Сәбит Мұқанов. Жылқышы

4971

(«Өмір мектебі» романынан үзінді)

Міне, мен – бақыршы баламын.

Қосымыз Дос пен Шошқалы аталатын екі көлдің арасындағы қалың бетегелі жазықта. Айналамыз – аппақ қар жамылған кең дала. Борасыны көп болатын бұ даланың жер бетін жамылған қары, толқындаған судың бетіндей боп иректеле біткен. Айналамыздағы осы ирек қарды қосты айнала жатқан жылқы теуіп, астындағы шөбін алып жегендіктен, төңірегіміз түп-түгел ор боп, жылқының тұяғымен үйілген қар ақ төмпеленіп, өрген қойдай жыпырлап жатыр…

Біздің баққанымыз – Тұртайдың жылқысы: Сан шамасы жеті-сегіз жүздей. Оған со жылы біздің Жаманшұбардан үш-төрт жүздей жылқы қосылған…

Тебіндегі жылқыны бірінші көруім. Жылқы деген жануар – мал атаулының ішіндегі қайраттысы екен. Өте бір түтеген боран соғып кетпесе, қандай ызғарлы суықта, ешуақытта желге жонын бермей, маңдайын бере қарсы қарап қар тебеді. Со кезде жел көтерген оның жалы жалаудай желбіреп, көтеріліп кетеді. Құйрығы аспаннан сорғалаған жауындай тарамданып, көсіліп тұрады. Қарсы алдынан соққан желдің лебі қар бетінде жүгірген борасынды әкеп кептегендіктен, боз жылқы түгіл, қара, не торы сияқты баран түсті жылқылардың да маңдай терісі ақбурылдана қалады… Қыс бастала еркін жетілетін жылқының түгі, ол кезде құндыздай құлпырып, желдің лебінен желпілдегенде көзіңді тоқтатпайды…

Осы бейнедегі жылқы жануарлар қалыңдығы бауырынан келетін, үстіңгі жағы қабыршақтанып қатып қалған қарды, кейде алдыңғы оң аяғын, кейде сол аяғын көтеріп жіберіп, тұяғымен салып кеп қалғанда, сүймен тиген мұздай опырылып түседі. Опырылған қарды тұяғымен кейін көсіп, лақтырып тастаған жылқылар, қардың кетілген жерін кеңітіп алғаннан кейін астында ұйпаланған көдені қарға тұздықтай, аузын толтыра асайды…

Жылқыларда да аналық мейірім барын со кезде байқайсың. Соңынан құлыны, тайы ерген мама биелер қар тепкенде әуелі өзі оттамай, балаларына шөп ашып береді де, олар біраз қаужалап алғаннан кейін ғана өзі оттауға кіріседі…

Мың жарымға жақын жылқының тұяғы жер шыдата ма, қос тіккен төңіректің, оты әп-сәтте бітіп, құлази бастайды. Со кезде «тебін аудару» деген басталады, онымыз – жылқыны тың жерге көшіру.

Жылқының тыңға көшуі оңайға түспейді. Бет алған жақта ойпаң кездесіп, қар қалыңдап кетсе, жылқы беттемей тұрып алады. Ондай ойпаттар далада жиі кездеседі, содан жылқыны өткізерде, «айшық мүйіз ақ серке қойды бастар» дегендей, қалың, жылқыны бастай жөнелетін көсемдері болады. Бұлай бастауға аса бір қарулы айғырлар мен биелер ғана түседі.

Көсемсіген бір жылқы қалыңға түсе жөнелгенде, оның артынан тізбектелген жылқылар шұбыра бастайды. Сол ізге қалың жылқы түгел түсе қалғанда, олардың тұяғынан жасалған қардың жырасы қазған терең каналға ұқсап кетеді.

Тебін осылай аударылады.

Қос жаңа тебіннің орталау тұсына тігіледі. Олай тігілу жылқышының баққан малы күндіз көздеп тұруына оңай. Қос маңайының оты сирегенде ғана жылқы бір бетке ауысып, алыстаңқырайды.

Қос дегеннің не екенін қысқаша баяндап етейік: көлемі тарантастың доңғалағындай-ақ кішкене шаңыраққа, айнала қадаған қазықтардың сыртынан кигіз қоршалады да, түтін шығатын тоқымдай түндік салынады. Қостың ішіне жатқан кісінің көсілгенде басы төріне, аяғы есігіне жетеді. Ас-су да соның ішінде.

Мақан айтқандай, «ас» дегеніміз – жылқының еті мен соның сорпасына езген құрт қана. Бұл екеуінен басқа тамақты жылқышы іздемейді де. Оның айтуынша, «жылқының еті мен оның сорпасына езген құрттан басқа тамақ, мынадай ызғарлы қыста, денеге қызу бере алмайды. Өзге тамақты жеген кісі бұндай суықта жаурайды».

Жылқы етінің өзге малдың етінен күштілігі туралы Мақан толып жатқан кеңестер айтады.

– Мысалы, – дейді ол, – осы суықта оттан түскен қазанды қостың іргесіне қоя қойшы, егер жылқының сорпасы болмай, басқа малдың сорпасы болса, бетіндегі майы ілезде тобарып қата қалады; ал, жылқының майы үскірік суық болса да қатпай, балқып тұрады. Неліктен осы? Әрине, жылқы етінің өзге еттен күштілігінен. Жылқының сорпаға шыққан майы ғана емес, етінің де майы қатпайды.

– Қойдың, сиырдың, немесе түйенің етін тоя жеп көр, – дейді Мақан, – екі-үш күнге шейін кекірігің сасып ауырасың, күпті боласың. Ал, жылқының етін қанша тойып жесең де бойыңа тез сіңіп, қарның ілезде ашады. Ол да жылқы етінің адамға өзге еттен тез ас болатындығынан.

– Жылқының қымызы – құрт аурудың (туберкулездің) мың да бір емі, – дейді Мақан, – өзге малдың сүті неге осылай ем болмайды? Бұл да жылқының сүтінің өзге сүттен күштілігінен.

– Күшті сүт, – дейді Мақан, – күшті еттен ғана шығады; жылқы етінің өзге еттен қуаттылығына тағы бір мысал мынау: малдың денесіне жаздыгүні жара түссе, шыбын қонып құрттайды. Жылқыдан басқа малдың құрттаған жерін кезінде емдемесең, құрт ішіне түсіп өліп қалады. Ал, жылқының еті құрттаса, қашан ісік желініп болғанша құрт жеп жүреді де, таза етіне жеткеннен кейін өліп, түсіп қалады. Олай болса, оның тірі күніндегі етінің өзі өзге малдың етінен анағұрлым қуатты.

– Ерте күнде, – дейді Мақан, – «Жасыл бағар» бойындағы нағашыма бардым. Ол арада жылан көгі болады екен. Жылқы терісінің исі шыққан маңайға жылан жоламайды екен. Далаға қонған адам жылан келмесін десе, атының ер-тұрманын айнала жайып тастайды екен. Жылан шаққан адамға, аттың терін ішкізсе, мың да бір ем болады екен. Ендеше жылқының сүті мен етін былай қойып, терінің өзі асыл болғаны ғой.

– Асыл болмай қойсын ба, – дейді Мақан, – жылқы жануар лай суды іше ме, сасыған суға жолай ма? Ол тұнық, таза судан жүзіп жүріп ішпей ме? Шөптің асылын теріп жемей ме ол? Асылмен тамақтандырған соң оған қуат бітпей қойсын ба?!

Жылқыны осылай сүйетін Мақан баққаным байдікі екен деп еш уақыт малға қырын қарамайды. Тұртайға кейде ренжи жүре, «ол иттің қылығына мал айыпты деймісің» деп байдың жылқысына жаны өз малынан кем ашымайды. Қай уақытта ұйықтап, қай уақытта қоятынын кім білсін, ат үстінен ол сирек түседі. Соншалық сақ бағудың арқасында, анда-санда қисын таппаса, бір тайдың таңын қасқырға тарттырмайды. Егер тарта қалса, кісісі өлгендей уайымдайды.

Суықта өсіп, еті үйреніп кеткендіктен бе, немесе жылқының еті мен сорпасы расында қуатты ма, Мақан қандай суық болса да қалың кимейді. Оның «қалың» деген киімдерінің өзі: байпақты үлкен етік балағын етікке сұққан мол тері шалбар, етегін шалбарына сұққан қысқаша тон. Оның сыртынан киетін жұқа түйе жүн шекпен ғана. Өте бір үскірік боп кетпесе, анау-мынау аязда тымақ кимейді ол. Басында кішірек қана елтірі бөркі болады, соны кейде оң жақ шекесіне, кейде сол жақ шекесіне ауытқытып, құлағын жылытып алады. Жылы күндері ол тонын да тастап, сырмалы қамзолшасының сыртынан шекпенін де желбегей сұға салады.

Ол жердің қысының ызғары ең жылы деген күннің өзінде он бес, жиырма градустан төмен түспейді. Жылы күндері де омырауы ашылыңқырап жүретін Мақанның қырбық сақал-мұрты түгіл, түктілеу келген төсіне де қырау тұрады. Кейбір үскірік суықтар Мақанның бет терілерін, құлақ терілерін – қарып кетіп, аздан кейін үсіген тері қабыршықтанып, сыдырылып түсіп жүреді. Сондықтан терінің, асты қызыл шақа сияқтанып тұрады. Бірақ Мақан оны елемейді. Күн неғұрлым суыған сайын, ол соғұрлым күреңдене түседі.

Мақан ешуақытта қар ерітіп, беті-қолын жумайды. Ол ұйқтап тұрғаннан кейін денесінің кіндіктен жоғары жағын жалаңаштанып қостан шығады да, құп-құрғақ боп үгітіліп жатқан қармен денесің екі қолын, бетін ысқылайды. Со кезде Мақанның бұлшықтары бұлтиған денесінен бұрқырап бу көтеріліп, терісі күп-күрең боп кетеді…

Асты ол әлсін-әлсін ішпейді және өлердей көп те ішпейді. Таңертең бір, түсте бір ас ішкенде, ол үнемі майлы етті жеуге, майлы сорпаға езген құртты ішуге тырысады. Бұндай тамақтарды бір сыдырғы жақсы да ішеді. Майды уысын толтыра бес-алты асап жібере алады. Бетінде майы кілкіген, құрты қоюлау боп езілген сорпаның екі-үш аяғын тастап жібереді… Тұртай жылқышысынан ас аямайды. Жылқының еті, оның ішінде жас жылқының еті, өзге еттен қуаттырақ екенін білетін ол, Мақанға семіз байталдарды сойып береді.

Не жердің оты таусылып қалмаса, немесе күн райы бұзылып кетпесе, жылқы деген мал қыстыгүні тебінде жүре беруді жақсы көреді. Ол қарды тоқырап тұрып тебеді. Сондықтан жылқыны жаңа тебінге аударған кезде, Мақан екеуміз көбіне қоста отырып өлеңді ермек қыламыз.

Өлеңді Мақан маған ғана айттырып қоймайды, өзі де айтады. Оның ерекше жақсы білетін жыры – «Көрұғылы». Зады түрікпендік жыр болғанмен, қазақ ақындары бұл жырдың геройын қазақтікі қып алған. Қазақша «Көрұғылының» оқиғасы да әзербайжан және түрікпен варианттарынан өзгеріп кеткен. Мысалы, әзербайжандар Көрұғлының олай аталатын себебі «көрдің» (соқырдың) ұлы болғандықтан десе, жырдың қазақ вариантында, Көрұғлының олай аталатын себебі, геройдың шешесі, герой іште жатқан күнде өледі де, бала (қабырда) туады. Сондықтан, ол «Көрдің» (қабырдың) ұлы боп аталады!.. Осы жырдың қазақша вариантын жақсы білетін Мақан оңаша жүрген сағаттарында әндетіп айтудан ауыз жаппайды. Оның ұзақ жырдан жақсы білетіні осы ғана. Ал, қысқа жыр мен ертегіден білетіні толып жатыр…

Сәбит Мұқанов

«Өмір мектебі» романы. (І том)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.