Жанар СҮЙІНДІКҚЫЗЫ: Қазақстанда иппотерапия мамандығын даярлайтын ЖОО жоқ

6441

Жылқы туралы айтқанда ең әуелі оның қазы-қартасы мен қымызы еске түседі. Қарыны тоқ, қайғысы жоқ қазақ үшін жылқының қызығы осы екеуі ғана секілді болып елестейтіні де өтірік емес. Әйтпесе қаны да, жаны да жылқыдан ажырамас қазақ үшін осы бір қылқұйрықтының пайдасы шаш-етектен екенін ешкім де жоққа шығармасы анық. «Тебінгісі терге шіріп, терлігі майдай еріп» өткен кешегі бабаларымыздың тұсында жылқының емдік қасиетін саралай талдап, сараптай айтып кеткені белгілі. Безгек болған адамды жаңа сойылған жылқы терісіне орау, айналшық тиген қойдың таңдайына жылқының ту құйрығының бір тал қылын жүгірту, босана алмай жатқан әйелдің үстінен ат секірту, т.б. қатарлы толып жатан сыртқы емдік қасиетін былай қойғанда жылқының майының өзі талай ауруға ем, талай дертке шипа екені айтпаса да түсінікті.

Ал енді бүгінгі біздің сөз еткелі отырған жылқының дене қызуы арқылы, жүрісі арқылы, энергиясы арқылы емдеу жайына келер болсақ, бұның өзі тұнып жатқан бір ғылым. Мұны медицинада «иппотерапия» деп атайды. Қазіргі уақытта иппотерапияны қабылдаушылар саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Өкініштісі сол, елімізде осы бір қолда бар мүмкіндікті тиімді пайдалана алмай келеміз. Олай дейтініміз еліміз көлемінде саусақпен санарлық қана иппотерапия орталықтары бар екен. Алматыда, Өскемен мен Қостанайда және Шымкент қаласында. Біз бүгін осы Шымкенттегі иппотерапия орталығының маманымен әңгімелесіп көрген едік, соны назарларыңызға ұсынайық.

Ұлттық спорт мектебінде әдіскер болып қызмет атқаратын Жанар Алсаеваның айтуына қарағанда иппотерапиясымен емделгісі келетіндер көп, алайда маман жетіспейді.

«Ұлттық спорт мектебінде қызмет атқаратындықтан, әуелі бізге ата-аналардан ұсыныс түсті. Одан кейін осы Шымкент қаласындағы мүгедек балаларға арналған оқыту-сауықтыру орталықтарынан ұсыныс келді. Соның негізінде мектеп директоры Ғани Ахметбаев мектеп жұмысынан тыс уақытта балаларды атқа мінгізуге, серуендетуге мүмкіндік жасады. Алайда бізде арнайы маман жоқ» — дейді Жанар Сүйіндікқызы.

Ипполог дәрігерлерді, бала атпен жүрген кезде қасында болып, сүйемелдейтін көмекшілерді біздің елде дайындайтын оқу орны жоқ. Ал Шымкенттегі орталықта Ұлттық спорт мектебінің қызметкерлері жұмыстан тыс уақытта, түскі үзіліс кезінде айналысуға мәжбүр.

«Атқа мініп жүру, серуендеу бір басқа да, оны емдеу, арнайы дәрілік сеанс ретінде қабылдау мүлде бөлек. Біздің мектепте жаттықтырушылар, ат баптайтын мамандар бар. Бірақ олар иппотерапия маманы емес қой. Әрі аттар да иппологияға арналмаған, спорттық аттар. Күні бойы спорттық жаттығуға қатысқан аттарды сырқат балаларға мінгізу де обал. Олар да шаршайды. Әрі біздегі аттардың барлығы асыл тұқымды жылқылар. Ал иппотерапия үшін қарапайым жылқылар да жарай береді» — деген Жанар Алсаеваның айтуынша мұнда мамандармен қатар жуас аттар да жетіспейді.

«Кейде қала тұрғындары өздерінің аттарын бірнеше күнге, уақытша біздің қарамағымызға береді. Соларды пайдаланамыз. Және өзіміздің жарыстарға, спорттық ойындарға жарамсыз болып қалған аттарды пайдаланамыз. Онда да мектебіміздегі төменгі топтарға арналған (атты жүгендеу, ерттеу, байлау, жетелеу) аттарды да осы иппотерапия үшін пайдаланамыз» — дейді «Ұлы дала қырандары» ҚҚ-ның ОҚО бойынша төрайымы Жанар Алсаева.

Оның айтуына қарағанда мектеп жанынан жұмыс істеп тұрған бұл орталыққа келіп, иппотерапиямен емделіп жүрген балалардың саны 150-ден асады.

«Иппотерапиямен емдеу біздің жұмыс құрамымызға кірмейді. Сол себепті біраз уақыт тоқтап та қалған кездері болды. Жаңа жоғарыда айтқан Ғани Ахметбаевтың еңбегінің арқасында қазір жалғасын тауып келеді. Ол кісі бұл орталықты облысқа да ұсынып көрді. Әзірге нәтиже болмай тұр. Ал біздің қарамағымызда ұлттық спортымыздың барлық түрі бар. Төрт жылда бір рет өтетін республикалық турнирге дайындық барысы кезінде 5-6 ай иппотерапияны тоқтата тұруға тура келді. Себебі үлгере алмай қалдық» — деген ұлттық спорт түрлері мектебінің әдіскері әлі де қол ұшын созамын деген азаматтардың көмегіне зәруміз дейді.

Оның айтуына қарағанда орталыққа аттар, мамандар, дәрігерлер, ат әбзелдері керек екен.

«Біздің дәрігеріміз спортшылардың денсаулығына жауапты. Олардың жарыс алдындағы жай-күйіне, жағдайына жауап береді. Дегенмен өз бетінше ізденіп, осы иппотерапия саласында біраз тәжірибе жинақтады. Мектептегі бір ғана штатта отырған дәрігеріміз түскі үзіліс уақытында жылқымен емделуге келген балаларға қарайды, соларға көмектеседі» — дейді Жанар Сүйіндікқызы.

Ал осы орталықтың жай-жапсарымен танысып, көмек қолын созғысы келетін азаматтар жоқ деуге болады. Бірлі-жарым ата-аналар баласының денсаулығы үшін қолынан келгенін істеп берумен ғана шектеледі.

«Бұған дейін «Сендерге қандай көмек керек, не мұқтаждықтарың бар?» деп облыс көлемінде бізге ат ізін салған адамды әлі көрген емеспін. Барымызбен базар болып, жоқтан бар жасап отырмыз. Ал халықтан сұраныс көп. Бізге емделуге келетін балардың көбі сал аурумен сырқаттанған (ДЦП) балалар. Тірек-қимыл жүйесінде, ақыл-есінде шамалы ауытқушылығы бар балалар көптеп келеді» — дейді маман.

Балаларды емдеу орталығын мектеп жанында, ата-аналардың, сауықтыру орталытарының сұранысымен ғана жүргізіп отырған мектеп әкімшілігі бұл жұмыспен түбегейлі айналыса алмайды. Себебі…

«Медицинаны мойнымызға ала алмаймыз. Мектептің жарғысына да сай келмейді. Жеке функиональдық қызметімізге де иппотерапиямен түбегейлі айналысуға мүмкіндік жоқ. Бұл жерде біздің иппотерапия орталығын ашуымыздың басты себебі бізде аттар бар. Серуендеу орындары, манеждар бар, үлкен ипподромымыз бар. Соны пайдалану үшін ғана ашылған орталық қой. Ал осындай дайын базаны пайдаланып, бізге штат беріп, ат баптаушыларға жалақы төлеп, дәрігер-мамандармен толықтырып берсе, керемет қымбат бағадағы аттар емес, жуас, арзан бағадағы иппотерапияға арналған аттар алып берсе, біз жұмысымызды ары қарай да жалғастыра берер едік» — дейді Жанар Алсаева.

2010 жылдан бері жұмыс істеп кележатқан ұлттық спорт мектебінің жанындағы иппотерапия орталығының жағдайы осындай.

Бір қызығы ата-бабамыз ат үстінен түспей өткен ұлтымыздың оқу жүйесінде де, ауылшаруашылығы саласында да иппотерапия туралы ілім жоқ екен. Ат үстінде күн көрген алаш баласы бүгінгідей отырықшы дәуір келіп, ұрпақтары атпен емделуді таңсық көрерін ойламады ма екен. Әлде өздері тастақым болып, сал ауру, тірек-қимыл жүйесінің туабітті кемшілікті боларын елестете алмады ма екен, кім білсін. Дегенмен, бүгінгі күннің талабынан, ұрпақ саулығынан туған осы бір ерекше ғылымның Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығында да әлі күнге қолға алынбай келе жатқандығы қынжылтады.

mukhambediaСөзіміз дәйекті болуы үшін профессор, кардиолог дәрігер Мұхамбедия Ахметовтен Қазақстандағы иппотерапия саласы туралы сұраған едік.

«Қазақстанда қолға алынған емес. Білім саласында болсын, денсаулық саласында болсын, иппотерапияны оқыту, дамыту деген болмаған. Ресейде, Мәскеуде бар. Бірақ иппотерапияны маман екен деп, ол халыққа керек екен деп оқытып жатқан ешкімді көрген емеспін. Тіпті медициналық университеттерде иппотерапия туралы пән жоқ. Қазір бұл емдеу жүйесін тұтынатындар саны көбейіп келеді. Алдағы уақытта мемлекет тарапынан қолдау тауып жатса, қанеки!» — дейді «Астана медициналық университетінің» профессоры Мұхамбедия Ахметов.

baq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!