Қараш батырдың Қара аты

Kharash batyr1

Қалмақпен қидаласқан жаугершілік заман екен.

Қараш батырдың азғана қолын қалмақ Кегеннің қосындары қапыда басып, қойдай қырған. Қарқара бойында отырған қалың ел артынша шыл-шыпыры шығып, тау-тас кезіп, қара қырғыз асып, басы ауған жаққа ұлардай шулап, құндызша шуаған… Өзіне сеніп тапсырған елінің ер-азамат ұлдарын қапыда алдыртып алып, қанына қарайған Қараш батыр қасына ерген аз-маз жігіттерін тентіреп кеткен шаңырақтарын жоқтап алуға күштеп жіберіпті де, өзі Қарқара тауының ішіне жалғыз жасырыныпты.

Kharash batyrБүгінгі Кеген өзенінің бойына жорық қостарын тігіп, қалмақ қосындары Қарқара жұртының қолға түскен қалың жылқысын су жағасына иіріп тастаса керек. Елі мен жері үшін намыстан күйген Қараштың астында айсыз қараңғыда шалыс баспайтын, туғалы сүрініп көрмеген, қара жердің жігін айыратын жершіл қара аты бар екен. Қараштың Қарасы атанған бұл жануардың кереметтігі де, киелілігі де сонда болса керек,– атақты құй батпақ оппа сазды емін-еркін кесіп өтетін-ді… Өзі ғана білетін батпақ арасындағы жалғыз аяқпен тас қараңғыда жүре беретін.

Қарқараның қиясына Қараның басын тіреген батыр бір күні  түнде сазды кесіп, жау қосындарынан шеттей жайылған, құлын-тайлары жусаған жылқыларға жақын келіп, Қарасын кісінетеді. Сол-ақ екен қалың жылқы шұрқырай қалып, Қараның дауысын тымық түнде тани кетеді. Киелі қара ат күлдір-күлдір кісінеп, қалың жылқының құлағын алған күмбір-күмбір жаңғырыққа толтырып, өз дауысының соңынан еріксіз елтіте ертіп жөнеледі.

Айсыз түнде дүркіреген көп тұяқтың дүсірінен “жау жетті” деп дүрліккен қалмақтар көпке дейін келесіне келе алмай, жылқының артынан іле-шала қуа алмай қалған. Тек үйірдің басына күзетке қалдырылған төрт жауынгер ғана қалың жылқыны қайырмақ болып ұмтылады. Бірақ әбден еліріп алған көп жылқы тоқтасын ба оған… Шапқан қалпы саздың жанынан бір-ақ шыққан.

Әне-міне дегенше Қараштың Қарасының артынан ерген қалың жылқы желіге тізгендей аман-есен арғы бетке өтіп кетеді. Ессіз ұмтылған күзетшілердің бірі құйға ат-матымен обылады. Кешігіп жеткен Кеген мен қосындары жұтпа сазға аяқ басуға жүректері дауаламаған.

Ел-жұртының ен байлығы – қалың жылқыны Қарқара биіктерінің ұры қойны-қолтықтарына жасырған Қараш батыр қасына туған жерін қимай тау үшін сағалап жүрген жігіттерден қол жинап, саздағы сүрлеу арқылы қалмақтарға түн баласында түре тиіп, қан қақсатыпты. Жаудың аяқ артар атын қалдырмауға айналыпты. Ақыры мазасы кеткен қалмақтар қайта ауып кетіпті деседі аңыз… Содан бері бұл жұтпа саз – Қараштың сазы атанып кетіпті. Ал анау аудан орталығы болған шағын ауыл төне қонған өзен қалмақ батыры Кегеннің есімін иемденген. Енді қалың ұйық құйдан жол табатын Қараштай ер, Қара аттай киелі жануар қайда?! Сазды тіліп өтер сүрлеуді кім таба алады? Таба да алмас…

AskarАсқар Алтай, “Қараштың қарасы” әңгімесінен ықшамдалып алынды

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Please Do the Math      
 

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>