Елорда іргесіндегі жаппай көкпар

de-bdefffa

Соңғы жылдарда жаппай көкпар ұйымдастыру  еліміздің барлық өңірінде белең ала бастады. Жұршылықты дәстүрлі ойын мен ұлттық спортқа қызықтыру, бұқаралық спортты жандандыру, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында Нұр-Сұлтан қаласының аумағында ұлттық спорттың додасы бұған дейінгі уақытта да аз өткізілген жоқ. Сондай дүбірлі бәсекенің бірі Елорданың іргесіндегі Талапкер ауылында қарашаның 3 күні өтті.

Бұл жаппай көкпарды Хасеновтер әулеті өмірден озған ардақты әкелерін еске алу құрметіне жасаған жылдық асқа орай ұйымдастырды. Белгілі атбегі Хасенұлы Амандық ақсақал кезінде Ақмола өңірінің ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жылдар табысты  еңбек етіп, Социалистік Еңбек Ері орденін иеленген, осы өлкеге танымал тұлға. Зоотехника саласының жоғары білімді маманы. Жеті ұл-қыз тәрбиелеп өсірген абзал әке.

Ұлттық спорт қауымдастығының хабарлауынша, көкпарға еліміздің әр өңірінен келген Бағлан Шырынбаев, Ұлан Байтөреев, Нұрдәулет Момынов, Құрманбек Тұрғанбек, Аслан Қабжанов, Ерлан Қанафин  сынды атақты көкпаршылары қатысып, доданың думанын қыздырды. Тіпті, ұлттық спорт түрлерінің бас бапкері  Қуанышбек Құрамаевтың өзі көкпардың додасында топ жарып, әйгілі балуандардан айла асырып,  салым салды.

be-bbb-bec

Жаппай көкпарды тамашалауға қатысқан Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Бекболат Қанайұлы өзінің құттықтау сөзінде Хасеновтер әулеті ұйымдастырған көкпарға алыстан ат сабылтып арнайы келген атақты көкпаршылардың ұйымшылдықтарына, Арқа төсінде, Елорданың іргесінде  осындай жаппай көкпардың өтуіне ұйытқы болған атбегі Аманжол Амандықұлы мен оның ағайын-туыстарына шынайы алғысын жеткізді.

«Еліміздің Тәуелсіздігі, халқымыздың бейбітшілдігі арқасында талай асыл дүниеміз жандануда. Соның ішінде ұлттық спортымыз әлемдік деңгейге көтерілді. Міне, Арқаның төсіндегі жаппай көкпарға еліміздің атақты балуандары арнайы қатысып отыр. Соның барлығы ең алдымен дәстүрлі ойынды осылайша  үнемі қолдап, қошаметтей білген қалың жанкүйердің, яғни, Сіздердің арқаларыңызда» – деді Бекболат Тілеухан.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Талапкер ауылында жаппай көкпар өтетіні туралы хабарлаған болатынбыз.

Жаппай көкпардың салым жүлдесіне – 1 миллион теңге және  2 тана, 2 жабағы, 2 тай, 2 ат, 2 түйе тігілді. «Өгіз өлді» салымына екі түйе аталды.

Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Жамбыл, Ақмола облыстарынан келген айтулы көкпаршылары арасынан додашыл атына сеніп, өзгелерден айласы мен шеберлігін асырған бірнеше балуандар салым салып, көрермен қошаметіне бөленді. Ал, жаппай көкпардың аяқталғанын білдіретін «Өгіз өлді» салымының бірін көкпардың жас балуаны Құрманбек Тұрғанбек салса, екіншісін әйгілі көкпар балуаны Бағлан Шырынбаев салды.

argymaq.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Please Do the Math      
 

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>