Исатай мінген Ақтабанның бапкері

13862

Исатай батырдың Ақтабан тұлпары жөніндегі газетте шыққан мақалалар менің есіме әкеміз Есенәлі айтып отыратын әңгімелерді түсірді. Біз Таз руының Жастабан деген атасынан тараймыз. Кейінгі қонысымыз Нарын құмының Майтөбе деп аталатын жері. Төртінші атамыз Таңбай Исатайдың әкесі Тайманмен замандас екен. Оның өзі де, балалары Мұсағали, Сақыпқали, Иманғали да Исатай көтерілісіне қатысыпты. Ал қызы Мәрияға Есентемір Меңдәлінің баласы Қамеш үйленген.
IsataiМеңдәлі орысша сауатты адам болыпты. Ол Ордада старшын болып қызмет істеген. Исатаймен пікірлес болғандықтан, ханмен араздасып, старшындықты қояды, көтеріліске қатысады. Сол Меңдәлі құдасы Таңбайдың Исатаймен табысуына себепші болса керек. Таныса келе Таңбай Тайманмен бажа болып шығады.
Тайман ауылы Нарын құмымен жапсарлас қатқылда болғаны белгілі. Ол Таңбай қонысынан 40-50 шақырымдай жер. Таңбай шаруа, атбегі, аңшы кісі екен. Меңдәлі өзінің ақбоз атын тек қана соған баптататын болыпты. Оны көрген Исатай да өз аттарын күтіп баптауды Таңбайға тапсырады. Исатайдың Ақтабанынан басқа Күрең қасқа (Жолсыз жирен деген сол екен), Торытөбел аттары болады. Таңбай Исатайға: «Ақтабанды жауға мін, Күреңді серуенге мін, ал Торытөбелді аңға мін», — деп кеңес берген дейді. Осы үш атты Таңбайдың үш ұлы күткен деседі. Ақтабанның бағымы үлкен ұлы Мұсағалидың мойнында болады.
Тайманның ауылы теңіз жағасында болғандықтан, ол аймақта күн жылына көбінесе маса-сона шығады, ашық, жайдақ су жылынып кетеді, бұзылады. Бұндай жағдайда мал оңалмайды, жүдеп кетеді. Сондықтан да Исатай аттарын құмға шығарып, Таңбайға тапсыруды әдет қылған. Таңбай Ақтабанды әдейі күтімге алып, жазда тұнық, тұщы су ішсін деп, арнайы құдық қазып, жайылыс бөледі. Құмда жылқы малының сүйсініп жейтін шөбі – қияқ. Маусым айынан бастап сүйрігі (сүтті тамыры) піседі. Ал шілденің аяғынан бастап оның басы – сұлысы піседі, оны «сұлыбас» деп атайды. Сұлыбастың өте құнарлы жемдік қасиеті бар, жоқ-жітік мезгілде оны адамдар тамақ ретінде де пайдаланады. Міне, Ақтабанның жемі осылар болған. «Сүйрік пен сұлыбас жеген ат шөлге де, аштыққа да төзімді болады», — дейді екен Таңбай бабамыз. Оны кешкі салқынмен Мұсағалиға міңгізіп серуендетіп, суытып, одан кейін құдықтың салқын суына жуындырған. Түнгі салқынмен жайылысқа жіберген, күн қызғанда көлеңкелі жерде ұстаған.
Бұлай күтілген аттың көңіл-күйі өте жақсы болып, тоқжараулау ұсталып, кез-келген уақытта жорыққа мінуге дайын болады. «Мініс пен жорық атын көп семіртуге болмайды, төзімсіз келеді», — дейтін еді әкеміз.
Ақтабан өте сұлу ат болған. Оның төрт аяғы тобығынан төмен қарай тұяғы мен табанына дейін ақ. Батыр «мұны ала аяқ деуге болмайды, ол жағымсыз сөз» деп Ақтабан атаған. Оның негізгі тегі қалмақ жылқысы болса керек.
Сөйтіп, Исатайдың атақты Ақтабан атын Таңбайдың баптағанын әкеміз Есенәлі және басқа өзім көрген ауыл қарттарынан естідім. Батыр жазда қол жинап, шабуылға күзде аттанып отырған. Батырдың қолының бастары қосылатын, жиналатын жерінің бірі – Майтөбенің Қызыл үйі болды. Бір жағы құм, бір жағы қатқыл осы жиек атқа да, жорықшыларға да ыңғайлы болған. Әкеміз өз бабасының және әкесі Мұсағалидың Исатай бастаған көтеріліске қатысқанын мақтан ететін. Ол өзі де 1916 жылы Өтепқали Дінбаянұлы ұйымдастырған көтеріліске қатысқан. Кейін де әкем Өтепқали ауылымен араласып тұрды. Оның негізгі қонысы Мыңтөбеден Қамысқалаға (Новобогатқа) немесе Гурьевке жүргенде жолда болатын. Көлікпен жүргендер жолшыбай қонып, түстеніп кетуші еді. Әкеміз атбегі, аңшы, әңгімешіл, ер көңілді адам болды. Ұжымшарлар құруға да қатынасты. Отан соғысы кезінде 100 мың сом жинап, танк шеруін жасау қорына қосқаны есімде.
Мен өзім де Исатайдың ұрпақтарының көпшілігін жақсы білемін. Шәріпов Шәмшиден, Шамақов Құрмет, Құрметтің жұбайы Жамал апай біздің сүйікті ұстаздарымыз еді. Кейін өзім де мұғалімдік мамандық алып, қызметтес болдым.

Нұр-Мұхаммед Есенәліұлы,
зейнеткер, Құлсары қаласы. («Атырау арғымақтары» кітабынан)
(Түпнұсқадағы тақырып «Ақтабанның бапкері»)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!