іше алмай, тездетіп атқа қонды.
Жылқысының үйреншікті мекеніне айналған үлкен жолдың астындағы жиделі жиекті шолып шығып, біздің мал былай кетіпті дейтіндей нақты жорамал жасай алмады. Кеше ғана бұл араға бір табын сиыр жайылғаны белгілі болып жатыр. Сортаңдау жерлердің борпылдақ топырағына түскен қой-ешкінің ізі де ішінара кездесіп қалады. Әр бағытқа бір жүріп, ертелеп өріске беттеген малшылардан сұрастырып көрді. Көзімізге түсті деген пенде болған жоқ. Лавар ауылының астыңғы жағынан кездескен өзі құралпы бір малшы: «Төрт-бес күннен бері қойымды осы маңайға жайып жүрмін. Түнде болмаса, күндіз батысқа қарай шуап өткен топты жылқы көре алмадым» дегені сары шалдың мал іздеу бағытын өзгертуіне тура келді.
Ол күн шығысқа қарай жүріп, Шелектен еңіске беттеп жайылып шыққан жекелік сиырдың соңындағы сиыршыдан барып жоғалтқан жылқыларын сұрады.
— Көрдім, — деді анау ойланып-толғанып жатпастан. – Осыдан үш күн бұрын мал өрістен қайтқанда үлкен кер айғыр топты жылқыны шып-шырғасын шығармай, анау көрінген Масаққа қарай айдап өте ышқты. Ішінде бурыл құлынды бурыл бие және еркек бурыл тайдың барын анық көрдім.
— Дәл өлі! Біздің жылқы!..
Желе шоқытып жүріп кеткен сары шал жолда кездескендерден сұрай-сұрай түс кезінде Сөгеті ауылының астындағы қыратта жатқан бір қора қойдың қасына барып тізгін тежеді. Қойшысына жоқ іздеп жүргенін айтып еді, ол да көрген болып шықты: «Кеше, жо-жоқ, арғы күні таңертең тұрқы есік пен төрдей жалдас кер айғыр сол сіз сұрап тұрғандай топ жылқыны осы арамен айдағаннан айдап, Бұғытыға қарай өткізіп кетті» дегенді айтты.
Астындағы айғыры босаңсыңқырап қалғанына қарамай, тағы да бүлкектей желіп кетіп, Көкпекті сай-асуының аузындағы қылтада отырған жалғыз үйлі малшыныкіне жетіп, аттан түсті. Шай ішіп жан шақырып отырып, осылай да осылай жылқы іздеп шығып, елдің білдірген деректерімен із кесіп келе жатқанын айтты.
— Алдыңғы күні, — деді үй иесі, сол сіз іздеген топ жылқы анау төменгі жағымыздағы жартастың түбінен шығатын бастаудан су ішіп біраз аялдап тұрды да, кейін тура күннің шығысына қарай топтанып жүре берді. Дүрбі салып қарасам, арттарындағы кер айғыр бірде-біріне мойын бұрғызбай, күштеп айдап барады екен. «Бұдан былай қарай жақын маңда ел жоқ еді, бұлар қайда бет алып барады» деп таңданып тұрдым. Тура мына Бұғыты тауының Іле жақ қапталын бөктерлей жүріп, анау көлденең жатқан ұзын қыратты ары асырып кетті.
— Белгілі болды, — деді сары шал. – Бұл – мал ұрлауға үйретілген айғыр екен. Мұның ізін суытпай артына түспесем, жылқымнан айырылады екенмін. Бағыт-бағдары аздап болса да айқындалып қалды. Осы уақытқа дейін олар Шарынның суынан өтіп те кеткен болар. Бір тәуірі – бұл жақтың үлкен қаласы жоқ. Қаласы жақын жер болса, топты жылқыны бір-ақ күнде қырып салып, етін базарға кіргізіп жіберуі мүмкін ғой. Ұры-біреу де, ел – көп, әйтеуір. Бір үйір жылқы мына өзінің сияқты біреу болмаса біреудің көзіне түспей түрмайды. Енді қол қусырып отыра бермей, үйге қайтып барып, мал іздеуге – ұзақ жолға қамданайын. Қаталап шөлдеп қалып едім, шайларыңа да, көріп, байқап, дұрыс жол сілтеген көмектеріңе де рақмет, — деп сары шал асығып атына мінді.

***

«Нива» машинасы бар өз баласы мен тіркемелі «КамАЗ» айдайтын күйеу баласын шақырып алған сары шал: «Жоғалған жылқыны қайтеміз?» — деп еді, ана екеуі бірден тілге келе алмай, бір-біріне қарап отырып қалды.
Шал даусын қатайта түсіп: «Әкелеріңнің тірнектеп жиған малын жау шауып жатса да, селт ететін түрлерің жоқ қой, түге! Кеуделеріңде намыстарың болмаса да, сендерге дүние керек шығар-ау?! Әрине, керек, — деді өз сұрағына өзі жауап беріп. – Егер жылқыны тауып қайтар болсақ, екеуіңе сол малды қылдай етіп бөліп беремін. Табылмай қалса, үйірі жоқ Торы айғырды қайтеміз, сатып бензиндеріңнің өтеуіне төлейін. Айтарларың болмаса, барып демалыңдар, таңертең ерте жүреміз, — деп бар кесімін бір-ақ айтты.
… «Нива» мен «КамАЗ» екеуі де жолға шыққан сары шал қиыс-қиғаш жерлерде мал іздеуге керек болады деп Торы айғырды КамАЗ-дың үстіне шығарып, мықтап, байлаған. Машина жүргізушілер қастарына тағы да еңгезердей-еңгезердей екі жігіт ерткен.
Мал іздеушілер керуені асфальт жолмен шығысқа қарай тура тартып отырып, Кер айғыр айдап кеткен жылқының хабар-ошарын сұрастырып білуді Шарын, Тастықара ауылдарының малышалрынан бастады. Сары шалдың алдын ала жасаған болжалы да теріс кетпеген екен. Кеше емес, арғы күні кеште Тастықараның үстімен қиғаштап өтіп бара жатқан Кер айғырдың алдындағы топты жылқыны көрген адам да кездесе кетті. Көңілі жайлана түсіп, үзеңгіге аяқ салған сары шал:
— Маған тым-тым жақындап кетпей, не біржолата қара үзіп қалып қоймай, жырақтан төбе көрсетіп қана жүріп отырыңдар. Құдай сәтін салса, бір дерегі шықты ғой, табылып та қалар, — деді де, негізінен жусан, шеңгел мен жантақ өскен, арық каналдың бойында шоқ-шоқ үкілі қамыс көрініп қалатын тастақ даламен оңтүстік-шығысқа қарай бет алып жүрді.
Бұл күні олар Ұйғыр ауданының орталығы болып есептелетін Шонжы селосының астымен қиғаштай өтіп отырып, Тоғызбұлақ дейтін шағын ауылдың арғы желкесіндегі Қалжатқа апаратын үлкен жолдың бойына шығып түнеді. Қазірше малдарының ауызша айтылған із-дерегі үзілмей келе жатыр. Сары шалдың ендігі қауіп қылатыны – артынан қуып жетіп індеткенше, жоғарыдағы тау етегінен көрінген қатар-қатар ауылдардың біріне тіке бұрылып, иесі оларды қалтарысы көп сай-қойнаулардың біріне сүңгітіп жібере ме деп қауіптенеді.
Бұлар ертеңгілік тұрған орындарынан қозғала бергенде, жоғарғы жақтан құйындата шауып келе жатқан бір атты кісіні көріп тоқтады. Шауып жеткен адам елуді алқымдап қалған қара мұртты қара кісі екен. Екі жақ та бір-біріне үрке қарасып барып сәлем берісті. Артынша-ақ бір-бірлерінен жөн-жосық сұрасып, ол да, бұлар да жоқ іздеушілер екені анықталған соң, «Кемедегінің жаны бір» деп тегін айтпаған ғой, екі жақ оңай-ақ түсінісіп кетті. Атты кісі үш-төрт үйдің жылқысынан құралған жиырма шақты тұяқтан кеше ғана көз жазып қалғандарын, қысқа қарай тау жақтың оты қашқан соң мал Іле бойына – жайылымы мол қалың қорысқа қашатынын ескеріп, еңістеп іздеп келе жатқанда мыналардың жүргелі тұрған әнгередей машинасын көріп, жылқыны үптеп бара жатқан ұрылар емес пе деп тұра шапқанын айтып ақтала күлді. Сонан соң барып:
— Е-е, ұры емес, ұрлатып қойып, соның азабын тартып жүрмін деңіздер. Мен ана-ау тау етегінде көрінген Тиірмен деген аулыдан келе жатырмын. Біз жаққа барған немес бара жатқан ондай мал көрінбеді. Ал енді осы ілгеріде мына шығысқа қарай созылып жатқан тау етегінде Кетпен, оның арғы жағында Кепебұлақ деген ауылдар бар. сол Кепебұлақта біреудің алыстан жылқы айдап келетін ұры айғыры бар екен дегенді естіп, жағамды ұстағам. Сіздер Шелек жақтан ізіне түсіп келеміз дейсіздер. Әй, қайдам. Сонау жер түбінен жылқы ұрлатады дегенге, шынымды айтсам, күмәнданып тұрмын.
— Жүре берсең, көре бересің. Бұл өмірде неше түрлі жайт болады екен, — деді сары шал. – Ана жылы біздің жақта ұрылардың үлкен бір тобы қыстың күні өздері ұрлаған жылқыны Алатау асырып қырғыздарға өткізіп қайтпақ болып жолға шыққан ғой. Содан жұтынып тұрған өркеш-өркеш қарлы таулардың бір құз-қиясында жалтыр мұздан аяқтары тайған бүкіл жылқы мен адам атаулы сыр етіп терең шыңырауға бір-ақ батып кетіпті. Ажалсыз біреуі – әлі мұзға табаны тие қоймаған ең артта келе жатқан ұры алдыңғылардың мұз шатқалға зулап жөнелген үрейлі бейнелерін ғана көріп, жан ұшырған ақырғы дауыстарын ғана естіп, состиып кейінде тұрып қала беріпті. Содан ауылына құр сүлдері жеткен сол жас жігіт елікпе ауруға шалдығып, тауда қалған серіктерінің аттарын атап ағыл-тегіл жылай беретін көрінеді. Сіз жаңа біздің жылқы сонау Шелектен бұл жаққа қалай келеді деп күмәнданып тұрсыз. Шындығында, адам айтса сенгісіз нәрсе. Алайда жол-жөнекей көргендердің айтуынша біздің малдың барлық үлкен-кішісі мен өң-түстері осылай кеткен жылқыға толық сәйкес келіп тұр. Ал енді туысқан, «Әңгіме бұзау емізеді, бұзау таяқ жегізеді» демекші, сіз де, біз де жолымыздан қалмайық. Малыңыз тезірек табылуына тілектеспіз.
— Сіздердің де жолдарыңыз болып, іздеген жылқылыарыңызды тауып қайтыңыздар, — деген атты кісі сары шалдың айтқан хикаясындағы құзға құлаған кінәсіз жануарлар мен жаны азапқа түскен ұрыларды көз алдына елтіріп, ойланып тұрып қалды.

***

Кер айғыр «ұрлап кеткен» үйірді кері қайтарамыз деп шыққан топты адам асфальт жолддың үстін жиектей жүріп келе жатып Қарадаланың бір тақырынан шығысқа қарай кеткен топты жылқының ізін кезіктіріп қалды. Сол ізден айрылмай тағы біраз жүргенде бүгін таңға жуық тастаған жылқы тезегі ұшырасты. «Арасан» деп аталатын жер астынан ыстық су шығып жатқан үш-төрт там үйі бар жерге жеткенде әлгінің бірінен осындай-осындай мал көрмедіңіздер ме деп сұраған еді, үй иесі: «Ондай бір топ жылқы бүгін таңертең осы арадан су ішіп, былайлап кетті», — деді де, қолымен шығыс жақты нұсқап жіберді.
Одан біраз жүргенде жолдың астында кешегі колхоздан қалған бір үлкен ескі баз тұрғаны көрінді. Оның жақын маңында қой-ешкісі аралас елу шақты уақ малды айдап бағып жүрген шал адамның қарасы көзге шалынды. Сары шал астындағы жүрісі өнбей келе жатқан айғырын сипай қамшылап қой жайып жүрген кісінің қасына барып, аттан түсті де, «Ассалаумағалейкум!» деп қол беріп амандасты.
— Жол болсын, шырақ, — деді өзінен мүшел жастай үлкен көрінген қара шал көз тоқтата қарап.
— Жоқ іздеген адам едім, қария. Бір топ жылқымызды Кепебұлақтағы біреудің айғыры айдап кетіп, соның ізімен келе жатқан жайым бар. Үлкен кісі екен, көзіне түссе, жөн-бағытын айтып жіберер деп бұрылып едім. Ондай мал байқай алмадыңыз ба?
— Қысқа қарсы сиыр, жылқы еңістеп Іле бойына қашушы еді, мана түске жақын «Мына бір топ жылқы неге өрлеп барады?!» деп таң болып қойып едім. Сонда олар айғыр зорлықпен айдап бара жатқан жылқы болды ғой, шамасы. Өзің қай ауылдансың? Сұңқарданбысың?
— Жоқ, ақсақал. Мен алысырақтан келе жатырмын, — деп, сары шал өз тұрағын ашып айта қоймады. Шелек жақтанмын десем, мұндағылар жат кісі санап, дұрыс жауап айтпай қоя ма деп те қорықты.
— Е-е, солай де. Қай ауылдан екеніңді айтпасаң айтпай-ақ қой. Мен болсам – кәрі қойдың жасындай жасым қалған шал адаммын. Жөн сұраған кісіге көргенімді көрдім деп оң жауап қата алмасам, Алланың алдында күнәһар болармын. Оның үстіне жоқ іздеу дегеніңіз де – мүсәпірдің тірлігі. Ал мүсәпірді жарылқап, оған қол ұшын беру – әрбір мұсылман балсының парызы болмақ. Білетін де шығарсың. Кетпен дейтін біздің ауыл анау жоғарыда көрінген тау етегіндегі биік төскейдің үстінде тұр. Ал сен айтқан Кепебұлақ – содан былай қарайғы мынау ояңда жатқан шағын ауыл. Тездетіп жүрмесең, сен жеткенше кеш кіріп те кетер. Қазірге дейін жылқыларың ол ауылға жетпесе де, жақындап қалды-ау, шамасы, — деп, әлгі шал мүлгіп тұрған Торы айғырға мүсіркей қарады да, — анау көрінген қара жолға түссең, тұп-тура ауылдың астынан шығасың. Айғырың босаңсып қалған екен, ерте күнді кеш қылмай қозғала бергенің дұрыс шығар, — деді.
— Қария, сізге көп-көп рақмет. Аман-сау болыңыз, — деп, екі шалдың кішісі қалбалақтап атына міне берді.
Сары шал үлкен жолды қиып өтіп барып тоқтап, артына қарап еді, қара шал қойын еңістете қаптатып бара жатыр екен. «Әшейін ғана қой жайған қазақ шалдарының бірі. Неткен иманды адам! Өзінің ақыл-парасаты қандай! Ал біздің жүрген жүрісіміз мынау. Біріміз малымызды далаға айдап тастап үйде жатсақ, екіншіміз оны ұрлай жөнеліп, бір-бірімізді әуре-сарсаңға салып тентіреп жүрміз. Тездетіп барыңыз деді-ау ана кісі».
Сонадайда тоқтап тұрған машиналарға қарап қол бұлғап, өзі ақырындап өрлеп жүре берді. «Шелектен осы араға дейін алдындағы жылқыны басқа жаққа мойнын бұрғызбай айдап әкелген Кер айғыр енді бағытын өзгертуі әсте мүмкін емес. Тек қана артынан тездетіп жету керек. Ол үшін анау көрінген су ескен арданың қасына тоқтап, болдыруға айналған Тор айғырды машинаның үстіне шығарып алайық. Сонда жүрісіміз өндіп, жылдамырақ жетерміз» деген шешімге келді.

***

Өтеген Кепебұлақ ауылынан бір-екі шақырмдай төмендегі осы сайдың суынан батысқа қарата бұра тартылған тоған батыс жақтағы Құрөзекке қарай асып барып құйылатын жердегі дөңесте – Күркіременің желкесіндегі биік төбенің үстінде шынтақтап жатқан. Құрөзекке тастақ жырамен салдыр-гүлдір етіп ағып түскен бір арық судың үстіңгі жиегіндегі колхоздан қалған қой төлдететін соқпа қора мен есік-терезесінен түк жоқ екі бөлмелі там үй аңғай-даңғай боп қаңырап бос тұр.
Өтеген қарсы алдындағы сонау көз ұшында шуатылған ақ жіптей болып ағараңдап көрінген Іле өзеніне дейінгі Қарадаланың кең жазығына әлсін-әлі көз тастап қарап қояды. «Келіп қалатын уақыты болды», — дейді өзіне-өзі күбірлеп. – Келмей қалмаса не қылсын. Бекер-ақ жер түбіне апарып тастаған екем. Осы бір ұрлық дегенге неге сонша құнықтым?! Екі ортада шөп-шалам мен отын-суымның қиындығынан шығаратын жалғыз көлігімнен айырылып қалмасам не қылсын. Осыдан аман-есен келер болса, қайтып ешқайда жібермеспін. Әкем «Ұрлық, ұрлықтың түбі-қорлық» десе, жүре тыңдап, құлаққа қыстыра қоймаушы едім. О кісілер де бәрін бастап кешіріп, көзбен көріп, көңілмен түйіп барып айтады екен ғой. Әне, көрмейсің бе, әнеугүні өзім ер-тоқымды арқалап Шелектен қайтқанда жолшыбай ала кеткен жеңіл машина иесінің айтқанын… Нарынқол ауданының Киров дейтін ауылынанмын деді тұратын жерін білдіріп. «Абайламай сөйлеген ауырмай өледі». Жантайдың атын атап нем бар еді десеңші. «Жантайды білесің бе?» деппін. Сол сол-ақ екен, әлгі жігіттің қабағы тұнжырап біраз отырды да: «Ол кіміңіз еді?» дегені. Сұрарымды сұрап алып, енді қайда шегінем, «танысым еді» дедім. «Ендеше ол танысыңыз менің немере ағам болатын. Осыдан екі жыл бұрын, осындай күзде Алматыда оқитын студент баласын пәтерге орналастырып келем деп кеткен екен, содан қайтып оралмады. Іздемеген жеріміз жоқ. Не өлі, не тірі хабары білінбейді. Туысыңды жаман деуге аузың бармайды екен. Бірақ ағамыздың өзінің де жүрісі ала-құла еді, мал ұрлайтыны бар еді дегенім ғой. Сол ұрлығы түбіне жетіп біреудің қолынан кетті-ау деп күдіктенем. Өлді деуге қимайсың. Әй, қайдам. Жас болса, бір жерде қаңғып жүрген шығар дер едік. Мына кісі, міне, алдағы жылы қырыққа келеді. Бала-шағасы бар дегендей…»
Үн-түнсіз іштен тынып қана отырып, Көкпектен өткеннен кейінгі жол айырығынан түсіп қалдым.
— Келе жатыр! Топ жылқы! Шуап келеді! Қайран Кер айғыр!.. Мал да болса дүлдүл ғой, шіркін! О ғажап! Өзі алдына түсіп алып, өзгелерін серке тәрізді бастап келеді. Артындағы – әнеугүнгі өзім көрген торы ала байтал. Одан кейінгі бурыл бие, бурыл құлын, бурыл тай… міне, керемет! Бұдан қалай бас тартам?! – Өтеген жападан-жалғыз отырып қалай дауыстап жібергенін де аңғармай қалды.
-«Анау көрінген машина ма?.. Екеу ғой. Алдындағы жеңіл машина соңындағы – дәуде болса КамАЗ-ау. Тіркемелерінің жан-жағын әдейі мал тиеп алып жүруге арнап тақтаймен биіктеп жасапты. Бұл не сұмдығы?!»
Өтеген кеудесін көтеріңкіреп отырды.
Кер айғыр бастаған топ жылқы Күркіременің ағын суына келіп бас қойды. Артынан жақындап келген екі машина сол төменірекке – ұзындығы аттың шашасынан ғана келетін жоңышқалы жазыққа тоқтап, екеуінен еңгезердей-еңгезердей бес бірдей кісі шықты. Жылқыға қарап жарқын-жарқын күлісіп, қолдарын сермей абың-күбің сөйлесіп кетті. Соның ізінше КамАЗ-ды оталдырып, бір жақ қапталын беткейге тақап апарып тоқтатты. Екі-үшеуі жабылып тіркеменің жалпақ жақтауын ашып, тепсең қырға сүйеп жатқызды. «Малды машинаға жүргізіп шығаратын көпір дайын болды» деп ойлады Өтеген. Әлгілердің біреуі әзір болған көпірмен жүріп алапандай тіркемеге еніп кетіп, үстінде ер-тоқымы бар торы атты жетелеп түсті. «Ойбай, мынау әнеугүнгі менің айғырым зеңдіріп қуған бақа бас Торы айғыр ғой. Сол, дәл соның өзі! Мына жүргендер басқа емес, тура мал иесі болып шықты-ау сонда! Ойпырмай, бұлар да сұмдық екен?! Қалай тауып келіп жүр, ә!.. Ей, мұндайда сауысқандай сақтық керек. Масқара болғанда, бұлар полициямен байланысты болмасын де. Кер айғырдың артындағы мына мені қолға түсірейік деп, соңынан қарай-қарай әдейі ілесіп келе жатса ше?!..» Оқ бойы жоғарыдағы төбенің үстінде бұқпантайлап отырған Өтеген осылай деп ойлап, бойын төмен түсіре, төмендегілерге етпеттей жатып қарады.
Кер айғыр бастап, басқалары соңына ерген топты мал есігі ашық тұрған қораға шуап барып кіріп жатыр. «Жануар, бір жаңылып қоймайды-ау! Өткенде еңістеп жүргенімде бір дорба тұз ала келіп, қораның ішіндегі ағаш науаға салып, «осында айналып соқсын» деген амалмен біраз жалатып аттанғаным жадыңнан шықпапты-ау, есті жануарым. Әне, шөлі қанған соң ашырқанып, тұз жаламақ боп қораға кірді. Мен не деп тантып барамын, ойбай! Екі ортада Кер айғырды ұстап беріппін ғой, әуелі. Қақпанды өзі барып басты деген осы. Тұзаққа өзі барып түсті деген осы. Мал-әсте адам емес. Кер айғыр адам болса, мына екі машина, анау қарбаласқан төрт-бес адам қайдан топ ете түсті, не пиғылмен жүрген жандар деп ойлап, өзі қылмысты болған соң, мынадай кірген із бар, шыққан із жоқ бітеу қораға, әсте де аяқ баспас еді. Әй, мал?! Малмысың деген осы, ә».
Машинананың қасындағылар арқан-жіптерін ала салып, аттысы атпен, жаяуы жаяу қораға қарай лап қойды. Жаяулары қораның аңқиып ашық жатқан жадағай есігіне ие болды да, торы айғырдың үстіндегі сары шал басқа есік-тесігі жоқ па деп, ескі қораны айналып келіп аттан түсті. Шал қанжығасындағы ат дорбаны шешіп алып, ішке еніп кетті. Оған жастауларының екеуі ілесіп, екеуі есікте тұратын боп қалды.
Көп кешікпей-ақ іштегі екі жігіт екі құлынды биені жетектеп шығып, машинаға қарай алып кетті. Бұл кезде күздің жылуы әлсіреген бозамық күні батар жеріне елеусіз ғана шөгіп бара жатқан. Өтеген «мыналардың жылқысы негізінен қолда бағылған болса керек, тарпаңдығы жоқ жуас малдар екен. Биелер сауылып жүрген болуы да ықтимал. Өйткені құлындары осқырынып бетімен қашпай, әне, монтиып енелеріне ілесіп барады» деп ойлады.
Екі жігіт қайтып келіп, тағы бір құлынды бие мен екі тайды жетектеп әкетті.
Едәуір биіктегі Өтеген қораға кіріп бара жатқан жылқыны әрі санап, әрі жасы мен жынысына қарай жіктеп қойғаны бойынша «Онда екі байтал, бір тай және Кер айғыр ғана қалды», — деді ішінен сөйлеп. Ол Кер айғырды қиып та кете алмай, не оны құтқарып қалудың амалын да таба алмай ширыға түсуде. Ішкі мазасыздыққа сырттан соққан кешкі ызғар қосылып, денесіне діріл кіре бастағандай. Жоғарыдағы Үкілітас жаққа көз жіберіп, сай-саланың қарауытып, біртін-біртін түнге бой ұсынып бара жатқанын байқады. «Құдай қолдап Кер айғыр осы жолы құтылып кетер болса, оллаһи-біллаһи, оны енді қайтып бұл қылмысқа жұмсамаспын» деп, өзіне-өзі серт бергендей де болды.
Қалған төрт жылқы да ұсталып, төртеуін төрт жігіт жетектеп жүрді де, сары шал сыртта байлаулы тұрған Торы айғырын мініп, бәрі бірге машиналарына қарай беттеді. Айналаны қою қараңғылық тұмшалай түсіп, ескі қора тіршілік атаулыны жұтып жіберетіндей үңірейген үрейлі мекенге айналып қала берді. Орнынан қарғып тұрған Өтеген қыраттың үстімен төмен басылыңқырай жүгіріп, машиналар тұрған ояңның қыр-желкеіне барып тоқтады. Ондағылармен екі аралық елу метрдей-ақ десе де болатын.
— Машинаға алдымен ұры айғырды шығарайық, — деді даусы гүр-гүр еткен біреуі.
— Өй, олай етпеңдер. Егер менің тілімді алсаңдар, өз малымызды тиеп алып, «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген бар еді, осы пәлені тастап-ақ кетсеңдерші.
— Старик, такое предложение не принимается. Қызықсыз! Бұл жеребец біздің жылқыны ұрлап бәрімізді бірдей мучит етеді. Ал сіз оны жібере салайық дейсіз. Это не справедливо. Надо его наказать. Ең дұрысы – оны ауылға апарып сойып алу керек. Даже бұл айғырды алып кетіп бара жатқанымызды дәл қазір иесі көріп тұрса да, оны бізден даулай алмайды.
-Ей,балдырлай бермей, тездетші, түн боп кетті.
— О, мұныңыз дұрыс. А ну-ка, вор-жеребец, давай вперед! Ну-ну!
Күрт етіп опырыла сынған ағаштың дыбысы естілді.
-Өй, ұста! Айрылма! Мықтап ұста!
-Ойбай, не қарап тұрсыңдар, арқаннан ұстай берсеңдерші!..
Қараңғыда анық көріп тұрмаса да, тастақ жерді тасырлата шауып жөнелген жылқы Кер айғыр екеніне Өтеген шүбәсіз сеніп «Уһ?!» — деді көкірегі сөгіліп кете жаздап.
Жүрегі атша тулап тұрған ол шынымен-ақ ойша толғанып кетті: «Әке, тіршілігіңде қадіріңе жетпеген екем. Көз алдыңда ұрлықты қоям деген сөз аузымнан шықса да, берген уәдемде опасыздық жасап, сені де, сені жаратқан Жаратушыны да алдап келген екенмін. Өзімше қуланып, азғана ақылымның өзін оң іске жұмсамай, бейкүнә мақұлық – Кер айғырды ұрлыққа үйретіп, күнәға белшеден батқан екенмін. Әке, «пейіліңді тазартсаң, Алла қашан да кешірімшіл» деуші едің. Міне, бүгін түн жамылып отырып, пейілімді тазартпаққа ниет еттім. Сіз бұған не сенерсіз, не сенбессіз. Ал бұған өзім сендім!..»
Өтеген үйіне әрі шаршап, әрі тыңайып қайтқан сыңайлы.

w8Соңы. 2006 жыл.
Жұмабай Қожақынұлы «Күреңжорға» кітабынан

1 comment

  1. Қабиден Қуанышбай 8 Қыркүйек, 2014 at 11:16 Ответить

    жылқы малының естілігі жайлы көп әңгіме естіп те оқып та жүрміз. ал мынау менің есімнен еш кетпес бір әңгіме болды. Ержан аға, құнды деркті материалдар күтем әлі де сайтыңыздан!

Добавить комментарий для Қабиден Қуанышбай Отменить ответ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!