Данияр ДӘУКЕЙ: Бәйгені де ақша табу көзіне айналдырып үлгердік
«Жылқы ішінде жылқы көп, қазанаты бір бөлек, ел ішінде жігіт көп, азаматы бір бөлек». Қала баласы даланың тіршілігіне араласып, көшпелі қазақ халқының өмірін жаңғырту үшін ауыл шаруашылығына білек сыбана кіріскен. Қымыз ішіп, қазы-қарта жеп, салт атты жаратып мініп өскен қазақ жақсысын арғымаққа балайды емес пе. «Қазақтың байлығы жылқыда» дейді Ғабит Мүсірепов. Осыған орай көшпелі қазақ жұртының сарқытын тамсап, қазақы қарабайырларды жанына серік еткен, бірнеше кәсіптің ұршығын иірген Данияр Дәукей мырза жылқы мен қазақы төбет туралы айтса, қанаттанып кетеді.
– Данияр мырза, қазір ат баптаған азаматтар туралы аз айтылып, жазылып жүрген жоқ. «Қазақ жылқы мінезді» дейміз. Ал адамның болмысына туған жердің әсері мол болмағы мәлім.
– Туған жерім – Семей, бірақ Алматының «Мамыр» ықшамауданында өстім. Әке-шешем геолог. Геологтармен бірге бүкіл Қазақстанды аралап шықтым. Бала кезімнен Мойынқұмда, Ақтөбенің даласында жұмыс істедім. Абай атамыздың нағашылары болып келеміз. Атам ашаршылық кезеңде жұртын Қарқаралыдан Семей қаласына көшіреді. Зұлмат заман, ел босып, Алтайға қарай бет алып жатқан кезең ғой. Атам лауазымды қызметте істеген, ағалары етікші болған. Сол жерде, Семейде әкем туып өскен, кейіннен қазіргі Қаныш Сәтпаев атындағы техникалық университетінің геолог мамандығын алып шыққан. Содан осында қалған. Біз де осында ержеттік.
– Жылқы малын өсіруге, баптауға деген қызығушылық қала баласының бойында қалай, қашан пайда болды?
– Сегіз жыл Англияда оқыдым. Ағылшындар мықты халық қой. Біз де жәй халық емеспіз, қазақ жерінің алып жатқан аумағының өзіне қарап тарихымыздың тереңде екенін, ата-бабаларымыздың рухы мықты болғанын сезініп, біз де жәй халық емеспіз деп сенесің. Содан ұлттық рух ояна бастады. Өзім орысша сөйлеп өстім. Жиырма бес жасымда жылқыға қызыға бастадым. Намысым күрт оянып, қазақша сөйлеп, құр атқа міндім. Бәрі содан басталды. Бір ат сатып алдым. Шаршамайды, ақсамайды, жүрісіне көз ілеспейді. Сол атпен Түргеннің бүкіл тауларын аралап шықтым. Сол ат қарабайырдың өзім мінген алғашқы тұқымы болды. Ол кезде аңға шығатынмын, кез келген атқа мініп жүре берем. Әлгі аттың жүрісі, түр-тұрпаты ерекше болды. Ол атты ауыстыратын уақыт келді. Басқа ат таппай жүрмін, жартылай асыл тұқымды аттар аз уақытта-ақ қалжырап құлайды, көп ұзамай өледі. Ағылшын тұқымды аттар қорадан шықпайды, өзінен өзі ауырып тұрады. Ал бұрынғы мінген қарабайырым бір уыс жем жеп көрмеген. Жайылымға түнде жіберем, таңертең жайнап тұрады. Әлгі аттың тұқымы асыл екенін содан түсіндім. Тарихты зерттеп, ата-бабаларымыздың ұзақ соғыстарда бір атпен ғана жүргенін оқып таңқалдым. Қарабайырдың отқа да, суға да салсаң шыдамды екенін біліп, тұқымын көбейтуді қолға алдым. Алматы облысында кезінде мықты аттар көп болған, бірақ тоқсаныншы жылдары көбін сойып тастады. Ал Шымкент жақта қазақы салт-дәстүр жақсы сақталған. Көкпарды да солар сақтап қалды, ал көкпар аттарды сақтады. Көрші қырғыздарда жорға көп. Ауыл-ауылдың арасына жорғамен қатынап жүреді. Қазір көлік кіргеннен кейін айыр қалпақты ағайындар да атқа мінуді қойды. Оларда қазір жорға азайып барады. Темір тұлпарларға көшіп алды, жалпы мал шаруашылығынан алшақтады.
– Көкпар көкпар ғой, ал бәйгеге дайындап отырған аттарыңыз бар ма?
– Бар, бірақ оған да аттың жайын білетін, күйін білетін адам керек. Бәйгеге жүйрік жаратуға да білім керек. Ал өзгелер өзімнен сатып алған тай-құнандар ағылшын тұқымды аттарды үнемі ұтып жүр. Соңғы уақытта атқұмар жігіттердің дені ағылшын аттарын ұстайды. Мысалы, қазір аламан бәйге келісіммен өтеді. Нағыз аламан бәйге қырық екі шақырымнан басталады. Ауа райына қарай ұзартып отырады: 57, 100 шақырымға дейін кете береді. Ал күн ыстықта азайтады. Ең қысқа аламан 42 шақырым болып есептеледі. Қазір жұрт таңқалсын деп 25 шақырымды атайды, бірақ көбі 18 шақырымға ғана шауып жүр. Кейбір аттар 18 шақырымның өзін шаба алмайды. Шет елдің қымбат аттарын сатып алған ғой, ал 18 шақырым оларға өте обал. Өйткені олар ұзақтықтың емес, жылдамдықтың аттары. Ол аттар бар болғаны 12-14 шақырымды ғана еңсере алады.
– Не себептен ағылшын аттарын қысқа қашықтыққа шабуға шығарған?
– Ағылшын аттары осыдан жүздеген жыл бұрын осы қарабайыр сияқты болып жүрді. Ежелгі қарабайыр. Неге десеңіз, олар аймақ арасында шабады. Мысалы, бір үйде барлық аттар жиналады. Сол жерден сөрені белгілеп, барлығын тіз қатарлап жібереді. Атбегілер екінші жерден мәрені белгілеп, жаппай күтіп алады. Оларда қоршаулар көп қой. Аттар қоршаулардан секіріп-секіріп өтеді. Ол «стипль чез» деп аталады. Ал қазір ипподромда дәл солай секіртіп шауып жүр. Олар 10, 15 шақырым ғана шабады. Бәйгені бізден көрген, соны алып барған. Сонымен қатар олар бәс ақша тігеді. Бұл қазақ үшін намысқа тиетін кәсіп. Арам нәрсе. Олар бизнес көзі деп жүр. Ит төбелестіріп, қораз төбелестіріп, ақша тігетін ойындар. Енді аттарға тігуді насихаттап бағуда. Соның арам ақша екенін түсінбейді. Жарысты адамдар көрсін деп атшабар алаңдарын жасайды, атшабарда он бес шақырым шабады. Содан ақша тіккен адам одан сайын құнығып, шақырымды қысқартайық дейді. Бір күнде қаншама ақша тіге аламыз, қаншама жарыс өткіземіз деп келіседі. Мысалы, қазір 1,5 шақырым шабады. Бір жарым шақырымға бір күнде қырық жарыс өткізуге болады. Ал ақша тігу, жарысты қысқарту жақсы тұқымды біржола құртады. Неге? Аттардың селекциясын жақсартып, қысқа қашықтыққа арнап шығарамыз дейді. Одан аяқтары жіңішке, нәзік, денелері дәу, жүректері үлкен, әлсіз аттар шығады. Жіңішке аяқпен дәу денені ат қалай көтереді?! Ал атқа зіңгіттей жігіт мінсе, ат мүлдем құриды. Олардың сүйектері тез сынады, қазір барлық ағылшын аттарында осы түйткіл бар. Жүз жыл бұрын Англияда да мықты аттар болған. Таза қанды қарабайырлар. Тотализатор кірген жерде береке болмайды. Ол адал емес, ақшаны үстінен үстемемен алады. Сол жарысқа шапқан аттың өзі адал ат болып есептелмейді. Ал біздің «сал-серілер» сол аттарды мыңдаған доллар қаржыға арнайы сатып алып келеді. Қазақтың таза бәйгесінде ұтысқа бір көлік немесе ақша тігеді. Қазір бізде де бір ыңғайсыз жайт орын алды. Бәйгеге ат қосатын адамдар ақша төлеуге тиіс. Ол адал болмайды. Бәйгені де осылай ақша табу көзіне айналдырып үлгердік. Ақша төлеп атты бәйгеге қосу адал іс пе?! Аттар ақшасыз қосылу керек, бірінші келген бас жүлдені алады. Осымен бітті! Осы нағыз қазақы бәйге, нағыз аламан!
– Қарабайыр жылқысына ойыссақ. Бұл жылқы түрінің тарихы, шыққан тегі туралы аз айтылып жүрген жоқ, бірақ…
– Бізде жылқының атауы өте көп: сәйгүлік, тұлпар, арғымақ, қазанат, қарабайыр болып кете береді. Кітапты ашсаң, талай сағат тапжылмай отырасың. Жылқының барлығы қарабайырдан шыққан. «Қазанат» деген сөз бар қазақта. Бәйгені ұтқан, жұрт мойындаған ат – қазанат. Мысалы, қазіргі қазанаттар қайсы десеңіз біразын атай аламын. «Тұмар» Тараздың жылқысы, «Тайбурыл» Шымкенттің аты, ол жақта мұндай жылқылар көп. Оларды кез келген додаға сала береді. Бұл аттар кездейсоқ келмейді. Кез келген жарыста топ жарып жүреді. Сол секілді сәйгүліктер бөлек. Мысалы, жабы жылқы ет пен сүтке арналған. Оны кедейлер мінген. Қарабайыр бөлек шаруаның тұқымы. Бүкіл әлемдегі арғымақтардың атасы бізден шыққан. Мысалы, ағылшындар Көкшетаудағы Ботай қорығында зерттеу жүргізді. Сол жерден тұрқы 1 метр 82 см болатын аттар табылған. Сол кездің өзінде тұқым мықты, бап мықты болған. Ханның жанына атты бірге көмген. Мұндай аттар қуатты елде ғана болады. Ал біз қазір мықты тұқымдарды шет елден іздейміз. Ресейден келген, мынау Англиядан келген, Еуропадан келген, Америкадан келген деп мақтанамыз. Олардың түп төркінінің бәрі бізден шыққан. Мысалы, ағылшын тұқымдарына 350 жыл ғана болған. Ал біздің жылқыларға мыңдаған жылдар өткен ғой. Ағылшындар жаяу жүргенде біздің ата-бабаларымыз бәйге өткізген. Бір өкініштісі, біздер көп сәйгүліктерді көрмей қалдық. Мықты төбеттерді көрмедік. Отаршылдардың қызметшісі болдық. Ал құлдық бар жерде тарихтың құны төмен. Құлдық тарихты жояды. Сондықтанда дәлелді біз өзіміз іздеуіміз керек.
Ағылшын аттарының ең алғашқылары үш айғырдан тарайды. Бір айғырдың тұқымы 93 пайызды құраса, 7 пайыз қалған екеуінен. «Дарли Арабиан» деген айғырдан таратады бәрін. Дарли деген капитан болған. Ол Дамаскіде осы айғырды сатып алған. Дамаск, Жібек жолының соңғы бекеті, әрі қарай теңіз. Жібек жолымен арабтар жылқыны қайдан алады, Бұхарадан алады. Бұхараға сауданы қазақтар жасайды.
Найман жылқы деген түсінік бар. Қазіргі таңда найман ерді қыздың ері дейді, кез келген мұражайда тұр. Ал ол ерге Абай атамыз да мініп жүрген. Ол қыздың ері болмаған. Сол Дамаскіге қатынаған қазақтар ол жерде жылқыны ұстамайды. Жылқылар Қазақстан жерінде, Бұхара орталық, яғни сауда орны. Әрі қарай сатады да, жақсы аттар Арабияға, Дамаскіге, Үндістанға кете береді. Сол жерден Англияға барады. Сол айғыр «Дарли Арабиан» болатын. Кез келген ағылшын атының қаны әлгі айғырдың қаны. 7 пайыз ғана «Годолфин», «Түрк» деген айғырдікі. Ол айғырлардың өзін ағылшындар түрікпен соғысқанда, түріктен алған. Ал түріктер тікелей ноғайдан алады. Қаласаң да, қаламасаң да Қазақстанға келесің. Өйткені жайылым бізде.
Түркімен «Ақалтеке» деп жүр. Адай тұқымды жылқыны түркіменнен алған дейді. Жайылым Адайда, қалай ол түркіменнен алады. Түркімен шөлде, құмда отыр. Бізде Қызылқұмның өзі жайылым. Көктемде белуардан көк майса шөп болады, құм көрмейсің ол жерден. Қызылқұм, Мойынқұм – қыстаулар. Қыста қазақ сол жерде мекен етеді. Ол кезде ең кедей ауылда 10 мың қой болған. Ал қазір кімде 10 мың қой бар?! Байларда 10-15 мың жылқы болған, ойлашы, 10 мың жылқыға жайылым керек емес пе?!
Өзім тауда бойдақтарды қоршауға бөліп, бір-біріне үйреніссін деп қамап ұстағанда екі аптадан соң арықтап кетеді. Қазір бір эксперимент жасап көрсе ғой. 100 бас жылқыдан әрқайсысына бөліп берейік. 100 басын түркіменге, 100 басын арабтарға берейік. 100 бас жылқы өзімізге. 100 бас жылқыны орыстар асырай алады. Себебі орыстар біздің жайылым жерлердің талайын тартып алды. Біз неге «Сарыарқа» дейміз. Жұрттың көбі жәй сары арқа, ту сырт деп ойлауы мүмкін. Олай емес, «Сарыарқа» бай жайылым дегенді білдіреді. Қазақтың жері жайылымнан басталып, жайылыммен бітеді. Өзбекстанның жерін алайық. Жайылым жер, қазақтың жері бітеді, ары қарай өзбектер. Түркімен жақта да солай. Маңғыстау жайылым жер, ары қарай жайылым жоқ. Жайлау — Ақтөбе жақ. Маңғыстау – қыстау жер. Ақтөбеде қыста қатасың, күн суық. Қыста қазақтың бәрі оңтүстікке көшкен. Ал жазда солтүстік жаққа қайта барған. Көкшетау, Ақмола, Баянауыл жақта қыста жүріп көр. Қазір отырықшы болған соң тұрып жатыр. Қазақ көшпелі болғанда, сығандар секілді елден елге көшіп жүрмеген. Біз төрт мезгілге орай өз жерімізде көшеміз. Сонымен қатар, қазақ қыста киіз үйде тұрған дейтіндер бар. Киіз үй жазға арналған үй, қыста ешкім тұра алмайды. Ата-бабаларымыз тастан, ағаштан үй салған.
– Қазір патент деген шықты. Қырғыздар көкпар біздікі дейді, неміс қымыз біздікі дейді, бізге патент қаншалықты керек?
– Біз ұлттық жәдігерлерімізді жүрегімізден жоғалтпауымыз керек. Қазаққа көкпар болса, ат болса, қымыз болса тамаша. Мысалы, біз күнде қымыз ішіп жүрсек, күнде атқа мініп жүрсек, нағыз қарабайырға мінсек, қойды нағыз төбетке бақтырсақ, әлгі патент деген нәрсе түк те керек емес. Патент бәрін жоғалтып алғанда керек. Патентті не істейсің, қырғызға көкпар шаппа деп айтпайсың. Әуелі өзің көкпардан мықты болуың керек. Сол кезде көкпар кімдікі деген сұрақ тумайды. Хоккей канадалықтардікі, оған ешкім таласа алмайды, себебі Канадаға бәсекелес ел жоқ. Футбол – ағылшындардікі. Ең мықты чемпионат Англияда. Бізде көкпардан ең мықты чемпионат болса, әлгіндей сұрақ болмайды. Бідің мықты кезімізде қырғыздар мұндай мәселені көтерген жоқ.
Ең мықтысы – жаппай көкпар. Бұл үрдісті ұстап отырған оңтүстіктің жұрты, солар сақтап тұр. Мәре көкпар өзбектердің дәстүрі. Таза көкпар қасқырды додаға салу. Мал бағып жүріп, жаурағанда тартқан. Қой бағып жүргенде даланың аш қасқырлары келеді, бірнеше жігіт жиналып, көкбөріні қуады, ұрып өлтіреді, сол кезде тартыс басталады. Әр қайсысы өз үйіне қарай тартады. Кім ұтады, сол терісін алады. Олжа соныкі.
Өзбек біздің қандастарымыз, тікелей біздің туысқан. Олар Бұхара, Хиуа секілді қалаларға кірген. Қаланың дәстүрімен өмір сүріп, далаға шыға алмады. Даланың қазағы болған соң, сағынады. Бұхарада қожайын болып отыр. Хандары сарайдан шықпайды. Арасынан біреуі көкпар тартайық дейді. Қалай тартады, тартатын көкбөрі жоқ. Қойды тартуға келмейді, терісі жұмсақ. Серке немесе бұзауды көкпарға салады. Бәрі сол найман, қоңырат, қыпшақ қазақтар. Бір бай жүлде тігеді. Әр салымға жүлде беріп отырады. «Улақ» дейді, кәдімгі лақты тартады. Тәжік «бузхаши» дейді, бұзау деген сөз. Көкпар бітерде, «өгіз өлді» дейді. «Өлді» деген сөз үй жаққа тарта беріңдер дегенді білдіреді.
Міне, осыдан қазақтың әр аймағында көкпардың түрлі элементері қалыптасты. Оңтүстік өңірлерде жаппай көкпардың нағыз сарқыттары сақталды. Ал Сарыарқада мүлдем көкпар жоқ. Не қалды, аңшылық қалды. Тазымен қасқыр қуған. Көкпар Шығыста, Арқада болған жоқ. Ол жерде халық аз. Оңтүстікте халық тығыз орналасқан, ол жақта мәре көкпар көп болған, ұтысқа ақша тігіп ойнаған. Салымға ақша тігу өзбектен келген. Қазақ үшін ол намысқа тиетін шаруа. Бәйгеге жүлде қояды, бірақ салым үшін ақша алу Сарыарқа қазақтарының түсінігіне мүлдем жат. Сарыарқада, солтүстікте, шығыста демократия басым болды. Себебі халық аз. Оңтүстікте демократия аздау, өйткені әмірлер не дейді, сол орындалады.
Қазақта болып жатқан кейбір мәселелерге қазір қарап таңқаламыз. Бізде қазір Көкпар федерациясы бар, Ұлттық спорт түрлерінен қауымдастық бар. Қаншама қаржы айналыста жүр. Олар тарихтың жілігін шағып, майын ішіп отырғандар. Тарихты менен жақсы біледі, бірақ көкпардан чемпионатты құртты. Әлем чемпионатында қырғыздарды ұту үшін қазандықты алып тастады. Серкенің макетін жасаған еді, ұстайтын жерінде шынжырлар бар. Ол ұстауға келмейді. Шынжырға саусақ кіріп кетсе, көкпаршы саусақсыз қалады. Финалда 50 келі серке көкпарды тартты. Командалық ойынға ондай салмақ келмейді. Біздің жастар көкпар лигасының тартып жүргені жиырма бес келілік серке. Серкенің пішінінде жасалған, сырты былғары, ішінде ұнтақталған рәзіңке, сирақтары жіптен жасалған. Іліп алуға ыңғайлы. Тақымға серке секілді басылады. Ал 50 келілік серке тартуға келмейді, сылдырлаған төрт шынжыры бар, өте қауіпті. Қырғызда өткен жарыста біз олардан 15:3 есебімен жеңіліп қалдық. Ұят болды.
– Біздің елге көкпарға арналған алаңдар керек пе?
– Жоқ, оған ешқандай алаң салудың қажеті жоқ. Стадиондар көп қой, кез келген стадиондарда шаба беруге болады. Біздің стадиондар әмбебап болуы керек. Ат тұяғы басқан шөпті іле-шала ат тұяғы қайтадан кері іліп, шөпті тұрғызып кетеді. Мысалы, футболшылардың бутсиі қара жерді қақыратып жырып өтеді. Біз ҚазҰУ-де көкпар шаптық. Кейін кейбір орыстар келіп, таңқалып жүрді. Ешқандай із қалмаған. Бірақ алаң құрғақ болуы керек. Су болса, аттың тұяғы кіріп кетеді.
– Қазір шөген, конкур спорты күш алуда. Осыған пікіріңіз қандай?
– Шөген деген қазаққа ұят нәрсе. Бір нәрсені бір нәрсемен іліп алу. Қазақ жерге түскен затты қолымен алған ғой. Көкпарды еңкейіп қолымен алады, бас киім, қамшы түссе, еңкейіп алады. Ал анау шөген деген ұлттық ойын дейді де, мемлекеттен ұлттық спортқа ақша бөлгізіп жүр. Ол ойын тоқтады, бітті қазір. Ал конкур қазаққа тіптен оңай спорт. Аттың құлағында ойнап жүрген баланы дайындап жіберші, атты секіртіп жүре береді. Біздің ел қазір ең құрымағанда Олимпиаданың алтын алқасын жаппай алып жүруге тиіс.
– Төбеттерді өсіру кәсібіңіз де ерекше екен. Бәзбіреулер секілді оларды төбелестірудің орнына, малшыларға тегін таратып береді екенсіз. Рас па?
– Нағыз төбет қайда, оларды қайдан табамыз? Олардың барлығы қалада қамалып тұр. Біреулер ара-тұра таластырып жүр, обал ғой. Сол иттердің барлығы мал бағуы керек. Қойда жүруі керек. Төбет өте мықты жануар. Біз көп нәрсені біле бермейміз, төбеттер отар-отар қойды санай алады. Көшкен кезде басқа отардағы қойды қоспайды. Шынын айтсақ, ол адамның қолынан келмейтін шаруа. Ал Алабай деген тұқым жоқ. Ол иттің аты ғана. Мысалы, Алапар, Алаша, Алатөс солай аталып кеткен. 80-жылдары орыстардың шығарған аты. Кезінде оңтүстіктен Түркіменстанға көп ит алған, түркімендер қазақтардан сұрайды екен, «мынау не тұқым?» деп. Қазақтар «қазақы ит» деп айтады. Сонда түркімендер ойланып, «неге біз қазаққа жарнама жасап жатырмыз, біздікі алабай болсын» деп, «алабай» деп атап жіберген. Түріктерде төбеттен тараған ақбаш, қарабаш, қаңғал деген тұқым бар. Қаңғылы деген түріктің руына атап қойған. Төбеттің түпкі тамыры қазақтан шыққан. Төбет малға арналған ит. Мал кімде – қазақта. Жайылым бізде, мал бізде. Жайылым жоқ халықтар басқа шаруамен айналысады.
– Аңшылыққа жиі шығасыз ба?
– Аңшылық өте нәзік кәсіп. Бізде қазір есі кеткендер жабайы аңды атып жүр, моторлы қар шанамен қуып жүр. Мысалы, ит және атпен саят құру өзгеше аңшылық. Атты баптау керек, итті баптау керек, үйрету керек. Сол уақыт берекелі уақыттар. Мысалы, итті аңға салғанда, ол сенің қаруың болуы керек. Егер ит өзі ұстаған аңды жеп жүрсе, онда ол өзі үшін аңшы болып жүр. Ит адам үшін аңшы болуы керек. Мылтықпен қырғауылды атсаң, тауыққа садақа беруің керек. Елік атсаң, ешкіні садақаға беруің керек. Құс және итпен жүрсең садақа бермейсің. Өзіңнің несібең. Мылтықпен кез келген аңды атып алуға болады. Қазір қасқыр азайды. Қасқыр жоқ болса, табиғатқа үлкен қауіп төнеді. Киіктің ауруы, қарақұйрықтың ауруы шыға береді.
– Арманыңыз не?
– Қазақ деген мағына тереңде жатыр. Адал болу керек. Мықты болу керек. Таза болу керек. Бұрын «Е, айналайын, қазақпыз ғой» десе, адамдар бір-біріне қалтқысыз сенетін. Қазақ – сенім деген сөз. Қазір ондай жоқ. Айлакер қазақ, парақор қазақ, ұры қазақ, алдайтын қазақ, жемқор қазақ, Құдай сақтасын, қазақтың қадірін әбден кетірдік. Біз осыны реттеуіміз керек. Оны қалай реттейміз? Біздің ата-бабаларымыз мықты мұсылман болған. Бәрін санамызға енгізіп кеткен. Дайындап берген. Таза қазақ болып жүрсең, нағыз мұсылмансың. Атқа мініп, аңға шығып, мал ұстап жүрсек болды. Гуманнист болуымыз керек. Бәрі сонда реттеледі.
– Кәсібіңізге береке тілейміз. Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Дарын ҚҰРМАНҚҰЛ, turkystan.kz