Бауыржан СИСЕНОВ. 27 рет жүлде алған Майдан Құла

11686

Қашанда, бала күнінен ат жалын тартып мінген халқымыз үшін шашасына шаң жұқтырмаған жүйрік жылқылардың жөні бөлек. Олай дейтініміз, бабалар өмірінде алдына ат салмаған жалғыз ғана жүйрік жылқы бүкіл бір елдің абыройын асқақтатып, мерейін өсіргені тарихтан мәлім. Сондай бір елдің беделін биіктетіп, жұлдыздай аққан жүйріктігімен бәйге алдын бермеген жылқылардың бірі – Майдан құла. Бұл Қызылқоға өңірінің (Атырау облысына қарасты) «Құлагері» атанып, аты аңызға айналған арғымақ деседі көпті көрген қариялар. Ендеше, оның «Майдан құла» атануының сыры неде? Халықтың ауызынан түспей айтылып жүрерліктей қандай қасиеттері болған?

Шежіреші қарттардың әңгімелеріне сүйенсек, «Майдан құла» бойынан қуат кеткенше алдына ат салмаған өрен жүйрік болыпты. Оның «Майдан құла» атануы Ысық руының «Майдан» бөлімінен өрбіген азаматтарының атынан бәйгеге түсіп, сол тайпаның даңқын аспандатуынан болса керек. Ұлағатты ұстаз, өлкетанушы Орақ Күнжарықовтың Атырау облысы, Қызылқоға ауданына қарасты Сағыз ауылының тұрғыны, марқұм Атшыбай Зейнетұлы Махановтан көзі тірісінде жазып алған деректеріне көз жүгіртсек, бірде Адай руының Тіней бөлімі, Есенбай тармағынан тарайтын Балапан деген азамат (Ол әлгінде айтқан Ысық руының Майдан бөлімінен тарайтын Сәрсенбайға күйеубала болып келеді – Б.С.) барымталап жүріп, түрікпеннің текежәуміт жирен қасқа дөнен арғымағын қолға түсіреді. Әйтсе де, Қайнар өзенінен өткенде әлгі арғымақ жүре алмай, күз мезгілінде жоғарыда айтқан қайынатасы Сәрсенбайдың ауылына тастап, орнына басқа ат алып кетеді. Кетерінде қайынағаларына:
«Мына жирен қасқа түрікпеннің текежәуміт тұқымынан, жүре алмағасын амалсыз тастап отырмын. 9-10 жасқа келгенде бәйгеге қосылады, оған дейін қос жабумен жылы ұстап, көк шөппен азықтап ұстаңдар. Келесі жылы үйірге салып тұқым алыңдар!» — деп аманаттайды. Кейін жирен қасқаны Ысық руының Майдан бөлімінен өрбіген ат сыншы Жұмағазы Есмырзаұлына көрсетеді. Ол Балапанның айтқанын қостап «Бұл атты бағуларың дұрыс болған. Жаратуы қиын. Біздің жеріміздегі ұзақ қашықтыққа шабу үшін будандастырып, екінші ұрпағын тәрбиелесеңдер одан алысқа талмай шабатын тұқым аласыңдар», — деп кеңес береді.
Осы жерде айта кетейік, кейінгі ұрпаққа «Майдан құланың» шығу тарихынан дерек қалдырып кеткен Атшыбай Махановтың руы Ысық, оның Майдан бөлімінен тарайды. Аталары Махан, Зейнет, Сүйін, Оразбай, Жұмағазы, Қайролла, Дүйсенғали, бәрі де жылқы десе ішкен асын жерге қоятын жандар болған. Өзі де өмірден өткенше, төрт түлікті түлетіп, ат баптаған атбегі. Ол жаратқан жылқылардың талай рет бәйге төрінен көрінгенін көз көргендер әлі күнге дейін жыр қылып айтады. Демек, оның аталарының абыройын асқақтатқан «Майдан құла» туралы сыр шертуі тегін емес. Енді Майдан құланың тарихына қайта оралайық.
Жоғарыда айтқан, Ысық руының Майдан бөлімінен тарайтын азаматтар 7-8 биені іріктеп, түрікпеннің текежәуміт жирен қасқа дөнен айғырды үйірге салады. Соның нәтижесінде, Оразбайдың нысаналы көк қасқа биесінен торы еркек құлын, Маханның биесінен ақсары ұрғашы құлын туады. Сол құлындардың ішінен 5-6 жасында бәйгеге қосылып, үлкен аста алдына ат салмаған торы болыпты. Содан оны баптап, сұрыпталған он шақты биемен будандастырады. Осыдан келіп Бегенияз байдың (Ол да Ысық руының Майдан бөлімінің ұрпағы – Б.С.) баласы Қайролланың бір биесінен құлан тектес еркек құла құлын туады. Құла құлынның жауырынан, жалынан төмен қарай қара жолақтары болған. Құланың атасы торыны болашығынан зор үміт күтіп, Адай руы, Тіней бөлімінің ұрпағы Талпақ бай қояр да қоймай алып кетеді.
1928 жылы байларды кәмпескілеген уақытта, Ысық руының Майдан бөліміндегі ұрпақтар екі жүйрік құланы сақтап қалу үшін Адай руының Шоңай бөлімінен тарайтын Қаженге тұрмысқа шыққан Айман атты қызына еншіге беріп жібереді. Қажен «Ақшелек-Буракөл» колхозында еңбек еткендіктен сол колхоздың жылқысына, кейін уақ колхоздар іріленгенде – 1958-1959 жылдары Ақкиіз-Шоқат колхозының жылқысына қосылады. Бертін келе малды асылдандыру ұмыт болып, Құланың тұқымдарының бірте-бірте жойылып кеткені белгілі болып отыр.
Ал, ұлағатты ұстаз Орақ Күнжарықов Майдан құланың енді бір тұқымы Шеркеш руының Қосым бөлімінен тарайтын Іскендір Қоқабаевтың қолында қалай болғандығын былайша баяндайды:
«Қоқабай деген қарт ескі Қызылқоғада болған. Оның үлкен ұлы Іскендір ұзақ жыл Қаратөбе (Батыс Қазақстан облысына қарасты), Қызылқоға ауданында басқарма болып қызмет атқарған. Іскендірдің інісі Хами Қоқабаев Ұлы Отан соғысының ардагері, Қызылқоға ауданының сотында ұзақ жыл сот орындаушысы, байланыс бөлімшесінде жұмыс істеген. Ол кісінің айтуынша, әкесі Қоқабай 1930 жылы Аяпберген мектебі (Қызылқоға ауданына қарасты) тұрған жерде дүкенші болған. Сол кездегі Кеңес үкіметінің солақай саясатынан Адай руының бір ауылы түгел ығысып көшкенде, Қоқабай дүкеніне келіп, бірнеше күн аялдап қонып, демалса керек. Көшкен ауыл ет асу үшін қазан, басқа да ыдыс-аяқтарды сатып алады да кетер кезде жұртына тастап кетеді. Дүкенші Қоқабай қарт жұртта қалған қазан-аяқтарды жинап алып, дүкенге қояды. Сөйтіп, ойламаған жерден көп ақша түсіреді. Қоқабайдың үлкен ұлы Іскендір осы табысты пайдаланып, Қайролланың (әлгінде айтқан Ысық руы, Майдан бөлімінің ұрпағы Бегенияз байдың баласы – Б.С.) баласы Дүйсенғалидан Майдан Құланы көп ақшаға сатып алады. Атты Іскендір баптап ұстап, 1930 жылғы қарашада Қызылқоға өңіріндегі үлкен аламан бәйгеге қосып, бірінші орынды ұтып алады. Бұдан кейін Қоқабай қарт тұрмыс жағдайына байланысты, балаларымен Жылыой ауданына көшіп, онда да аталмыш жүйрік екі рет үлкен бәйгеде бірінші келеді.
Іскендір ағамыз ірі денелі, қабағы қалың, батыл, сауатты адам болыпты. Сол кезде Жылыой ауданында ақша салып карта ойнау әдетке айналған кез еді. Іскендір де жүйрік Майдан Құланың желіменен картаның соңына түсіп, небір қиын шақтарды басынан өткізген. Ол 1932 жылы қарттарын, бала-шағасын Доссор кентіне (Атырау облысы, Мақат ауданына қарасты) көшіріп жібереді де, өзі Жылыой ауданына қарайтын Қамыскөлде атақты карта ойыншылармен кездесіп, 2 күн ойнап, үшінші күнге аяқ басқанда көп ақша ұтады. Қасындағы Есмұқан деген інісіне «Басқаларға білдірмей сыртқа шыққан болып Майдан Құланы есік алдына даярла» — дейді. Содан екеуі үйден шығады да Құлаға мінгесе салып қашады. Қуғыншыларға Құла жеткізе ме, ақыры Доссор кентіндегі үйіне келеді. Қоқабай қарт баласының теріс жолға түсіп, қауіп-қатерде жүргенін байқап, баласын шақырып алып, адамды аздыратын, құмар ойын – картаны мүлде тастауын өтінеді. Іскендір енді карта ойнамаймын деп әкесіне ант береді де, көп ұзамай Майдан Құланы 1 түйе, 2 сиыр, бірнеше қойға сатып, өздері Қаратөбеге (Батыс Қазақстан облысына қарасты) көшіп кеткен екен.»
Өмірінің жарты ғасырдан астам уақытын бала тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қызылқоға ауданындағы сапары кезінде бата берген Жұмабай Дүзелбаевтың жазып қалдырып кеткен жазбаларына көз жүгіртсек, «Майдан Құла» деген атқа ие болған Құла айғыр өмірінде 27 рет бәйгеге шауып, 20-сында бірінші бәйге, 4 рет екінші бәйге, 3 рет үшінші бәйге алыпты.
— Құла айғыр 1915-1931 жылдар аралығында даңқы шығып, Орал, Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау өңіріне аты жайылған жүйрік. 1931 жылы шабысты қойған. Сол кезде мен «Алғабас» колхозында есепші болып жасайтынмын. 2-3 рет міндім. Оның өзге жылқыларда бола бермейтін мынадай белгілері бар еді:
Көшелі, тұрқы биік, артқы тілерсектері алшақ, сіңірлі, толарсақтары төңкерген табақтай, мойыны салақұлаш, кең сауырлы, бөктеріншегі (сегіз көздігі) дөңес, омырауы есіктей, көзі баданадай, ауыз омыртқысына қолың жетпейді. Жал құйрығы қалың, салпы ерін, жұдырық сыйып кеткендей танауы кең, шынтағы шығыңқы. Денесі жеп-жеңіл емес, ауыр. Аяң жүрісі жоқ, желдір емес, қаттырақ жүргің келіп тебініп қалсаң қасқыр шоқыраққа басады. Сырт көзге оны шабатын жылқы деу қиын еді. Жаратуы, терін алуы, баптауы да оңай болмайтын. Шамалы шабысқа тер бермейтін. Ескі тезегін түсіріп болмайтын. Бірде Қайролла ағай «Күйіне әбден түсірдім-ау» деп Жұмағазыға (біз жоғарыда айтып өткен Ысық руының Майдан бөлімінен өрбіген атақты ат сыншы) апарған. Ол бір көріп «Әлі ескі тезегін түсіріп болмаған екен. Ішінде әлі 2-3 қатқан тезек бар. Анау төбеге дейін шоқытып барып, кейін қайтарыңда қысыңқырап шауып келші, сонда тастамас па екен» деп бәйге балаға бұйырады. Бәйгеге шабатын менімен құрдас Жақсығали жоғары да аты аталған Бегенияз байдың кіші баласы. Бала айтқанды тыңдап, шоқытып кетеді. Жұмағазылар он шақты қарт төбенің басынан қарап, күтіп тұрады. Айтқанындай, бала құйғытып шауып келіп деңгейден өте бергенде 2-3 құмалақты атып жіберген. Аттың бабын бір кісідей білетін Қайролла «Әй, Жұмағазы-ай, Жұмағазы» деп екі-үш рет айқайлап жібереді. Соңғы кезде Жұмағазы бір ұсқынсыздау Тор шолақ атты өзі жаратып, бұдан оздырып кетеді. Содан ағайын арасында азғантай алакөздік болып, Қайролла құла айғырды бұған көрсетпей бәйгеге өзі қосып жүрді. Бірақ, көбіне екінші, үшінші бәйге алып жүрді. – дейді Жұмабай Дүзелбаев қария өзі жазып қалдырып кеткен қолжазбасында. Айта кеткен жөн, Жұмабай Дүзелбаевтың жазып қалдырған мұрасын зейнеткер Оржан Қазиев аталмыш азаматтың баласы Өтеген Аққайнаровтан алып, аудандық «Қызылқоға» газетіне (13 қыркүйек 2012 жылғы санында) жариялады.
Жалпы, қай жүйрік аттың болмасын бабын келтіріп, бағын ашатын атбегілер болады. Кез-келген адам атбегі деген атқа лайық бола бермейді. Ондай атақты аттың сырын жазбай танитын азаматтар ғана иеленеді. Сондай даңқты атсейістердің көш басында Жұмағазы тұрғаны шындық. Өйткені, Қызылқоға өңірінде одан асқан атбегі болмаған. Керек десеңіз, «Майдан құланың» әрдайым бәйгеден бірінші келуіне үлкен септігін тигізген айтулы ат сыншысы. Ол туралы аудан, облыс, республикаға белгілі атбегі Боза Қабиев былайша әңгімелейді.
«Бала күнімнен ат жалын тартып өскен өз басым осы күнге дейін талай атбегілерді жолықтырдым. Солардың арасында жаныма жақын жүрген Мұқан Мусиев деген жездеміз болатын. Бірде ол маған Қайролла байдың «Майдан құла» деген атын жаратқан Жұмағазы деген атсейіс туралы айтып берген еді.
Кезінде Мұқан жездеміз сол аттың шабандозы болған. Оның түсіндіруінше, Жұмағазы Есмырзаұлы «Майдан Құланы» ащы терін алып жаратып, бәйгеден талай рет бірінші келтірген. Алайда, көре алмаушылықтан ба, әлде басқалай себептері ме? Халық арасында« Қайролла бай: «Жұмағазы ат жарата алмайды. Майдан Құла туғаннан жүйрік» деп уәж айтып отыр» деген қауесет тарайды. Бұл Жұмағазының да құлағына тиеді. Содан ол бір күні ат иесі Қайролланың алдына барып:
— Құла айғырды бес саусақтай білемін. Оның жеті мүшесінде жеті албасты бар. Мен сонымен сөйлесетін едім. Әйтсе де, Сіз «Жұмағазы ат жарата алмайды» деген үстемшілік сөз айтыпсыз. Сондықтан, енді мен Майдан Құланы жаратпаймын. Бірақ, Сізге атбегілігімді дәлелдеу үшін өзімнің сиыр бағуға мініп жүрген Тор шолақ атымды жаратып, бәйгеге қосамын. Құла айғырдан оздырамын. Ол бәйгеден келеді. Алайда, мәреден өтіп, 9 қадам өткесін өледі.- дейді.
Айтқандай, жаңағыТор шолақ ат бәйгеден келеді де, 9 қадам өткесін өледі. Ал, одан соң Қайролла бай Майдан Құланы әрі әурелейді, бері әурелейді, ақыры, бәйгеден келтіре алмайды. Жұмағазы атбегі «Жеті мүшесіндегі жеті албастысы кетіп қалды» деп жаратудан бас тартады. Сөйтіп жүргенде, 1932 жылдары байларды кәмпескілеген уақытта алдына ат салмай, Ысық руы Майдан бөлімінің атағын шығарған Құла айғырда шабысты қойып, жоқ болып кетеді.»
Ұрпақтарының айтуынша, атбегі Жұмағазы Есмырзаұлы 1868 жылы туып, 1931 жылы 63 жасында Мақат кентінде кенеттен қайтыс болыпты. 1926 жылы болған аламан бәйгеде Жұмағазы атбегі өзінің бес жастағы Сарқұл есімді жалғыз ұлын Майдан Құлаға құламасын деп байлап отырғызып, бәйгеге қосқан көрінеді. Тіпті, Жұмағазы Есмырзаұлының қайтыс болғанына 40 күн толғанда Майдан Құла бейітінің басына келіп, үш рет айнала шауып, белгісіз бағытқа қарай жорта жөнелген.
— Атамыздың атбегілігі туралы талай естіп өстік. Оның шежірелік түзілімі Ысық руының Майдан бөлімі. Одан Ақкөбе, Ақкөбеден Есмырза, Есмырзадан Жұмағазы болып келеді. Мен Жұмағазының жалғыз баласы Сарқұлдың ұлымын. Әкем Сарқұлдың қарындасы Зияда апамыздың айтуынша, 1932 жылы Майдан құланы орыс-казактардан тығып қойып, Тайсойған жерінде шідерлеп қойған жерінен қасқыр жеп кетіпті. Сөйтіп, атақты Майдан құланың өмірі осылай аяқталыпты. Бірақ, сол жүйріктің Тайсойған құмында бірнеше тұқымы қалыпты – дейді атбегі Жұмағазының немересі Нұрлан Сарқұлұлы.
«Атырау арғымақтары» («Арыс» баспасы, Алматы, 2002 жыл) кітабындағы Оңдасын Ағыраповтың «Дүлдүлді сипау арқылы анықтаған» атты мақаласында Майдан Құланың тұқымының ішінде сұр ат 25 жасқа жеткенше жарысқа қатынасып, бәйге алдын бермегені, оның бабын келтіруге Дүйсенғали Шумақұлының көп жұмыстанғаны айтылады.
Әлгінде айтқан атбегі Боза Қабиевтің әңгімелеуінше, Тайсойғанның маңында Майдан Құладан бірнеше тұқым қалыпты. Соның бір Құла құлынды Нұрғали деген азамат сатып алады да, 1949 жылы аталмыш азаматтың дәрігер болып жасайтын Сұлтанғали есімді баласы жаратып, бірнеше рет бәйгеден бас жүлдені жеңіп алған. Ал 1971 жылы Мұқыр ауылында тұратын Бағыт және Меңдіғали деген кісілер Майдан Құланың тағы бір тұқымы Құла айғырды баптап Доссор кентінде (Атырау облысы, Мақат ауданына қарасты) болған ат жарыста бірінші келтірген. Негізі Құла төбел, Құла қасқа, Кер төбел сынды Майдан Құланың балалары жүйрік болған деседі әңгімешіл қарттар. Бірде, Маңғыстаудың адайлары Майдан Құладан оздыру үшін Түрікпен жағынан екі ат әкеліп, бәйгеге қосады. Жүйрік жылқы ол екеуінде шаң қаптырып кетеді. Амалы құрыған адайлар 200 қой, 1 боталы нар, бәйбішеге сақина, бір нарға қалы кілем жауып сатып алайық деп ұсыныс жасайды. Бірақ, ат иесі Қайроллаға ауылдастары сатқызбайды. Құла айғырдан тұқым алуды көздеген қызығушылар үйірін аңдып, түнделетіп келіп биелерін қосса, Құла айғыр алмайды. Әбден амалы таусылған Адай руының Шоңай, Құнанорыс бөлімдерінің азаматтары Ысық руының Майдан бөлімімен құдандалы болуды ойлап, Айман (Адай руының Шоңай бөліміне), Ләззат (Адай руының Құнанорыс бөліміне) атты қыздарына құда түседі. Сөйтіп, «Айғырды неден салсаң, Атты содан мінерсің» деген қағиданы ұстанған Адай руының азаматтары Ысық руынан Адай руына ұзатылған Айманды төркіндетіп «Басқа мал алма, құла айғырдың бел баласы «Құла төбел» дөнен бар, қалайда соны ал» деп тапсырады. Тапсырма орындалады.
Міне, аты аңызға айналып, адам жанына серік бола білген жүйрік жылқы Майдан Құла туралы шежіреші қарттар осылай деп сыр шертеді. Бұл түн ұйқысын төрт бөліп, атпен бірге тұрып, бірге өрген қазақ халқы үшін үлкен мақтаныш. Олай болса, алдына ат салмаған Майдан Құладай арғымақ аттар бүгінде еліміздің даңқын шығарып, бәйгелерде самғай берсе игі.

bauyrzhan_sisenovБауыржан Сисенов, qasym.kz

(Сурет ғаламтордан алынды)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.