Иесін қасқырдан құтқарған жүйрік

6836

Сауыр тауының бір саласы Қарағайлыда үлкен ауыл отыр. Бұл ауыл Жұмықтың Қожанынан тараған Қоңыр қажы ауылы. Қоңыр – мұсылмандық парызын өтеп, Меке, Мединеге барып келген адам. Өз ортасына сыйлы, салиқалы ауыл ақсақалы. Бұрын Қоңыр мырза еді, енді Қоңыр қажы атанған. Қолы ашық, кедей-кепшікке көп көмегі тиген жан. Ел арасында келелі мәселелер, дау-дамайлар Қоңырсыз шешілмейді. Тіпті Тарбағатайдың соңғы болысы Зейнолла да бұл кісімен ақылдасып кеңеседі.
shalmaБиыл қыс ерте түсті. Қазанның ортасынан бастап қалың қар жауып, ақыры қызыл шұнақ аязға ұласты. Бұл кезде қалың жылқы Кергентаста еді. Күн суытып, ит-құс көбейген соң, жылқыны Кергентастан аударып, етекке Көртөбеге құлатқан болатын.
Кергентас та – тарихы бар керемет жер. Бір кездегі қазақ-қалмақ соғысында қалмақтың Шаған батырына жебе қадалып жараланады. Жаралы Шағанды төлеңгіттер атқа өңгеріп қашады ғой. Сол қашқаннан Қобыққа өтіп кетеді. Қуып келген қазақтар жағы қалмақтың қаны тамған жерге кісі бойындай бір-бір тас қадап: «Қалмақтың қанын баспаймыз!» деген екен. Содан сол жер Кергентас атанып кетеді. Сол Кергентастан жылқы ауғалы бір жұма уақыт өтті.
Қоңыр қажы қазір жылқы аралап, жер көріп, бағыт-бағдар беруді қойған. Дала ісін, дала жұмыстарын ағайын інілері Қалит пен Мазанға берген. Бүгін де күн суып, қарлы боран соғып тұр. Қажы бәйбішесінің үйінде қарағайдың жалындаған жылуына бойын төсеп, демалып жатқан болатын. Күн кешкірген, ақшам кезінде боз үйге Мазан мен Қалит келіп кірді.
– Ассалаумағалейкум!
– Уағалейкумассалам, төрлетіңдер! – деді қажы. Екеуі сырт киімдерін шешіп, төрге озды.
– Иә, хал-жағдайларың қалай? Бала-шаға сау ма? Малшы, жылқышылардан не хабар? – деді қажы.
– Шүкір, бәрі де аманшылықта. Біз жаңа ғана Көртөбедегі жылқыдан түстік. Қар қалың, күн суық, оның үстіне қасқыр қатты тиіп тұрғаны. Ар жағы Мұздыбұлақтан, бер жағы Шағанобадан боранмен бірге құтырып, қоймай барады. Қанша қараса да күнде бір, кейде екі тай-құлынды тартып жеп кетеді. Үйір-үйір болып өздері көбейіп алыпты. Оның үстіне қар да қатып, шырқымызды шыр айналдырмасы бар ма?! Тебін аршу да қиындап тұр. Соны сізбен бір ақылдасайық деп келдік, – деп тоқтады жасы үлкен Мазан.
Ел ағасы біраз ойланып отырды да:
– Иә, ол жағы шынымен қиын болып тұр екен. Онда жылқыны Жәжеңнің жеріне – Көкбастауға қарай жылжытыңдар. Ол кісінің малы Сартұмсықта шығар. Ертең Сейітті сол кісіге жіберіп, ұлықсатын алармын, сендер ауа беріңдер. Көкбастаудан құлдап, Қандысудың қалың қоғасына апарып салыңдар, ол жердің қары қатпайды. Біраз күнде Қарасайдың желі соғып, күн де жылынып қалар. Ал ит-құсқа келер болсақ, ауылдан тақымы қатқан жиырма шақты жігіт сайлап, жылқыдан таңдап белді-белді айғыр мініңдер, тұс-тұстан шығып қуалап, құс салып, мылтық атыңдар! Даңғыра қағып, сойыл-шоқпармен ұрғылап, аңшылық қылыңдар. Сөйтіп әрекет етсеңдер, өздері-ақ ауып кетеді. Бұл ауып келген кездейсоқ үйірлер ғой, қысым көрсе өздері-ақ кетері анық. Екеуің жылқыдағы Жүйрікқұла мен Кертайлақты жаратып, ішін тартып мініңдер! – деді.
Үшеуі осыған бәтуаласып, тамақ ішкен соң, екі жігіт көп аялдамай үйлеріне кетті. Ертеңінде Мазан мен Қалит ауылдағы жас жігіттерді жиып алып, жылқыға жөнелді. Сейіт Бұтабайдың ауылына аттанды. Жігіттер түс кезінде Көртөбедегі жылқышылар қосына келді. Жылқышылар барлық жылқыларды иіріп қойып, қоста тамақтанып отыр екен. Жігіттер мініп келген аттарын қоя беріп, жылқыдан белді-белді бір-бір айғыр ұстап мінді. Мазан атақты Жүйрікқұланы ұстап мінді.
Бұл өзі атышулы жүйрік еді. Шығыстағы ас-тойларда бәйге бермей жүрген. Жаздай қолда болып осы таяуда ғана жылқыға жіберілген болатын. Сыртқы түрі көзге қораш, қарапайым ғана көрінетін қазақ жылқысы. Шоқтығы биік, салпы ерін, жалды келген. Екі көзі өте тұнық еді. Бір ерекшелігі – артқы екі аяғын талтаңдай басатын. Екі аяқтың ортасы адам өтіп кететіндей алшақ жататын. Осындай көзге сұрықсыз жануар қасына топ қосылып, қара көбейсе-ақ айдынданып шыға келеді. Тізгінді жұлқи алшаңдай басып қатарының алды болып отырады.
Көші-қон, анау-мынаумен арада төрт-бес күн өтіп кетті. Бұл уақытта қалың жылқы Қандысудың ну қонасына еніп жатыр еді. Жігіттер ұстап мінген жарамды жылқылар да ішін тартып бабына келіп қалған. Мазан мен Қалит жылқышылар қосын әр-әр жерге қондырып бір тыныштырғандай болып еді. Сөйтіп екеуі Домай қосына келіп аттан түсті. Домай қоста екен.
– Не жаңалық бар? – деді Қалит.
– Бәлендей жаңалық жоқ. соны шөпке ауызы бір тиіп жылқылар бір жасап қалды. Жақсы болды. Тек түн баласы қасқыр маза бермей тұрғаны, –деді қос иесі.
– Иә, малға жақсы болды, ал қасқырдың әуселесін ертең көрерміз, – деді Мазан.
Таң алакөбеңнен аңшылар үш топқа бөлініп үш бағытқа аттанды. Қалит бастаған топ Көкбастау жаққа, Мазан бастаған топ ортадан, Сағи бастаған топ Жалши жақты сүзіп шықпақ болды. Үш топта да аңшы мылтығы бар. Мазан қасында жігіттері бар Қандысуды жағалап, Қарасайға қарай шыға беріп еді, Жалшидан өрлеп тауға тартып бара жатқан бір топ қасқырға кездесе кетті.
– Жігіттер, тауға жібермей, алдын орап жазыққа қарай қуыңдар, – деді топ басшысы Мазан.
Барлығы андыздап ат қойды. Мазан да Жүйрікқұламен қасқырдың соңынан салды. Шамасы, тоңда тойып алған болу керек, бой салып қаша қойған жоқ. Әбден басынып алған болуы да мүмкін. Жүйрікқұла ә дегенде-ақ топ қасқырды қуып жетті. Бір тықырдың таянғанын енді сезген болу керек, қасқырлар жан-жаққа бытырап қаша жөнелді. Мазанның алдына бір тайдай арлан түсе кетті. Бет алысы – Мұздыбұлақ. Егер тауға ілінсе құтылып кететінін ол да біледі. Бірақ тау жаққа жібермей бетін жазыққа Қарасайға қарай бұрып алды Мазан. Жарау жүйрік топ қасқырға еркін жететін сияқты, орап қайырып алып жүр. Сойыл сілтер жерге жете қойған жоқ. Арлан тауға Мұздыбұлаққа қарай екі рет талпынып еді, екеуінде де жібермей қайырып алды. Енді шын сасқан болу керек, арлан жазықпен тіке Қарағайлыға қарай салды. Мазанға керегі де сол болатын. Басқа аңшылар көрінбейді. Тегі өзге қасқырларды қуып кеткен болу керек.
Мазан аттың басын еркін қоя берді. Осылайша бірінің соңынан бірі он-он бес шақырымдай аулаққа шығып кетті. Бағанадағыдай емес, қасқыр да шалдығып қалған сыңайлы. Жүйрікқұла әлі арынды. Арланмен құйрық тістесіп келеді. Бір-екі рет сойыл сілтеп еді, мүлт кетіп, жанды жеріне тимеді. Енді Жүйрікқұла қатарласып алды. Сол кезде сілтенген сойыл арланның шоңданайына сарт етті. Қасқыр кирелеңдеп барып отыра қалғандай болды да, Жүйрікқұла ағып өте шықты. Әудем жер барып ат басын бұрып қараса, арлан жер бауырлап жатыр екен. Ет қызумен ағызып келіп қақ маңдайдан салып өтпек болып тұра шапты. Аққан күйі есік пен төрдей жер қалғанда жерде жатқан арлан қарсы атылды. Не болғанын Мазан өзі де байқамай қалды, сойыл сілтеп үлгермеді. Қарсы атылған арлан Мазанды ат үстінен жұлып түсірді. Енді бір қарағанда жерде жатқанын білді. Арлан кеудесіне атша мініп алған. Зәресі ұшты, қатты қорыққаннан үн де шығара алмады. Арланның екі көзі шоқтай жанып тым сұсты қарайды. Сәл қимылдаса арс етіп алып түскелі отыр. «Жүріп-жүріп айдаладағы бір қасқырға жем болдым-ау» деп, ағайын-туыс, бала-шағасымен іштей қоштасып жатты. Көзінің қиығымен байқаса, Жүйрікқұла көлденеңдеп қасында тұр екен. Құлағын қайшылап, ақырын-ақырын құйрығын бұра бергендей болды. Сөйткенше болған жоқ, қос аяқтап арланды құлақ шекеден бірақ теуіп ұшырып жіберді. Мазан да атып тұрып, Жүйрікқұланың үстіне лезде қарғып мінді. «Есті жануарым-ай!» деп жалынан сипай берді. Көзінен тамшылап жас та шыға берді. Біраздан соң, есін жиып қараса, арланның қара тұмсығынан қан ағып, өліп кеткен екен…
Қысылғанда жанын алып қалған адамнан да есті, текті жануарды сол күннен бастап жан баласына мінгізбей әбден қартайып өз ажалынан өлгенінше аялап өтіп еді. Жылқы малының небір асылы да, тектісі де, аяулысы да болған ғой.

Tileugazy K.Тілеуғазы Кәрімханұлы
argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!