Ержан ЖАУБАЙ: Қостанай жылқысын құтқарып қалуымыз керек

1242

Күні кеше ҚР Премер-Министрінің орынбасары Е.Тоғжанов қазақтың қазанаты — Қостанай жылқысын сақтап, қалпына келтірудің жол картасы әзірленгенін мәлімдеді. Мұндағы мақсат — төл тұқымды еліміздің брендіне айналдыру деп ашып айтты.

Бұл бағытта жұмыстар қолға алына бастағандай. Биыл Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының бастамасымен алғаш рет Қостанай жылқы тұқымының арасында бәйге өткізілді. Осы шараның үнемі қасынан табылып, халыққа тынбай насихаттап жүрген “Арғымақ” порталының бас редакторы Ержан Жаубаймен ЭК тілшісі арнайы барып сұхбаттасқан еді.

Тілші: Ереке, жаңалықтан құлағдар болған шығарсыз. Қазақтың қазанатын, яғни, Қостанай жылқы тұқымын қайта жаңғырту үкіметтік деңгейде мән беріліп жатыр. Сіз үнемі жылқы тақырыбын қозғап, тұлпарларға қатысты дүниелерді түгендеп жүресіз. Қостанай жылқысы туралы не айтар едіңіз? Қашан, қалай пайда болды?

Ержан Жаубай: Бұл өзі Қостанай жылқы зауытынан түлеген тұқым. Оның тарихы тым әріде жатыр. 1889 жылы ашылған зауыт Торғай өлкесінің атақты байы, меценаты Бірәлі Бектасовтың қазанаттарының негізінде құрылған деген деректер бар.

Қостанай жылқысының өмірге келуіне тарихи “сұраныстар” себеп болды. Патшалық Ресейге де, Кеңес үкіметіне де “тірі соғыс техникасы” керек еді. Бұл ретте таңдау алдымен қазақ жылқысына түсті. Өйткені, қазақ жылқысының ерекшелігі туралы материалдар өте көп-тұғын. Ұлы даланың қазанаттары туралы тарихтың атасы Герадот та жазған. Соның бәрін зерттей келе, Ресей дайын жылқы тұқымын жетілдіруді қолға алды. Міне, осылайша, Қазақстанда салт мініске және спорттық бағытқа, әрі күш көлігі ретінде пайдаланатын, ыстық-суыққа төзімді әмбебап тұқым өмірге келді.

І Дүниежүзілік соғыс, тіпті, ІІ Дүниежүзілік соғыс кезінде де Қостанай жылқы зауытының тұлпарлары майдан даласында жауынгерлерге серік болды.

Тілші. Қостанай тұқымы өзге қылқұйрықтардан қандай қасиетімен ерекшеленеді? Әйгілі тазақанды тұқымдармен бәсекелес бола ала ма?

Ержан Жаубай: Қостанай жылқысы әуелден үш бағытта бейімделген. Ғылыми негізі солай. Мәселен, спорттық түрі қолдан жемделеді, ал, күш көлігі, салт мінуге арналғаны далалық жайылым, тебінге де төзімді. Ал, “бәсеке” жағынан келсек, Кеңес үкіметі бұл тұқымды өте жоғары деңгейге көтерді. Одақтас республикалардағы жылқы зауыттарының ішінде Қостанай қазанаттарының бәсі биік тұратын. Спорттың қай түрінен де, тіпті Еуропада ең жоғары дамыған сайыс саналатын конкурдан да үздік нәтижені Қостанай сәйгүліктері көрсетті. Оны Австралиядан келіп, шөген ойынына арнайы сатып алған кездер болған. Бірақ, өкінішке қарай, қол жеткізген жетістіктердің бәрінен айрылып қалдық. Төл тұқымды өз қолымыздан құртып алдық.

Тілші. Бүгінде елімізде қанша бас Қостанай жылқысы бар, анық есебін айта аламыз ба?

Ержан Жаубай: Биыл көктемде Нұр-Сұлтанда Қостанай жылқысының тұқымын сақтап қалу, оны одан ары дамыту мақсатында алқалы жиын өтті. Сонда “Қазақ тұлпары” жылқы зауытында небәрі 48-ақ бас жылқы қалғаны айтылды. Қателеспесем, оның өзінің 14-і бие, 8-і айғыр, қалғаны тай-тұйяқ. Қостанай жылқысы бір кезде 3 мыңға дейін көбейді делінеді, алайда, нақты дерек қолымда жоқ.

Тілші: Мұншалықты күйге түсуіміздің себебі неде? Мәселен, “Қазақ тұлпарының” бұрынғы директоры, белгілі ғалым Нәбидолла Кикебаев 2017 жылы 150 бастан астам жылқыны құжатпен өткізіп бергенін, зауытта ДНК зертханасы, асыл тұқым айғырлардың ұрықтық қоры, биотехнология зертханасы қалғанын айтады. Арғымақтарымыз неге азайып кетті?

Ержан Жаубай: “Неге азайып кетті” деген сұрақ бәріміздің жанымызға батады. Дәуірлеген тұсында ТМД көлемін түгел мойындатқан тұқымның тоз-тоз болғаны, ойландырмай қоймайды.

Кеңес тұсында кәдімгідей жүйелі жұмыс істелді, дамытты. Ал, Тәуелсіздік алғанда қолда тұрған дүниеден айрылып қалуы — қазақтың ешкім еместігін көрсетеді. “Ойбай, қазақ пен жылқы егіз” деп кеуде ұрғанымыздың бәрі бос даурықпа екен. Қолда тұрған дүниені құнттамау, ту-талақайын шығару — қазақтың мал бағудан кеткенінің бір бейнесі. Бұл тіпті, мемлекет демей-ақ қояйықшы, ұлт ретіндегі үлкен қателігіміз. “Лугавой”, “Дегерес” жылқы зауыттары туралы да солай айтуға болады. Аты бар да — заты жоқ.

Тілші: Қоламтаны үрлеп, қайта маздату үшін қайтпек керек? Журналист, азамат ретіндегі пікіріңіз?

Ержан Жаубай: Жарнамасы мен насихаты келіссе, кез-келген шаруа алға басады. Биылғы тек қана Қостанай жылқысының арасында өткен тұңғыш бәйге насихаттың басы.

Алғаш өткен жарысқа 4 млн теңге тігілді. Енді дәстүрлі түрде ұйымдастырылып, пәтер қойылады деген жақсы хабар бар. Бұл тұқымды сақтап қалудың бірден-бір жолы болуы мүмкін. Өйткені, басқаша сақтай алмаймыз. Неге десеңіз, Қостанай — спорттық тұқым. Егер, ет-сүт бағытындағы болса, онда шаруалар өздері-ақ көбейтер еді. Сол үшін де спорттық бағыттағы жылқы тұқымына ерекше қолдау керек.

Тілші. Пікіріңізге рахмет. Осы ретте көкейді мазалаған сұрақтармен “Қазақ тұлпары” жылқы зауытының басшылығына хабарласқанымды айта кетейін. Өкінішке қарай, қазір мекемеде жиі басшылық ауысып жатыр. Ұжымға жақында ғана директордың міндетін атқарушы тағайындалған екен. Жаңа басшы зауытта атқарылып жатқан ғылыми жұмыстардың барысы, бүгінгі жағдайы жайлы кейінірек айтамыз деп уәде етті. “Бұйырған кетпес”, ол күнге де жетерміз.

Ержан Жаубай: Иә, бәріміз де “Қазақ тұлпарының” қадамына көз тігіп отырмыз. “Орнында бар — оңалар”, әлі-ақ жаңа тұрпатты қазақтың қазанаттары бәйгенің алдын бермейтін, әлемдегі ең қымбат жылқыға айналады деп үміттенейік.

Тілші. Үміттенуге негіз бар. Кезінде “Қазақ тұлпарының” алғашқы “өнімдері” — “Жазира”, “Гизопеза” сынды тұлпарлар 25 шақырымдық аламанның алдында келгенін атсүйер ағайын ұмыта қойған жоқ. “Ат аунаған жерде түк қалатынына” сенейік!

Абылай Мауданов,

“ЭК”

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!