Нұртас САФУЛЛИН. Көк бөрілер ойыны

9033

Ғаламтор деректеріне сенсек, көкпар ойынын қырғыз, өзбек тілінде «улак тартыш», Тәжік тілінде «Бузкаши» деп атайды. Ал Ауғанстанда «Бузавши» деген көкпарға ұқсас ойын бар екен. Көкпар сияқты ойын Аргентина үндістерінің арасында да болған. Осы күнгі ғалымдар аталмыш ойынның шығу тарихын әр түрлі айтыпты. Бір тобы «көк бөрі» деген сөзден шықты десе, енді бірі «көк бөрте» (Бөрте – лақ, ешкі) дегенді алға тартады. Этнографтар көк бөрі исі түркі жұртына киелі саналғандықтан оны тартып ойнауы да қисынсыз деп, соңғы нұсқаға тоқырапты.

Көпшіліктің қызығын туғызар деген оймен көкпардың пайда болуы туралы өз пайымдаумызды да ортаға салғанды жөн көреміз. Ол үшін халқымыздың көне ауыз әдебиеті мен кейінгі жазба әдебиетіндегі көркем шығармаларда кездесетін көкпар жайлы деректерге тоқталып өтудің маңызы жоғары. Мысал үшін жазушы Сәкен Жүнісов атақты «Ақан сері» романында былай дейді:
— Шынын айтқанда маған көкпар ұнамады. Тіпті, тым тұрпайы, жабайы көрінеді. Тірі ешкіні тартқандары жаныма батып кетті. Тым аянышты екен. Жандары неғып ашымайды. Соншама қатыгез болуға бола ма? – Аннаның көзі жасқа толып, үрейлене қарады. Сұлу еріндері дірілдеп кетті.
«Кім қатыгез? Әрине қазақтар!» Ақан бұл сөзге бір жағы намыстанып, бір жағынан қатты ұялды.
— Анна, сол тірі жанға менің де жаным ауырып келеді. Көкпар ойыны ертеде бұлай болмаған, — деп Ақан енді түсіндіре бастады. – Ертеде, адамдардың бұдан да жабайылау кезінде, аңға шығып, олжалы қайтқан аңшылар осы ойынды ойнаса керек. Қазақ халқының негізгі кәсібі мал болғандықтан, негізгі жауы да, аулайтын аңы да қасқыр. Сол қасқырды соғып әкелгенде, не шала-жансар тірі әкелгенде атты жігіттер ортасына салып, созбайлап, тартысатын болған. Кімде-кім жеңіп, алып кетсе, соның үйіне барып от тұтатып, түтін түтетіп, тамақ асып, сауық құрған. Қазақша қасқырды бөрі деп те атайды. Қысқы, күзгі жүніне қарап көк бөрі дейді. Міне, жаңағы ойынның аты да «Көк бөрі» екен. Кейін келе-келе көне ойын «көкбөрі – көкбөр – көкбар-көкпар» боп өзгеріп кетсе керек. Енді жұрт қасқыр емес, қолда бар оңай олжа – жылқының терісін, жаңағыдай текені, лақты тартатын кәсіпке көшіпті. Тегі адам баласы саналы болған сайын, қатыгездікке, тіпті жауыздыққа да бейімделе бере ме деймін. Кейін, келе-келе, текенің орнына көкпарға адам салмасына кім кепіл! – Ақан қабақ шытып үнсіз түнере түсті де, қайта жадырады.

«Көкпар» ұғымының төркіні көк бөрімен байланысты екенін көне Алпамыс батыр жырының Мұқаш Байбатыров жырлауындағы мына бір үзінділері дәлелдеп тұрғандай:
Әлқисса, Құлтай тойға келсе, Ұлтан тойын қылып, көкпарына құнан атан беріп жатыр екен. Құлтай келе салып, көкпарды сирағына байлап, ерінің қасына іліп, тақымына басып ала жөнелді. Онда жігіттер ол көкпарға жете алмай қалған соң, Ұлтан ханға келіп: Тақсыр, бізге көкпар беріңіз дейді. Онда Ұлтан: — Менің заманымда сіздерге көрмеген қызықты көрсетейін,- деп, анау Алпамыстың жеті жасар баласын – Жәдігерді тарт!-дейді. Сонда Алпамыстың қадірін біле тұрғандар бармады. Жастар, Алпамыстың қадірін білмейтұғын ақымақ бозбалалар баланы алдына салып келеді. Көкпарға тартамыз деп, өзін қамшымен сабап, қашайын десе, аяғында кісені бар. Сонда Жәдігер: — Ағалар, не жаздым, не жаздым,-деп жігіттерге қарап, бір сөз айтты. Жәдігер сонда сөйлейді:

— … Көк бөрі қылдың егеспен,
Жұртым мені жылаттың,
Мұның қалай деместен.
………………………………..
Ағайын, саған не жаздым,
Көк бөрі қылып тартқандай.
…………………………………………
Өзімнен төмен иттерден,
Басыма қамшы жабылды.
Көк бөрі деп тартқан соң,
Екі өкпем бірдей қабынды.
……..
Тарта бер, жұртым, тарта бер,
Көк бөрі қылып тартасың,
Ұлтан құлдан қорқасың,
Ертең әкем келгенде,
Балам қайда дегенде
Не деп жауап айтасың?
Тарта бер, жұртым, тарта бер.

Әлқисса, сонда Алпамыстың қадірін білетұғын адамдар келіп: — Ақымақтар, Құдайдан қорықпайсыңдар ма? Бұларың не?! Кешегі ердің көзі емес пе? — деп таратып жіберді. Жәдігер сол жерде қапа болып жатып қалды. Онда Құлтай бай көкпар түйесі тақымында, Жәдігер көрдің бе? деп Жәдігерден сұрап бір сөз дейді…

Келтірілген мысалдарда ұқсастық бар. Ол – көкпар ойынының бұрын соңды дәстүрде болмаған сорақы түрде бұрмалануы. Әдетте көкпарға серкенің батасы жасалып, бауыздалған өлі денесін пайдаланса, бірінші мысалда мақұлықты тірілей тартады. Ал, екінші мысалда адамды тартпақ болады. Сондай-ақ, ертегі іспеттес жырда Құлтайдың құнан шыққан түйені көкпар қылып, тақымына басып, өзге жігіттерге жеткізбей кетуі де таңдай қақтырғандай. Осыдан келіп, біздің ұлттық ойынымыз — көкпардың ең әуелде пайда болған тарихы ерте заманның өзінде ұмытылып, бұрмаланып, жағдайға байланысты өзгеріп отыруы әбден мүмкін деген ой туындайды. Менің осы тақырыпты қаузауыма себепші болған мына бір оқиға болатын.
Мектептегі сыныптасым Есбол Нұрғожиннің әкесі марқұм Фазыл ағай – қарапайымдылығымен айналасына сыйлы, аңшы адам еді. Есболдың кішкене күнінде Фазыл, Есбол және Ықылас, Аслан болып қос әкелі-балалы ағайынды адамдар Егіндікөл ауылының іргесіндегі атақты Аққұмның етегіне отындық ағаш әкелуге барады. Олар әуелі жерден үш метрдей биіктікке көтеріліп барып, ылдиға құлап түскен еліктің денесін байқап қалады. Сөйткенше болмай құм арасынан шыға келген бір топ қасқыр елік құлаған ылдиға саулап түсе бастайды. Дереу «ЗИЛ» мәшинесін от алдырып, елікке жақындап барғанда қасқырлар пытырап қаша жөнеледі. Ал тамағынан жараланған еліктің әлі де болса жаны шыға қоймапты. Сөйтіп, олар ойда жоқта қасқырлар әкелген олжаға ие болып қалған екен. Бір қызығы, бөрілер ұзап кетпей, көз көрім жерде бірі бұталардың түбін иіскелеп жүрсе, енді бірі адамдарға тура қарап отырып алған көрінеді. Түстері де таң қаларлық әркелкі екен. Мылтықсыз шыққан үлкендер екі баланы ЗИЛ кабинасының үстіне отырғызып, келген жұмыстарын жалғастыра береді.
Сыныптасым топ қасқырдың бір елікті жабыла қуғаны туралы осы бір оқиғаны баяндағанда, бір серкені жан-жақтан тартқылаған көкпаршылардың қимылы еріксіз ойыма орала кетті. Көк бөрілер тобы бір елікті тартқыласа, көкпаршылар тобы серкеге таласады. Бірі дала аңы, бірі үй жануары демесеңіз, елік пен серке де бір текті мақұлық. Бүгінде елік орысша «косуля» аталса, орыс зоологы, табиғат зертеуші, «Природа» (1873—1877жж), «Природа и Охота» (1878 ж.) журналдарын шығарушы Леонид Сабанеевтің «Козуля и козлиный промысел в Уральских горах» (ib. 1875) атты елік кәсіпшілігі туралы жазған еңбегі бар. Осыдан елік пен ешкінің табиғи ұқсастығын былай қойғанда орыс тіліндегі атауында да айтарлықтай айырмашылық жоқ екенін байқаймыз. 1978 жылы Қазақ Совет Энциклопедиясының бас редакциясы шығарған Орысша – Қазақша сөздікке жүгінсек, КОЗУЛЯ – з о о л. елік (кішкене, бұғы тұқымдас жабайы ешкі).
Оқырман әңгіме желісінен аңдап отырғандай, ендігі айтпақ пайымымызды Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері Айжамал Ибрагимқызының осыдан бірнеше жыл бұрын Caspionet арнасына берген сұхбатындағы мына бір сөздері төтесінен түсіргендей.
«Көкпардың негізгі шығуын – көк бөріден таралғанбыз, көк бөріден шыққанбыз деген ұғымның одан әрі жалғасуы іспеттес деп айтуға болады. Көкпарды көк бөрімен байланыстыратын себебіміз – «Көкпарға атым да, өзім де жараймын, ептімін, күшім де жеткілікті, мерт болып кетпеймін, қайратымды көрсете аламын, серкеге таласқан бөріден кем емеспін» деп көздері отша жалындаған жастар қатысатын болған».
Осы орайда қазақ тілінің бүгінгі қолданысында бар, құлаққа сіңісті, малға қасқыр тигенде қолданылатын «қасқыр тартып кетті» деген сөз тіркесінің мағынасына үңілейік. Осыдан Көкпар ойынының мағынасы да Көкбөрінің тартуы – көк бөріше тарту – Көк бөрі тартуы – көк бөрі тарту – көкпар тарту деген мағынаға сайып шыға келмей ме? «Көк бөрінің тартуы» деген ұғымның өзі төбелес тәсілдеріндегі «жолбарыстың соққысы» деген әдіс түрін де еске салады. Әлемдегі аң қимылына еліктеуден туған спорт түрлеріне көптеген мысал келтіруге болады. 1996 жылы жарық көрген, америкалық атақты киноактер Жан клод Вандам ойнайтын «В пойсках приключений» атты кинофильм екінің біріне таныс. Фильмде бірнеше елден жиналған мықтылар «Алтын айдағар»-ды иелену үшін жекпе-жек төбелесетін еді ғой. Ең қызығы – Қытай елінің өкілі бірінші жекпе-жегінде қолдарын сумаңдатып, денесімен тура жыланша иретіліп, ерекше шапшаңдықпен ұрыс салады. Ал, екінші жекпе-жекте іс-қимылымен маймылдың кейпіне еніп алатыны да соншалық әсерлі. Қытай елі айдаһар-жыланды өздерінің нышаны ретінде таныса, ежелгі аңыздарына сүйенген Түркілер «Біз Көк бөріден тарадық, Көк бөрінің ұрпағымыз» деп қасқырды кие тұтатыны жоғарыда айтылды. Олай болса, көкпар ойынын түркілер өз даласында жиі көретін, әрі кие тұтатын бөрілердің әрекетіне еліктеуден туғызуы ықтимал деп жорамалдауға болады. Осы тұста бөрілер ұсақ жемтіктерін де таласып, тартысып жейтінін ұмытпайық.
Дәл сол кезде түп қарағаннан аса бере, алдына жас қозы топ ете түсті. Соның артынан секіріп шыққан көк шолақ. Ентіккен, көбік аққан тұмсығымен ақ қасқырды айнала иіскеп, әр жерін жалап алды. Содан соң жерде үйелеп қалып, тыпырлап жатқан қозыны көре сала – «ырр» етіп барып бас салды. Қозы екі қомағай ауыздың кергісінде қан жоса болып дар-дар айрылды.

***

Бір ылдида көк шолақ қоянды жұмарлап жатыр екен. Көксерек келе ауызды қойды. Екеуі жұлқысып тартысқанда қоянның басы мен кеудесі көк шолақтың ауызында кетті. Өзінде қалғанды қапаш-құпаш асап, көксерек қайта тап берді.
Бұл үзінділер Мұхтар Әуезовтың «Көксерек» повесінен алынды. Осыған ұқсас оқиғаға жоғарыда айтылған Аққұм бетіндегі орман арасында жүріп, Қыдырғали Құрманғалиев есімді егіндікөлдік аңшы да куә болғанын айтады. Ол бірнеше қасқырдың бір қоянды қуалаған ізімен келе жатып, метр жарымдай биіктікте талға ілініп қалған қоян терісін көреді. Аңшы мұны жемге таласып, қатты сілкілегенде кішкене аңның нәзік терісі етінен ажырап барып, тал бұтағына ілініп қалса керек деп топшылапты.
Табиғатта қасқырлар жемін тірідей әкеліп, күшіктерінің арасына тастайтын көрінеді. Сонда бөлтіріктер араларына түскен мақұлықты жан-жақтан татрқыштап, болашақта жемін өздері аулаудың тәсілдерін үйренеді екен. Ал біздің қасқырдай қайтпас, қайсар, жаужүрек ата-бабаларымыз бір жағынан жауға шабуға жаттығу ретінде де көкпар тартып ойнаса керек. Қазақтың ұлттық жыр-термелерінде жауға шабатын батырлардың қимыл-әрекеттерін бөріге теңейтіні айтылған ойды одан әрі тамырландыра түседі. Мысалы «Қарасай-Қази», «Ер Тарғын» сынды батырлар жырында басты кейіпкерлердің жауға ойран салатын тұстарын «Ай бетінен кіреді, Күн бетінен шығады. Қойға кірді бір бөрі, Бөріктіре қырады» деп сипаттаса, енді бір жолдарда «Тарғындайын бөріңіз, Әлгі келген қартыңа, Иіліп сәлем береді» немесе «Қыз Жібек» жырында «Сырлыбай ханның алты ұлы, Алтауы бірдей бөрі еді» дейді. Шернияз Жарылғасұлы «Сөз сөйлеймін бөлмелеп» атты термесінде «Ел үстіне жау келсе, Көк бөрідей ер керек. Ер астына мінетін, Бәйге бермес сұр керек» десе, бүгінгі маңғыстаулық атақты ақын Сабыр Адайдың толғауынан да сол ескі сарынды аңғаруға болады. «Көк мойнағын тебініп, Көк сүңгісін емініп, Көкжалдар жаудан келгенде…» деп жырлайды ол.
Қорыта келгенде айтпағымыз – көкпар ойынының түп төркіні ата-бабаларымыздың ауланған қасқырды тартысып ойнағанынан емес, керісінше, «Біз – Көк бөріміз» деп өздері кие тұтқан азулы аңның әрекетіне еліктеуінен туса керек.

Altay ZАлтай ЗЕЙНУЛЛИН, атбегі, эколог-ғалым:

— Спорттың көптеген түрлері, әсіресе, шығыс жекпе-жектері түрлі аңдардың қимылына еліктеуден пайда болған. Ал, біздің көкпарға келсек, қазақ халқы мәдениеттің шырқау шыңына шыққан ұлт екеніне тағы бір көзіміз жетеді. Өйткені, қазақ сол ежелгі заманның өзінде көңілді демалуды, тәрбиені, өнерді, салауатты өмір салтын ұстануды, ел қорғауды бір ғана ұлттық ойынның бойына сыйғыза білген. Қазақ не жасаса да табиғаттың заңына сәйкестіріп, қайшы келмейтін етіп жасаған. Сондықтан да қазақ халқы жер бетіндегі мәдениетті халықтардың бірегейі.
Көкпарға серкені тартатынының бір сыры – ешкі терісінің мықты болып, жыртыла қоймайтынында. Көкпарға түскен серкенің еті жұмсарып қалады. Оны пісіргенде өте дәмді болады және жеген адамға ерекше қуат береді. Жігіттердің жігері, жылқының биоэнергиясы сіңген көкпар еті ауыратын адамдарға шипа, шаршағанға күш береді. Бала көтермей жүргендердің бала көтеруіне де себеп болған. Ал көкпар әкелінген үй көкпаршыларды қонақ еткен. Онда көкпардың еті желініп, жайылған дастарханға өзге де қазақтың тағамдары қойылып, қымыз ішілген. Ондай жерде ән айтылып, күй тартылып, қазақтың тамаша дәстүрлері жалғасын таба береді.

Maxmet KazhiaxmetМахмет ҚАЖИАХМЕТОВ, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ақын, кәнігі аңшы:

— Әдеби шығармаларда жауды күтпеген жерден жарып өтуді «Бөрідей түре өтейік» деген тіркестер ұшырасады. Бұдан бабаларымыз тіпті жауға шапқанда да сол қасқырлардың тәсілін қолданғаны көрінеді. Қасқырлар қойға шапқанда бірнеше қойды қатарынан жарып, лақтырып өтетіні бар. Ал әлді арландар 25-30 келі болатын тоқтыларды арқасына салып қашқанда атты кісіге жеткізбей кеткен жағдайлар кездескен.

Nurtas S.Нұртас Сафуллин, Орал

1 comment

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.