Ажар Сыпабек. Асау
(Әңгіме)
Осқырынған Айнасұрдың дауысынан селк ете түскен Шәрбан орнынан тұра сала үсті-басын қаққылап, қолжуғыштың айнасына еңкейіп, орамалын түзетті де, далаға атып шықты. Бөкен атынан түсіп, айылын ағытып, ер-тоқымын алып үлгерген екен.
— Кешіктіңіз ғой, — деп ботадай жанарын бір төңкеріп қалды Шәрбан. – Шәй, тамақ дайын болғалы қашан…
— Іше бермедіңдер ме? Қарындарың ашқан шығар, – келіншегінің маңдайынан иіскеген Бөкен әдеттегі қалпымен «біссімілдә» деп сыбырлап, оң аяғымен үйге кірді.
— Әке! – деп мойнына асыла кеткен ұлын көтерген бойы дастарханға жайғасты. Буы бұрқыраған қуырдақ пен сақырлай қайнаған самаурын да ентіге дастарханға ұмтылды. Биссмиллясын тағы айтып, табаға көмген нанның бір бөлігін ауызына салып жіберген Бөкен келіншегіне қарады.
— Көкем мен апам да келіпті. Саламаттың әпкесі біздің құдалардың келіні деді ау, деймін. Жекжаттық туыстықтары бар екен, қысқасы.
— Үйге алып келмедіңіз бе? Біздің тентек атасын қатты сағынып жүр.
— Өліктен кейін, өзге үйге соқпайтын әдеттері ғой, жаман ырым деп. Көліктеріне мінгізіп жібердім. Сендерге сәлем айтты. Атасының қойнына кіріп, әжесінің тәттісін жегісі келіп жүрген ғой, бұл бұзық, — деп мұрны пышылдап, нанның күйген шетін шұқылап отырған ұлының арқасынан қағып қойды.
— Саламаттың аттан құлағаны рас па екен?
— Бозаттың асаулығын біле тұра, қызығып қоймаушы еді өзі де. Кеше кешкісін біздің үйірден сұрап алып кетіп, таң ата бас білдірмек болып, інісі екеуі жазыққа алып шыққан дейді. Мойнына құрығын дәл салуын салыпты, бірақ асау ат оңайлықпен бас білдіртуші ме еді, тақымын бірінші қысқанда-ақ лақтырып, өзі ұстатпай қашып кетіпті. Саламаттың жұлыны үзіліп кеткен дейді. Алланың құдыретін қарасайшы, мойнындағы құрығын сүйретіп, жаңа түс ауа Бозат өзі келіп тұр, сол үйге. Кешірім сұрағандай. Барып көрген үйі емес қой, ол үй. Үнемі атқорада ұстаймыз, арасында шығарғанның өзінде үйірімен ауылдың шетінде ғана жүретін. Осыған таң қалды бәрі.
— Сосын? Бозатты не істедіңіздер?
— Менің сол жерде болғаным мұндай жақсы болар ма? Дүйім халықтың ішінен қолына жалаңдаған үлкен пышағын алып, Самат көке атып шықты. «Бауыздаймын, ұлымды өлтірген сенсің, хайуан» дейді. Жігіттер ұстап, сабырға шақырып жатыр. Көзі қанталаған Самат көкенің түрін көрсең. Сондай қорқынышты. Бұлай ашуланғанын алғаш көруім. Сонда да қояр да қоймай, жалынып отырып, Бозатты аман алып қалдым. Ал, Күлмәш тәте мүлде сөйлеспей қалды менімен. «Сен дүниені ойлап отырсың» деп ренжиді көке. Бозаттың асылдың тұқымы екенін қайдан түсінсін ол кісі… «Айнасұрың бар ғой» дейді. Ашу-ыза кернеп бара жатыр ғой, қайтсін енді?
— Қиын ә?! Өрімдей жас жігітті қимайсың ғой өлімге. Қарап отырып жер болдық-ау… Бозат болмағанда мүмкін…
— Шәрбан! Тәңірдің белгілеп тұрып, маңдайына жазып қойған сол секундында ол қалай да болса, қаза табатыны анық еді. Бозат – тек себепші. Оны кінәлаудың еш жөні жоқ! – үнінің өктем шығып кеткенін, келіншегінің қызарақтап қалғанынан түсінген Бөкен әңгімені өзге арнаға бұрып жіберді.
Екі жыл бұрын күзде Бөкеннің ұлы дүниеге келгеніне арнап, нағашылары осы Бозатты «жиенқұрық» етіп сыйға тартқан еді. Құлын кезінен-ақ сондай сымбатты, сұлу болатын. Шәрбанның әкесі батыс өңірдегі ағайындарынан арнайылап барып, қомақты сомаға сатып әкелген екен. Атышулы Адай жылқысының тұқымы екенін білген соң, Бөкен Бозатты баптап, күтіміне ерекше көңіл бөле бастаған. Кез келгеннің уысына түсе бермейтін, асыл тұқымдының жағдайын жасау үшін қаражатты да аямайтын. Атбегі Дүйсенге «ешкімді мінгізбеңіз, әлі жас» деп үнемі ескертуші еді. Ал бүгін Саламаттың қорада тұрған Бозатты қалай алып кеткенін, өзі де түсіне алмады. Бала күнгі досы болған соң, еркінсіген түрі шығар, деп топшылады.
Тахарат-дәретін алып, екінтінің намазын оқып, соңында Саламаттың рухына тағы дұға бағыштаған Бөкен үйден шыға сала атын жайдақ мініп, қожалыққа қарай шаба жөнелді. Айнасұр жасы біразға келгенімен, бабы келіскен жылқы ғой. Иесінің мінез-құлқын қашаннан танып үлгерген жануар, қожалыққа бір демде жетіп келді. Атбегі Дүйсен қораның алдында бұны күтіп отыр екен. Бозат кіші қорадан мойынын сыртқа шығарып, иесіне қарап кісінеп қоя берді.
— Бөкенжан, балам, мен ештеңе білмеймін. Шын сөзім, Саламаттың Бозатты қалай алып кеткенін көрмедім мен мүлдем… — деп орнынан ұшып түрегеліп, шырылдай жөнелді.
— Егер үй-іші сотқа жүгінсе, біздің тараптың кінәлі болып шығатындығын, оның ішінде ең алдымен Сіздің жауапқа тартылатындығыңызды біліп отырсаңыз болғаны…
— Ойбай-ау, көкем-ау, не деп кеттің? Менің не жазығым бар, енді қайттім…
— Бірақ, Саламаттың әкесі менің де әкем. Бала күннен бірге өстік. Сізбен де құрдас. Олай ете қоймас… — қысқа жауап беру арқылы өзін сабырға шақырған Бөкен Бозатты жалынан сипаған күйі теріс қарап кетті. Дүйсеннің көмекшісі Айнасұрды талдың түбіндегі темір қазыққа байлап жатып, көзінің астымен үлкендер жаққа ұрланып қарап қойды.
— Бозатты басбілдіру керек енді, — деді Дүйсен.
— Иә, аға! Тағы біреуді мертіктірмей тұрғанда, асауды сабасына түсіруіміз керек.
— Кімге тапсырасың?
— Өзім!
— Бозатты бағындыруға ауылдағы біраз жігіт құмартып жүр. Мына жағдайды естіген соң, олар тіптен қызығып, өздерін көрсеткілері келетін шығар. Кеше ғана Саламат Бозатты сұрап келгенінде, іштей «мүмкін жігіттер арасында сайыс ұйымдастырсақ па екен» деп ойлап қалып едім. Сол оймен оған бермей жібергенмін. Өзіңмен бір ақылдасып алайыншы, деп. Енді ол ойым қайдан болсын, мына жағдайдан кейін… — Дүйсен күмілжіп қалды.
Біраз үнсіздіктен соң, Бөкен орнынан атып тұрып:
— Дүйсеке, бір Аллаға тәуекел! Сол сайысты ұйымдастырып жіберейікші! – деді.
Кешқұрым төрт түліктің өрістен қайтатын уақыты қай ауылда да әдемі көрініс қой. Ауылдың қақ ортасын бөліп-жарып, мың қаралы қазақы қой мен ешкі көшені басына көтеріп маңырап, әрқайсысы өзінің үйренген жолымен, өз қораларына қарай бөлініп бара жатыр. Сол көшенің қарадомалақтары жолдың бойында асықтың қызығына кіріп жатқан. Олар мына қой мен ешкінің айналасын шаңға бөктіріп дәл қастарынан өтіп бара жатқанына мән бермеді де. Артынша ауылды тағы азан-қазан қылып мөңіреген сиырлар қайтты өрістен. Балалар «бізден ары жүріңдерші» дегендей сиырларға да арқасын беріп, асық ойнап жатқан алаңдарына оларды жолатпауға тырысты. Бір кезде ауылдың ана басынан бір үйір жылқы кірді. Майда шыбынмен алысқан кейбірі құйрықтарымен денесін сабалап, жануарлар аядай ғана ауылдың қақ ортасын дүбірлете кесіп өтіп бара жатыр. Ал, жаңағы асыққа жанын беріп қызылкеңірдек болып жатқан балалар біреуі қалмастан ауыздарының суы құрып, жылқылар көрінбей кеткенше аңырып қарап тұрып қалыпты. Күндегі көріп жүрген көрінісі сол болса да, дәл осы жылқылардың үйірі кірген кезде, қазақ деген қаны қайнап, делебесі қозып шыға келеді әрқайсысының. Содан жалма-жан жас шыбықтан жасап алған «арғымақтарына» қарғып мініп, мұрындары пышылдап, көкпар тартысуға кірісіп кетеді.
Саламаттың жетісі өткен соң, сол ауылдың және көрші ауылдың көкпаршылары болып, бір қауым ел, Бозатты үйретуге жиналды. Ауылда әңгіме тез тарайды ғой, асаудың ашуына бұл жігіттердің барлығы әбден қанық екен. Осынша халық жиналады деп ойламаған Бөкен алғашында абдырап қалды. Тұяғымен жер тарпып, бір орнында тұра алмай, қаны қайнап, аспанға атылып тұрған Бозатты ортаға алып келгенде, менмін деген біраз мықтының мысы басылып қалғандай.
Көрші ауылмен сайыста талай көкпардан Айнасұр екеуі оқ бойы озып келіп үйренген Бөкен Бозатты өзінен басқалардың жуасытатынын тіпті ойлағысы да келмейді. Кеудеде қызғаныш бар. Әрі десе құлын күнінен алақанында ұстап келе жатқан аяулы жануарының дәл қазіргі уақытта кіл мықтының қамшысының ащы дәмін тататынын ойлап, жүрегі езіліп кеткендей. Кеудеде осы сайысты бекерге бастадым ба деген өкініш те басым. Жүз қаралы азаматтың Бозаттың ашуымен текетірескендей, жұдырықтары тарс жұмылған, қатулы жүздерін көргенде шегінерге жол жоғын түсінген Бөкен ортаға шықты.
— Ассалаумағалейкум, уа жамағат! Қазақ деген ұғыммен жылқы деген тіркес бірге жаратылған ғой. Жылқы мен қазақты бөле-жара қарау мүмкін емес. Бүгінгі жиынды мен осыншалықты көп жамағатпен өткіземін деп ойламап едім. Бұл әрбір қазақ азаматының жылқы деген атауды ести сала, жаны тыншып, үйінде мамыражай отыра алмайтындығына тағы бір дәлел деп білемін. Бозат биыл құнаннан дөненге аяқ басты. Асылдың тұқымы, бойында текті Адайдың мінезі бар болған соң, біраз еркінсітіп, мойнына арқан тигізбегеніміз рас. Уақыты бір келер деп жүрген едік. Кешегі Саламаттай палуан ердің тақымын місе тұтпаған асау, біразыңыздың намысыңызды оятқанын байқап қалдым. Алдын-ала дайындалмаса қай асаудың да икемге көнбесі анық қой. Бірақ, бүгінгі жиын кек алу мақсатында емес, Саламаттай асыл ерді еске алу мақсатында ұйымдастырылып отырғанын ескерсеңіздер екен. Бозат асау болғанымен, сауыры қамшы көрмеген, ерке мінезді жануар. Қарабайырлыққа салынып, жануарды сабаламауды да өтініп сұраймын! Кешегі екі күннің бірінде жүген салып, келесі күні жаяу жетектеп, біраз сабасына түсірдік. Әркімнің өз еркі. Осал тұлпар емес екеніне өздеріңіз де куәсіздер. Ортаға шығудан бас тартсаңыздар, ешкімді қинамаймыз. Ал, ендеше, сәттілік!
Көрші ауылдың ең мықты көкпаршысы кең иықты, еңселі, аяқ-қолы темірдей дөңқара екен. Езуі күліп тұрғанымен, көздері сондай сұсты. Былтырғы жылы Бөкен екеуі көкпарда додаға түскенінде өзінің қолапайсыз қимылымен қолындағысынан айрылып қалғанына әлі тіс қайрап жүруші еді. Баяғының батырларынша басына ақ шүберекті таңып алыпты. Жекпе-жекке шығуға келгендей, үстіндегісі де ықшам, жеңіл киінген екен. Бозаттың сымбатты ұзын тұрқын, майда селдір жалын, кең маңдайын, түп-түзу арқасын, тастай мықты құйма тұяғын шегір көзімен ішіп-жеп, біраз үнсіз айналып қарап шықты. Сөйтті де, мырс етіп:
— Неменесіне сонша жер-көкке сыйғызбай мақтайсыңдар? Торғайдай болған тұрқымен жарықтық Саламатты қайтіп лақтырып жүр, мынауың? Әй, Бөкен, осы уақытқа дейін басбілдіртуге қорқып жүрсің бе, немене?! – деп қарқылдап күлді. Қасындағылары шиебөрідей шулап, қолпаштай күлісті. Үнемі өзінің көркем де ұстамды мінезімен жан-жағына жағымды Бөкен жымиды да қойды.
— Ал, кеттім мен! Я, Пірім, Алла! – деп дарақылана қозғалатын дөңқара Бөкеннің дайындап қойған құрығын жерге тастай салып, өзімен бірге ала келген ұзын жіңішке қайыңға бау тағылған құрығын ортаға алып шықты. Тағы да «Я, Раббы!» деп ортадағы шеңберді тынымсыз айнала шауып жүрген Бозатты көздеп тұрып, қолындағы шалмасын лақтырып кеп қалды. Жұрт шу ете түскен. Сөйтсе, Бозаттың мойынына құрық дәл түскен екен. «Ұсталдың-ау, жануарым! Ал, сәттілік!» деді Бөкен сыбырлап. Дөңқара асаудың мойнындағы шалмадан айырылып қалмас үшін жер тіреп, бар күшімен тартып тұр. Арқанды ұстап тұруға қасына бір жігіт жүгіріп жетті. Екеулеп жүріп, ышқынып тұрған Бозатқа жақындап, басына жүген кигізді. Көнгісі келмеген Бозат аспанға атылып, мойнын ары-бері тартқылап, ауыздықпен алысты.
Дөңқара Бозатты шеңбер ішімен біраз айналдырды да, үстіне қарғып мінді. Бозат «мынаусы несі» дегендей жан дауысы шыға кісінеп жіберді. Алдыңғы, артқы аяқтарымен жер тірей, алма-кезек мөңкіп, үстіне кенеше жабысып алған дөңқарадан құтылуға асықты. Кенет жерге жаншылып тұрған найзадай артқы аяқтарымен аспанға тік көтерілген Бозаттан құлап түсуге аз қалған дөңқара намыстанып кетіп, жануардың жон арқасынан қамшымен осып-осып қалды. Өзінше сес көрсетемін деп ойлаған оны шауып келе жатқан Бозат төрт аяқпен тежегішті басқандай кілт тоқтап қалды да, өзінен үш қадам алысқа ұшырып түсірді. Демін ішіне тартып тұрған халық, одан сайын тілін жұтып қойғандай бірер минут үнсіз қалды. Олардың ойынша дөңқара атып тұрып, Бозатқа қайта жабысуы керек еді, ал ол әлі қимылсыз жатыр. Шошынған жігіттер шеңбердің ішіне қарай асыға ұмтылды. Бозат шеңберді айнала шауып, Бөкеннің қасына келді. Басын төмен тұқыртып алып, әдемі үлкен көздерін тек төменге салып тұра қалды. Жаңағы жойқын күш, дауыл мінездің иесі өзі екеніне қысылатындай. Анадайдан ашумен жүгіріп келген бір топ жігіттің ішінен бойы аласа, денесі мығым мұртты жігіт суырылып шықты да, Бөкеннің жағасынан ала кетті. «Сен! Сен кінәлісің!.. Осыдан менің ағам аман қалмасын…» деп кіжіне жұдырығын көтермек болған мұрттыдан Бөкенді қасындағы жігіттер арашалап қалды. Дөңқараны жедел жәрдем көлігі алып кеткен соң, жұрт та өз жөнімен жан-жаққа тарап кетті. Шыр-шыр етіп, әркімнен кешірім сұрап жүрген Дүйсен қалбалақтап Бөкеннің де қасына жетті.
— Не істейміз енді? Құрыдық-ау осы жолы?
Жас балаша жәутеңдеген Дүйсекеңді жұбатарға сөз таба алмаған Бөкен болар-болмас езу тартты да, Айнасұрға қарай беттеді.
Таң намазын оқып болып, есік алдына шыққан Бөкенді ауыл жігіттері күтіп отыр екен. «Сізді ауыл ақсақалдары шақыртты» деді. Бөкен үн-түнсіз көлікке жайғасты. Көрші отырған осы екі ауылдың бұрынғы заманнан жалғасып келе жатқан ең жақсы үрдісі үлкеннің сөзіне тоқтайтын, кішігірім тіршіліктерді бірден сотқа жүгірмей, өз араларында шешуге тырысатындығында еді. Төрт ақсақал төрде, қалған жиырмаға жуық біраз істе бас көтеріп жүрген үлкенді-кішілі жігіттер төменгі жаққа жайғасқан екен. Бәрімен қол алысып, амандасып болған соң, бұл да солардың қасына жайғаса кетті.
— Бөкен, балам! Болған жайдың барлығын жігін жіктеп, түсін түстеп жеткізді мына жігіттер. Сен келгенше тыңдап болып отырмыз. Сөз кезегі бізге әзер тиді, — деп күліп алды Сәт қария. – Енді өзің не айтасың? Екі дәуді құлатқан тұлпарыңды мына жігіттер ұнатпай отырған сыңайлы.
— Ақсақал, мен Сіздерге қарсы шықпаймын. Төрелігін Сіздер айтыңыздар!
Сәт қария Бөкеннің көркем мінезімен қоса осындай ер азаматқа тән шарт мінезіне тәнті болушы еді. Әдеттегіше сақалын сол қолымен тарамдап алды да, әлі алакеуімденіп тұрған бөлме ішін сығыңқы қой көздерімен асықпай шолып шықты. Көрші ауылдың жігіттері, екіленіп, қазір оның сазайын тарттырады дегендей қос тізелерін қомдап, шарт түйініп отыр екен. Тек олар емес, осы ауылдың жастары да жылқышыға ашулы көзбен қарайтындай. Ал Бөкеннің өзі сондай салмақты, жүзінде үрейдің бірде бір ишарасы жоқ, жылы ғана жымиып, жәйбарақат отыр. Бұл кескінін тіптен жақын көріп кеткен ақсақал:
— Біз болған жағдайдың барлығын сендер келмей тұрып, жан-жақтан естіп-біліп отырғанбыз. Бірақ, сендерді осы жерге келіп, жануарды бауыздауды өтініп келеді деген ойды тіптен ойлап та көрмеппіз.
Мұны естіген Бөкен отты көздерімен жалт қарағанда қарияның өзі тік қарай алмай кібіртіктеп қалды. Бірақ, ол үндемеді. Сөзін жалғаған қария:
— Үлкен ұят жасап отырсыңдар, шырақтарым! Бұны қазіргі қара қазақтың қанына сіңіп бара жатқан көреалмаушылық деп түсінемін. Әйтпесе, қазақпен жаны да бір, қаны да бір, екінің бірінің уысына түсе бермейтін сондай асыл тұқымды саңлақтың дәл біздің ауылда өсіп келе жатқанына қуану керек едік. Ата-бабасы дүниежүзінде ең алғашқы болып, жүген тұрмақ қора көрмеген жабайы жылқыны жуасытқан қазақ деген ұлы ұлттың ұрпағы екендеріңе сене алмай отырмын. Бәрің жабылып, ұлардай шулап бір асауды бағындыра алмай жүргендерің үлкен ұят. Ер азамат деген аттарыңа үлкен сын! Онымен қоймай, қарсыласына әлі келмеген бес жасар бала құсап, бізге арыз айтып, тұлпардың қанын жұтқыларың келіп отырғаны тағы бар. Ыдыс-аяқ, қазан-ошақтың айналасынан аттап шыға алмайтын пасық мінез, осындай ез болар ма едіңдер?!
Сәт қария ашулы түрмен жиіркене қарады. Әлгі өрекпіп, кеуде соғып отырған жастардың ентігі су сепкендей басылыпты. Екінші ақсақал басын изеп, бәрін мақұл көріп отырған кейіп көрсетіп, көзін тарс жұмып алыпты. Үшінші отырған қаба сақал:
— Ақсақал, жақсы айттыңыз. Көкпар тартып, додаға түсіп жүрген жас буынды көріп қуанушы едік, бүгін мына жағдайға қарнымыз ашып отыр. Өзіміз кезінде аттың құлағында ойнаушы едік. Араларыңнан бір іліп алар азаматтың шықпағаны ма?
— Бұл расында менің қателігім болды, ағайын! Аяғын сындырып алған бауырымызға кеше барып, көңілін сұрап қайттым. Бабын келтіріп, күтімін жасаймын деп жүріп, біраз еркінсітіп алдым. Бірақ, асауды үйретуді осынша жария қылмауым керек еді. Жігіттер қызығушылық танытып жатыр деген соң, сол қызықпен бөліскім келген.
— Жария қылмағанда ше? Өз қолыңнан келмегесін жұртқа жармасқан түрің ғой. Әлін білмеген әлек. Неге ашығын айтпайсың? Жалған намыс неге керек, — орнынан ашулана атып тұрған аққұба жүзді, реңді жігіттің қос танауы делдиіп тұр. Көкейіндегілерін тауып айтты ма, отырғандардың біразы орнынан қозғалақтап қалды.
— Асыл тұқымды деп, тәртіпке көнбейтін, табиғатынан жабайы жылқыны төбемізге көтеріп, аттай асыл ерден айрылдық, бір азаматымыз аяғынан айырылып ауруханада жатыр, — міңгірлеген дауыстың қайдан шыққанын аңғарғысы келгендей Сәт қария төменгі жаққа мойнын созды.
— Аттай асыл ер дедің бе, балам? Естідіңдер ғой, «аттай» деді. Қазақ атамның жылқы төлін қалай ардақ тұтқанын өздерің-ақ дәлелдеп отырсыңдар ғой. Ау, тіпті қазіргі мына жүйрік жеңіл көліктеріңнің сапа-дәрежесін де осы аттың күшімен есептейді екенсіңдер ғой. Көп қазақтың руға бөлініп, осы жылқының тұқымын тек Адайлардыкі деуі өте қате пікір. Адай жылқысы кәдімгі өзіміздің қазақтың жылқысы. Ешқандай да жат емес. Талай бәйгеден озып келіп, жүлде алып, тіпті шетел асып жүлделі оралып жатқан бұл тұқым жайлы менің естігенім өте көп. Сондықтан теріске теппей, бауырымызға бассақ, ауылымыздың атын әлемге танытады әлі-ақ. Қарақтарым, ер қанаты ат деген бар. Өз қанаттарыңды өздерің кеспеңдер! Ақылға келіңдер!
— Ақсақал, бұл шиеленісіп бара жатқан даудың басы мен едім, нүктесін де өзім қояйын. Бүгін кешкісін асаудың үстіне өзім ер саламын, куә болыңыздар, — деді Бөкен. Мырс етті біраз жігіт.
— Жедел жәрдемді ерте барармыз, — деді манағы міңгірлеген дауыс мысқылдай.
— Тек, түге! Не тантып отырсыңдар? – сөзге тоқтағысы келмей, боскеудеге айналып бара жатқан кейбір өскелең ұрпаққа ашуы басылмаған Сәт қария орнынан тұрып кетті.
Ауылдың шет жағына орналасқан «Бөкен» шаруа қожалығындағы азын-аулақ малдың жағдайын жасап жүретін Дүйсекең жылқы малының қыр-сырына әбден қанық. Бөкеннің әкесі құрған қожалықта бұл қызмет етіп келе жатқалы да жиырма жылдың жүзі болыпты. Талай жүйрікті бәйге мен көкпарға қосып, қысы мен жазын осы жерде өткізетін Дүйсекең Бөкенге бала күнінде атқа қалай отыруды да өзі үйреткен еді. Жылқы десе ішкен асын жерге қоятын кішкентай Бөкенді үнемі қасына ертіп жүретін. «Жылқы ерекше қасиетті жануар ғой. Өзге төлге қарағанда күтімі де өзгеше. Адамнан төмен, малдан жоғары. Тіпті, кейбір адамдардан да биік» деуші еді, Бөкеннің әкесі. Ол кісі де біраз жасқа келгенінде, жанарына шыбық тиіп, көзі көрмей қалғалы бүкіл шаруашылықты осы ұлының мойынына артып берген. Әйтпесе, мал күтімінің хас шебері өзі еді. Қазір жиі-жиі дәрігердің көмегіне жүгіне берген соң, қалаға көшіп кетті, қалаға жақын ауданда тұрып жатыр. Әлсін-әлсін келіп, қорадағы жылқыларды алақанымен ұзақ сипалап, құйрық-жалын өз қолымен тарап береді. Баласының ата кәсіпті жалғастырып, жылқы десе қаны ойнап шыға келетініне дән риза. Қашан да ұлымен бірге отырып, таңды таңға ұрып, жылқылардың қылығын, мінезін айтып, тіптен кейде жылқы жайлы жыр-дастан тыңдаудан да жалыққан емес. Сонау жеті атасынан бері жалғасып келе жатқан бұл кәсіпті қағаз жүзінде заңдастырып, қожалық ашқаны да сол көп арманының бір орындалғаны еді.
Бөкен дәрет алған соң, кәлимасын сыбырлап келе жатты да, Шәрбанның теріс қарап, иығының селкілдеп отырғанын көріп, секемденіп қалды.
— Шәрбаным! Мұның не, неге жылайсың? – қара көздері үрейге толып кеткен Бөкен әлі де ештеңе түсінер емес.
— Сіз Бозаттың мінезін білесіз ғой… Қайтесіз оны? Мен қорқамын. Бірдеңеге ұшырап қалсаңыз, мен қалай… — Шәрбан енді дауыстап жылап жіберді.
-Түй, адамның жүрегін ұшырып… Бозат та менің мінезіме жақсы қанық. Және сен де білесің. Сондықтан, қане, тұр. Одан да барып, намазыңды оқып, дұғаңды жаса!
Күзгі қара суық кеш түскен сайын қаһарына мініп келе жатыр екен. Аядай ғана ауылдың батыс көкжиегіне жақындап қалған қызыл күннің көрінісі көз тоярлық. Алдыңғы күнгі жиыннан екі есе халық, төбе басына тағы жиналыпты. Бәрінің ішінде екі ұдай ой. Бозаттың сымбатына көздері тоймай, жұтынып отырған үлкендер қауымы бөлек жерге жайғасыпты. Асаулығын айтып тауыса алмай, бірімен бірі жарысып отырған жас жігіттер бөлек отыр. Үн-түнсіз айналаны асқан даналықпен бажайлай қарап отырған ақсақалдар төбенің қақ ортасында жерге қалыңдап жайылған көк алашаның үстіне жайғасқан екен.
Дүйсекең Бозатты жетектеп ортаға алып шықты да, қарияларға қолын жайып, бата сұрады. Келелі, дана сөздерге толы батасын берген Сәт қария іштей Бөкенге дұғасын да жасап үлгерді.
Бөкен ұзын шалмасын алып шығып, дәл кешегі дөңқараның әдісімен «біссімілләсін» айтып, құрықты аттың басына бір сілтегеннен-ақ дөп кигізді. Асаудың мойынына құрық түсісімен арқанды аттың омырауына түсірместен қыл мойнынан қылғындыра қысып тұрып, көмекші жігітке ұстатып қойды. Өзі Бозатты үркітіп алмас үшін, мысық табандап жақын келді де, сипалап тұрып, оң қолымен мінер жақ құлағынан басып тұрып, сол қолымен жүгендей бастады. Бозат иесін танып тұрса да, ышқынуды бастап кеткен еді. Бөкен жүгеннің тізгінімен асаудың жоғарғы ерніне бұрау салып, онымен қоса қос құлағынан мықтап басып, басын төмен қарай тұқыртып тұрып, ерттеді. Көз ілеспес жылдамдықпен арқанды жүгенге қосып байлап үлгерген Бөкен тұлпарды босатыңқырап тұрды да, шеңбердің ішін біраз айналдыра қуып мөңкітті. Тағы асқан шеберлікпен, сипалап отырып қасына барған Бөкен бір сәтте ширақ қозғалып, Бозатқа қарғып мінді. Алғашында түсінбей қалған асау қимылсыз тұрып қалды. Сілтідей тынған жұрт енді не болар екен деп күтіп тұр. Бөкен тақымын қысып қалғанда, Бозат ыршып түсіп, аспанға оқша атылып, одан басын төмен тұқыртып, алдыға, артқа мөңкіп, бар күшімен ауызындағы ауыздықпен алысуға кірісті. Алаңқайдың ақ шаңын шығарған асаудың оңайлықпен бағынбайтынын жақсы білетін Бөкен оған өз мінезін де көрсетіп, тақымын тастай бекітіп, арғымақтың жалына кенеше жабысып алды. Жанұшыра үрккен Бозат ары ышқынып, бері ышқынып, бар күшімен қарсыласып әлек. Алаңқайдағы жастардың күш бере айқайлаған қолдауларын сезінген Бөкен оң қолымен асаудың ұзын сұлу мойынан сипалап, оның ашуын басуға әрекет ете бастады. Ал Бозат көнер емес. Кешегі дөңқараны лақтырған әдісін қолданып көргісі келді ме, шауып барып, басын төмен салып, кілт тоқтап еді, алға бар денесімен ауып барып, аяғының ұшымен ілініп үлгерген Бөкен бұл жолы да ат жалынан айырылмады. Осылайша сүт пісірім уақыт арпалысқан қос алпауыт әбден қалжырады. Бозат иесінің қайсар мінезіне көндігіп, сойқан мінезінен көп жуасып қалды. Сонда да төрт аяғымен жер тарпи, сұлулана нық басып, айналасына кербездене қарайды. Ауыздықпен айқасқан асауды жеңіп, ентігіп тұрған Бөкен айналасына дауыстап:
— Ал, ардақты жамағат! Енді Бозат менің еркімде. Аллаға шүкір дін аманмын. Қорада тағы төрт асау күтіп тұр. Ертеңнен бастап асау үйретіп, атқа міну мәдениетін үйренулеріңіз үшін осы қожалыққа қалаған уақыттарыңызда келулеріңізге болады. Ал, біз Бозат екеуміз «таң асып» қайтайық! – деп тақымын қомдап қалған Бөкенді құстай алып ұшқан Бозат шеңбердің ашылған есігіне қарай оқша ұмтылды.
Дархан даланы қимай батып бара жатқан қып-қызыл күн ешнәрседен қысылмай көсіле еркін шапқан Қазақ пен Жылқының ешкімге бағынбайтын асау мінезіне керемет жарасымдылық беріп тұрды.
Ажар Сыпабек, argymaq.kz
Басты сурет: NaturesLens