Жылқыға байланысты көнерген сөздер (басы)

14064

Аба – жылқ терісінен тұтас тігілген жауын-шашыннан қорғайтын жамылғы (киім)
Ажырғы – Арбаға жеккен аттың мойынын қажамас үшін кигізетін ағаштан істелген кескек.
Азада – жайлы жүрісті жылқы.
«Жүрісті, өзі сұлу азада атпен,
Барайын көпшіл болсаң жүз жігітпен,
сақалсыз өңшең бойдақ азаматпен». (Қалиев Байынқолдың түсіндірме сөздігінен.)
Айналсоқ – Ноқтаның сағағындағы арқан, шылбыр байлауға арналған арқан-жіпті ширықтырмайтын айланбалы шығыр.
Айнымал – ескірген қымыз. Кей жерде татымал деп те атайды.
«Ондай қымыздың бұзылатын шағы болады. Оны қазақ айнымал немесе татымал дейді.» (С.Мұқанов)
Айыл арын – ер салған, айыл тартқан сайын мөңкитін ат.
Айылбас – белдіктің, тартпаның (айылдың) басындағы бекіткіш металл ілмек, доғабас.
Аққаптал – 1. Жылқының, түйенің қапталындағы жауыр болған орнына ақ жүн шығуы. 2. Кәрі жылқы.
Ақтау – еркек малды піштіру, кестіру. (Көркем поэтикалық тілде сұлулау деп те айтады)
«Алты жаста ақтатты,
өзіне арнап бурылды,
алтыннан тұрман қақтатты.» («Қобланды батыр» жыры)
Ақтық – Іңгеніне бурасын шөктіргені, биесіне айғырын шаптырғаны, сиырына бұқасын артылтқаны (қашырғаны) үшін ата малдың иесіне жасырын беретін төлемақы.
Ақыр – атқа жем салатын ыдыс.
«Ат байладым тақырға,
жем сап қойдым ақырға.» (Халық әні)
«Алтыннан соққан ақырға,
Бурыл құлап жатыпты.» («Қобланды батыр» жыры)
Аламан – Алыс қашықтыққа шабатын бәйге.
Алапа – Тұрақты әскери қызметкерлердің ат-көлігіне халықтан жиналатын салық.
Албыт – жылқы малының ауруы.
Албыт (албыт тигір) – жылқы малына айтылатын зеку, қарғыс.
«–Ой, арам қат, ой, сеспей қат, ой албат тисін, – деп, Жарықжұлдыз да қарғысын төкті кеп.» (Қалихан Ысқақ)
Алдүзік – жарыста көмбеден шыға сурылып озатын жүйрік.
Алмауыт – Тұлпар ат.
«Оның мінгені алмауыт, сенің мінгенің жабы.» (А.Сүлейменов)
Алп – Байсалды, маңғаз, маңызды жылқы.
«Алп, алп, алп басқан,
арабы торы өзіңсің». (Шалкиіз)
Анжыма – ердің алдыңғы қапталынның қасынан артылып тұрған бөлегіне өтікзген қысқа, тұйық қайыс, шығыр.
«Мынаның дыбысы шыққанда аспандағы үйрек өзі жүрегі ұшып, жерге құлай беретін көрінеді деп, тентек Жақыпқа торсықты ерінің алдыңғы қапталындағы анжымаға байлап берді.» (С.Бегалин)
Аңырату – қатты жүру, ызғындау. Атпен аңыратып шабу, әуелету, екпіндету.
Арабы (жылқы) – арабтың асыл текті жылқысының тұқымы.
«Алаштан байтақ озбаса,
арабыдан атты сайлап мінбен-ді». (Шалкиіз)
Арлау – баптау, күту.
«Арлаған бедеу аттай Базар едім,
Дүние бекер екен қалайдағы.» (Базар жырау)
Ат ұлақ – Шыңғыс хан заманында қалыптасқан бір жерден екінші жерге адам, жүк жеткізетін ат-көлік. (ХVI қазақ жазба ескерткішлерінде кездеседі) Лау сөзі де осы «ұлақ» сөзінен шыққан. Моңғол тілінде «ұла» (жазылуы «улаа»)
«…туар қара ат ұлағы һарығай…» (Қадырғали би)
Атбайлар – 1. Қыз бала. (Қазақ ұлын аттұсарым, ұябасарым, қызын атбайларым, өрісім деп мерей тұтқан)
«Ұзатылған қыз сенің атбайларың, өрісің, сондықтан қыз бала ұл баладан кем тұрмауға тиіс.» (Ж.Сәмитұлы) 2.Ат байлайтын мама ағаш.
«Болыстың, аткомның алдындағы атбайларда байлаулы аттар тұр.» (С.Сейфуллин) 3.Күйеудің, құданың атын байлағаны үшін беретін кәдесі.
Атжамшы – бекеттерге лау атын жеткізуші.
Атжүйрік – малдың төс сүйгі мен төстің етегінің жалғасқан жерінде болатын айқұлақ шеміршек.
(Мал сойғанда әлгі шеміршекті кесіп алып, маңдайшаға қарай лақтырады. Шеміршек маңдайшаға жабыса қалса, сол үйдің аты жүйрік болады деп ырымдайды.)
«-Міне, әже, мен атжүйрікті де білемін». (С.Жүнісов)
Аткекілдеу – малды ыдыспен суару. Көліктерді аткекілдеп суарды.
Аткөрпе –ердің үстін жұсақ болдыру үшін төселетін төсеніш.
«Мен аткөрпеден басымды көтеріп алып, қымызды сіміріп салдым.» (Б.Қыдырбекұлы)
Атқысыр –іш алмаған, мүлдем қысыр.
«Үйіндегі 12 биенің алтауы анық буаз, екеуі неғайбыл, екеуі атқысыр». (Б.Қалиевтің сөздігінен)
Атмайы – уақытша мініске берілген аттың ақысы.
«Көп жылқының арқасында біреуге атмайын, біреуге ас сауырын бергіштей жүріп, Сүгір салмақты, күшті бай болып алған». (М.Әуезов)
Аттық – құйрық .
«Аттығы мен тақымдығы қатты қажалған» (С.Мұқанов)
Атұстар – еркек бала, ұл.
«Атұстарлы болдың, бауы берік болсын!» (С.Мұқанов)
«Көбейсін атұастар, болмасын атыстар.» (Қадыр Мырза-Әлі)
Атшөлке – киізден жасалған қамыт.
Ашамай – Атқа міне алмайтын жас балаға арналған ер.
«Қоспан өз қолымен ашамай істеп, тұңғыш рет атқа мінгізді.» (Т.Ахтанов).
Аяғылыу (Аяқ алғау) – аяқ артып жүрерлік көлік. (Сөз төркіні алғау ету)

Әлмен – Күшті жылқы
Әнжем – ер тұрман, ат әбзелі.
«Күйеуің құда ертіп келсе қай күн,
ат мініп, аспап әнжем атаң қамдар.»
(Т.Ізтілеуов)
Әнжі – ірің ағу үшін ісікке есіп өткізетін қыл.
«Шоқтық түбіндегі ісікке ірің жиыла берген соң, Ахаң біраз күн әнжі өткізіп қойды.» (З.Ақышев)

Байса – Семіз жылқының жалы.
“Балаңқыл ар батпаған,
байсасы таудай Мәмбет бар.” (Шалкиіз жырау)
Барлығу – бұрлығу, тыныс ала алмай тығылу.
«Өрге қарай барлығып қалған жануар оқыстан тыныс алып, екпіндеп, бара-бара жұлдыздай ағып кетті.» (Т.Әлімқұлов)
Басасау – қанша жуасығанымен басына жолатпай тарпаңдық танытатын жылқы.
Басарқа – жылқының шоқтық тұсы. Басарқасын алдыру.
Басбілгі (мал) – мініске үйретілген көлік малы. (жылқы, түйе, сиыр)
Бастығу – асау жылқыны үйреткен кездегі үстіндегі кісінің ырқына көнуі.
Бауырдақ – қамшының алақаны. Жез бауырдақ – алақанына қақталған жез шегелеген өрме қамшы.
Бедеу –1.Құлындамайтын бие.
“Жоқ ағызып жүрген жүрісі бар, бірақ өзінен туар құлыны жоқ тұл бедеуміз бе?» (М.Әуезов) 2. Батырлар бектер мінген жүйрік, шалымды ат, тұлпар. Назбедеу.
«Бектер мінген бедеудей,
Бауырынан жараған.» («Ертарғын» жыры) «Күдері бел, күпшек сан, бедеу атқа мінген жер.» (Мұрат Мөңкеұлы)
Бедеу ат қ. Бедеу«Байлаудағы бедеу ат, астыңдағы алтын тақ, я сенікі, я менікі». («Алпамыс батыр» жыры)
Бекіту – ұзаққа кетпеуі үшін жылқының аяғына салатын тұсамыс, шідер, өре сияқты құралдың жалпылама атауы. Бекітулі ат.
Бесті қымыз– күшті ашыған қымыз. (ашуы жеткен қымыз)
Бие қысырамас– келіннің бетін ашқан соң, енесі бетінен сүйген кезде отырған әйелдерге “биелерің қысыр қалмасын” деп айтып, тарататын орамал шаршы, ақ мата.
Биебау – желі тартылып, құлын байланған жер.
«Кешке таман үлкендер биебау басында әңгімелесіп отырғанда Ержан мен Жанат бұлақ бойындағы көгалда серуендеп жүр еді.» (Қ.Жұмаділов)
Бишік – мал айдауға арналған ағаш сабы бар ұзын қайыс. Шыбыртқы.
«Бұдан соң бишігін қолына алып, күнбағыс себілген аңызға беттеді.» (Оралхан Бөкей)
Божы – арбаға, шанаға жегілген атты басқаратын ұзын тізгін, делбе.
Боқан (боқан ер) – алдыңғы қасы қошқармүйіз, артқы қасы иіліңкі келген ер.
Боқтық – құйысқанның аттың құйрық астынан өтетін бөлігі.
Бопай – жылқының ылжыр тезегі.
Бөрдек – қымыз ашытатын торсық.
Бұзау көкпар – көкпарға серке орнына бұзау тарту.
«Бұзау көкпарды тақымына қалай басады екен, осы?» деді.» (Т.Әлімқұлов)
Бұзаутіс– жалпақ таспадан 8, 12, 16 өрім етіп, қырлыпөрілген қамшы.
«Тоғыз таспа бұзаутіс,
былжырамай аттан түс.» (Батырлар жырынан)
Бұла (Бұлан) – ешкім бетінен қақпаған, қиындық көрмеген бала немесе үйретілмеген жылқы. Ерке бұлан. Бұла өскен.
“Ол әлі басына жүген-құрық тимеген, бұлан күйде үйірде бұлғақтап жүрген.” (Ш.Айтматов)
Бұлау (былау) – Атты қинау, ақ көбігін ағызып, қатты терлету.
Бұлқыншақ, Бұртық – жылқының бітеу сойылған сан терісінен жасалған су құятын ыдыс. Мес.
Бұлық – Ердің былғары көпшігі.
Бұрлығу – тығылу, кептелу. Тоқ атты қатты қысап шабу кезінде дем ала алмай бұрлығып қалады.
Бүкпе – асау биені сауғанда бір аяған бүгіп қоюға арналған құрал. (тұйықталған қайыс немесе жіп.)
«Асауға тұсау, тебегенге күрде, тарпаңға бүкпе.» («Сөз – сандық»)
Білеуіт – қамшы.
«Тақымға білеуітін бұттаған құл.» («Сөз – сандық»)

Ғыш-ғыш – жылқыны суарғанда айтатын ишара сөз.
«Арба үстіндегі Құныс жылқы суарғандай өлген ат жаққа қарап, екі рет ғыш-ғыш деп қалып еді үлкен ақ боз алдыңғы екі аяғын қаз-қатар салып, еңсесін көтеріп алды.» (Х.Есенжанов)

B.TokhanulyБодаухан Тоқанұлы, журналист. “Қазақ тіліндегі көне және сирек қолданыстағы сөздердің түсіндірме сөздігі” кітабынан. (Жалғасы бар)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!