Моңғолиялық жас қазақ Мейрамбек Ташкенұлы түсірген суреттер (ФОТО)
Қазақ пен жылқы егіз дегенді жиі айтамыз. Сол қазақпен егіз жаралған жылқының бір ғажабы қандай ракурстан, қай жерде түсірсеңіз де суретке керемет түсетінінде.
Сондықтан да болар жылқыны суретке түсіруге құштар жандар көп. Әуесқой қызығушылардан бастап, кәнігі шебер фотографтар фотоаппаратының «ұңғысын» жылқыға бағыттауға құштар. Argymaq.kz порталы еліміздегі және шетелде тұратын қандай фотографтардың жылқы тақырыбында түсірген суреттерін бұған дейін де бірнеше рет жариялаған болатын.
Естеріңізде болса, сайтымыз алғаш ашылған жылы Моңғолиядағы белгілі альпинист-жиһанкез Жанарбек Ақыбидің, қытайдағы қандастарымыздың қысқы көкпарын, моңғолиялық Мерғалым Жәнімханұлының суреттері ұсынылған еді.
Сондай әуесқой фотографтардың бірі – Мейрамбек Ташкенұлы.
Есімім – Мейрамбек Ташкенұлы. 1996 жылы дүниеге келдім. Руым Керей, Шеруші ішінде Саңыраумын. Моңғолияның Баян-Өлгий аймағына қарасты Цэнгэл сумынында (аудан) туып-өстім. Сонда білім алып, жоғарғы оқуды Моңғолия астанасы – Улаанбаатар қаласында жалғастырдым – дейді жас фотограф.
Ақпарат коммуникациялық технология мамандығын меңгеріп, екі жылдан бері Теміржол саласында мамандығы бойынша жұмыс істеп жүрген әуесқой фотограф бұл өнер басында жазғы демалысқа барғанда ауыл тіршілігін түсіруден басталды дейді.
Жазғы демалыс уақытында ауылға барып, әсем табиғаттың, жылқылардың суретін түсіруге қызығып, кейіннен сүйікті ісме айналып кетті. Кішкентай кезімнен жылқы жануарына жақын болдым. Өзімнің құлындарым, жүйірік аттарым болған. Алғашқы үйреткен тайымның аты Сұркөжек еді. Сол жылы Көйтен жайлауында ауыл арасындағы бәйгеге Сұркөжекті қоспақшы болып бардым. Жарысқа қатысуға екі-ақ тай келіпті. «Жалғыз шапқан ат жүйрік» дегендей, қунан жарысқа қостым. Екі тайдан бірінші келді. Сол жарыста тайымның жүйірік болатынын байқап қалдым. Атқа деген қызғушылығым да сол сәттен басталды – дейді фотограф.
14 жасына дейін шабандоз болған Мейрамбек атқа шабудың әсері керемет екенін айтады.
Атқа мініп, бәйгеге қатысудан керемет әсер алатынмын. Сол сезімді есейген соң аттарды суретке түсіру арқылы сезінгендей боламын. Жазғы демалысымды пайдаланып ауылда жылқыларды, көркем табиғатпен байланыстырып әсерлі суретке түсіруді әдетке айналдырдым – дейді баяғы шабандоз бала.
КЕРЕМЕТ, Дұғай сәлем сол жақтағы қазақ бауырлар мен «кең қолтық» ағайынға да