Павлодарда биелер жаппай құлын тастап жатыр

6945

Өткен аптада Екібастұз аумағындағы Ақкөл-Жайылма атырабына барып қайттық. Аты мәшһүр атыраптың тұрғындары алаңдаулы. Айтуларынша, биелер құлын тастап жатыр. Анау-мынау емес он-он бес жасар сақа биелерден шығып жатыр мұндай «қылық». Жылқы малы алда болатын жаманшылықты сезгенде өз басын аман сақтап қалу үшін жаппай құлын тастайды дегенді естіген едік. Жұт болмағай дестік іштен…
2012 жылдың қысы павлодарлық көпшіліктің есінде болар. Қараша айында-ақ төрт түлік мал қораға тұрып, шаруалардың қысқыға деп дайындаған шөптері ақпан тумай таусылып, тебіндегі Қамбар ата тұқымы жаппай қырылып, елдің еңсесі түсіп еді. Шығынға батырған ол қысты шаруалар әлі ұмытқан жоқ. Ал сол жылы дәл осы Ақкөл-Жайылма атырабының адамдары жүздеген жылқысынан айырылған-ды. Тіпті, жол жиегінде тырапай асып жатқан қыл құйрықтыларды өз көзімізбен де көрген едік. Елді мекендегілер 2012 жылғы жұт осылай басталғанын айтады. Сонда амалы құрыған тұрғындардың облыс әкімдігінен көмек сұрағаны да есімізде. Ал биліктегілер «Қысқа тиянақты дайындалу керек еді» деп шаруалардың өзін кінәлап, «Облыста жұт жоқ!» деп жар салғаны да жадымызда. Қалай десек те, сол қыста қыруар жылқы қырылды. Шаруалар шығынға батты. Бұл өз кезегінде облыстағы жылқы басының төмендеуіне әсер еткені даусыз. Біздің айтпағымыз, айдың-күннің аманында мұндай апатқа жол бермеген дұрыс. Асылы, сақ болған жөн. Аузы күйген үрлеп ішеді емес пе?!
Ақкөл-Жайылма атырабының тұрғындары биелердің бұлайша «бүлінуіне» күніне қырық құбылатын ауа райы әсер етуі де мүмкін дейді. Яғни, біресе суып, біресе жылитын күн райы да Қамбар ата тұқымын титықтатып жібереді екен. Бұл уәжге келісуге болады, әрине. Десек те, қандай жағдайға болмасын әзір болған дұрыс.
Үстіндегі адам ерден ауса, жалын төсейтін жылқының бұл «қылығы» жұртшылыққа алдағы жамандықты сездіргені болмасын. Жақсылық болғай, әйтеуір.

1795813_651260411588872_371096466_oФархат ӘМІРЕ,
Павлодар облысы.

1 comment

  1. Муса Есов 24 Ақпан, 2015 at 21:41 Ответить

    Жұт боларын жылқылар сезеді 2012 жылы Маңғыстауда 1500 ге жуық жықы қырылып қалған. Сондықтан құлын тастаса олар бір пәленің боларын сезеді. Жылқы қасиетті мал ғой. Маңғыстауда қысқа шөп қоры аз оның үстіне қазіргі кезде тек қана жекеменшіктерде ғана жылы бар ал үкіметте ондай мал басы кеткелі қанша. Сондықтан үкімет совхоз немесе колхоз сияқты мекмелер ашып ауыл шаруашылығын қолға алуы керек.

Добавить комментарий для Муса Есов Отменить ответ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!