Айтмұхамбет Қожабеков: Жылқы шаруашылығын саннан сапаға бағыттайтын кез келді (ФОТО)

1480

Павлодар облысы Май ауданына қарасты «Ақжар-Өндіріс» шаруа қожалығының құрылтайшысы Айтмұхамбет Қожабеков жылқы шаруашылығына қатысты біраз мәселені айтты.

Айтмұхамбет Борашұлы өмірлік жары Гүлзира Қазылова екеуі бірлесіп 1500 жылқы өсіріп келеді.

– Жылқы шаруашылығымен айналысқаныңызға қанша уақыт болды?

– Ата-бабамыздан қалған кәсіп қой. Бала кезімізден малмен көз ашқан қазақпыз. Десе де арнайы шаруашылық құрып, осы жұмыспен түбегейлі айналысқанымызға 20 жылдан асты. 1999 жылдан бері жылқы соңында келеміз.

– Қанша жылқыңыз бар?

– Қазақ баласы мен малының санын айтпаған халық қой (күлді). Бұрын мал басының, санының өскеніне қуанып, көбейте берген екенбіз. Қазір көп емес, бірақ сапаға жұмыс істеп жатырмыз. Бір ат мінсек те, бір бие саусақ та өнімді, сапалы болсын дейміз. Құдайға шүкір, бұл ниетіміз де алғаусыз емес, қазір шаруашылықта 1500-ге жуық жылқы бар.

– Жылқыңыздың тұқымы қандай? Байқағанымдай, «Мұғалжар» тұқымына келетін секілді?

– Жылқы негізінен қазақы жабы тұқымды. Бұның бастауы 1983 жылдан басталады. Сол жылдары белгілі жылқытанушы ғалым Төлеген Асанбаевтың бастамасымен “Бестау типі” қолға алынған болатын. Мен сол сол жұмысты тәжірибе жүзінде жалғастырып келемін. Соның нәтижесінде «Бестау типі» дамып келеді. Өзің білесің, тип әлі толықтай тұқым болған жоқ деген сөз.

– Демек сіздің шаруашылығыңыздағы жылқы «Бестау типі» – «Бестау жылқысы» болып тұр ғой?

– Солай деуге болады.

– Селекцияны өздеріңіз жүргізе бересіздер ме?

– Негізінен өзіміз жүргіземіз. Бірақ жаңа тип шығару үшін ғалымдардың кеңесінсіз болмайды ғой. Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры, белгілі жылқытанушы ғалым Төлеген Асанбаев бізге бағыт-бағдар беріп отырады. Яғни, біздің жылқы шаруашылығының типтік жетекшісі деуге болады, бір сөзбен айтқанда.

– «Бестау типінің» қандай ерекшелігі бар?

– Оның ерекшелігінің өзі сол – қысы-жазы тебінмен шығады. Жергілікті табиғи жағдайға бейімделген, суыққа төзімді, қалың қарды бұзып, өз тебінін өзі аршып ала беретіндігінде. Оның сыртында, өнімді жылқы шаруашылығы болғандықтан еті мен сүті мол. Жеткен айғырлардың тірі салмағы 600-650 келі тартады.

– Сүті мол дегеніңізге қарағанда, қымызбен де айналысатын секілдісіз ғой?

– Әрине, айналысамыз. Осынша жылқы ұстап отырып, қымызсыз қалай отырамыз?

– Қымызға сұраныс қалай? Қысы-жазы қымыз ұстайсыз ба, әлде жазда ғана ма?

– Пандемия кезінде қымызға сұраныс көп болды. Қазір саябырлап қалды. Дегенмен қыста бие саумаймыз. Ет бағытындағы жылқы болғандықтан, құлынның жетілгені маңызды. Құлын сүтке тойып, қалағанынша еміп өсетін болса, жақсы жетіледі. Әрине, не нәрсе болса да, нарықтағы сұранысына қарай ғой, сұраныс болғанда сауып отырамыз.


– Бір сөзіңізде «бие сауатын аппаратты Германиядан көріп, өзім қолыммен жасап алдым» деген едіңіз. Соны толығырақ айтып беріңізші?

– Иә, бие сауу технологиясын германиялық азамат, қымыз өндіруші Ганс Цольманның фермасына барып, көрдік. Қалай сауады, сауынға тұрған биені қалай қояды, қай жерде не тұру керек дегендерін көңілге түйіп қайттық. Келген соң өзіміз сондай аппарат жасауды қолға алдық. Бұл – 2008 жыл болатын. 2017 жылға дейін сол өзіміз жасаған құрылғымызбен жұмыс істеп келдік. Ал 2017 жылдан бері Израильдің «Аfimilk» компаниясының құрылғыларын алып, соның негізінде өзіміздің сауын аппаратын жасап алдық. Қазір өзіміздің жеке сауын кешеніміз бар.

– Қанша адамға жұмыс беріп отырсыз?

– Жылқышысы, сауыншысы, басқа да түрлі шаруаларды атқаратын 30-ға жуық адам еңбекпен қамтылып отыр. Соған қарамастан қазір жылқышы табу қиындап кетті. Бұрынғы жылқышылар зейнетке шығып кетті. Жастардың жылқы бағуға ынтасы жоқ.

– Жылқышыны қайдан табасыз? Оған қандай талаптар қоясыз? Қазіргі уақытта бақташы, малшы табу қиын дегенді көп естиміз.

– Айына 250 мың теңге айлық береміз. Киім-тамағы тегін, қылаяғы темекісіне дейін тегін береміз. Жылына бір жылқы соғымын береміз. Жатар орны онсыз да шаруашылықтың қасында. Бірақ соған қарамастан жылқышы табу қиын.

– Биыл ел көлемінде қуаңшылық оңай болмады. Осы Павлодар өңірінің өзінде жер күзге жақын көктеді. Жалпы қысқа дайындықтарыңыз қалай?

– Шаруашылықта негізінен жылқы өсіретіндіктен қысқа дайындық үшін көп алаңдамаймыз. Себебі, өзің білесің, жылқы қыста да тебінмен шыға береді. Күн аса суытып, қар қалыңдап кетпесе, қолға қарай қоятыны жоқ. Әрине, мал іші болған соң, бірен-саран арық-тұрағы болады. Ондайларға арнайы қора салып, жеке бағымға аламыз. Ертістің бойында жайылым, шаппамыз бар. 2800 гектар жер.

– Сөзіңізге қарағанда, елімізде асыл тұқымды болып саналатын жылқыны өсіріп отырсыздар. Субсидия аласыз ба?

– Біз «Жылқы зауыты» болып саналамыз, шаруа қожалығы болсақ та. Ал еліміз бойынша «асыл тұқымды» жылқыға субсидия беру туралы ұсыныстар айтылған. Ақтөбе облысы ғана облыстық бюджеттен төлейді деп естиміз. Ал өзіміз айғырға ғана аламыз. Яғни мен әлдекімге асыл тұқымды бір айғыр сатсам, сол үшін сатып алған адамға үкімет 100 мың теңге төлейді. Басқа субсидия жоқ.

– Мемлекет субсидия беруі керек деп ойлайсыз ба?

– Үкіметтің бір қаулысы бар. Онда жем-шөп дайындау бойынша жергілікті бюджеттен әрбір биеге 20 мың теңге субсидия берілуі керектігі жазылған. Бірақ бүгінге дейін бізге мынау биелеріңізге төленетін субсидия деген адамды көрген жоқпын. Бермейді.

– Бермеулеріне қандай да бір себеп бар ма?

– Олардың айтатын сылтауы біреу-ақ – жылқы өзге малға қарағанда өз аяғымен жайылады, өз тамағын өзі тауып жейді. Басқа малға қарағанда жылқы жақсы дамып жатыр, сол себепті субсидия төленбейді-мыс. Ал қисынға салар болсақ, жылқы еті пайдалы, құнарлы, сіңімі де жеңіл. Сүтін, қымыз айтпай-ақ қояйын. Сөйте тұра, Үкіметтің ұстанымын түсінбеймін. Егер жылқы еті пайдалы болса, жылқы шаруашылығы дамып келе жатса, ондай саланы қолдау керек қой. Неге сондай пайдалы дүние жасап отырғандарды қолдап, көмектеспейді? Біздің Үкімет керісінше, сиырға, шошқаға, жұмыртқаға субсидия беріп отыр.

– Жылқыдан басқа мал бағасыздар ма?

– 3000-ға жуық қойымыз бар. 6000 мыңға жуық Таулы Алтай өлкесінің түбітті ешкісін бағамыз.

– Біздің елде малдың шикізатын іске жарату жағы қиын ғой. 6000 ешкінің түбітін не істейсіздер?

– Рас, бізде шикізатты іске асыру жағы қиын. Біз түбітті Қытайға, Моңғолияға экспорттаймыз.

– Қазір сұраныстағы дүниенің бірі – ешкі сүті. Ешкі сауасыздар ма?

– Түбітті ешкіні саумаймыз. Керісінше сүт бағытында өсіріп жатқан ешкілеріміз бар, соларды сауамыз. Бірақ оған жеке сауын фермасы, жеке санитарлық талаптары, жеке сауын аппараттары керек екен. Сол шаруалар толық шешімін таппай жатыр. Бірақ біз ешкіге арнап жеке сауын фермасын салып жатырмыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Ғалым пікірі:

Шаруашылықтың жылқысы өте жақсы сұрыпталған екен. Кез келген жағдайға дайын. Селекция жақсы жасалыпты. Халықаралық көрмеге «жылқың қайсы?» десе, мынау деп ұялмай көрсететіндей жағдайда тұр. «Бестау типі» Павлодар өңірінде дамып келе жатқан екі типтің бірі. Келесісі – «Селеті типі». Ол да жақсы дамып келеді. «Ақжар-Өндіріс» шаруа қожалығының базасы да, сауын фермасы да, жылқының өнімділігі де жоғары деңгейде екен, – дейді белгілі ғалым, жылқытанушы Нәбиолла Кикебаев.

Ержан Жаубай,

BAQ.KZ

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

error: Content is protected !!