Қара өлең құдіреті: “Қолымда бір қамшым бар…”

khamshy

“Қазақтың қара өлеңі құдіретім,
Онда бір сұмдық сыр бар айтылмаған” – деп жырлаған Мұқағали ақын бәлкім қазақтың қара өлеңдей киесіне, сөзінің жүйесіне бас иген болар. Біз де арқалы ақынның сөзіне қосыла отырып, қазақтың ғасырлардан жеткен қазынасының тағы бір тармағын назарларыңызға ұсынып отырмыз. Қызға наз, ханға дат, байға бұйымтай, адамзатқа ақыл айтуда қазақтың “кілт сөзі” қамшы болған сыңайлы. Оны бағамдау үшін төмендегі “Қамшы өлеңге” көз жіберсеңіз жеткілікті.

Қамшым бар, өзім қамшы өрмесем де,
Қалқатай, аманбысың көрмесем де.
Ішінде дарияның сен бір шынар,
Жетпейді қысқа қолым сермесем де.

Ұстаға бердім қамшы жездеткелі,
Ешкімге көз салмадым ержеткелі.
Өзіңдей абзал ару іздеп жүрмін,
Отауда шәйнекке шай демдеткелі.

Қолымда бір қамшым бар алты таспа,
Сұлудың керегі жоқ сенен басқа.
Қалқа деп қадір білер салдым қолқа,
Жақсының жамандардан нарқы басқа.

Қолымда бір қамшым бар алты таспа,
Сөзімді ұнамаған алып таста.
Сонда да әр сөзімді салмақтарсың,
Кісіге сыр ашпап ем сенен басқа.

Қолымда бір қамшым бар шежемейлі,
Тұрғанда ат ақырда не жемейді.
Көзіңнен айналайын, қимас қалқа,
Көп дұшпан көре алмаған не демейді.

Қолымда бір қамшым бар күмістеген,
Дейді жұрт сонша әсемдеп кім істеген.
Кей жаман сылаңдайды сырын білмей,
Мысықтай жұрт көзінше түк ішпеген.

Қолымда бір қамшым бар жез бауырлақ,
Өсекке ілікпедім сөзді ауырлап.
Түскенде сен есіме сенер болсаң,
Жылаймын жата қалып жер бауырлап.

Қолымда бір қамшым бар жылан бауыр,
Тоқтының қыстан қалған құйрығы ауыр.
Алыстан аңсап іздеп жүргенімде,
Қонсайшы көрші болып сіздің ауыл.

Қолымда бір қамшым бар қырғыз өрме,
Кісіге менен басқа көңіл бөлме.
Мен-дағы жақсылардың тұқымы едім,
Қалайша айтқан сөзім кетер желге.

Қолымда бір қамшым бар бүлдіргелі,
Өзіңе бір сөз айттым күлдіргелі.
Орныңнан ары отырған бермен отыр,
Қолымда қармағым жоқ ілдіргелі.

Қолымда бір қамшым бар бунақталған,
Бәйгіден екі ат келер ойнақтаған.
Жүрмісің есен-аман, беу, қарағым,
Көзіңнен айналайын жайнақтаған.

Қолымда бір қамшым бар алтындаған,
Кей жаман ұстай алмай қалтылдаған.
Бос белбеу, бота тірсек бозбала көп,
Киіздей шала піскен, қарпылмаған.

Тобылғы қамшы саптық сайға бітер,
Көп жылқы көк алалы байға бітер.
Көргенді сұлулығың сұқтандырған,
Тек қана аспандағы айға бітер.

Қолымда бір қамшым бар шығыршықты,
Тоғайдан шұбар ала шыбын шықты.
Аулына сол еркемнің барамын деп,
Жүз теңге, он орамал шығын шықты.

Өлеңім қамшымменен абысынды,
Қамшымның ит ұрам деп сабы сынды.
Өзіңмен кездесе алмай жүруші едім,
Сырласып бүгін тойда көңлім тынды.

Қараойдың қамшым қалды қабағында,
Шырыны қымыздықтың сабағында.
Қамшымды иә табармын, иә таппаспын,
Аулыңды алыс кеткен табамын ба?

Қолымда бір қамшым бар бұзау тісті,
Күз өтіп жерге түнде қырау түсті.
Жұлқынған кеше ғана жігіт едік,
Самайға сақтантып ақ қылау түсті.

Қолымда бір қамшым бар бунақтаған,
Бәйгеден бапты ат келер ойнақтаған.
Аңызақта ат арытып келдім шаршап,
Қалқатай, шайыңды бер қаймақтаған.

Қамшымның сабы еліктің сирағынан,
Жиын той іздегенім, жиғаным ән.
Атымды сәнмен сипай қамшыланып,
Қалқаның келе жатам үй жағынан.

Қолымда бір қамшым бар өрілмеген,
Ешкімге өріп бер деп берілмеген.
Кеткенде аулың алыс, ей, қарағым,
Көзіме сендей ешкім көрінбеген.

Қолымда бір қамшым бар бұрамалы,
Үстіме кидім бешпет қынамалы.
Бергенде өзің көңіл, ей, қарағым,
Тағат қып құрбың қалай тұра алады.

Қолымда бір қамшым бар ырғайдан сап,
Өтпесе қойың судан құрғайлап бақ.
Сарғайып сені тосып отырғанда,
Келмесең дәл сол күні Құдайдан тап.

Қолымда бір қамшым бар тобылғы сап,
Жуаны тобылғының қамшыға бап.
Тілегін көпшіліктің орындайық,
Қос қалқа, өлеңіңді айт қарсы қарап.

Қолымда бір қамшым бар таспалаған,
Атыма жүген салдым қасқалаған.
Құмармын лебізіңді бір тыңдауға,
Көремін өзіңді артық басқа жаннан.

Құсбегі құз қиядан қаршыға алған,
Жеріне ер оралар қамшы қалған.
Тарыдай тал бойыңда бір мінің жоқ,
Түбіндей жауқазынның аршып алған.

Қамшыңды тастамадым тал да болса,
Сенсіз ас татымайды бал да болса.
Ізіңе сенің басқан тең көрмеймін,
Отырған алтын тақта хан да болса.

Қолымда бір қамшым бар саралаған,
Ел-жұртты көп көреді аралаған.
Сый елдің сыйласатын баласымыз,
Жайсыз сөз неге керек жарамаған.

Қолымда бір қамшым бар жезбауырдан,
Кірсем шыққым келмейді қызды ауылдан.
Аулың алыс кеткенде, беу, қарағым,
Артық көріп сағындым бір бауырдан.

Қолымда бір қамшым бар шебер өрген,
Тұсыңда еркімнен тыс бөгелем мен.
Жөніңді айтшы, қалқатай, осындайда,
Сен үшін неге болса көнер ем мен.

Қолымда бір қамшым бар сабы ырғай,
Бөгеліп неге отырмыз сауық құрмай.
Сөзімді қабыл алсаң, өтер едім,
Кісіге сенен басқа мойын бұрмай.

Қамшымның алты таспа сабы ырғайлы,
Қыстырсам керегеге дамылдайды.
Кезсем де кең дүниені, қимас қалқа,
Өзіңдей ақылды жан табылмайды.

Қолымда бір қамшым бар қанымаған,
Бермейді тұрып орнын танымаған.
Ауылдың сыйласқандай баласы едік,
Тигізбе шайпау сөзің жаным маған.

Қолымда бір қамшым бар күмістеген,
Күмістеп сонша әсемдеп кім істеген.
Барында оралыңның ойна да күл,
Жалғанның несі қызық күліспеген.

Қолымда бір қамшым бар алтындаған,
Ешкімнің қамшысы одан артылмаған.
Қуанып мені көрсе күлімдейтін,
Көзіңнен айналайын жалтылдаған.

Қолымда бір қамшым бар күмістеген,
Не табар ойнамаған, күліспеген.
Атымның басын ұстап түсіріп ал,
Аулыңа бара қалсам бір іспенен.

Қара өлеңнің құдіретін көрсетер тағы бір халық туындысы “Боз ат” өлеңін бұған дейін де өз назарларыңызға ұсынғанбыз.

“Бабалар сөзі” (70-том)

argymaq.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Please Do the Math      
 

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>