Қазақ батырлары мінген арғымақтар

68019

Нарқызыл

Abylai khanАбылай туралы тарихи жырларда 15 жасар Абылайға Бөгенбайдың бата беріп, астындағы Нарқызыл атын сыйлайтыны айтылады. Сондағы Бөгенбайдың айтқан сөзі:
«Жылқының тұлпары еді Нарқызылым»,
Шырағым, ырым қылып сен мін деді.
Қарағым, уытты-отты бала екенсің,
Мінез-құлқың тұп-тура дана екенсің,
Жазғытұрым үш жүз боп жиналамыз,
Сол жиынға керекті жан екенсің.
Шырағым, таза сақта Нарқызылды,
Есіңе ал, кек алатын келер жылды.
Жоңғарға қарсы үш жүздің бірігіп Қарақұмда құрылтай (съезд) өткізіп біріккен әскер жасақтауын 1723 жыл десек, бұл оқиға бір жыл бұрын 1722 жылы өткенге ұқсайды. Бөгенбайдың Нарқызылды көзіңнің қарашығындай сақта және екі рет тұлпар деуіне қарағанда Нарқызыл шынында да тұлпар болса керек. Нарқызылды астына мініп, өзінің бұрынғы өткен бабасы Абылайдың атын атап аруақ шақыруы жырда былайша суреттеледі:
Сабалақ атақ алып «Абылайлап»,
Барша қол «Абылайлап» айғай салды.
Көк те «Абылай», жер де «Абылай» —
Бәрі «Абылай»,
«Абылайлап» айғай салды бір жан қалмай,
Нарқызылмен жөнелді қарсы алдына,
Ақ туды желбіретіп салып айғай.
Абылайлап ұран салған үш жүздің әскері жауды жеңіп, Абылайдың қолбасшы атағы бүкіл қазаққа мәлім болады.

Алшаңбоз бен Құлаша ат

Тағы бір тарихи әңгімелерде әскердің алдына салтанатты түрде шыққанда Абылайдың Алшаңбозы және ұрысқа мінетін Құлаша аты туралы сөз болады. Демек, ханның бірнеше аты болғанға ұқссайды. Халық алдында сөз сөйлегенде, әскер алдына шыққанда, Алшабандозды мінген.

Қубас ат

hubas atҚабанбайдың Қубас аты шынында да «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» — дегендей нағыз қасиетті тұлпар ат болғанға ұқсайды, себебі бірде-бір батырдың, тарихи қайраткердің атының есіміне Қазақ жерінде мұншама жер аты қойылмаған. Шығыс Қазақстан облысы, Ақсуат селосына бара жатқан жолдағы қалың бүргеннің астынан шығып жатқан қайнарды – «Қубастың тұмасы», одан әрірек үлкен қара жолды – «Қубастың жолы», Қызыкесік селосына жақындағандағы жалпақ жазықты «Қубастың жазығы» деп атайды. Жолаушы кетіп бара жатқан ел қасиетті батырдың киелі тұлпарын еске алып, тұмадан сусындап, басына ақ байлайды.
Семей өңірінің Мақаншы ауданындағы Барлық тауының басында Қабанбайдың Қубас тұлпарының басы бар деседі. Қубас ат өзінен үш жыл бұрын өлгенде батыр атының басын киізге орап тігіп, таудың басындағы биік шыңға қойған. Атының Қубас аталуына қарағанда басы етсіз қу жақ арғымақ тұқымынан болғанға ұқсайды, ол жаратып – тәрбиелеуіне қарағанда тұлпарға келеді.
Құлынында еміп, тайда еміп,
Құнанында арда еміп.
Құмай торы болып ең.
Дөненіңде тағы емдің,
Қауызсыз жарма дән жедің.
Дөңбектей торы болып ең.
Бестіңде сені үйреттім,
Қырық кез арқан сүйреттің,
Шаба алмай қалсаң Қубасым,
Күнімді менің түн еттің…
Құлынында, құнанында емгенді қазақ «тел құлын» деп атайды. Арпа, сұлыны түйіп, қауызынан арылтып жармалап, кейде суға бөктіріп беру жылқының асқазанына жеңіл тез қорытылады. Бестісінде үйретіп, 6 жасында ақтатады. Әскери аттарды әр жасына сай осылай үйретіп – тәрбиелеу Қорбыланды батыр жырында Тайбурылды, Ер Тарғынды Тарланды үйретуді еске түсіреді.

Ақбоз ат

Abilkhaiyr khanӘбілхайырдың (1697-1748) бас қолбасшылығымен қазақ әскері 1726 жылы Қалмақ қырылған (Бұланты), 1729 жылы Аңырақай (Балқаш, Ит ішпес, Алакөл) шайқастарында жоңғарларды ойсырата жеңеді. Тарихи әңгімелерде әйгілі хан тұқымынан шыққан Әбілхайырдың жігіттік құрып, үйленер кезде қалыңмалға зәру болып қиналғаны сөз болады. Бұл шындыққа саяды, себебі хан тұқымынан шыққан толып жатқан әйелдерінен туған ханзадалар көшпенділер жұрт алдында батырлығымен, еңбегімен көрінуі керек. Хан қанша бай болса да барлық ханзадаларға қалыңмал тауып бере алмаған. Мыңдаған жылқысы бар Бопайдың әкесі Әбілхайырдың «90 алаяқ торы құр ат, 60 қараяқ көк ат» әкелсең қызымды беремін дейді. Қазақ салтында құдалықта жылқының түсіне ерекше мән берілген. Әбілхайыр бір ай мұрсат сұрап елін, хан тұқымдарын, сұлтандарды аралап, салы суға кетіп ескі досы Жәнібекке бұйымтайын айта барады. Табын-табын жылқы айдаған Жәнібек сөзге келместен 150 атты бөліп береді де, артынан Бопайдың ауылына өзі де барады.
Құдалыққа Жәнібек батырдың өзі келген соң ақсақал Бопайды Әбілхайырға қосады. Тойдың басқа да шығындарын Жәнібек өз мойнына алады.
Әбілхайыр ханның жорық жолдарына қарасаңыз шығыста Аягөз, батыста Қазанға, оңтүстікте Хиуа, Бұқараға дейін ат үстінде айлап өткізген жортуылдарын көреміз. Ауызекі әңгімелерде 1718 жылы Аягөз шайқасында ұрыстың нағыз қызған шағында Әбілхайырдың Ақбоз атына оқ тиіп, атын ауыстырғаны баяндалады. Ханның астында әрине, мықты жүрдек жорық аттары болды, бірақ олардың есімдері тарихта қалмаған.
Орынбор генерал-губернаторы Әбілхайырдың ұшқыр жорықтарына таң қалып «ол ерекше шабандоз», (знатный назедник) «Ресей шекарасынан өтіп, Черемшанкаға (Қазан қаласының маңы) дейін жетті», — деп жазады. 1736 жылы ханда қонақта болған ағылшын саяхатшысы Джон Кэстл Әбілхайыр сәйгүлігінің сағатына 50 шақырым алатынын, оның жүйріктігін тек тау ешкісімен ғана салыстыруға болады деп жазды. Ағылшын саяхатшысының өзіне адалдығын сезіп, үлкен өнерлі елдің өкілі деп бағалап бір сәйгүлікті Кэстлге сыйлайды. Кэстлдің олжасына башқұрт батырларының қызыққаны сонша сәйгүлікті үш рет ұрлайды. Үшеуінде де Жайықтың ар жағында линейлік қамалдан қашып шығып хан ордасына оралып отырған. Демек, Әбілхайырдың бұл аты иесіне барынша адал, жорыққа үйретілген «ханның қанатты пырағы» десе де болғандай.

Көкойнақ

RaiymbekРайымбек Хангелдіұлы – қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қарсы соғысының қолбасшыларының бірі, аты аңызға айналған, елге ұран болған хас батыр. Райымбектің әйгілі Көкойнақ атын қалай таңдағаны жөнінде ел аузындағы аңызда жетіге толған жас бала атақты Қаракерей Қабанбай батырдың еліне, нағашыларына барады. Бірнеше ай нағашылап жүрген Райымбек нағашысының бес мың жылқысынан бір арық көк құлынды таңдапты. Сонда нағашы жұрты: «Апыр-ай, бес мың жылқының ішінен таңдағаның осы ма? Бірнеше жүз жылқы алып кетсең болмай ма, мына көкторының несіне қызықтың, — дейді. Сонда Райымбек: «Көкқұлын жатқан енесінің үстінен ерсілі-қарсылы қарғып жүрді, желіде тұрғанда қандай шіліңгір ыстықта басқа құлындардай жерде иленіп жатқан жоқ, үнемі тікесінен тік тұрады, үйірде жүргенде бір жерде тұрмайды, ойынпаз екен, атын Көкойнақ десе де болғандай» — дейді. Баланың зеректігіне разы болған нағашысы көңілі тасып батасын беріпті.
Райымбектің Көкойнақпен өткізген даңқты жорықтарының мән-жайы әрине, бізге жеткен жоқ. Дегенмен 16 жасар Райымбектің ең алғаш жауға аттанғаны тарихи жырларда кездеседі:
Астындағы Көкойнақ,
Бауырынан жарады.
Белес жерге шыққанда,
Тұра қалып қарады.
Жүрген сайын батырдың
Жүрегі оттай жанады.
Жүрген жолы алыс-ты,
Көкойнағы шығарды,
Неше түрлі шабысты.
Тарта-тарта тізгінін
Екі қолы қарысты.
Еті қызып алған соң,
Ұшқан құспен жарысты.

Ақтабан ат

IsataiИсатай-Махамбет көтерілісі қазақ халқының ұлт-азаттық соғысындағы жарау ат пен жалаң қылыш жарқылдатып күрсілдеген зеңбірек пен қарша бораған мылтыққа қарсы шыққан көзсіз батырлықтың шыңы. Бұл соғысты Исатайдың Ақтабансыз елестету мүмкін емес.
Мінгені Исатайдың Ақтабан-ай,
Сүт беріп, сұлы беріп баптағаны-ай.
Зеңбірек үш атқанда дарымады,
Құдайдың міне қара сақтағаны-ай.
Махамбеттің бұл өлеңі шайқастың алғашқы уақытында «Ерсары мен Қалдыбай екі батыр тең өліп», кеудесін кек кернеген Исатайдың семсерін сермей, астындағы Ақтабан атымен жүйткітіп бара жатқан мезетін көрсетеді. Орыстар көтерілісшілерді қолбасшысынан айыру үшін үш рет зеңбірекпен дәлдеп атып тигізе алмаған. Осы сәтте Исатай соңына ерген жаужүрек сарбаздарымен жауды оңды-солды шапқылап, зәресін алған. Исатайдың бұл шабуылы – ежелден көшпенділердің жауды психологиялық жағынан шайқалту үшін жасайтын соғыс тактикасы «атты әскер нөпірі» (коннай лава) деп аталады.
Қазақ рәсімінде салт атты адамдар қатар жүргенде ел басылары, билер, батырлар оқ бойы болмаса, төбе көрсетіп топтың алдына келе жатады. Жазатайым біреу алдына түсіп кетсе, көшпенділер этикетіне жатпайтын әбестік саналатын.
Исатайдың Ақтабанынан басқа Күрең қасқа (Жалғыз жирен деген сол екен), Торытөбел аттары болады. Таңбай атбегі Исатайға: «Ақтабанды жауға мін, Күреңді серуенге мін, ал торы төбелді аңға мін», — деп кеңес берген.
Ақтабан өте сұлу ат болған. Оның төрт аяғы тобығынан төмен қарай тұяғы мен табанына дейін ақ. Батыр «мұны алаяқ деуге болмайды, ол жағымсыз сөз» деп Ақтабан атаған. Оның негізгі тегі қалмақ жылқысы болса керек.

Кесікқұлақ

Құйқылжыған құла жирен, құла ат – небір тар жол, тайғақ кешулерде, қым-қуыт сәттерде серік болған Махамбеттің өз аты құла аттың ен-таңбасына орай «Кесікқұлақ» деп те айтылады. Ол туралы ақын Ғафу Қайырбеков:
Шулап құстар, көл аңырап, қыр қалды
Ол жүйіткіген Кесікқұлақ тұл қалды.
Көтерілісті шыншылдықпен жырлаған Ығылман Шөрекұлы Махамбеттің тағы бір сәйгүлігін бірнеше айтып өтеді:
Мінгені бәйге тарланды
Кейінде қалып арманды
Қашырмай жауды тұрғанға,
Қатты жаман арланды.

Ақтаңкер ат

Kenesary khanКенесары хан орыс отаршыларына қарсы соғыста үнемі өзінің армиясын жақсы, асыл тұқымды аттармен жабдықтап отыруды Шұбыртпалы Ағыбай батырға тапсырған. Ағыбай әскерге ат іздеп Бұхарға, Хиуа жаққа, Кіші жүзге бірнеше мәрте барған. Бұл жақтардан үнемі әскери жорық аттарын сатып алып, болмаса барымталап әкетіп отырады.
Ағыбай аға батыр үлкен жасы,
Жөн айтар Кенекеңнің замандасы.
Қай жерде жақсы ат болса жи деп еді,
Барады бастан асып жау айласы.
Жігітін жаман атқа мінгізбеген,
Кенекең алты алаштан ат іздеген.
Аттанып бір жорыққа Ағыбайы
Ат іздеп жасақ үшін күн-түн кезген.
Кенесарыға Сарыарқаның атақты байлары 10-20 мыңдап жылқы айдаған Азнабай, Бапақ, Сапақ т.б. жылқы беріп тұрған. Бірақ бұл байларда негізінен жылқының саны көп те, таза әскерге, жорыққа арналған ереуіл аттар көп болмаған. І.Есенберлин: «Батырдың денелілігі сонашалық биіктігі кішігірім түйедей, атақты Ақлағына мінгенде, есекке мінген өзбектей атының қолтық тұсын соғып отыратын».
Екпіні тау селіндей сарқыраған,
Қас дұшпан үрейі ұшып қалтыраған.
Қолында шолақ найза қол бастайды,
Астында Ақтаңкер ат арқыраған.

Көкбесті

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жазбаларында Ағыбай батырдың Көкбестісі жайлы: «…жауды қуып Қарақырқаның жарлауытынан орғығанда қарны жарылп өледі. Көкбестінің басы былғары және ақ киізбен қапталып, Шешенқара тауының басына қойылған. Жылқышылар: «Көкбестінің басын көрдік – бес қарыс деуші еді. Оған бір қарыс құлақ, сынық сүйем ерін қосылғанда тірі күнде қандай болды екен деп үлкен кісілер таңырқаушы еді» — деп жазады.
Кенесары көтерілісін басуға қатысқан патша отрядының басшысы Жемчужников былай деп жазады: «оның қолында 20 мың жылқысы болды, кез-келген уақытта тың аттармен жорыққа шыға алды, қазақ болыстары жабдықтап тұрды. Сондықтан Кенесары армиясы жылқыдан тапшылық көрмеген».
«Даңқты Хиуа ханы бас батыр Кенесарымен кәпірлерге қарсы одақ жасап – деп көрсетеді. Я.Полферов, — қазақ ханына 15 керемет жақсы арғымақ, екі алтынмен апталған ер-тұрман, екі зеңбірек және бірнеше нар түйе сыйлайды».

Ақауыз бен Қызылауыз

NauryzbaiКенесары әскердің бас қолбасшысы болды да, ал соғыс майданында тікелей жауынгерлерді бастап Наурызбайдың өзі жүрді. «…Науырзбай 23-25 жастан аспаған ұзын бойлы, аққұба, ат жақты, шегір көзді, саусақтары жіңішке, ұзын көкшіл шашына маржан таққан, тоқтаусыз ойнақтап тұрған, сақал-мұрты жоқ болған, мінген аты қып-қызыл болып, соғыста оң жеңін беліне қыстырып, жалаңаштап жүретін, он екі қырғызбен соғысқанда ешкім оның найзаны екі қолдап ұстағанын көрмеген…», «…Наурызбай ұзын бойлы, кең иықты, ақ құба, үлкен қой көзді, батырдан гөрі ақын, әнші-серіге ұқсайтын, жігіттің сұлуы екен, тұтқынға өзі келіп түскенде манаптар тұқым алып қаламыз деп жеке үй тігіп, күніне қойнына бір қыздан сап отырыпты… Қызға қарамапты, ештеңеге қызықпапты», — делінеді қырғыздың тарихи әңгімелерінде. Кенесарыны өлтірмес бұрын қырғыздар сондай жаужүрек батырдан тұқым алып қаламыз деп жеке үй тігіп 40 күндей күтіп әр күнде қойнына бір қыз салып отырыпты деген әңгімені орыс зерттеушісі А.И.Добромыслов та жазады. Наурызбайдың Ақауыз, Қызылауыз деген аттары жайында тарихи жырларда әдемі суреттеледі.
Жортқанда Ақауызды аңқылдатып,
Қолына ақ семсерін жарқылдатып.
Зәресін алған талай сұм дұшпанның,
Асыққай өшіккенді аспанға атып.
Ақауыз Наурызбайдың серігі еді,
Сауға ғып Ер Ағыбай беріп еді.
Астында Ақауызы жүрген шақта,
Ер Науан жеңілмейтін берік еді.

Кертайлақ

Ең шешуші қырғызбен Кекілік тауындағы шайқаста Наурызбайдың Қызылауызы атына оқ тиіп, үйсін Баязақ батырдың әкелген Кертайлақ атына мінгені баяндалады.
Астында ер Науанның Қызылауыз,
Оқ үзді артқы аяғын бұлғақтатып…

…Өркеші жоқ түйедей мойны құлаш,
Әкелді Кертайлақты үйсін Байзақ…

…Кенеге тілеу болмады,
Қырғызды Құдай оңдады.
Жамандатқыр Кертайлақ,
Қызылауыз аттай болмады…
Бұл өлең жолдарын қырғыздың тарихи әңгімелері де растайды. «…Наурызбай шыға келгенде оның Меркенің Мәделі бегінен сыйға алған «Қызылауыз» деген арғымағын Бәйтіктің мергені аяғынан атқан».
Басқа бір мағлұматта Тынай қырғызынан Шоролдай мен Соғобай у қосып атқан. Бір деректер бойынша Есенқұлдан Кебек мерген атқан. Атына оқ тиген Наурызбай қайта қайтып барып, шымыр Байзақтың «Кертайлақ» деген атын мініп, соғысқа кіріп, бір жаяу қазақты қалқаға тастап кетіп, ол аңдып тұрып Кебек мергенді атып өлтірген. Сөйтіп, Наурызбай сүйікті Қызылауызын ақсатқан Кебек мергенді өлтіріп, қас-қағым сәтте кегін алады.

Құдайберген торы, Ақмоншақ, Мәстекқара, Көкешкі, Ешкібас

ZhankhozhaЖанқожа Нұрмұхамедұлы ХІХ ғасырдағы ұлт-азаттық соғыстардың қолбасшыларының бірі, Кенесарының қозғалысына қатысқан, Хиуа, Қоқан феодалына қарсы күрескен айтулы батыр. Жанқожа жайында сөз еткенде, жан серігі Көкешкі сәйгүліксіз елестету мүмкін емес. Ел аузында «Көкешкіні шапқанда көр, Көнсадақты тартқанда көр» — деген тәмсіл бар. Жанқожаның өмірін зерттеушілердің жазуынша, бірнеше аттары болған: «Батыр бар ғұмырында Құдайберген торы, Ақмоншақ, Мәстекқара, Көкешкі, Ешкібас деген бес ат мінген. Солардың ішінде адам айтып жеткізгісіз жүйрік, батыл, белі мықты, иесін ыңғайынан түсінетін Мәстекқара ғана болғанға ұқсайды. Жанқожадан «Мәстекқарадай ат мінбедім, Қаныкейдей әйел көрмедім» деген сөз қалған деседі халық. Айтуышлар Құдайбарген торыны ер-тұрманымен ғайыптан өзі келген дейді. Құдайберген торы аталуы сол. Ал батырдың көңілінен шығып, талай жорықта жолдасы болған Қара атты Жанқожаның бабасы Киікбай, Киікбайдың Егей деген ағасы бар, сол Егейдің Мәстек деген баласы сыйлаған. Аттың Мәстекқара аталуы содан».
XVIII-XX ғасырлардағы батырлар мен олардың аттарының бейнесі эпостық жырларға қарағанда асыра әсірелеуден аулақ, тарихи шындықпен астасып жатады, батыр да, ат та тарихи кейіпкерлер. ІІІ ғасырлық мерзімдегі барлық батырлар мен олардың аттарын тізбектеп зерттеу мүмкін емес, біз тарихи дерегі бар атқа байланысты жырлар мен өлеңдердегі көркем образдарды ғана сөз еттік.

Axmet.TАхмет Тоқтабай, «Қазақ жылқысының тарихы» кітабынан

Редакциядан: Бұл тұлпарлардан бөлек, «Күлтегін мен Тоныкөк мінген тұлпарлар«, «Оспан батырдың Ақбоз аты» және «Балуан Шолақтың Ақбоз аты», «Ер Жәнібектің Көкдөнені мен Керкөрігі» туралы сайтымызда жеке-жеке берілді. Суреттер ғаламтордан алынғандықтан батырлардың тұлпарларына нақты сәйкес келмейтінін ескертемін.

2 comments

  1. Ұлттық спорттағы кейбір мәселелер — Арғымақ Ұлттық танымдық порталы 16 Ақпан, 2024 at 12:04 Ответить

    […] Осы орайда тағы бір шетін жағдайдың шетін шығарғымыз келіп отыр. Ол енді тікелей ұлттық спортпен айналысушыларға, әсіресе ат ұстап, ит жүгіртіп, құс салатындарға байланысты. Айтпағымыз, астына мінген атына есім беру мәселесі. […]

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!