Мұхамет-Салық Бабажанов. Жылқы шаруашылығы

4086

Әйгілі Мұхамет-Салық Бабажановтың бұл мақаласы 1871 жылдың қаңтарында Ресейде жарық көретін «Журнал охоты»-дың 1-2 нөмірінде басылған еді. Түпнұсқада орыс тілінде жазылған мақаланы қазақшаға аудардық.

Осы орайда, оқырман қауымға ескерте кететін бір жай бар. Ол – мақалада «киргиз» деп берілген ұлт атауын argymaq.kz редакциясы «қазақ» деп беруді жөн көрді. Себебі, 19 ғасырда орыстар қазақтарды «киргиз» деп атаған болатын.

Argymaq.kz

Нағыз жүйріктердің генеологиялық шығу тегі күмән туғызғанымен, олардың шыққан зауыты туралы мәлімет ешбір ордалықтың қолында жоқ. Мұндай жылқының тарихын тізбектеу тұр ғой, нақты санағын жүргізу қазақтардың әдетінде жоқ. Олар жиі санау – малдың азаюына әкеп соғады деп ырымдаған. Бақташылар ұзақ жылғы тәжірибелері нәтижесінде табындар мен отарлардағы малды санау арқылы емес, түсінен түстеген. Яғни отар немесе табында бірнеше жүз бас мал болса да олардың түр-түсі арқылы түгендеп отырған.

Екі мың бас жылқы бағатын бір жылқышы табынды бір рет немесе бірнеше рет айналып өтіп, олардың түгел екенін немесе түгел еместігін анықтағай салатын болған деседі. Ол жылқышының есімі – Исәлі екен. Бала жасынан бір көзі ағып кеткендіктен «Соқыр» атанып кеткен.

Өзінің қырағылығымен аты шыққан тағы бір жылқышы өзі жылқысын бағатын байдың жеті жыл бұрын қостан жоғалып кеткен құнанды жуан ат болған кезінде өзге біреудің астынан танып алғаны жайлы айтылады. Қазақ жылқышыларының осындай қырағылығы әлі күнге дейін бағаланады.

Бүгінгі күнге дейін тоқтамай дамып келе жатқан атбегілік өнер тек халық арасында ғана емес, Орда басыларының да назарына іліккен. Алайда, қазақтардың үстінен қарайтын ордабасылық лауазым тек орыс шенділеріне ғана өткеннен кейін, Ордада атбегілерге қолдау көрсету тұрмақ, жалпы жеке шаруашылық пен өндірістік қызметке де назар аудару азайған. Бұл жерде біз орданың шаруашылығы, өндірісінің дамуы жағдайына ықпал ететін шенділерді сөгіп отырған жоқпыз, кемшілік жіберіп отырған әкімшілік тұлғалар шаруашылық пен өндірістің маманы болулары міндетті емес. Жергілікті әкімшілік тұлғалардың міндеттерінде әкімшілік-сот сипаты басымдау болғандықтан шаруашылық немесе өндірістік-сауда өкілеттігіне ие емес. Кейбір тұстарда бұл Орданың экономикалық жағдайына тиімсіз.

Жоғарыда біз Ордада жылқы шаруашылығына қамқорлықтың жеткіліксіздігі туралы мысалдар келтірдік. Ал қазір тек сөз арасында ғана жылқыны күтіп-баптауға немқұрайлылық туралы еске салдық. Мұндай салғырттықтың салдарынан жылқыны баптау мен күтімінің, сондай-ақ, қызығушылар арасында қалған аз ғана атбегілік өнердің маңызы төмендегені байқалады. Тіпті, бәйге ісінің білгірлері бүкіл Орданың ішінде оншақты-ақ, санаулы ғана қазақ қалды.

Ішкі қазақ Ордасының өзінде атбегілік пен күтіп баптау ісінің төмендегенін жыл сайынғы қазыналық бәйгелерге қосылатын жылқыларға қарап-ақ байқауға болады. Көпшілігі бәйгеге дұрыс жаратылмайды. Жылқы өсірушілердің ішінде де атбегілікпен қатаң және жүйелі түрде айналысудың қажеттігін мойындамайтындар кездеседі. Мұндай мырзаларға біз бәйге кезінде жылқының туа біткен қасиеттерінің жеткіліксіз екендігін, онымен қатар оны баптау арқылы дамыту қажеттігін мойындатуға ықпал ететін мысал келтіреміз.

Адамды тәрбие мен білім беру арқылы дамыту мен күшейту сияқты күту мен баптау арқылы жылқының мүмкіндігі мен жарамдығын жақсартуға және дамытуға болады. Бұл салыстыру өте сәтсіз әрі сәйкес көрінбесе де біз өмірде жиі кездесетін дерекке жүгінеміз. Өткен жылғы жәрмеңке ставкісінде өткен 20 шақырымдық қазыналық бәйгеге бір қазақ кішкене, бірақ өте сұлу бес жасар ақбоз бие қосты.

Біреулер оған атты бәйгеге қосып бағын сына деп, енді біреулер фаталистік тұрғыда бәйге жүлдесіне сенгенше сатып ақшасын ал деп кеңес беріп жатты. Сату туралы сұрағандарға бұл қазақ құнына 70-80 рубльден кем емес ақша талап етті. Бұл бағаға сатып алушылар шықпады. Сайып келгенде ат бәйгеге қосылды, алайда тиісінше бапталмағандықтан алдыңғылардан сегіз шақырымға артта қалып келді. Бір ай өткеннен кейін бір бай мұрагер әкесіне ас бергелі жатыр деген сыбыс шықты. Аста алыс шақырымға ат жарысы болатындығы, ал жеңімпаз атқа бір үйір жылқы берілетіндігі айтылды. Асқа көп халық жиналды, бәйгеге бүкіл Орданың барлық айтулы жүйріктері келді.

Мұндай ас кезінде адамдардың үймелеп, ат астында қалуын болдырмау үшін аттар 35 шақырымға айдалатын. Мұндайда ат иелеріне өз аттарын бәйгеден бірінші келтіру қолдап-қолпаштауға болатын еді. Бірінші болып торы бие келе жатқанда оны көмбеге жеткізбей жоғарыда айтылған бес жасар ақбоз бие басып озады. Оны бұл бәйгеге бапкерліктің барлық ережелерін сақтай отырып дайындаған болатын. Өзінің жастығына қарамастан қазыналық 20 шақырымдық бәйгеде ұтылғанына қарамастан, бұл жолы жарыс жолына айдалған 35 шақырым мен кері қайтқан 35 шақырымды қосқанда 70 шақырымды еркін еңсерді. Бүгінгі күні осы жолдарды жазып отырған адам оны зауыт үшін 200 рубль күміске сатып алды, ат иесі бұрынғы сұраған 70-80 рубль туралы естігісі де келмеді.

Міне, дұрыс күтім мен бап жылқыны қалай өзгертті?! Бізде, Россияда бұл өнердің кенжелеп тұруы мен жылқы өсіру шаруашылығының үстемдік құруы кемшіндігі тұрғысында бізге барлық ғылыми нәтиже мен тәжірибеден кейін бапкерліктің пайдасын жоққа шығару артық сияқты. Аз мөлшерде болса да атбегілік өнерді қолдау мен дамытуға бағытталған мемлекеттік жылқы зауыты Бас басқармасының қабылдаған шараларына ризашылықпен қарамауға болмайды. Осы уақытқа дейін ішкі Ордадағы жылқы өсірушілік аталған басқарма назарынан тыс қалған. Тек өткен 1870 жылдың басынан бастап орда меңгерушісі А.К.Тимашевтің ерекше ұсынысының арқасында біздің жылқы шаруашылығымыз және өзге де малшаруашылығы әкімшілік тарапынан аздаған қамқорлық пен талқылаулардың нысанына енгізіле бастады. Соңғылардың ұсынысының әзірге ешқайсысы іске асырылмаса да, бұл іс тек бір ғана ресми хат алмасумен шектелсе де, қазақтар үкіметтің осы назарына да разы. «Бір рет берген Құдайдың тағы да берері бар» деген көне мақалды қайталаумен нәтижесін асыға күтуде.

Естеріңізге сала кетейік, мақаланың басын мына жерден оқуға болады. Сонымен қатар, бұған дейінгі жалғасы мына жерде. Ал мақаладағы Ішкі Орда атбегілері жайлы жазылған бөлігін мына сілтеме арқылы оқуға болады. Сондай-ақ, мақаланың Сауран тұқымы жайлы бөлігі мына жерде.

Одан бөлек Бабажановтың «Арғымақ — Түркістан жылқысы» атты мақласын да біздің сайттан таба аласыздар.

Мұхамет-Салық Бабажанов,
«Журнал охоты» 1871 жыл
Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.