Керқұла атты Кендебай батыр

108895

Ерте заманда Қазанғап деген бір қария қартайғанға дейін бір перзентке зар болып, Құдайдан күндіз-түні бір жақсы перзент беруді тілейді екен. Күндердің бір күні қарияның тілеуі қабыл болып, кемпірі көзі тостағандай, шекесі торсықтай бір ұл туыпты. Кемпір мен шал балаларына «Кендебай» деп ат қойып, төбелері көкке жеткендей қуаныпты. Кендебай алты күнде күліпті, алпыс күнде жүріпті. Алты жылда алып денелі азамат болып шығыпты. Маңайындағы батыр-балуандардың бірін қоймай жығыпты. Асқан мерген болып, аң аулап, құс салып, шал мен кемпірді қарық қылып тастапты.
Күндердің бірінде жапан түзде жалғыз аң аулап жүрсе, бір арыстан туғалы тұрған бір биені алып соғып жегелі жатыр екен. Биенің шыңғырған даусын естіп жаны ашыған Кендебай жүгіріп барып арыстанның құйрығынан шап беріп ұстап, үйіріп-үйіріп жерге бір қойып өлтіріпті де, жанталасып өлгелі жатқан биенің қарнын жарып жіберіп, ішінде тулап жатқан құлынын шығарып алыпты. Құлынның кішкене қанаты бар екен. Құлын Кендебайға кісінеп:
Кендебай батыр сенбісің,
Теңдесі жоқ ер күші.
Өзіңе төл ат болам,
Мазақ қылар желді шын.
Құлан сүтін беріп бақ,
Тез жетілсін мол күшім, — депті. Қуанышы қойнына сыймаған Кендебай құлынды көтеріп үйіне апарып, керқұланның сүтін беріп бағыпты. Құлын алты күнде тайдай, алпыс күнде нардай, алты айда таудай үлкен керқұла ат болыпты. Кендебай оны мініп алып аң ауласа, аты құстар ұшқанша жетіп баратын ерен жүйрік екен. Атының жүйріктігін көрген Кендебай қуанып:
Кер құла атым – пырағым,
Қос қанатым, шырағым.
Құстай самғап даланың,
Құтқармаймын бір аңын – деп әндетіпті.
Кендебай ел-жұртқа қайырымды, ата-анасына опалы адам болыпты. Жоқ-жітіктерге көмектесіп, озбырлар мен қараниеттерге қасқая қарсы тұратын; өткеннің өшін, кеткеннің кегін алып беретін ізгі ниетті жол ұстанғандықтан алыс-жуықтағы халық оны «Керқұла атты Кендебай батыр» атап кетіпті. Бір күні Керқұла атты Кендебай алыс бір жерге барып аң аулап жүрсе, бір бала қой бағып жылап отырады.
Батырға бала болғаным,
Құрып кетсін, құрысын!
Қу байға малай болғаным,
Бес күндік жалған күн үшін. – Баланың зарын естіген Кендебай бұрылып барып:
— Ей, бала, неге сонша зарлап жылап отырсың? – деп сұрапты. Бала жалт қарап:
— Асқар таудай әкеңді алса,
Көрген күнің құрысын.
Айдын көлдей анаңды алса,
Төгілмейме ырысың, — деп зарлапты.
— Әй, бала, солғұрлы не болған еді? Маған жөндеп түсіндірші. Сенен еш көмегімді аямаймын, — депті Кендебай. Бала сірі-сірі жеңімен көзінің жасын сүртіп:
— Ағай, мен осы арадағы Мергенбай деген батырдың баласы едім. Бірнеше жылдың алдында елімізге жау шауып, жылқы біткенін тігерге тұяқ қалдырмай бірақ айдап әкетті. Әкем бір ұйықтаса қырық күн ұйықтайтын алып ұйқылы кісі еді, жау сол орайдан пайдаланып әкемді байлап әкетті. Шешем әкемді арашалап алмақ болған, оны да ұрып жығып талдырып әкеммен бірге алып кетті. Сөйтіп, мен жетім қалдым. Ішерге азық, киерге киімім қалмаған соң, амалсыз Тасқара деген байдың қойын бағып жүрмін. Мына жатқан қойлар сол байдың қойы. Ішер ас, киер киімге жарымаған соң, міне, ернім жарылып, үсті-басыма қотыр қаптап, басым таз болды. Әке-шешемді сағынып жылай-жылай омырауым мен екі жеңім сірі болып кетті, — деп болған уақиғаны баяндап беріпті. Кендебай баланы жұбатып:
— Болды, шырағым, жылама, мен әке-шешеңді іздеп тауып берейін, — депті, бала қуанып:
— Рахмет, ағай, жасаған жақсылығыңызды мәңгі ұмытпаймын! Әкемді іздеп алыс сапарға шықпас бұрын біздің қойшылардың кепесіне барып екі-үш күн демалыңыз. Әкемді сонан соң іздеңіз, — дейді.
Кендебай «мақұл» деп жетім баланы міңгестіріп барып қойшылардың кепесіне түседі. Атып алған аңдарын асып, тамақ пісіреді. Кеште қойшылар Кендебай әзірлеген асқа түгел келіп тойғандарынша тамақтаныпты. Бірақ, бағанағы жетім бала келмепті. Кендебай оны көп күтіпті. Сонда да келмепті. Таң атайын дегенде бала аһлап-үһлеп кепеге кіріпті. Оны тосып отырған Кендебай:
— Әй, шырағым, мені мұнда әкеп тастап, өзің неге мұнша кешіктің? – депті. Бала күмілжіп:
— Ағай, алаңдамаңыз, ішкірнем бар еді, сол ауырып, — депті.
Бала ертесі ерте тұрып, қойшылармен бірге қой жайып кетіпті. Кеште асқа басқа қойшылар түгел келіпті. Әлгі жетім бала тағы келмепті. Кендебай іздеп барса, бала талып жатыр екен. Кендебай оны кепеге алып келіп есін жидырып мән-жайды сұрапты. Бала төмен қарап отырып:
— Кешіріңіз, ағай! Кешеден бері күн батысымен алты аққу төбемнен айналып ұшады да:
«Кедебай батыр мұнда ма?
Керқұла аты қолда ма?
Тауда нұры балқи ма?
Балақ жүні шалқи ма?» деп сұрайды. Мен оларға қызық көріп:
— Кендебай батыр мен болам,
Керқұла атты ер болам.
Тауда нұрым балқиды,
Балақ жүнім шалқиды, — деп жауап беремін. Олар мені қанаттарымен сабалап ұрып жығып кетеді. Мен ес-ақылымнан айырылып талып қаламын, — деп кешігу себебін айтып береді. Кендебай балаға:
— Ертең сен демал. Сенің орныңа қойды мен бағысып келейін – дейді. Бала оған мақұл болады.
Ертесі Кендебай үстіне алба-жұлба жаман киім киіп қой бағуға шығады. Кеш батқанда Кендебай басқа қойшылардан бөлініп артта қалады. Қас қарайған кезде оның төбесіне алты аққу пайда бола кетіп, олай-бұлай қалықтай ұшып жүріп:
«Кедебай батыр мұнда ма?
Керқұла аты қолда ма?
Тауда нұры балқи ма?
Балақ жүні шалқи ма?» деп әндетіпті. Кендебай жерде тұрып.
— Кендебай батыр мен болам,
Керқұла атты ер болам.
Тауда нұрым балқиды,
Балақ жүнім шалқиды, — деп жауап беріпті. Ашуланған аққулар Кендебайды қанаттарымен сабалай жөнеледі. Осы сәтті бағып тұрған Кендебай біреуінің сирағынан сап беріп ұстай алғанда, Кендебайдың қолында біреуінің кебісі қалып қояды. Байқап қараса әлгі кебістің бетінде жазу бар екен. Кендебай кебісті алып кепеге келеді. Ертесі қойға тағы шығып аққуларды күтеді. Бірақ, аққулар келмейді. Кендебай қойшыларға қош айтып үйіне барады да, ата-анасына бір жылға жетерлік азық дайындап беріп, сауытын киіп, бес қаруын қолға алып, жетім баланың әке-шешесін іздеп алыс сапарға шығады. Керқұла ат құстай ұшып, алты айлық жолды алты-ақ аттайды. Көз ұшынан құстар ұшып орындарынан қозғалғанша, Керқұла ат олардың басынан аттап өте шығады. Теңізді, көл-дарияны шалшық, тауды төбешік құрлы көрмейді. Бір араға барғанда алдынан аспанмен тірескен биік тау көрінеді. Сонда Керқұла ат Кендебайға кісінеп:
-Хош хабар, Кендебай досым, іздеген жоғың табылатын кез таяды. Екі жоғың бірдей табылады. Мына таудан ары ассаң, ағып жатқан өзенді көресің. Өзеннің ортасында бір арал бар, сол аралда адам перісінің ханы тұрады, сенің қолыңдағы алтын кебіс сол ханның қызының кебісі, сен іздеп шыққан әлгі қойшы баланың әке-шешесі де осы ханның қолында,олар жар астындағы терең бір зынданда жатыр. Адам баласы оның түбіне жете алмайды. Зынданның кілтін қолға түсіру өте қиын. Ол кілт алпыс өзен құйылған терең теңіздің түбінде, сондықтан сен таудың арғы беткейінде сиыр бағып жүрген бір зор денелі адамды іздеп бар да, жолына жетерлік ақша, азық беріп қоя беріп, өзің соның киімін киіп, сиыр бағып аңыс аңдап, сыбыс тыңда. Қазір құйырығымнан бір тал қыл жұлып ал да, үстіңдегі сауыт-саймандарыңды үстіме артып қоя бер. Дәл қазір саған сауыт-сайманның да, менің де қажетім жоқ. Егер қажет бола қалсам, құйрығымнан алған бір тал қылды тұтатсаң, мен дереу жетіп барамын. Қалған істі жағдайға қарай ыңғайластырарсың, — депті. Сонымен Кендебай Керқұла аттың құйрығынан бір тал қылын жұлып алады да оны қояберіп, өзі атының айтқаны бойынша сиыр бағып қалады. Кеште сиырларды өзеннен өткізейін десе, сиырлар суға түспей қояды. Кендебай ашуланып сиырларды сирақтарынан ұстап суға лақтыра бастайды.оны көрген ханның кіші қызы:
— Әй, оңбаған құл! Сиырларды өлтіресің. «Жарылғырдың суы, жарыл!» деген сөзді ұмытып қалдың ба? – деп айғай салады. Кендебай:
— Жарылғырдың суы, жарыл! – дейді. Өзеннің суы қақ жарылып, жол ашылады. Сиырлар судан өте-өте шығады. Сөйтіп, Кендебай сиыршы болады. Бір күні хан екі ұлын шақырып алып:
— Бүгін кеште қара бие құлындайды. Бұл оның тоғызыншы рет құлындауы. Құлындаған күні құлыны жоқ болып кетеді. Бүгін жақсы күзетіп, не болғанын өз көздеріңмен көріңдер, — дейді.
Ханның екі баласына айтқан сөзін естіп қойған Кендебай, ханның екі баласына сездірмей барып, қара биені сырттай ол да барып күзетеді. Түн ортасы болғанда ханның екі баласы қорылдап ұйқыға басады. Кендебай көз ілмей аңдып отырады. Таң алдында қара бие алтын құйрықты, күміс жүнді арғымақ құлын туады. Іле-шала аспаннан бір қара бұлт келеді де, құлынды іле жөнеледі. Кендебай құлынның құйырығынан шап беріп ұстай алады. Қйрық Кендебайдың қолында жұлынып қалады да, құлынды қара дауыл алып кетеді. Кендебай алтын құйрықты қойнына тығып алып, ұйықтап қалады.
Бір кезде алаулап таң атады. Хан екі баласын ордасына шақырып алып, түнде не көріп, не білгендерін сұрайды. Екі баласы:
— Хан әке, ешнәрсе көргеміз де, білгеміз де жоқ. Қара бие тумады, — деп өтірікті сықпыртады. Сол кезде есіктен Кедебай кіріп:
— Хан тақсыр, мына екі ұлыңыздың айтып отырғаны шылғи өтірік. Кеше ұлдарыңызға айтқан сөзіңізді естіп, қатты қызықтым, түнде бұларға көрінбей барып менде бие күзеттім. Екі балаңыз түн ортасында ұйықтап қалды, таң алдында биеңіз алтын құйрықты, күміс жүнді арғымақ құлын туды. Сол кезде аспаннан бір қара бұлтпен араласқан алып қара құс келді де құлынды ала жөнелді. Мен сасқалақтап барып, құлынды алып қалайын деп құйрығынан жабыса кетіп едім, құйрық жұлынып, менің қолымда қалды да, құлынды қарақұс алып кетті, — дейді. Кендебайдың сөзін естіген хан қуанып:
— Құйрық қайда, құйрық? Әкелші көрейін, — деп орнынан ұшып тұрады. Кендебай күліп:
— Тақсыр, сабыр етіңіз. Мен құлыныңыздың алтын құйрығын олжа көрсем, сізге келіп айтпай-ақ әкете беретін едім ғой. Құйрық міне, — деп құйрықты қойнынан суырып алғанда орданың іші жап-жарық болып кетіпті. Ханның екі ұлы ұялып жерге қарапты:
Ханның қуанышында шек болмапты. Ол алтын құйрықты сан рет айналдыра қарап шығып, екі ұлы мен Кендебайға:
— Сен үшеуің бүгін ат-көлік, азық-түліктеріңді әзірлеп алып, жоғалған құлынды да, оны алып кеткен құсты да маған тауып әкеліп бересіңдер. Таба алмай құр келсеңдер бастарыңды аламын! – деген әмір береді.
Кендебай сиыр баққан жеріне барып Керқұласының қылын тұтатыпты. Керқұла ат табанда жетіп келіпті. Кендебай атына болған уақиғаны айтыпты. Ат Кендебайға демеу беріп: «Қорықпа! Қарақұс пен құлын жер түбінде болса да тауып беремін» депті. Кендебай сауытын киіп, қару-жарағын асынып, Керқұласына мініп алып жүріп кетеді. Олар сол жүргеннен мол жүріп, бір араға барғанда Керқұла ат тоқтап:
— Ал, Кендебай досым, сен баратын, алтын құлын мен алып қарақұсты табатын жерің анау аспанға жалын атып жатқан от теңіздің ар жағында. Тез көзіңді жұм. Мен аш дегенше көзіңді ашушы болма, егер мен аш демей көзіңді ашар болсаң екеуміз де өлеміз, — дейді.
Кендебай көзін жұма қояды. Керқұла ат ұша жөнеледі. Ат ұша береді, ұша береді. Бір кезде Кендебай оттың ыстық жалынын, гуілдеген ыстық боранның даусын естиді. Керқұла жалғасты ұша береді. Арада тағы бір талай уақыт өтеді. Ат Кендебайға «көзіңді аш» дейді. Кендебай көзін ашып жіберсе, үлкен мұхиттың ортасындағы бір аралға келіп түскен екен. Байқаса әлгі жерде алтын құйрықты сегіз құлын, құйрығы жоқ тағы бір құлын алтын науадан су ішіп тұр екен. Кендебай құлындарға қарап таңданып тұрғанда, Керқұла ат оған:
— Анау аспанмен тірескен ұзын бәйтеректің басында алып қарақұстың ұясы бар. Ол алты айда бір рет балапандарына азық іздеп кетеді де, алты күнде кері айналады. Бүгін ол азық іздеуге кетіпті. Біз оның тұяғына ілінбеу үшін табанда кетуіміз керек. Сондықтан сен маған тез мін де, анау құлындар су ішіп тұрған алтын науаны алдыңа өңгер. Құлындар алтын науадан қалмай еріп отырады. Бұл рет от теңізінен айналмасақ тіке өте алмаймыз. Жолымызда үш үлкен бөгет бар. Әуелі жеті басты дию кездеседі, одан алты басты арыстанға кездесеміз, онан соң жеті басты жалмауыз кемпірге жолығамыз, солармен алысып барлығын жеңіп өтуіміз керек. Оларды құрту сенің күшіңе байланысты, ал, жүрейік, — дейді. Кендебай алтын науаны алдына өңгеріп, шүу жануар деп Керқұласымен тартып кетеді. Тоғыз құлын томпаңдап артынан ере жөнеледі.
Олар сол жүргеннен мол жүріп, бір араға барғанда алдарынан алты басты дию шыға келеді. Кендебай алдындағы науаны жерге қойыпты, құлындар иіріліп тұра қалыпты. Кендебай қолына нар қылышын алып, Керқұла атын құйғытып барып дәумен айқаса кетіпті. Екеуі сол арада ұзақ алысыпты. Ақырында Кендебай алты басты диюдың бастарын түгел қағып алып, қоржынына салып алыпты. Алтын науаны өңгеріп, тоғыз құлынды ертіп, Керқұласын құстай самғатып жүріп кетіпті. Бір жерге барғанда алдарынан ақырған арыстанның даусы естіліпті. Кендебай алтын науасын жерге түсіріп, арыстанға қарай айбаттана шабады. Жеті басты арыстан да Кендебайға қарай ұшыртады. Әне-міне дегенше қанды айқас басталып кетеді. Кендебай алты құлаш ақ найзасын шебер пайдаланып, арыстанның алты басын қағып алып қоржынына салады да, алтын науасын өңгеріп, құлындарын шұбатып жүріп кетеді. Талай тау, талай өзендер артта қалады. Бір кезде жер-дүниені қара тұман басып кетеді. Тек алтын науа мен алтын құйрықты құлындардың сәулелері ғана маңайларын жарқыратып отырады. Сол арада қараңғылықты қақ жарып сылаңдаған бір сұлу қыз шыға келеді де, Кендебайға:
— Ұзақ жол жүріп, неше күннен бері шаршаған шығарсыз, ордама барып демалыңыз, — дейді. Жеті басты жалмауыз кемпірдің жолда қыз болып қарсы алып ордаға шақыратынын, оның ордасына кірген адамның аман шықпайтынын Керқұла ат жолда Кендебайға айтқан болатын. Кендебай оған сыр бермей «мақұл» дейді де, оны алдыға салып соңынан ереді. Қыз болып жасаңған жалмауыз бұрылып жүре бергенде Кендебай алты құлаш ақ қылышты бір сермеп, бір басын қағып алады, екінші басы шыға келгенде тағы қағып алады. Сөйтіп, оның жеті басын түгел қағып алады да, қоржынына салып алады. Керқұла қуанып:
— Өте жақсы болды! Үш кедергіні аластадық. Осы тұрған жеріміз мына өлген жалмауыз кемпірдің жері. Бұл жерден адам емес, ұшқан құс, жүгірген аң қорқады. Сондықтан артымыздан алып қарақұс іздеп келе алмайды. Осы арада екі-үш күн тынығайық, — дейді.
Кендебай Керқұла атының тілін алып бірнеше күн алаңсыз тынығады. Құлындар да аунап-қунап, Керқұла атта тынығып, аунап-қунап қалады. Төрт күн дегенде Кендебай дүлдүліне мініп – алтын науасын өңгеріп, алтын құйрық, күміс жалды тоғыз құлынын ертіп хан ордасына барып ат басын тірейді.
Хан қатты қуанады. Ел-жұртын шақырып үлкен той жасапты. Той үстіне ханның екі ұлы азып-тозып келеді. Хан Кендебайды төріне отырғызып оның аты-жөнін сұрайды. Кендебай күліп.
— Алдияр хан, мен патшаның баласы емеспін, қарапайым бір шаруаның баласымын. Атым Кендебай. Ел-жұртым: «Керқұла атты Кендебай» деп атайды. Сіздің елге ойнап келгенім жоқ. Маңызды жұмыспен келдім. Дәлірек айтқанда жоқ іздеп, яғни намыс іздеп келдім. Рұқсат етсеңіз сізге айтайын.
Хан басын изеп:
— Айт, айт, балам! – деді. Кендебай бір жөткірініп алып:
— Бұдан бірнеше жыл бұрын сіздің сарбаздарыңыз елімізді шауып, мал-дүниелерімізді бұлап, ұйықтап жатқан Мергенбай деген батырымызды байлап алып, арашаға түскен әйелімен бірге алып кетіпті. Бірінші жұмысым: сол батырды құтқарғалы келдім. Екінші жұмысым: бірнеше айдың алдында аспанда жүрген алты аққудың бір кебісі менің қолымда қалып еді, соны табыс етейін деп келдім, — депті. Хан оған:
— Айтқаныңның бәрі дұрыс, балам! Елдеріңнің мал-дүниесімен батырларыңды байлатып алғаным рас. Мергенбай батырларың мен әйелі екеуі біздің қолда. Мен оған: «Мен үшін қызмет етсең босатамын, мол мал-дүние беремін» деп елші жіберсем, ол: «Жауыма өлсем де қызмет етпеймін» деп менің тілегімді қабыл алмады. Ондағы мақсатым өзіңді қолға түсіру еді. Сен арқылы алтын құйрық, күміс жал құлындарымды қоймайтын алып қарақұсқа жұмсамақ едім. Өзім іздеп таба алмаған соң, өзіңді намысы болса келер деп, еліңді шаптырып, батырларыңды байлатып алдым. Сонда да өзіңнен хабар болмады. Одан аққу кейпіне енгізіп алты қызымды жібердім. Мынау сол барған алты қызымның ең кішісінің кебісі. Енді менің саған қоятын үш шартым бар: Бірінші, менің елімнің солтүстігінде жеті басты алып дию бар, екінші, оңтүстігімде алты басты арыстан бар, шығыс тұсымызда жеті басты жалмауыз кемпір бар, осы үш пәлені жойып, бастарын алып келсең, іздеп келген батырыңды босатып беремін. Бар малдарыңды өздеріңе қайтарып беремін. Өзіңе кіші қызымды беремін, — депті.
Кендебай «мақұл» депті де, сыртта тұрған Керқұласының қанжығасындағы қоржынын алып келіп, ханға арыстанның алты басын, жалмауыз кемпір мен диюдың жеті басын алып көрсетіпті. Хан айтқан сөзінде тұрып батырларын азат етіп, мал-дүниелерін қайтарып, кіші қызының отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап, Кендебайға жар қылып беріпті. Сөйтіп, Кендебай еліне аман-есен қайтып, ата-анасын қуанышқа бөлеп, қосағымен қоса ағарып, бақытына жетіпті.

6 comments

Добавить комментарий для мадияр Отменить ответ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!