Үш ауыз сөз – бір үйір жылқы

10456

(ертегі)

Ертеде бір байдың жалғыз баласы жылқы бағып жүрсе, бір адам келіп:
— Балам! Бір үйір жылқы берсең, мен саған үш ауыз насихат сөз үйретейін, — депті. Бала тұрып:
— Құп! Берейін, үйретіңіз, — дейді. Әлгі кісі:
— Балам! Суын ішкен құдыққа түкірме, ертеңгі асты тастама, оң қолың төбелес бастаса, сол қолың арашашы болсын, — дейді. Бала бір үйір жылқы береді. Әлгі адам жылқыны айдап өз жөніне кетеді. Кешке бала үйіне келеді. Әкесі:
— Мал аман ба? — дейді. Баласы:
— Мен үш ауыз насихат үйреніп, бір айғыр үйір жылқы бердім, басқа мал аман, — дейді. Әкесі ашуланып, баласын қуып жібереді. Әкесінен түңілген бала жаңадан үйленген аяғы ауыр жас келіншегіне:
— Сен мені күт, әкемнің бір үйір жылқысын үш үйір жылқы етіп қайтаратындай қазына тауып, қайтып келемін, — деп қоштасып жолға шығады. Бірнеше күндер далада қаңғырып жүріп, бір қалаға келеді. Қаланы аралап жүріп, ханның ордасына кездеседі. Ханның нөкерлері мұның жат жерден келген, бөтен адам екенін сезеді де жөн сұрайды:
— Неғып жүрген адамсың? Жұмыс неге істемейсің? — дейді.
— Денім сау, неге жұмыс істемеймін. Жұмыс табылса істейін, — деп жауап береді. Нөкерлер ханға келіп:
— Бір жолаушы жас бала жігіт, өзі ақылды, есті көрінеді, қызметші болғысы келеді, — дейді. Хан шақыртып көрсе, бойы сымбатты, түрі әдемі бала жігіт екен, Хан мақұл көреді де:
— Сен менің есігімнің алдында күзетші болып тұр, — дейді. Бала есік күзетшісі болады. Бұл екі ортада ханның әйелі бұған ғашық болады.
— Мен сендік болайын, ойнап-күліп жүрелік, — деп ертеңді-кеш айналдыра береді. Бала ханның әйелінің сөзіне азады да, көңілі ауады. Бірақ көңілі ауса да: «Әкем мені неге айдап жібереді. Бір айғыр үйірлі жылқыны неге бердім? Шал «Суын ішкен құдыққа түкірме», — деген еді ғой, — деп, оның үйреткен сөзін есіне түсіреді. Ханның әйеліне көнбейді. Баланың болмайтынын біліп ханның әйелі күдер үзіп:
— Мына, жаңа жүрген жаман, шірік: — «Мені қойныңа ал, деп қоймайды», — деп, ханға шағыстырады. Хан ертең оны өлтірмекші болып, көміршілеріне:
— Ертең ертемен кім бұрын келсе, соны отқа салыңдар, — деп, бұйрық береді. Содан соң хан балаға:
— Ертең барып көміршілерден бір қап көмір алып кел, — деп бұйырады.
Бала ерте тұрып көміршілерге жүгіріп бара жатса, бір кемпір алдынан шығып:
— Ей, балам, дәм татып кет! — дейді.
— Жұмысым асығыс, ханның жұмысы еді, — деп бала кете бергенде:
— Балам-ау, уақыт әлі ерте ғой! — дейді кемпір. Сонда баланың есіне жылқы алған қарттың насихаты түсе кетеді де, кемпірдің үйіне дәм татқалы кіреді. Сол екі арада ханның әйелі баланы бір көріп қалғысы келіп соңынан жүгіреді. Ханның әмірін орындауға әзірленіп тұрған көміршілер жүгіріп келген әйелді ұстай алып, жанып тұрған отқа тастап жібереді. Кемпірдің үйінде тамаққа алданып қалған бала көміршілерден бір қап көмірді ала сала, жүгіріп үйіне қайтып келеді. Хан оның тірі қайтып келгенін көріп, таңданады. Қараса хан ордасында әйелі жоқ. Әркімнен сұрайды, ешкім білмейді. Бала неғып аман келді деп, көміршілерден хан сұратады. Көміршілер:
— Ханның өз жарлығымен ханымды отқа тастадық, — дейді.
— Мен баланы отқа салуға бұйырып едім ғой! Бала, сен жәдігөймісің, — деп, хан балаға қаһарланады. Сонда бала:
— Тақсыр! Менің бір қасық қанымды қисаң сөздің расын айтайын, — дейді. Хан рұқсат етеді. Бала:
— Тақсыр! Мен бір байдың баласы едім. Жаңада үйленіп едім. Далада жылқы бағып жүргенімде, бір адам келіп: «Бала, бір айғыр үйір жылқы берсең, үш ауыз насихат сөз үйретемін», — деді. «Мақұл, бір айғыр үйірлі жылқы берейін, үйрет», — дедім. Сонда әлгі адам: «Балам, суын ішкен құдыққа түкірме, ертеңгі асты тастама, оң қолың ұрыс бастаса, сол қолың арашашы болсын», — деп еді. Мен соны үйреніп, кешке үйге келген соң, осы сөздің бәрін әкеме айтып едім, ол кісі мені ұрып-соғып, үйден қуып жіберді. Сонан тентіреп, сіздің алдыңызға келдім. Ханым мені ертеңді-кеш: «Менімен ойнап-күл» — деп, тынышымды алды. Ойнап-күлейін десем, бір айғыр үйірлі жылқы беріп үйренген насихатым есіме түсті де, өзім су ішкен құдыққа түкіргім келмеді. Сіз көміршілерге баруға бұйырған соң, қапты алып, кетіп бара жатқанда, бір кемпір: «Даяр тұрған дәм бар, татып кет», — деген соң: «Ертеңгі дәмді тастама» — деген насихат есіме келіп, кемпірдің үйіне бара қалдым. Сонан шығып көмірді алып қайттым. Менің ханымнан хабарым жоқ. Тақсыр! Сөзімнің болғаны сол, — дейді. Хан мұның адалдығына көзі жетіп:
— Бәрекелді, анаңа рахмет! Сенің күнәң жоқ екен. Ханым өз жазасын өзі тауыпты, — дейді де, көп дүниелер беріп, ат мінгізіп, баланы еліне қайтарып жібереді. Бала жүріп келе жатып: «Мен кеткелі бірталай жыл болды. Менің үйдегі әйелім не күйде екен?» — деп ойлайды. Түнде ақырын үйіне келсе, әйелі бір жігітпен оңаша бөлмеде қатар қойылған төсекте жатыр екен. Жанынан қылышын суырып алып, шабайын дегенде, баяғы насихат сөз есіне түсіп, сол қолымен оң қолын ұстап, не істерін білмей тұрған кезде әйелі оянады. Қорқып тұра келіп, өзінің күйеуін таниды. Бала ашуланып әйеліне:
— Сенің бұл не қылғаның? Мен далада тентіреп жүрсем, сен жігітпенен оңаша жатырсың. Асықпа, жазаңды берермін! — дейді.
— Сіздің мұныңыз қате, құлағыңызды салыңыз, мен сізге айтайын: мен сіз кеткенде, өзіңізге мәлім, жүкті емес пе едім? Кеткеніңізге 15 жыл болды. Есептеп қараңызшы? Бұл өзіңіздің жігіт боп қалған балаңыз ғой! -дейді әйел. Әйелінің қасындағы өз баласы екенін сонда біліп, жігіт онымен құшақтасып көрісіп, әйелінен кешірім сұрап, татуласады, сөйтіп, адалдықпен мұратына жетіпті.

balalaralemi.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.