Сафуан ШАЙМЕРДЕН. Көкпарға тайынша тартқандар

12074

Қытай қазақтары серкені қорашсынып, көкпарға тайынша тартады екен. Сенбейсіз бе? Рас, басында біз де сенбегенбіз. Бірақ Шеңгелдіде тұратын мына қазақ шүбәмізді қалдырмады:
— Бұдан көп жыл бұрын Қапшағай теңізінің арғы бетіндегі «Шеңгелді» совхозындағы бір шаруа адамынан соғым алатын болдым. Рульде өзім. Қасымда қонаққа келіп жатқан әкем бар. Біз совхозға сәске түсте келдік. Ашық шарбақта жем жеп жүрген он шақты жылқы. Қайсысын таңдасақ та, өз еркіміз. Жасынан жылқы бағып, мал арасында өскен қария жылқы ішінде біраз жүрді де, жүген-құрық тимеген бір семіз байталға айдар тақты. Жылқышылар қақпайлап, жаңағы байталды шығар қақпаға айдап әкеліп, үйшікке өткізіп берді. Қалай әкетесің, ендігісін өзің біл. Әкем болса жасы ұлғайған адам. Мен болсам… Ия, менің жайым айтпаса да түснікті ғой. Енді не істейміз деп дағдарып тұр едік, елулер шамасындағы салт атты бір кісі келіп әкеме сәлем берді. Істің мән-жайын түсінгеннен кейін:
— Атым сенімсіздеу, дегенмен де, байқап көрейін, – деді шүу асауды бұғалықтап, арқанның екінші ұшын иіріп әкеп тақымына басты. Сөйтті де, тарта жөнелді. Байтал төрт аяғымен табандап жатып алған. Ат шірене тартады. Шүу асау тыңға салған түренше жер сызып келеді. Ал ана қазақтың жалаңаш тақымындағы арқан домбыра шегіндей дыңғырайды. Үззілуге бар, бірақ желімденіп қалған секілді бір еліге де сусыған жоқ. Өстіп отырып біз оның үйіне келдік. Жас кезінде өзі де күшімен көз сүріндірген әкем қайран қалып, басын шайқады:
— Тақымың қысқаш па өзі, немене? Өнеріңе болайын. Менің де қайратым біраз бар еді. Бірақ, тақымыма ту биені бастым деп мақтана алмаймын, – деді.
Өкінішке орай, аты-жөні жадымнан шығып кеткен жаңағы қазақ:
— О, бұл біздің дағдылы машығымыз. Қытайда жүргенде көкпарға тана тартатынбыз. Серкені менсінбейтінбіз, – деп қайырды жауапты.
Әкем құптай сөйледі.
— Мына өнеріңнен кейін түйе тартатын едік десең де сенем, шырағым…
Осылай кереметті көргенім бар менің…

Shaimerdenov 2Сафуан Шаймерденов. «Шоқыр» журналы, (керей. кз)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!