Жағда БАБАЛЫҚҰЛЫ. Жылқы, жылқы, жылқылар… (жалғасы)

12361

— Айғырлар да осылайша бөліне ме?
— Әрине, бөлінеді. Жасамалы (үш-төрт жастан асқан айғыр), құр айғыр (өмірі жүген-құрық көрмеген), сыңар ен айғыр (тумасында бір ен болып туған), шартық азбан (алты жасында піштірілгенмен, айғырлық әдетін қоймаған айғыр).
Саяқ (бойдақ жылқы ат, піштірілген еркек жылқы), сақа ат (11-12 жасар), арда емген (құнанына дейін енесін емген), тел тай (өз енесі мен телінген енені бірдей емген бір жасар), қысыр емген (құлын тастаған биенің екі жасқа дейін емген төлі), шобыр (мініске, күш-көлікке мықты шабан ат), сетер ат (құлынынан қартайғанынша ер-тоқым, жүген көрмеген ат), пішпе ат (піштірілген жылқы), тағы да басқа аттың түрлері бар.

Жағда Бабалықұлы (1917-2009), қазақтың салт-дәстүрі, ырымдары туралы мол дерек жинақтаған ғалым-зерттеуші

Жағда Бабалықұлы (1917-2009), қазақтың салт-дәстүрі, ырымдары туралы мол дерек жинақтаған ғалым-зерттеуші

— Біздің қазақтың ұғымында «таза» деген сөз табиғаты бұзылмаған, қоспасы жоқ, алғаш жаратылған күйінде деген ұғымды білдіреді. Ал бүгінгі күні осы «таза» деген сөзді қай нәрсеге телуге болады?
— Көне қазақта «таза алтын, таза күміс, таза темір, таза қымыз, таза сүт, таза бал» деген сөздер бар. Расында, бұл сөздер қоспасы жоқ, нағыз табиғи дегенді білдіреді. Ал әзіргі қазақтың «таза қанды, асыл тұқымды жылқы» дегені – түрлі-түрлі қандар қосындысы, алуан түрлі тек, нәсіл қосындысы. Көне қазақ тазы ит пен төбет ит арасында туғанды «дүрегей ит», моңғолдар «эрлэз нохай» дейді. Қазақтар бие мен есек арасында туғанды «қашыр» дейді. Қазақтар екі қан, екі тек, екі ұлттан туғандарды «дүбәра», «дүрегей», «шата», «қашыр» дейді. Моңғолдар «құрлыз», «эрлыз» дейді. Орыстар – «метис», «гибрид», қытайлар «әр-жаң-зи» деп атайды. Сонда бүгінгі қазақтың «таза қанды, асыл тұқымды» дегені кімді алдағаны? Өзін-өзі ме? Мақұл, солардың айтқаны болсын делік. Солар мақтаған «таза қанды, асыл тұқымды» жылқылардың қазақ жылқысынан артық жері бар ма? Біздіңше, «таза қанды» жылқы – бүкіләлемдік сүтқоректі жануарлар арасында ең сұлуы. Ол сұлулық жылқықұмарлардың мақтанышын қанағаттандырады. Шын мәнінде, ол сұлулық – сурет қана. Адамға еңбек ететін жылқы санатына қосыла алмайды. Әлемдік талғамда адам, дельфин, маймыл, ит, жылқы ақылы жануарлар деп аталатынын жоғарыда айттым. Оған мен қасқырды да қосқанмын. Осы қатарда «таза қанды» жылқының орны жоқ.
— Онда неге «таза қанды, асыл тұқымды» деп ерекшелейміз?
— «Таза қанды, асыл тұқымды» жылқының, ең алдымен, ақыл-есі кемшін келеді. Нағыз мәңгүрт. Өз тегін, өз қанын, өз нәсілін танымайды, тегін сақтай алмайды. Былайша айтқанда, айғырлары өз енесіне, өз байталына шаба береді. Бұл – оның ақыл-есінің кемістігі емей, немене?! «Таза қанды» жылқы тек қолда бағылады. Өріске жіберген соң, өзін-өзі асырай алмай, қыс кезінде қырылып қалады. Қолда бағу үшін бір айғырға бір адам керек. Өріске бағылатын қазақ жылқысының үш-төрт үйіріне бір жылқышы да жетеді. Үш-төрт үйірің – жүз қаралы тұяқ. Сонда баптау тұрғысынан алғанның өзінде, бірінен-бірі жүз есе қымбат. Айғыр өзі үйірге түсіп, жиырма-отыз биені өзі қайырып, өзі иелік етпеген соң, «асыл тұқым» аталған жылқы табиғи өсім бере алмайды. Олар тіпті көбеймейді. Жылдың төрт маусымында кең далада өрістеп, өзі қалаған жүздеген, мыңдаған шөпті таңдап, басын шалатын, мөлдір бұлақ, ағын суды өрлей жүріп ішетін қазақы жылқының сүті, қымызы, еті, майы жұпар иісті, дәмді, құнарлы, нәрлі, емдік қасиеті мол тағам қоры саналады. Ал қолда бағылып, сасық қорада тыныстап, бес-он түрлі шөппен өмір өткізетін «асыл тұқымды» жылқының сүті, қымызы, еті, майы дәмсіз, жылқыға тән иісі жоқ, нәрі мен қуаты болмайды. Қазақы жылқының тезегі адамның бойындағы бірнеше түрлі дертке дауа. Ал «таза қанды» жылқының тезегінде ондай қасиет жоқ. «Асыл тұқымды» жылқы салт мініп, ұзақ жүруге шыдамайды. Бес-он шақырым өрістеп қайтатын қойшылар үшін жарайды. Ал жиырма-отыз шақырым жердегі жылқыны қуғанда болдырып қалалды. Міне, «асыл тұқымды» жылқы ұзақ жолаушылыққа, ұзақ жортуға, жорыққа мінуге, соғысқа жарамайды. «Асыл тұқымды» жылқы аң аулауға, бүркіт салуға, салбурынға, аң қуалауға, түлкі, қасқыр, бөкен қуып, соғып алуға шыдамайды. «Асыл тұқымды» жылқы лақ, көкпар тартуға келгенде оған әлі жетпейді.
— «Асыл тұқымды» жылқыны бәйгеге қоссақ қалай болар екен?
— Отыз-қырық шақырым жерге зар желдіріп айдап барып, қайта жібергенде осы аралықты бар пәрменімен шауып өтетін бәйгелі жарысқа жарамайды, шапса, өліп кетеді. Алпыс-жетпіс шақырымға айдалып барып, түпке түнеп, ертеңіне сол аралықты қайта шауып өтіп, бәйге алатын жарысқа мүлде жарамайды. Мыңдаған шақырымға дамылдап шабатын, жолға түнеп шабатын аламан бәйгеге осы «асыл тұқымды» деп отырған жылқылардың тіптен шыдамы жетпейді. Олардың аламан бәйгесі – 15-20 шақырым. Одан арыға шапса, ат өледі. 1996 жылы Қырғыз елі Манастың мың жылдығын тойлады. Аламан бәйгені өткізетін жерді таңдағанда алғашында Анкара мен Таластың екі арасына жоспарланған болатын. Бірақ түрік елінде өзара қақтығыстар орын алып, Ашхабад пен Талас аралығын бекітті. Тіпті жапондар келіп ат қосты. Әлемдік аламан бәйгеде бірде-бір «таза қанды» ат қосылмады. Сол аламан бәйгенің жарыс өткізу тәртібінің жүйесін жасасқандардың бірімін.
— Мұндай айтулы шараға қалай қатынасып жүрсіз?
— Бұған мен сырттай қатынасып тұрмын. Осы үлкен тойды жасағалы жатқан қызрғыздар Қазақстанға өтініш қылды. «Біз Манастың мың жылдығын өткізгелі жатырмыз, соған орай ат шабысын өткізбекшіміз» деп. Сонау Анкарадан Талас жеріне дейін жалғаспақшы екен. Кендебай деген жігіт бар еді. Ұлттық ат спорты федерациясының сол кездегі төрағасы болуы керек. «Ат жарысын қалай өткіземіз» деп ақылдасайын деген ниеті ғой бауыр елдің. Сол ат жарысының жарғысы мен ережесін мен жазып бердім. Жалпы, бұл тойдың өзі мың жылдық болған соң, мың шақырымды шауып өту көзделген. Ашхабад пен Таластың екі арасы мың шақырым екен. Айтқан өтініштері бойынша жазып ұсындым. Осы айтулы шараға мені де шақырыпты. Шақырулары келгенше мен кетіп қалыппын…
— Қайда кетіп қалып едіңіз?
— Өзімнің ескі әдетіммен шөп іздеп, Алтай жаққа кетіп қалған едім. Қайтып келсем, бәйге өтіпті. Кендебай басы-қасында болыпты. Менің жазып ұсынған дүниелерім қазір Кендебайдың қолында тұр. Екі-үш жылдың алдында, тоқсан жылдығымда осы Кендебай мен академик Елемес Әлімқұлов сахнаға шығып, мен туралы сөйлегенде «Қырғыздың ұлы эпосы саналатын Манастың мың жылдығы құрметіне орай өткізілген ат жарысының шарттарын жазған біздің Жәкең ғой» деп жұрттың алдында мерейімді өсіргендері бар.

Сұхбаттасқан
0a421182cd374d3e6c392f6bf66479d4Қасымхан Бегманов, «Халқы мықтының — салты мықты»
(Жалғасы бар)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.