Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ. Бұлттар мен жылқылар

7167

(Анам Роза Сейiтжанқызы Салықбаеваға)

Жылдар деген жылқылардан аумайды,
Тасыр-тұсыр тас төбемнен заулайды.
Тарпаң тұяқ тиiп кетер ме екен деп,
Қорқып кейде қап-қара тер саулайды.

…Сәби кезiм саңылаулап ес кiрген.
Сыртқа шықтым.
Ауыл күнi кешкiрген.
Аспандағы алаулаған бұлттарға,
Аңырдым мен аң-таң қалған кескiнмен.

Бәрi — таңсық.
Қызылқұмар шақтамын,
Бiле алмадым бұлтты кiмнiң жаққанын.
Көрдiм бiр сәт
Көп жылқының мен жаққа
Көше бойлап шауып келе жатқанын.

Қашу қайда,
Қорқу да жоқ ойымда,
Тұра бердiм таңырқаған бойымда.
Алып-ұшқан секiлдендi асығып,
Сол жылқылар менiменен ойынға.

Алғашқы аттар ағып өттi қасымнан,
Қалғандары қарғып жатты басымнан.
Қарап қалдым бауырына аттардың
Аспандағы бұлттарымды жасырған.

Тасыр-тұсыр…
Таусылмайтын мол дүбiр,
Жылқы жапты аспанымды, сөндi нұр.
Тас тұяқтар зу-зу етiп төбемнен…
…Құлағыма ащы дауыс келдi бiр!..

Жалт қарасам —
Қолын созып тұр Анам,
Жанары — жас…
(Неменеге жылаған?).
Жете алмайды, жолын бөгеп жылқылар…
Көп тұяқтың астында — мен, дiн — аман!.

Жылдар деген жылқылардан аумайды,
Тасыр-тұсыр тас төбемнен заулайды.
Тарпаң тұяқ тиiп кетер ме екен деп,
Қорқып кейде қап-қара тер саулайды…

«Үшке шыққан кезiң, дейдi, сонда», — Анам,
Бүгiн мiне отыздамын!..
Толғанам…
Анам кеше тағы кiрдi түсiме,
Қолын созып жете алмай тұр Ол маған…

10330425_631248846954069_2753827842500998406_nҰлықбек Есдәулет. 1984 жыл. Мәскеу.

2 comments

  1. Асира 26 Шілде, 2014 at 19:06 Ответить

    «Бұлттар мен жылқылар». Атауының өзі қандай керемет! Оқи отырып, тап бір кино көріп отырғандай әсер аласыз. Шығармашылық шыңы еш төмендемесін!

Добавить комментарий для Ұлықбек Есдәулет. Алтын жылқы — Арғымақ Ұлттық танымдық порталы Отменить ответ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!