Ілияс ЖАНСҮГІРОВ. «Бай-бай, Құлагерім!..»

(“Құлагер” поэмасынан үзінді)
Қорқырап Құлагер ат жатыр құлап,
Шүмектеп шекесінен қан бұрқырап.
Шіреніп төрт аяқты, танау қағып,
Ыңқылдап өліп барад ат қорқырап.
«Аттандап» өткен жанға қолын былғап,
Баласы Құлагердің жүр шырқырап.
Қалың шаң қаптай шапқан қара-құрық,
Балаға бұрылмайды ешкім бірақ.
Десеңдер қайда Ақандай қыран құсты,
Ол тастап аста тұрған жиылысты;
Болғанын бір сұмдықтың іші сезіп,
Қылаң ат қылт еткенде-ақ бермен ұшты.
Көргенде ол мынадай сұмдық істі,
Үстіне Құлагердің құлап түсті.
Білмеді не болғанын, айрылды естен,
Аймалап Құлагердің басын құшты.
Келер деп үміт қылып алдыменен,
Аты бұл алып келген алыс жерден.
Жат елде жалғыз өзі, сүйген аты,
Серінің санасалық халіменен…
Құлагер қорқырайды қаныменен,
Ақан да шырқырайды жаныменен…
Егіліп, төгіледі Ақан сері,
Зарлаған Кұлагердің әніменен:
«Не болды-ай, бай-бай саған, Құлагерім?!
Суалдың, сорлы иеңнің бұлағы едің…
Тірегі көңілімнің бәйтерегім,
Бұл жерге қалайынша құлап едің?!
Бай-бай-ай, Бай-бай-ай-ай,
Бай-бай-ай-ай, Ба-а-й-ай,
Бай-ай-ай… Бай-бай-а-й,
Бай-бай-а-й,Құлагерім…
Шыныңмен кеткенің бе, Құлагерім!
Қасымда қасынысып тұрар едің.
Баспа-бас қызға бермес жануарым!
Басылар өлгенімше қайтып шерің?!
Кұлагер, айналайын, арғымағым!
Осы еді өлмегенге шабар шағың.
Құтсыз көл, Жыландының жарысында
Құшақтап қанды басың зар жыладым.
Құлагер, жаз жайладым, қыс жайладым,
Артына қызды ауылдың көп байладым.
Жеріңе қамшы тимес, пышақ тиіп,
Құшақтап қу басыңды ойбайладым…
Құлагер, айналайын жүлде алғаным,
Басындай Арқарлының күн шалғаным!
Барғанда ақыретке пырағым бол,
Қызығын көре алмадың бұл жалғанның.
Құлагер, құлыныңнан маған біттің,
Төрт бөліп түн ұйқымды баптап күттім;
Жылқыны қыл құйрықты елде көргір!
Қандай жан шекесінен қағып өттің?
Құлагер, қолда өсірген құлыным-ай!
Ішінде омыртқамның жұлыным-ай!
Жын ба екен, сайтан ба екен қаза болғыр,
Қанды қол қастықпенен ұруын-ай!
Құлагер, құлыныңнан керім едің,
Нағашым, сұрағанда беріп едің.
Аттарды Ерейменнен айдағанда
Оқты көз, у құйылғыр, көріп едің».
Осылай Ақан зарлап жылап жатты,
Қайтсін ол, жыламасқа, жанға батты.
Күйінді ол, күңіреніп Құлагерге,
Айрылды ол, аттан – жақсы, достан – тәтті.
Аспанда күн күйініп, күйді қатты,
Өкіріп жел мен жер де жылап жатты.
Ереймен бұлақтары көлге жылап,
Серіге көл күрсініп көңіл айтты.
Жарлының жалғызы өлсе жанын ұрар,
Дәл сондай жақсы атына Ақан жылар.
Жел жылап, көл күрсініп жатқаны не,
Таудағы «Ой, бауырымдар» неге сулар?
Ой мен қыр, орман-тоғай неге шулар?
Аң мен құс күйініп жүр, не үшін бұлар?
Арқаның аяулы аты өлгенін
Аспан, жер аза тартып тұрған шығар!
Жалпылдап жапырағымен сергелдеңде,
Селкілдеп қайыңдар да тұрды желде.
Егіліп қара тастар қиыршық боп,
Жылаған бұлақтармен кетті көлге.
He берсін жат жалғызға, аз кедейге,
Тіксе де оларға емес, асқа бәйге.
Жұмсарды Құлагер мен Ақанды аяп,
Дұшпанның бауырынан тас та кейде.
Қояндар қайғырысты кеуегінде,
Көбелек күйіп ұшты бірден-бірге.
Қуанды түлкі, қарсақ, қырда қасқыр,
Жылқы жоқ соғатын деп бұдан өңге.
Жолыққан аяулы атқа, ардақты ерге,
Неткен жан шыдай алар мұндай шерге.
Қашаннан қаяу көңіл сері Ақанға,
Қайғырған сияқтанды көк пен жер де.
Деген сөз – әшейін сөз – жан жылады
Аяса адам неге қан қылады?
Осыған жылау түгіл, қуанған бар,
Көретін оңай олжа өлген малды.
Қарғалар қарқылдасып хабар салды,
Күшіген қызыл көрген аспанды алды.
«Білмеген ер қайғысын, сұмырай!» деп,
Қаршыға қуып жүрді сауысқанды.
Жүйріктің жосылғанда қызыл қаны,
Жүрегі жер мен көктің тызылдады.
Қуанып қан көргенге қара шыбын,
Асындай Сағынайдың быжылдады.
Күңірентіп дауысымен көк пен жерді,
Емірентіп, жылауымен Ерейменді;
Еңіретіп ыңқылымен Арқа желін,
Толқытып көз жасынан Қусақ көлді.
Қандатып қарсы алдында Құлагерді,
Қоймастан Ақан атқа жылай берді…
Жыласын, сөйлеп қалсын соңғы сөзін,
Қылалық біз әңгіме былайғы елді.












