Сұлтан ТӘУКЕЙҰЛЫ. Керкөрік

6428

Тағы бір күн ерте намаздан кейін сыртқа шығып, төбе басында отырған Кәлпе үйге кірісімен:
– Жәнібек қалқам, сенің атың мына түрімен алтын басыңды айдаһардай жауға алдыртатын түрі бар, – деді.
– Оны қайдан білдіңіз, тақсыр?
– Күлтелі күреңіңнің еңсесі түсіп кетіпті. Өкпесі шалдыққан екен. Енді саған серік болмас. Ер серігі – ат, қарт серігі – ас. Менің құмалағыма бір «Керқұла» түсіп тұр! – деді.
– Ой, тақсыр-ау, оны қайдан табамыз?
– Қайдан табатынымызды қара қобыз бен құмалақ айтады.
– Құп, болсын!
Кәлпе бақсы көбелек қанат ақ кірпігін салбыратып, қыл қобызын зарлата жөнелді.
Қара қобыз, қақ қобыз,
Нақ шыныңды айт қобыз!
Бозым мінер Керқұла,
Қайда жусар, тап қобыз!..
Қарт абыздың денесі жел сілкіндірген теректей селкілдеп, сақалы желкілдеп, көз жұмулы көңілі мас, қос жанардан сорғалаған жасы кеуде тола ақ сақалына қарай домалап, иекше шытына тамшылап жатты. Сәлден соң ескілеу ақ бет орамалына түйіп, бешпетінің сол жақ омырау қалтасына салған құмалағын шығарып, түйіншегін шешкен соң алдына жамыратып шаша салды. Шабыты түскенде ол құмалақты жіктеп, санап та жатпайтын байырғы әдеті. Кәлпе қобызына сүйеніп, құмалаққа сәл телміріп отырған күйінде жымың етті де:
– Міне, қобыз бен құмалақ сөйлеп тұрған жоқ па? Соқырға таяқ ұстатқандай, көпе-көрнеу жөн сілтеуін көрдің бе, батырым! Атыңды ертте! –деді.
– Қайда?
– Бес орыстың аулына барамыз. Бол! – деп асықтырды. Бес орысы – Абақ Керейдің Жәнтекейінің Сүйінбайынан туған Сәмембет, Самырат, Құты, Бөкес, Төлеке атты бес атаны айтады. Реңі сары, көзі көк болған соң Керейлер арасында «Бес орыс» атанған-ды. Тұтқиылдан сөз таппай мүдірген Жәнібек батыр:
– Тақсыр-ау, бес орысың қазір бес рулы ел болды. Жөн-жосықсыз қайда тартамыз? – деді таңдатын. Қобызын мойнына салып, ұзын ақ таяғын ұстаған Кәлпе:
– Сәмеметтің шаңырағы – Есентайдың үйінде кезігелік, – деп шыға жөнелді. Бұл күнде Есентай әбден қартайып, Шақабайдың қолына қараған. Өзі сөзден де қалған. Қара шаңырақтың ендігі тізгіні Шақабайда.
Жәнібек үлкен ұлы Ноғайға ат әкелдіріп, ер салдырғанша Кәлпе бақсы қыр асып, әлдеқашан тасаға түсіп үлгіріпті. Кәлпе «жорғалымен жолдас болмайын» деді ме, әлде «аттыға еріп жаяудың таңы айырылар» деп түйді ме, әйтеуір қашаннан аттыға ілеспейтін пенде.
Жәнібек те «Кәлпе жаяулап жеткенше, мен аяңдап жетермін» – деп асыққан жоқ. Жәнібек аяңдатып түс ауа барғанда, Кәлпе алдына әлдеқашан дастарқан жайылып, қаймақ қатқан қою шай құйылып жатыр екен. Кәлпенің тағы бір ұстаған ғадеті айран-шалап, қымыз сияқты ашты сусын ішпейді, ет баласын аузына да салмайды. Қорегі шай мен тамақ. Ол алуан шекер бал берсе да «қарам» – деп татпайтын жан. Жәнібек батыр төрт-бес атадан қосылатын ақсақалға сәлем беріп, Шақабай мен Қызай бәйбішеге де амандасты. Аман-сәлем аяқтай бере Кәлпе әңгімесін бастай жөнелді:
– Әй, Шақабай! – деді өлгек кәрі көзін Есентай замандасына қадағанмен, сөз ұшығын оның батыр ұлына сілтеп, – Мына Жәнтекейден Сәмембет екеуіңнен соң аты шулы батыр үзіліп кете ме деп күдіктеніп едім, шүкір, аттың орнын тай басты. Жәнібек екеуіңнен де асып түседі. Айтайын дегенім бұл емес! Ие құсым соңғы кез Сәмембеттің шаңырағына қона берген соң, аруақтарға бет сипайын деп келіп отырмын. Сол парызымды жаңа ғана, Жәнібек келер алдында өтедім. Қобызым мен құмалағым «Керейдің бағы Жәнібектің найзасы мен Шақабайдың жылқысына тоқтайды» – дейді. Жылқы ішінде Жәнібекке серік болар бір тұлпарды түсімде де, құмалағымда да көрдім. Қобызым бұған кепілді. Жәнібектің Күлтелі күреңі батырға серік болудан қалыпты.
– Бәтшағар-ау, Жәнібекке серік болар тұлпар туса айтқызбай-ақ мінгізбес пе едік! – деді найза ұстаудан қалып, ақ үрпек балапандай болған Есентай қарт, желбегей жамылған жеңіл күпісін иығына көтере беріп.
Кәлпе енді Шақабайдың бәйбішесі, ақ жаулықты, етжеңді Қызайға бұрылып:
– Айдың көлдің үстінде бір лай көбік. Осынымды тапшы бәйбіше? – деді жұмбақтай.
– Тақсыр-ау, нені меңзеп отырғаныңызды қайдан білейін, көбік –жел! Онда ненің лайы болушы еді?
– Көлі лай болса, көбігі де бұлыңғыр!
– Шешімін өзіңіз айтпасаңыз, терең теңеуіңізге, таяз зердеміз жетпей отыр, тақсыр?!
– Хан мен игі жақсылар төреден ғана қатын алатын болды. Одан туған ұлдардың көбі лай көбіктей тез тарқап көкке ұшып кетеді.
Қатын алма төреден,
Еркегі болар жау жанды.
Ұрғашысы ер жанды, – депті ғой Бұқар ағаларың. Ал тағы біреулер жаманнан қатын алғанды сөз қылып.
Жаманнан қатын алмағын,
Жабыдан айғыр салмағын.
Жаманнан қатын алсаңыз,
Жабыдан айғыр салаңыз,
Күндердің күні болғанда.
Жауға мінер ат тумас,
Дауға түсер ұл тумас…- деп жүрген жоқ па?
Соңғы кез жауға шабар ұл да, батыр мінер ат та сирек туатын болды. Бүгін Жәнібектей ұл туса да, жауға мінгізетін ат жалпақ Жәнтекейден табылмай отыр. Осының бәрі жабы мен жаманның, әлгі лай көбіктің кесірі емес пе! – деді. Төрде күпісін жамалып, малдасын құра кеңеске құлағын салған атасынан именіп, Кәлпенің қалжыңынан қысылған Қызай қара сабаға қарай бұрылып, қазан ошағының ісіне араласып кетті. Кәлпе үзілген сөзін жалғап:
– Шақабай балам, балыма осы ауылдан бір ат түсіп, соған пұшайман болып отырмын. Сен де жылқының шетінде, желдің өтінде, жаудың бетінде өскен батырсың ғой. Әуелі түсін өзің түсте! – деді.
– Пұшайман болған несі! Алла дуалы аузыңызға бір сөз салған шығар. Жәнейден аяйтын мен түгілі бұл Жәнтекей де не бар, тәйірі! Сырты түк, іші боқ – бір тай түгілі қысырақтың үйірін бөліп берсем де бұйым ба екен! Жылқыны бәріміз көрелік? – деді, Шақабай батыр желпініп. Сар бәйбіше де шалының сөзін қостап:
– Тәңірім-ай, «көп тілеу – көл» деген ғой. Осынша малдың ішінен «Тентегім» мінетін бір ат табылса игі-ау?! – деді жалбарынып. Ол Жәнібекті «Тентегім» – деп тергейтін.
«Мал төркінін таниды-ау» – деген ауыл-үйдің ақсақ атбоз, малшы-қосшысы түгел жиылып, Есентай ауылының мыңнан астам жылқысын жер бетін дүр сілкіндіре ауыл алдынан арылы-берілі айдады. Жылқышылар алдын қайырып, үйір-үйірімен тоқыратты. Әркім әр шөптің басын шалып, дөй далаға сандырақтаса да Кәлпенің құмалағына түскен тұлпар әлі жоқ. Амалы таусылайын деген Шақабай батыр «Шыққыр көзім шықпаса, болса осы болар» – деп сарбауыр, керқұла бестіні көрсетті. Бас-аяғы есік пен төрдей, кесім ет жоқ кесер басы Қабанбайдың қубас тобылғы торысына ұқсас, артқы екі тірсегі тік, төрт аяғы қаққан қазықтай, салқы төс, жаясы тақтайдай, төңкерілген кер ат екен.
Бағанадан бері Шақабайды сынап, сырттай болжап тұрған Кәлпе:
– Түсімдегі де, құсымдағы да Керқұла осы! Әумин! – деп бетін сипап, ежелгі дағдысы бойынша таяғын беліне басып, екі қолын артынан асқан қалпында аяңдап жүре берді. Ол Шақабайдың:
-Тақсыр, Кәлпе-ау! Қонақасы малдың батасына кіріспейсіз бе? – деп жалбарына айтқан өтінішіне де құлақ асып, үн қатқан жоқ. Оның табынатын тәңірі – бір құдай, сенетін серігі –шөгел бүркіт жыны болған соң басқасын қайтсін?

Сұлтан ТәукейСұлтан Тәукейұлы, «Ақыр Жәнібек» романынан

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!