Қуанәлі АЛМАСБЕКҰЛЫ. Әкемнің қоңыр жорғасы

6046

2003 жыл.
Дала жаңадан жаялықтана бастаған кезде үлкен ағам үйленетін болды. Үйдің үлкені болғандықтан ба әлде алғашқы перзенттерінің дәм-тұзының тым аз боп, еңбегі қатпай тұрып қара жер қойнына енгендігінен ба, әйтеу, ағам өте ерке өсіпті. Он жеті жасқа толар-толмас шағында ауылдың боз жігіттеріне еліктеп шаш қойып сәндене бастапты. Темекіні де өрескелдік деп білмеген ағам, қос танауынан түтін будақдатқаны үшін, әлгі «ағаларынан» қалыспай, «кереметтілік» көрсете біліпті. Өз қатарларынан осындай «артықшылығымен» ертерек бөлініп, ержетіп кеткендей сезініп жүреді екен. Әлде өз әуестігі әлде нағашымыздан қонған қасиет пе анығын Aлла ғана білер, қара домбырамен ән шырқағанда тойдың еркесіне айналыпты. Бұндай шақта қошаметшіл қауым аты аңызға айналған өткен ғасырлық сал мен серіге де теңеп жіберсе керек. Бірі шын, бірі жалған айтқан ел сөзіне лепірген ақкөңіл ағам таң ағарғанша әндететін көрінеді. Соңғы жұлдыздар сөне, байғызбен бірге әнін доғарып, орнынан тұрып, буыны босамаса үйге келіп, дәрмені құрыса көршілердің үйінің біріне қисая кететін көрінеді. Ертесі ауылдың гу-гу әңгімесі ағам жайлы болып жатады екен-мыс…
Сол серілік пен салдыққа салынып, сыбай-салтаң жүрген ағамның да «басына ноқта киіліп», тізгінін тартып, бұрынғыдай үйден қай уақта кетіп, қай уақта келерін, ұшарын жел, қонарын сай білер қаңбақтай домалай берер, басы бос, байы құдай «еркіндік» дәуірінің аяқталып, мойынтұрық киіліп арба сүйреген аттай болар күні туды деген сөз. Өзгесін қайдам, бұл үлкен жаңалыққа мен ерекше қуандым. Өйткені, енді маған бетімді сүртіп жүрер, шет-шетіне әдемі қызылды-жасылды түйін түйілген шыт түйіп берер жеңге табылды ғой. Ішімнен «бәлем, қыли көз, менің де шыт ұстайтын күнім болатын болды» деп, ерегесім баяғыда аяқтап кеткен көршінің баласын бір сыбап алдым. Онымен дос болып жүрсем де бір ісі жүрегіме беріштей болып қатып жүрген болатын. Мәселе былай еді. Жаздың күні жайлауда таңқурай піскен кез. Көрші үйдің қыли көз ұлы және інім үшеуіміз таңқурай жеу үшін дию тасқа бардық. Самсап тұрған таңқурай. Бастабында тоймастай болып обырланған екпініміздің жетер жері белгілі болды. Әп-сәтте ішімізді сипап, кекіріп шыға келдік. Бір уақта қыли көз кесілген ағаштың томарына шытын жайып қойып, таңқурай тере бастады. Менде сөйте қояйын десем, қалтамда ештеңе жоқ, абыржып қалдым. Анау болса, шөптің бір тал түйірін де ергізбестен, құныттылықпен тазалап, таңқурай теруде.
– Бұл таңқурайды қайтпексің? Былай шыққанда жеп біздің көзімізді қызартпақсың ба? – дедім.
– Жоқ. Анама апарып берем. Дәрігер таңқурай жесе ауырмайды депті.
– Онда менде терейінші. Үйге барған соң екеуміздің анамыз бірге жесін.
– Болмайды. Онда аз болып қалады. Өзім ғана теремін. Сен өз шытыңа тер, менікіне жармаспай, – деді ала көздене.
– Менде шыт жоқ. Әлде неге мінді адамша күмілжіп төмен қарадым.
– Еее. Бұл шытты маған жеңгем түйіп берген. Ал сенде шыт тұрмақ жеңгеде жоқ.
– Менде де жеңге болады. Ағам үлкейді, – дедім дауысымды көтере.
– Ой, сенің арақкеш ағаңа кім тиеді.
– Менің ағам әнші. Қарап тұр, менің жеңгем сенің пұшық мұрын жеңгеңнен сұлу болады әрі маған әдемі шыт тоқып береді, – дедім тістене.
– Әнші деймісің? Түн жарымына дейін ән айтып, түн жарымынан кейін не айтқанын білмейтін ағаңның қай жері әнші. Алам деп жүрген қызын менің ағамның досы алып қашып кетті ғой. Бағанадан бері қанша шыдап тұрсамда, дәл мына сөзіне шыдай алмадым. Әрі ол екеуміздің дауысымыз қатты шыға бастаған кезде інімде қасыма келген болатын. «Сен менің ағамды арақкеш дедің бе?» деп онымен алыса кеттім. «Келсең кел дегендей», қарсыласуға дайын тұрған ол да қаймықпай қарсы келді. Намысқа шыдамағаным болмаса шамам шағылық еді. Ал анау болса жасы менімен қарайлас болғанымен, денесі жуандау әрі күшті еді. Қолы да ұзындау ит неме жұдырықпен қойып-қойып жіберді. Қапелемде не істерімді білмей, сәл именіп қалдым да, жұдырық сілтеуге күйім келмеді. Бастабында не болғанын аңғармай қалған інім, қыли көздің мені тықсырып бара жатқанын біліп, көмекке келді. Екеулеп жүріп жығып алып, ой, тептік-ау…
Ол жылады.
Мен жеңісіме мәз болдым. Шекемнің ауырғаны да жаныма батып тұр. Бірақ жеңісте бодан беру арқылы қолға келеді ғой. Әдемі шыттағы тәтті таңқурай біздің шағын көлемдегі шайқасымыз бастала салған кезде-ақ төгіліп, аяғымызға басылып езіліп кетті. Бұл ренішіміз екі-үш күнге жалғасып жүрді де, қайтадан достасып, енді соғыспауға уәде бердік. Мен оған сый ретінде әкем атып әкелген тау текенің алшы түскіш сақасын бердім, ол маған бір шыт берді. Бірақ, әлгі әдемі шытын емес, басқа көнелеу, түйіні сөгілген шыт екен. Көңіліме тоқ болмаса да дос көңілінің сыйы ретінде қабылдадым…
Сол ренішіміз қайдан есіме түскенін білмеймін. Енді әдемі шыт самалмен ұшып келіп қолыма қона кеткендей күй кештім.
Бір күні әкем екі ақсақал кісіні қасына ертті де құдалық сөйлесуге кетті. Құдалық сөйлессе бітті, үйімізге жеңгем келетіндей болып сезінген ақымақ басым, шырмауықтай шырмалып жатқан уақиғалар мен «теңін тапса тегін бер» деп мәтелдеп қойып, «кәдесіз қыз болмайды деп» алдыға қосақ, артқа тіркеу алар тұсы барын қайдан білейін. Қуырдақтың көкесі түйе сойғанда болады дегендей, құдалықтың «қызығы» қоңыр жорға аттың тұсында болды.
Қоңыр жорға әкемнің сәбидей сылап-сипап, судың тұнығынан суғарып, шөптің жасылын жегізіп мініп жүрген аты еді. Бұйра жалды, тұяғы тасқа салсада кетілмес, қулық биенің құлыны болатын. «Азулы бие көрмедім, азусыз ат мінбедім» дегендей, сегіз жасқа келсе де қоңыр ат азу жармаған еді. Бала күнде азу тістің не екенін қайдан білейін, әкем бір күні қоңыр атта азу тіс жоқ деп отырғанын естіп қап, шөп жеп тұрғанда ауызын аңдыған кезім де болған.
Әкем де талғамды адам еді. Атты өте жақсы бағып мінетін. Анау-мынау атқа ер сала қоймас жыны тағы бар. Басқа ат мінсе ауып түсіп қала ма, кім білсін, қоңыр жорғадан өзге атқа мінбейтін шағы болатын ол. Бөтен бір ауылға кетерін білді ме, әлде жасы толысқан шағы ма білмеймін, сол жазда қоңыр ат жардай боп семірген. Ел күзекке келгенде ұстап, екі күн жал-құйырығының ошағанын тазалап, екі ай жетелеп жүріп жаратып, жаңадан мініп жүрген. Құдаға барған сайын қуанып келіп жүретін әкем бір жолы түнеріп келді. Бұндай шақта қасынан алыс жүруге тырысатынбыз. Ат ағашқа қоңыр атты байлап қойды да сыртынан недәуір уақыт қарап тұрды.
– Үйге кірсеңші, астыңдағы атың ауысып кетті деп тұрмысың, сонша тесілдің ғой? – деген анамның сөзін құлағынада ілген жоқ. Жел соқпаса шөптің басы қимылдай ма. Әкемнің түнеруіне түрткі болған құдамыздың қылығы екен. Қалың малдың түр-түріне келісіп болған соң, құдамыз шірене отырып, шырт түкіріп, тісін шұқи «құдалықтың басты жоралғысы етіп, қоңыр жорғаны мінгізесің» депті. Өзге қитұрқысының бәріне көнген әкем құдамыздың ауызынан қоңыр жорға шыққанда, түтіні будақтап жатып-жатып, мезгілі болған шақтағы бомбадай жарылыпты. «Ақшаңды ақшадай, малыңды малдай бердім, астыңа ат, үстіңе тон жаптым, енді келіп менің астымдағы атыма көз салар түк көрмегеннің қылығын қылма. «Құдасынан мінген ат дейтіндей», досыңа күлкі, дұшпаныңа таба қылмас ат берем, көнсең осы, көнбесең қызың қолыңда, мен қоңыр жорғаны бермейімін» депті де биіссімиласін айтып орнынан тұрып кетіпті. Сол күннен бастап әкем құда жаққа баруын тоқтатты. Бір аптадан соң атқа кенже әкем қонды. Бірақ, «әке тұрып ұл сөйлегеннен без» деген сөздің жалы жығыла бастаған ба әлде өзіның де қоңыр атқа сонша аңсары ауған ба, әйтеу ұлының сөзінен шыға алмаған ба білмедім, тілі майдалау кенже әкеме ділі қаттылау құдамыз ырық беріп, көне қоймапты. «Мен көзімнің қарасы, бауыр ет баламды бергелі отырсам, бір атын бермейтін не бопты» деп аттандырыпты.
Қыйсайған жағынан қозғалмай, қырсығып қыз әкесі жатты. Жантайған жағынан түзелмей менің әкем жүрді. Ертеңгі күніміз не болады деп ағам мен жеңгем мұңайды. Ал ат ағашта ақ қиақ пен арпаға тойынған қоңыр ат кекілін саумал самалға таратып, тезектеп тұрды. Менің көз алдымнан қызыл шыт желбіреп аспандап бара жатқандай болды. Арада бір айға жуық уақыт өтті. Қосылмас қос релістей болған қос құданың қылығынан жас ғашықтардың аспанына қою тұман шөге бастаған шақта, біздің үйге ауыл ақсақалдары жиналды. Бұл тосын жағдай бәрімізді таңқалдырды. Әсіресе, торқалы той мен топырақты өлімнен басқа уақта, үйінен қарға адым ұзап шықпас Сұлтан ақсақалдың айдың-күннің аманында келіуі, қыз қашқаннан да арман таңғалар жағдай еді. Сөйтсек бұл, пара берер бастық емес, бара бергенінен түк өнбеген кенже әкемнің ойлап тапқан амалы болып шықты. Ондағы ойы әкеме ақыл айттырып, қоңыр атты құдаға бергізу екен. Төр алдына жайғасқан ақсақалдар тоспасы ағытылған судай ақтарылды-ау бір. Бұрын онша мән бермей жүргенмін бе білмейім, ауылымызда абыздар көп екен ғой…
– Арыса тулақ, ақсаса шойнақ болар, жалы барда андағайдай болғанмен күйі кеткенде күйкентайдың күнін кешер «сырты түк, іші боқ» бір малыңды қимайтындай көргенсіздің қылығын көрсетпе, – деді сақалы кеудесіне түскен Сұлтан ақсақал нығыздана.
– «Атадан пұл қалғанша, ұл қалсын» деген атам қазақ. Ебін тапса көлденең көк аттының біреуі жетелеп кете берер төрт аяқты үшін, Алладан сұрап алған балаңның бағын байлама. Анау сары қарын биелеріңнің арты бітеліп қалмаса тағы бір қыл құйырық туар, – деді иегінде бес тал сақалы бар, шегір көзді томардай сары шал жирен мұртын ширата отырып.
– Тоқсанға келіп топқа жаяу барғалы тұрған жоқсың. Көсілтіп бәйге, есілтіп жорға мінсең де, өлгенде өзіңе бұйырары алақандай ақ дәкіе. Көріне мал жетелеп кірген жанды пайғамбар жасына келгенше әлі көрмедім. «Ботам дегізбе, атам дегіз» деген. Жиғаның мен тергенің осы балаларыңның ырыздығы үшін емес пе. Өз несібелерін өздерінен аяма, – деді ала көзділеу ат жақты қара шал.
– Құда мың жылдық. Өлгеніңше силасып өтер құдаңмен боқ қарын үшін бет жыртыспа. Отауыңнан ішкен шай мен немереңнің маңдайынан искеуден тәтті нәрсе жоқ шығар-ау мына өмірде. «Жақынды жат, татуды араз қылар» қай қызығы бар мына түлкі құйырық қу жалғанның. Жастардың обалына қалма. Әлі-ақ тақымыңа бір жорға түсер, – деп жұмсақтай сөйледі ауызында бір тісі жоқ қызыл иек шал.
Атарына оғы жоқ амалсыз отырған әкем «осыларды жиған сенсің» дегендей кенже әкеме алая қарады. Өзінің кінәлі екенін әбден білетін кенже әкем қипақтап кетті. Мақалдап та, мәтелдеп те, ақыл қылып та, ашу қылып та айтқан бопсаларына әкем жіби қоймады. Шыт тоқып берер жеңгемді қаншалықты жақсы көріп тұрсам, қоңыр жорғаны сұраған әкесін соншалықты жек көріп тұрмын. Қоңыр жорғаның басқа біреудің астында тайпалып кетіп бара жатқанын көз алдыма елестетсем, шытсыз қалсам да жеңгелі болғым келмейді. Ішімнен әкемді қолдап отырмын.
Бірақ, екі күннен кейін жағдай басқаша болып шешілді. Үйге әкемнің анасы келді. Әдетте аттан әрең түсіп, имек таяққа сүйеніп, еңкейіп жүретін шүйкедей қара кемпір, неге екенін білмейім, менің көзіме бір алып адамдай болып көрінді. Қолында таяғы бар демесең оған мүлде сүйенер емес. Қайқаңдап басқанда қара жерді ойып жіберердей. Еңкейіп қалған белі де түзеліп кеткен бе, әлде әтейге солай қату көрінгісі келді ме білмеймін, сәл тікірейіп алыпты. Алдынан қауқалақтап шыққан әкеме ызбарлана бір қарады да тіл қатпады. Иіліп сәлем салған анама ғана «жасың ұзақ болсын»деп ерінін ғана жыбырлатқандай болды. Жанқалтасынан тәтті үзілмейтін әжемнің бүйрегіне қарасам, қалыңдау шапанының қомпиіп тұрған түрі жоқ. Тәтті жоғын бірден білдім де алдынан жүгірмедім.
– Селкілдеп отырар сексенге келгенде таяқты керек етпейін дегесіз бе әлде «самауырын қайнағанға бола Самарханды су алды деген өзгенің тіліне еріп, бура жыныңызға мініп жеттіңіз бе? Денсаулығыңыз қалай? – деген әкемнің мысқыл аралас әзіліне түсін бере қоймаған әжем:
– Өзгенің тіліне еріп, төбе төңкерер тентек дейсің бе мені? Төрімнен көрім жақын қалған кезде алдыңа мені әкелер өзіңді менің құрсағымнан тумай, құдықтан шықтым дейсің бе?
Әдетте ешкімге оңайшылыққа ырық бере қоймайтын әкемнің асқаралы бейнесі бұлт шөккен таудай аласара бастады. Әжеме бір ауыз да тіл қатпады. Қоңыр ат мәселесінен тоқтап тұрған құдалықтың жалпы жағдайын біле тұрса да әжем әкемнен:
– Той қашан болғалы жатыр? Қай күні келін түсіп, оң босағам қызарады? – деп сұрады.
Әкем тағы үндемеді. Орағытып отырғанынан түк өнбесін білген әжем енді іске тура кірісті.
– Бүгін сенің үйіңе ана боп кірдім. Енді есігіңнен иә ана боп шығам, иә арам боп шығам. Түсіме моласына шөп шығып кеткен әкең кіріпті. Саған ұрсып жатыр екен. «Өлі разы болмай тірі байымас» деген. Сақаудан сау қалғанмен, жылан мен жұттан қалмас атыңды бер де, келінімді түсіріп бер. Менің де шөбере сүйгім келеді…
Әкем үндемей сыртқа шықты. Бар қолынан келгені темекіні үсті-үстіне шегу ғана болды.
Қыстың қысқа күні ұясына жақындаған шақта әкем ат қорадан қоңыр атты жетелеп шықты. Күнде суғарарда шылбырын мойнына түріп жіберетін. Суға қарай жорғалап бара жатқан қоңыр атқа қарап, жүзі жайнап сүйсінгендіктен езуін тартып тұратын-ды. Бүгін өйтпеді. Жетелеп барып суғарып келді. Ат дорбасындағы жемді де төгіп тастап, санап отырып жеті қос уыс арпа салды. Менің бір байқағаным жарты күн бойы ауызынан темекі тастамады. Ішінен анда-санда әлденені күбірлеп қояды. Ертесі жиырма жыл бойы атқа салынбады деп жүретін әкесінің күміс ерін алдырды жиюлы тұрған жерінен. Әдетте бұндай қылықтарына реніш білдіретін анам үндеместен айтқандарын істеуде. Мен бірде-бір рет көрмеген, жалпақ қайыстан түйілген жүген-ноқта да шықты үйден. Пәлен жылдан бері қайда тығып сақтап келгенін кім білсін, тағы нелерін алып шығар екен деп ойлап тұрғанымда, жап-жаңа тоқым мен ішпегін алдырды. Тап бір алыс жаққа жүрердей болып сайланды. Қайда барарын айтпастан атқа мінді де кетті. Құдаға бара ма десем ол жаққа емес, керісінше жол алды. Әдетте көрші ауылға кетсе де «әйте салыңдар, бүйте салыңдар, анаған жақсы қараңдар, анаған су бере салыңдар» дейтін әкем бұл жолы ештеңені табыстамады. Осыншалықты бейшара күйге түскен әкемнің соңынан қарап тұрып, шөп қорыққа барып ботадай боздадым. Ішімнен осының бәрін әжем мен жеңгемнің әкесінен көріп тістенгенімде жұдырығымның қалай түйілгенін өзімде білмей қалдым. «Үй, саған не болды? Ұрмай-соқпай сонша жылап» деп қасыма анам келгенде, құтқарушы иемді көргендей бауырына басымды тығып тіпті солқылдадым. Анам терең бір күрсінді де, алдап үйге ертіп кірді.
Осы күннен бастап әкем сөйлеуді мүлде доғарды. Бар ермегі қоңыр ат. Көктемде беретін баулы ақ қиақты талдап қоңыр аттың алдына салады. Төрт-бес күн өткен соң қоңыр ат бас жоралғы ретінде құдалыққа берілетін болды. Ертең құдалыққа жыртыс апарамыз, той болады деген күні әкем қоңыр аттың алдына екі бау қияқ салды. Тәңертеңінде ерте тұрып қораға барсам, басқа уақта алдынан ақ қияқтың қашағын шығаратын қоңыр ат, сол күні көлденең қурай қалдырмай, ақырын жылан жалағандай қылыпты. Бәлкім енді ауызына ақ қияқ тимесін есті жануар да сезген сияқты…

* * *

Өткен жазда ауылға бардым. Өзгеріс өте көп… Мен кеткен жылғы кішкене қара домалақ балалар есейіп қалған. Жаңадан бой дүзей бастаған, бала қайың секілді аппақ қыздар көз тартар көрікті бойжеткендер болған. Құрбы-құрдастың көбі шаңырақ көтеріп алыпты. Ауыл ақсақалдарының да қатары сиреп қапты. Тек құлаған қарағайдың томарындай болған ауыл сыртындағы төмпешіктер ғана олардың жалғыз белгісі іспетті. Туған жерге аунап-қунап сағыныш мауқым басылғандай болды.
Бір күні інім екеуіміз келе жатқамыз. Алдымыздан бір жолаушы жолықты. Таныдым. Үлкен жеңгемнің інісі екен. Есерлеу ме әлде асығыс па білмедім, жөндепте сәлемдеспеді. Астында артқы бір аяғынан кем болған, ыңыршағы шыққан салтақ қоңыр ат.
– Астындағы атын таныдың ба? – деді інім.
– Жоқ, танымадым. Бірақ баяғыдағы құдаға берген әкемнің қоңыр жорға атынан аумайды екен, – дедім.
– Дұрыс айтасың. Әкемнің қоңыр жорға атына ұқсайды емес, соның дәл өзі. Жануардың бағы ашылмай кетті. Екі жыл болды артқы аяғынан кем болғалы. Кім білсін, «жақсы ат аяғынан азады» деген осы шығар. Қамшы тиіпті. Әкем құсап аялап мінбеді. Аттың қадырын білмес біреулер екен. «Жібекті жүн, жігітті құл» қылатындар көп қой бағасына жетбей… Әкемнің бермеймін дегені де қоңыр аттың кейінгі күнінің осылай боларын білген сияқты… Ауылдағыларда айтады қайран қоңыр ат қор боп кетті деп. Айтқанмен аттың аяғы қалпына келмес. Аяғынан кем болған уағына дейін үйге қашып келгенін қоймады. Қай жерден мені көрсе кісінеп кетеді деп әкем көп айтып жүрді.
– Әкем осы күнде қандай ат мініп жүр, – деп сұрадым.
– Өзің де білесің ғой, кенже әкемнің жалдас тор дөненін. Сол қазір әкемнің маңдайына басары. Жақсы ат болды. Ауыл ақсақалдарын да, әжемді де әкеме салған сол кісі ғой. Қоңыр аттан кейін әкеме ат жақпады. Тіпті үйден шықпас болды. Осының бәріне өзін кінәлі санаған кенже әкем, сол тор ат бесті болған жылы көктемде бізге әкеп қосты. Әкем де қызықты оған. Жалдас, сұлу, жаялы, жүрісті әрі жапалақ жалып етседе жалт етпес мінезді еді. Осы бейнесіне қатты қызықты әкем. Әкеме ұнағанын білген кенже әкем күзде «тор бестіні сіз мініңіз» деп беріп кетті…
Артыма қарадым. Әлгі адам ұзап кетіпті. Бұл менің әкемнің қоңыр жорғасын соңғы рет көруім еді…
Осы күндері кейде, артқы аяғын сүйрете басып бара жатқан, жеңгемнің інісі мініп жүрген қоңыр ат емес, сауыры шұжықтай, ақ қияқ пен арпаға тойынған, тоқ жарау, сүмбедей сұлу, әкемнің қоңыр жорғасы елестейді көз алдыма. Қайран жануар-ай, қош бол әкемнің қоңыр жорға аты…

787913_1929169527_________Қуанәлі Алмасбекұлы
“Қамшы.кз” сайты
“Қазақ хандығының 550 жылдығына” орай өткізіліп жатқан шығармашылық байқауға жіберілген әңгіме

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!